07 Мамыр, 2011

Бір өлеңнің құдіреті

467 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ресей аумағында Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлеріне қатысты ескерткіш­тер, тақталар, көшелер, тағы басқа да естелік белгілер аз емес. Бұлар ел таныту мұратына елеулі дәрежеде қызмет етіп келеді. Біз бүгін солардың біріне ғана тоқталсақ дейміз. Мысалы, ақпарат көздерінің мәлі­метіне қарағанда, Ресейде көше атына кө­бірек ие болған қазақтың тұғырлы тұлға­ларының бірі, «Ленинградтық өренім!» атты патриоттық өлеңнің авторы – ұлы Жамбыл Жабаев. Бізге мәлім дерек бойынша, қазір Астрахань, Қазан, Калининград, Хабаровск, Уфа, Челябі, Волгоград, Нижний Тагиль, Кемеров, Қорған, Красноярск, Липецк, Нижний Новгород, Салават, Стерлитамак, Гроз­ный қалаларында Жамбыл Жабаев көшесі бар. Ұлы жыраудың атақ-даңқы аялдаған өңір­дің бірі – ежелгі Санкт-Петербург қала­сы. Мұнда да Жамбыл атына көше берілген және сол көшеде жыр алыбының ескерткіші тұр. Бұл – қаһарлы соғыста қала қоршауға түскен кезеңде барша жұртқа «Ленин­град­тық өренім!» деп жалынды сөзімен дем берген қарт ақынға олардың білдірген игі құрметі. Орайлы сәтті пайдаланып, Санкт-Петер­бург өңіріндегі қазақстандықтарға қатысты кейбір белгілер туралы да хабардар ете өтейік. Бұдан бірер жыл бұрын Қазақстан елшілігінің қолдауымен «Невский пятачок» деп аталатын алақандай аралда соғыс жыл­дарында жан алып, жан беріскен қантөгіс шайқаста қаза тапқан қазақстандықтар құрме­тіне ескерткіш тас қойылды. Сондай-ақ Ленинград қоршауының құрбандары кө­бірек жерленген атақты Пискарев зират-кешеніндегі отандастарға ескерткіш тақта орнатылды. Александр Матросовтың ерлігін қайталап, амбразураны кеудесімен жапқан Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Байма­ғамбетов Ленинград облысының Киров ауданындағы Синявино кентінде жерленген. 2001 жылы Киров қаласындағы экономи­калық гимназияға Сұлтан Баймағамбетов есімі берілді, қазір осы білім ұясының алдында оның ескерткіші тұр. Санкт-Петербургте Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атында да көше бар. Сондай-ақ, бірер жыл бұрын осындағы қандастары­мыздың атсалысуымен Ресей География қоғамы ғимаратының қабырғасына Шоқан Уәлиханов суретінің салтанатты жағдайда ілінуіне өзіміз де куә болып едік. Санкт-Петербургте Жамбыл атындағы көше 1952 жылғы 15 желтоқсанда пайда болыпты. Ол бұрын Лештуков тұйық көшесі деп аталған. Лештуков деген Елизавета пат­шайым­ның лейб-медигі Жан-Арман Лесток екен. Оған осы маңайдағы жер учаскесі XVIII ғасырда беріліпті. 90-шы жылдардағы кеңес­тік атаудан арылу науқаны кезінде Жамбыл көшесіне де оның бұрынғы тарихи атын қайтарамыз деген әрекеттер болған. 1998 жылы көше бірер күн Лештуков деген көне атымен де аталған. Алайда, мұндағы қандас­тарымыз көшеге Жамбыл атын қайтару жолында есте қаларлықтай еңбек атқарды. Топо­нимикалық комиссияның қаладағы Жам­был көшесіне ескі есімін оралтып, ал Жамбылға соғыс жыл­дарында Ленинградты қорғаумен байланысты естелік белгілер көбірек кездесетін Киров ауданы маңынан бір көше берейік деген ұсынысын отандас­тарымыз қабылда­мады. Сөйтіп, Санкт-Петербургтегі алпыс жылға жуық тарихы бар Жамбыл көшесі осылай сақталып қалды. 1999 жылы мұнда мемориалдық тақта орнатылды, онда бұл көшенің неге Жамбыл атымен аталғандығы атап көрсетілді. Санкт-Петербург және Ленинград облысы қазақтары «Атамекен» қоғамының президенті Сәрсенғали Құспановтың Жамбыл есімін орнықтыра түсу орайындағы осы елеулі еңбегі ақын атындағы көшеге оның ескерткішін орнату жолындағы жұмыстармен жалғас­ты. С.Құспанов 2002 жылдың бас кезінде қа­ладағы Орталық ауданының басшысы В.­С.Ан­тоновқа хат жазып, Жамбыл Жабаевқа ескерткіш орнату мүмкіндігін қарастыру жөнінде өтініш жасады. Өтінішті қаланың бас суретшісі И.Г.Уралов және Сыртқы байланыстар комитеті қолдады. Ал аудан басшысы В.С.