04 Мамыр, 2011

Атажұртты аңсап жеткен

433 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМ ЖОБАСЫНЫҢ ӨЗЕГІНЕ АЙНАЛДЫ Рудный қаласындағы Іскер әйелдер қауымдастығы – об­лыстағы белсенді үкіметтік емес ұйымның бірі. Осы қала­дағы белгілі кәсіпкер, облыс­тық мәс­лихаттың депутаты Сара Гумирова жетекшілік ететін қоғамдық ұйымның бірнеше жылдан бері қолға алып отыр­ған мәселесі де өзекті. Рудный қаласына 2000­­-жыл­дардың ба­сынан оралман ағайын­дар көптеп қоныс аудара бас­тады. 2010 жылды қосып ал­ғанда кеншілер қаласы мен оның жанындағы Качар кентіне Өзбекстаннан ғана 2277 отбасы көшіп келді. Бұл – жеті мыңнан астам қандасымыз деген сөз. Міне, осы көштің ар­қа­сында бұрын 3 пайыз қаза­ғын студенттер құрайтын Руд­ныйда, Качар кентінде қазақ мектептері ашылды. Қазір кеншілер қаласында үш қазақ мектебі бар. Биылғы оқу жылының басында Качардан ашылған қазақ мектебіндегі педагогтар ұжымының 80 пайызын Өзбекстаннан келген ағайындар құрады. Қандастарымыз әлеу­мет­­тік және мәдени өмірге қа­зақы бояу алып келді. Жоба авторлары бірнеше рет ән фестивальдерін өткізді. Ол қазір кө­рер­мендердің сүйіктісіне айнал­ған таланттарды іздеп табуға мұрындық болды. Сонымен қа­тар, өткен жылы ұйымдас­ты­рылған халық шығар­машы­лығы көрмесіне оралман ағайын­дар 110 зат әкеліп қойды. Оның ішін­де мұражайға сұранып тұрған қызықты бұйымдар да аз болған жоқ. Алайда алыстан атажұртым деп келген отандастарымыздың туған жерге қоныстанып, үй­ренісіп кетуінде қиыншылықтар да кездеспей қалмайды. Өзбек­стандағы алтын шығатын кен орнында еңбек еткен қандас­тарымызға кенші мамандығы бөтен емес еді. Бірақ атажұртқа келгенде маң­дайы тасқа тигендей, біраз уақыт сабылып бос жүріп қалды. Себебі, олар үшін Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіне жұмысқа орналасу қиынға түсті. Дегенмен, кәсіпорын басшылары көп ұзатпай оралмандарды жұмысқа ала бастады. Есесіне қандас­тарымыз, әсіресе, кенші жастар өздерінің мамандығын жете білетіндіктерін кәсіпорын басшыла­рына жақсы дәлелдеді. Бүгінде Рудный қаласына Өзбекстаннан қоныс аударған ағайындар негізінен осы «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» және алтын өндіретін «Варваринское» акционерлік қоғамдарында еңбек етеді. Рудный қаласында 2008 жылы құрылған Іскер әйелдер қауым­дастығы келесі жылы оралман­дардың әлеуметтік мәселелеріне көңіл қойды. «Қош келдіңдер, ағайындар!» деген жоба құрып, тек Рудный қаласы ғана емес, облыста оралмандар тығыз шо­ғыр­ланған аудандардағы орал­мандардың әлеуметтік мәселе­лерін зерттеп, оның шешімін та­буға септесуге талпыныс жасады. – Орыс тілін білмейтіндігі орал­мандарға көп қиындықтар туғызады. Соның салдарынан олар ой-шұқырын білмейтін жаңа мекенде көптеген әлеуметтік қи­ындықтарға тап болды. Біз ал­ғашында осылардың барлы­ғына көмек бердік. Былтыр осы бағыт­тағы жұмысымызды жалғас­ты­рып, «Ақ ниет» жобасын жа­са­дық. Онда оралмандарға қа­тысты әлеу­меттік жұмыстар ауқымын кеңей­те түстік, – дейді осы жо­баның авторы Рысбике Сүй­мекова. – Тіл мәселесімен қатар, оралмандарды жұмысқа алмау, кейбір шаруашылық, кәсіпорын басшылары тарапынан оларды шеттету фактілерінің кездескенін де жасырғым келмейді. Іскер әйелдер қауымдастығының ара­ласуы арқасында Таран ауданы әкімдігінің өкілдерімен кездестік, проблемаларды талқыладық. Сол аудандағы Красносельский ауыл­дық округінде жұмыссыз қалған оншақты ағайын «Варваринское» кен орнына жұмысқа орна­ластырылды, біразы жеке бизнесін ашты, – дейді жоба сарап­шысы және оралмандардың дау­лы мә­се­лелер жөніндегі кеңесінің төр­ағасы Сабыр Наурызбаев ақсақал. Оралмандарды жұмысқа орна­ластыру облыста әлі де өзекті мәселелер қатарынан орын алады. Себебі, келген ағайындардың 70 пайызына жуығының жалпы орта білімі