Сұрапыл соғыс жылдарында нағыз ер-азаматтарша еңбек етіп, жеңісті жақындатуға өзіндік үлес қосқан жандар жетерлік. Бүгінде олардың көпшілігі бақилық болып, біразы ғана қалды. Солардың бірі – қазіргі кезде елордада тұратын, биылғы жылдың тамызында торқалы тоқсан жасқа толғалы отырған Жәнипа Әбішева әжей.
Миллиондаған ер-азаматты мерт қылып, ананы жесір, баланы жетім еткен сұм соғыс басталғанда, Жәнипа әже жиырма жаста болатын. Отағасы Байдырахманмен бірге ата-анасы қайтыс болған жақын туыстарының екі баласын асырап, ел қатарлы өмір кешіп жатқан-ды. Арада бес-алты айдай уақыт өткенде, көппен бірге Байдырахман да майданға аттанды.
– Байдырахманды 1941 жылдың желтоқсанында майданға шығарып салдық, – деді Жәнипа әжей сол кездің суық көріністерін еске алып. – Онымен Макин стансасынан Ақмола қаласына дейін бірге бардым. Онда әскери дивизия жасақталып жатқан еді. Көп кешікпей олар 29-шы атқыштар дивизиясының құрамында майдан даласына жүріп кетті.
Әңгіме барысында әжей соғыс жылдарында өзінің көрген қиыншылықтарынан гөрі, ері Байдрахманның басынан өткен жағдайларға көбірек тоқталды. Әжейдің айтуына қарағанда, Байдырахман Харьков қаласының маңындағы Луговой стансасы үшін болған қиян-кескі шайқастарға қатысқан. Жауынгерлер бұл стансаны 1942 жылдың тамызына дейін ұстап тұрған. Әскери техникалар мен қару-жарақтың жетіспеушілігіне байланысты қоршауда қалып, әскерлердің едәуір бөлігі тұтқынға түсіпті. Олардың ішінде Байдырахман да бар екен.
– Тұтқындарды жаяулатып, алдымен Днепропетровск маңына жеткізген, одан кейін Польшаның Краков және Катовице қалаларына жақын орналасқан Мазовец және Видивице деген концентрациялық лагерлерге апарып қамапты, – деді Жәнипа әже мұңайып. – Бұдан соң оларды Франция аумағындағы Лихтенвальд деп аталатын лагерьге ауыстырған көрінеді.
Байдырахман Әбішевті өзге де әскери тұтқындармен бірге осы жерде таңның атысы, күннің батысына қарамай, тас қопарып, тас қашау жұмыстарына салған. Ал 1944 жылдың басында тұтқындардың үлкен бір бөлігі қолайлы сәтті пайдаланып, қашып шығады. Фашист жендеттерін ізден адастыру үшін олар топ-топқа бөлініп, ілгері жылжи беруді жөн көреді. Сол бес-алты топтың бірінде Байдырахман да бар еді. Көретін күні бар екен, Байдырахмандар тау ішіндегі француз партизандарына тап болады. Кеңес тұтқындары олармен бірге партизан ретінде жеңіс таңы атқанша неміс басқыншыларына қарсы соғысады. Талай мәрте ерлік көрсетіп, партизандардың алғыс-құрметіне бөленеді.
– Байдырахманның жолы болды, соғыс аяқталғаннан кейін оны тұтқындамады, – деп жалғастырды Жәнипа әжей әңгімесін. – Бірақ ол сталиндік қуғын-сүргіннен толық құтыла алмады. Байдырахманның 1946 жылдың сәуіріне дейін Ростов облысы, Шахты қаласындағы шахталарда мәжбүрлі тәртіппен жұмыс істеуіне тура келді. Сондай-ақ, ол НКВД органдарының арнайы тексеруінен тұрақты өтіп тұрған екен. Мұны елге оралғаннан кейін өз аузынан естідік.
Ал бұл кездері араларында Жәнипа Әбішева бар жап-жас келіншектер тылда аянбай еңбек етіп жүрген болатын. Алғашында ол снаряд шығаруға қайта жабдықталған Макин зауытында жұмыс істеді. Қазақстанға күштеп жер аударылған түрлі этнос өкілдеріне қолдарынан келгенше көмектесті, бар қиындықты бірге көтерісті. Майдандағы Байдырахманнан бір рет қана хат алып, хабарсыз кеткен оны төрт жыл бойы күтті, үмітін үзбеді. Үміт алдамады, 1946 жылдың орта шенінде Байдырахманнан Шахты қаласында жұмыс істеп жатқандығы жөнінде хат келді. Сол күнгі Жәнипаның қуанышын айтсаңшы.
– Байдырахманның тірі екендігін білген соң, жолға жиналдым да, Шахты қаласына тартып отырдым, – деді Жәнипа әжей. – Онда Байдырахманның партизандармен бірге қиян-кескі ұрыстарға қатысқандығын дәлелдейтін құжаттар бойынша тексеруден өткеннен кейін ғана біз елге оралдық. Байдырахман жүргізуші болып жұмыс істеді, халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруге атсалысты. Ал мен үй шаруасымен айналыстым, балаларды тәрбиеледім.
Бүгінде Жәнипа әже сегіз ұл-қызын қанаттандырып, олардан немере, шөбере сүйіп отырған жан. Немере, шөберелерінің қатары отыздан асады. Бұл отбасында 1987 жылдан бері қалыптасқан дәстүр бар. Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні барлығы Макин қаласының жанындағы Байдырахман Әбішев жерленген зиратқа жиналып, Ұлы Жеңіс үшін құрбан болған жауынгерлерді еске алады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
_______________________
Суретте: Байдырахман мен Жәнипаның 1946 жылы Шахты қаласында кездескен сәті.