Антонов авторға жолдаған жауап хатында бұл бастаманы жүзеге асыруға көмектес­тетіндіктерін білдіре келіп: «Жамбыл Жабаев есімі ленинградтықтар үшін қашанда қас­терлі. Жамбылдың қоршаудағы қала тұрғын­дарына арнаған жалынды жырлары қиын-қыстау кезеңде ленинградтықтардың жүрегін жылы шуаққа бөледі, адамдардың тірі қалуы­на көмектесті. Біз Санкт-Петербургтің Ор­талық ауданының бір көшесі Ұлы ақынның атында екенін мақтаныш етеміз», деп жазды. Жамбыл ескерткішін орнату Санкт-Петер­бург қаласының ЮНЕСКО аясында атап өтілетін 300 жылдық тойына орайлас тұрған оқиға еді. «Атамекен» қоғамының президенті С.Құспановтың сол кезеңде Қазақ елі басшы­лығына жазған хатынан мынадай жолдарды оқуға болады: «Ресейдің келесі жылды «Қазақстан жылы» деп жариялауы... Қазақ­стан­ның іргелі ел екенін, іргелес мемлекет­тердің оған арқа сүйейтінін де білдіреді. Осы бір атаулы шараға ел намысы үшін «Атамекен» қазақ қоғамы да қызу әзірлік жұмыста­рына кірісіп кетті. Жамбыл бабамыздың биіктігі екі жарым метр болатын ескерткішін тұрғызуға жергілікті өкімет орындары рұқсат берді. Ескерткіштің тұғырын орнату үшін Жамбыл көшесінің бойынан, қаланың ең көрікті жерінен 2500 шаршы метрлік алаң бөлінді. Ақын ескерткішін жобалау және құру жөнінде комитет құрылды. Оған аты әлемге әйгілі мүсін­шілер мен сәулетшілер тартылды...». Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына байланысты сол кездегі Премьер-Министр И.Тасмағамбетов 2002 жылғы 10 желтоқсанда Үкіметтің «Ресей Федерация­сының Санкт-Петербург қаласында Жамбыл Жабаевқа ескерткіш орнату туралы» қаулы­сына қол қойды. Бұл құ­жатта: «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мәдениет, ақ­парат және қоғамдық келісім министрлігі мүдделі тараптармен бірлесіп, Санкт-Петербург қа­ласында Жам­был Жабаев­қа ескерткішті жобалау, да­йындау және қою, сондай-ақ, іргелес ау­мақты көркейту жөніндегі мәселе­лерді шешсін», деп жазылды. Жамбыл ескерткіші 2003 жылғы 30 мамырда Қазақстан Президенті Н.­Ә.На­зар­баевтың қа­ты­суы­мен сал­­­танатты жағ­дай­да ашыл­ды. Бұл ескерткіш Қа­зақ­стан хал­қының Санкт-Петербург қала­сының 300 жылдығына тартқан сыйы еді. Ескерткішті И.Репин атындағы Живопись, мүсін және сәулет институтының факультет деканы, кафедра меңгерушісі, Санкт-Петер­бург Суретшілер одағының мүсіншісі Валентин Свешников, қазақстандық белгілі мүсінші Бақытжан Әбішев және Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі, сәулеткер Феликс Романовский сынды авторлар ұжымы әзірледі. Ақын ескерткішінің дүниеге келуіне атса­лысып, көмек көрсетіп, қолдау жасаған Қазақ­стан мен Ресейдің жанашыр азаматтарының аты-жөнін түгел тізбелеу мүмкін емес, әрине. Алайда, олардың әрқайсысы Жамбылдай жыр алыбының тас тұлғасының Нева жағасында бой көтеруі үшін жүректерінің жомарт жылуын жеткізе білді. Сол кезде тоқсанның бесеуіне келген дана Жамбылдың ленинградтықтарға арнаған даңқты өлеңі 1941 жылғы 6 қыркүйекте «Ленинградская правда» газетінде жарияланды. Екі күннен соң Ленинградтың әйгілі қоршау-құрсауы басталды. 900 күн бойы жау қама­уында қалған қала көшелерінде Жамбылдың суреті мен өлеңі ілулі тұрды. Сөйтіп, осындай сын сағатта, ел басына күн туған сәтте Жамбыл Жабаевтың жалынды жыры барша ленинградтықтарға қазақ жұртының қоршау­дағы халыққа арнаған сенімді сөзі, қол созған қайырымды көмегі болып сезілді... Питердің ұядай бір гүлзарында, өзі аттас көшеде Жамбыл ақынның қоладан құйылған тұтас тұлғасы бой түзеп тұр. Ескерткішті қазақтың киіз үйі пішінінде жасалған жеті темір қанат қоршаған. Бейнебір ағаш керегелі, киіз үзікті қазақ ауылына кіріп келе жат­қандайсыз. Сізді қолына домбырасын көлбей ұстаған Жамбыл баба «қарсы алады». Сыл­дырай аққан бұлақ суы, баяу аспандаған субұрқақ. Гранит жақтауға жүз жасаған жыр алыбының ғасырдан ғасырға жеткен «Ленин­градцы, дети мои! Ленинградцы, гордость моя!» деген өлмес, өшпес сөздері жазылған. Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден. Мәскеу-Санкт-Петербург-Мәскеу.