бар. Ал нарық талабы оған төзбейді, мамандық керек. Сол үшін оларды белгілі бір кәсіпке даярлау және қайта даярлау жұмыстарын жүргізу кезек күт­пеуі тиіс. Жобаның шеңберінде Іскер әйелдер қауымдастығының белсенділері оралмандар үшін жергілікті атқарушы билік өкіл­дерінің бірнеше рет қабыл­дауларын ұйымдастырды. Түрлі жағдайларын айта келген 325 ағайынның арасында 29 адам жұмысқа орналастырылды. «Ақ ниет» жобасының шеңберінде орал­мандар тұратын Таран, Қос­танай, Федоров аудандарына, Рудный қаласының түбіндегі Горняцкий кентіне бірнеше рет сапар жасалды. Сол жерлердегі атқару билігінің өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Онда оралмандар тарапынан ауыз су, тұрғын үй, мал жайылымы, жұмыссыздық, тағы басқа көптеген тұрмыстық проблемалар көтерілді. Әсіресе, тұрғын үй мәселесі алыстан аңсап келген ағайын үшін күйіп тұр десе болар. Көшіп келгендерге баспана алғанша тіркелу де қиынға түседі. Бір үйде 15-20 адамнан тіркелген фактілер де кездеседі. Өткен жылы осы тіркелу үшін көмек сұрағандардың екеуіне жатақханаларда тіркелуге мүмкіндік жасалған. Жатақхана­лардың барлығы да жекенің қолында болғандықтан, оған жергілікті билік те көп үкімін жүргізе алмайды. Қазір бұрынғыдай емес, отбасының әр мүшесіне 100 айлық көрсеткіш көлемінде ақ­шалай қаржы-көмек берілетіні белгілі. Ал Рудный қаласында ең арзан үй 15 мың доллардан кем емес. Алыстан келген ағайынның орыс тілін және жердің ой-шұқырын нашар білетінін алаяқ­тар да ұрымтал пайдаланатын көрінеді. Рысбике Қасымқы­зы­ның айтуынша, бір рет берілетін көмекке алған бар ақшасын алаяқ­тарға ұстатып жіберген төрт адам Іскер әйелдер қауым­дас­тығына шағым айтып келген. – Оралман ағайындардың құқықтық сауаттылығы төмен екенін жасырғым келмейді. Қан­дастарымыздың енжарлы­ғынан алаяқтар да өздерін еркін сезінетін секілді. Оларды жауапқа да тарта алмай отырмыз. Сол ын­сапсыз жандардың қолында кеткен оралмандардың ақшасы бюд­жеттен бөлінген қаржы ғой. Сонда мемлекет қаржысы талан-тараж болып жатыр емес пе?–дейді Рысбике Қасымқызы. Рудный қаласындағы Іскер әйелдер қауымдастығы биыл «Тағдырымыз бірге» жобасын жасап, оны іске асыруға кірісті. Міне, бұрынғы атқарылған жұ­мыстардың тікелей жалғасы болып табылатын осы жобада атажұртқа келген отандас­тары­мыздың құқықтық сауаттылығын көтеру басты мәселенің бірі етіп алынды. Сонымен қатар, оралман әйелдердің жәбірленуіне жол бермеу, жас отбасыларына көмек, кәсіпкерлікті үйрету сияқты толып жатқан мәселе­лерді үкіметтік емес ұйым қо­лына алды. Атажұртты аңсап жеткендердің әлеуметтік мәселе­лерінің шешімін табуға жобаны жасаушылар оралмандардың өз­дерін де қатыстырады. Олардың арасынан даулы мәселелер жөніндегі кеңес құрылды. Сабыр Наурызбаев, Алдаберген Өтешев сияқты азаматтар сол кеңестің белсенді мүшесі. – «Екі көш бір өртпен тең» деген емес пе аталарымыз? Қоныс аудару оңай емес. Қиын­дыққа шыдамаған отбасы­ла­рда түрлі жағдайлар болады. Соның бар­лығы әкім мен сотқа жүгіне бере ме? Біз жас отба­сылардың ша­ңырағы шайқал­мауын қалай­мыз. Өзіміздің қа­зақы салты­мызбен оларға ақы­лы­мызды ай­тамыз, татулас­тырып, қосамыз. Қолдан келгенше көмегімізді береміз. Қыс­қасы, дәнекерміз, – дейді Сабыр Наурызбаев. Өткен жыл­дың бірінші жартысында Рудный мен оның айналасындағы елді мекендерге Өзбекстан мен Ресейден 93 отбасы көшіп келген болатын. Ал үстіміздегі жылдың басынан бері рудныйлықтар шеттен келген 54 отбасына ерулік берді. Ата­жұртым, Қазақстаным деп келген ағайынның ел мен жерге бауыр басып, төселіп кеткенінше кездесетін қиындықтардың бар­лығын да Іскер әйелдер қауым­дастығы жергілікті атқарушы билікпен тізе қосып, бірлесіп жеңетін болады. Елдің елдігі деп осыны айт. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы, Рудный қаласы.