Биыл «Кореяның Қазақстандағы жылына» орай, аталған елдің Мәдениет, спорт және туризм бірінші вице-министрі Мо Чхоль-Мин бастаған делегацияның Астанаға арнайы келгенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. «Кореяның Қазақстандағы апталығы» фестиваліне қатысу үшін ат арытып жеткен қонақтардың арасында Кореяның белгілі өнер адамдары мен ұжымдары бар екенін де айтқан едік. Солардың бірі «Ханзада Жумонг» сериалы арқылы көптің ықаласы мен қошеметіне бөленген белгілі актер Сон Иль-Гук. Астанада Корея делегациясымен болған баспасөз мәслихатынан кейін оңтүстіккореялық актермен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Сіз бала кезіңізде актер болғыңыз келмепті. Алайда, уақыт өте келе осы жолды таңдапсыз. Неге?
– Иә, мен бала кезімде дизайнер болуды армандадым. Алайда, сол мамандық бойынша университетке оқуға түсе алмадым. Сосын менің таныстарым басқа кәсіпті таңдауға кеңес берді. Мәселен, сахнадағы өнерге байланысты. Ал сахнадағы өнер актерлік мамандыққа тікелей қатысты екенін білесіз. Сол себепті, мен ақыр соңында театр факультетіне оқуға түстім. Міне, менің актерлік жолым осылай басталды.
– Көпшілікке таныс «Теңіз әміршісі» сериалынан кейін барып, «Ханзада Жумонг» сериалына шақырту алыпсыз. Яғни, әуелі «Теңіз әміршісі» сериалы арқылы танымал болған екенсіз. Бұл сериалға түсуге қалай келдіңіз?
– Жалпы алғанда, менің «Теңіз әміршісі» деген сериал арқылы танымал бола бастағаным рас. Сол кезде отбасымызда да түрлі қиыншылықтар болған еді. Осы сериалдан кейін материалдық жағдайымыз да түзелді. Сондықтан, «Теңіз әміршісі» деген сериал мен үшін ыстық. «Теңіз әміршісі» сериалындағы Хе Шиннің рөлінде бастапқыда басқа актер ойнауы керек болатын. Алайда, ол актердің басындағы белгілі бір жағдай мен себепке байланысты мені шақыртты. Өзіңіз білетін шығарсыз, бұл сериалдағы Хе Шин – жағымсыз кейіпкер. Оның үстіне ол сериалдағы басты кейіпкер емес. Алайда, соған қарамастан, мені көрермендердің басым көпшілігі жақсы көріп кетті. Негізінен мен көбінесе жағымсыз кейіпкерлердің рөлінде көбірек ойнаппын.
– Ал «Ханзада Жумонг» сериалына түсуге арнайы ұсыныс білдірілді ме?
– Тарихта Ханзада Жумонг – жан-жаққа тарап, бытырап кеткен тайпалардың басын қосып, адамдардың жүрегіне үміт отын ұялатқан, сөйтіп, ұлы Когуре, яғни Корея мемлекетінің негізін қалаған белгілі тұлға. Сондықтан, сериалға түсуге ұсыныс түскенде қатты қуандым. Ұсынысты бірден қабылдадым.
– Қазіргі таңда қандай киноларға түсіп жүрсіз? Театр сахнасында да ойнайсыз ба?
– Жақында ғана бір криминалдық сериалдың түсірілімі аяқталды. Ал мамырдың ортасына қарай, бір спектакльде ойнамақпын. Бұл спектакль Кореяның тәуелсіздігі жолында күрескен бір қайраткердің басынан кешкендері туралы. Бұдан кейін де бірқатар киноларға түсуді көздеп отырмын. Ол кинолардың атаулары қандай екенін әзірге айта алмаймын.
– Корея киноиндустриясының өзіне тән өзгешелігі мен кино түсіру үдерісіндегі ерекшелігі туралы не айтасыз?
– Менің білетінім, Жапония мен Америкада әдетте киноны тұтастай түсіреді, сосын монтаждайды. Экранға содан кейін жібереді. Ал Кореяда сериалдың алдымен 20-30 пайызы түсіріледі. Монтаждалады. Экранға жіберіледі. Біз сол арқылы көрерменнің «реакциясын» байқаймыз. Сериалдың қалған бөлігінде көрерменнің көзқарасына қарап отырып, киноға өзгеріс енгіземіз. Корея киноларының Қазақстанда кеңінен танымал болуының сыры осында жатса керек. Меніңше, біздің сериалдарымыздың басты артықшылығы осы. Екіншіден, корей сериалдары көбінесе жеке капитал қаражатына түсіріледі. Мемлекеттік бюджет қаражатымен түсірілетін сериалдар аз.
– Ал өзіңіз продюсер болып, кино түсіру ойыңызда жоқ па?
– Жоқ. Мен актермін.
– Болашақта Қазақстанмен бірлескен киноға түсу ойыңызда бар ма?
– Әрине, егер мүмкіндік болып жатса, қуана-қуана түсер едім.
– Сіз өзіңіздің жасыңыздан анағұрлым жас көрінесіз. Өзіңіздің кескін-келбетіңізді, сыртқы пішініңізді жақсы сақтап тұру үшін не істейсіз? Мамандығыңыз да күрделі ғой.
– Ең алдымен, алкогольдік ішімдіктерді ішпеймін. Темекі шекпеймін. Менің сыртқы пішінімнің жастығы саламатты өмір салтын ұстануымнан ғой деп ойлаймын. Екіншіден, мен көкөніс өнімдері мен жеміс-жидектерді ғана жеймін. Ал ет өнімдерін жемеймін. 10 жылдың жүзі болды. Осыдан бірер күн бұрын маған кәуап әзірлеп қойыпты. Әлгіні көріп, қатты жегім келгені-ай. Үшіншіден, мен спортпен шұғылданғанды жақсы көремін. Оның ішінде триатлонды ұнатамын. Төртіншіден, әрдайым тек жақсы нәрселер туралы ойлауға тырысамын. Бір сөзбен айтқанда, оптимиспін.
– Астанаға келгенде 500-ге тарта көрерменіңізбен кездесіп, оларға қолтаңба бергеніңізді білеміз. Өзіңіздің Қазақстанда танымал екеніңізді білгенде қандай сезімде болдыңыз?
– Мені жақсы көреді екен. Тіпті мен ойлағаннан да асып түсті. Өткен жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кореяға жасаған сапарына орайластырылған қабылдауда болдым. Бұл – актер үшін құрмет. Себебі, актер көпшілік арасында танымал болмаса, оны мұндай қабылдауларға шақырмайды ғой. Сол кезде мен Қазақстан жұртының маған деген ықыласы жақсы екенін естіп қалған едім. Ал Астанаға келгенде көрерменнің маған деген ықыласының шынайы екеніне көзім жетті. Астананың базарына барғанда да осындай ықыласты байқадым. Мені бірден танып, «Жумонг, Жумонг» деп жатқандары да болды. Менде басында базарға бару деген ой болмаған еді. Алайда, базардың жанынан өтіп бара жатып, неше түрлі көз тартар көкөніс пен жеміс-жидектерді көріп, еріксіз аялдадым.
Тағы бір айтатыным, менің Кореяда бір досым бар. Қазақстаннан. Есімі – Әйгерім Айдарова. Ол мені Қазақстан Президентімен кездесу кезінде қазақ тілінде сәлемдесуді үйретті. Сондай-ақ, қазақ жеріне барғанда орыс тілінде емес, қазақ тілінде сөйлеуге кеңес берді. Сондықтан, мен қазақ тілін аздап үйреніп жүрмін.
– Сіздің зайыбыңыз судья екен. Өнер адамы мен судья қалай кездесіп жүр? Отбасыңыздың қандай болғанын қалайсыз?
– Бізді сіз секілді журналистер таныстырды. Содан кейін екеуміз кездесіп жүрдік. Кейін, бір жарым жылдан кейін үйлендік. Әрине, мен балаларымның көп болғанын қалаймын. Бірақ әзірге баламыз жоқ.
– Естуімше, сіздің арғы атаңыз генерал болыпты. Мұның сіздің өміріңізге қандай да бір әсері болды ма?
– Иә, менің атам – Корея тарихындағы белгілі адам. ХХ ғасырдың басындағы тәуелсіздік жолындағы қозғалыстың басында тұрған, жапон басқыншыларына қарсы күрескен генерал Ким Чжа Чжиннің шөбересімін. Ол туралы деректі фильмдер түсірілген, тарих пәні оқулықтарында да ұлы атам туралы мәліметтер кездеседі. Ал анам актриса болған. Қазір саясатпен айналысады. Депутат. Ал жалпы алғанда, текті тұлғаның ұрпағы болу, тарихта аты қалған жанның шөбересі болу маған үлкен жауапкершілік жүктейді.
Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.