Кешегі Ұлы Отан соғысында от-жалын кешкен майдангер әкелер рухы ешқашанда ұмытылмайды.
Сондай майдангерлердің бірі Әбікен Тәтиұлы 1915 жылы Қарқаралы уезі, Темірші болысы, Қызыл Арай ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1931 жылы Шұбартау ауданында ауылдық кеңестің хатшысы болып бастады. Кейіннен аудандық жоспарлау комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 1937 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, 1937-1938 жылдары Алматыда кіші командирлер дайындайтын бір жылдық әскери мектепті бітіреді. 1938-1941 жылдар аралығында Омбы, Ақмола қалаларындағы әскери бөлімдерде ротаның саяси жетекшісі қызметін атқарады. Демек, Әбікен Тәтиұлы соғыс басталар қарсаңында қазақтан шыққан жауынгерлер арасында көзі ашық, көкірегі ояу, саяси саналы азаматтардың бірі болғаны анық.
1941 жылдың күзінде Ә.Тәтиұлының әскери бөлімі алғаш рет қанды майданға кіріп, Ленинградты қорғауға қатысады. 1943 жылы 26 дербес атқыштар бригадасы құрамында Мәскеуді қорғаған әскерлер құрамында болады. Ол бұл кезде батальон коммисары қызметін атқаратын. «Алғашқы кезде біздің әскерлердің жау шабуылына төтеп бере алмауының бір себебі қару-жарақтың жетімсіздігінен болды. Мәселен, соғыс басталған кезде біздің атқыштар ротасының құрамындағы әрбір жүз жауынгердің 10-15-інде жай қару саналатын винтовканың өзі жетіспеді. Рота бөлімшелерінде үштен қол пулемет, 1 станокты пулемет қана болды. Ал немістер соғысқа шығарда бізді үстімізден ұшақпен бомбалап, артынша артиллериямен соққылап, сонан кейін қаптаған танкілерін алға салып, шабуылға шығатын. Бұған біз төтеп бере алмадық. Соғыстың бас кезіндегі жаппай шегінулер осындай жағдайдан болды. Тек Мәскеу түбіне жеткен кезде ғана біздің қару-жарағымыз олармен теңесе бастады. Сол кезде Кеңес жауынгерлері неміс-фашистеріне қарағанда өздерінің әскери рухы олардан жоғары екендігін әбден көрсетті. Жеңістің біздің пайдамызға шешілетіндігіне көзіміз жете түсті» деп жазады өзінің кейінгі естеліктерінің бірінде саяси жетекші қызметін атқарған Әбікен ақсақал.
Әбікен Тәтиұлы нағыз соғыстың от-жалынынан өтті, өмір мен өлім ортасында күреске түскен жауынгерлер сапында болып, олардың жеңіс жолындағы жігерін жани білді. «Ауыр шайқастар жүріп жатқан кезде құрамында өзім де болған біздің әскери бөлімдердің комиссарлары мен ротаның саяси жетекшілерінен өте үлкен жауапкершілік талап етілетін. Партия жиналыстарын жауып тұрған оқ астында өткізіп, партия қатарына жаңа жауынгерлер қабылдаған кездеріміз де болды. Осындай сәттің өзі партияға өтушілерді терең тебіреніске түсіріп, олар Отан алдындағы әскери борыштарын барынша адал атқаруға тырысатын. Саяси жетекшілер соғыстың алдыңғы шебіндегі жауынгерлер арасында бірге болып, оларды сан мәрте жауға қарсы қоян-қолтық ұрыстарға көтерді. Міне, осындай шайқастарда менің жолдастарым екінші батальонның комиссары Иванов пен үшінші ротаның саяси жетекшісі Якунин ерлікпен қаза тапты» деп жазады естелігінде Әбікен Тәтиұлы.
Мәскеу түбіндегі шайқастардың нағыз жан алып, жан беріскен тозақтың отындай болғаны белгілі. Осы шайқастарда Әбікен Тәтиұлы қызмет еткен жеке батальонның алдыңғы шептегі екі ротасының жауынгерлері көп қырғынға ұшырады. Бірінші ротаның командирі, лейтенант Будаев пен үшінші ротаның саяси жетекшісі Буличев қаза тапты. Батальон комиссары Тәтиұлының өзіне бірнеше жерінен оқ тиіп, жаралы болды. Осы ұрыста олар дұшпанның көптеген солдаттарын қару-жарағымен қолға түсіріп, оларды 11 адамнан жасақталған конвоймен тылға жіберді. Тәтиұлының өзі жарасын жеңіл деп есептеп, госпитальға барудан бас тартады. Бұл қақаған қыстың күні еді. Желтоқсан айының 27-сі күні Әбікен аға бастаған батальон жауынгерлері Новонедельное елді мекеніндегі немістердің күшті бекінісіне шабуылға шығады. Осы тұста комиссардың өзі басында оң жақ жанбасына дәл қадалған оқтан, артынша қасына келіп түскен снаряд жарқыншағынан қабырғасынан ауыр жаралы болып, есінен танады. Қасындағы жауынгерлер бораған оқтан қайта шегінуге мәжбүр болып, бірақ комиссардың жаралы денесін бораған оқ ішінен алып кете алмай, оны шеткері тұрған сарайдың ішіндегі сабанға көміп кетеді. Артынан аталған елді мекенді қайта шабуылмен алған кезде естен танып жатқан Әбікенді медбике қыз тауып алып, госпитальға жеткізеді. Осы жараның зардабынан майдангер бірінші дәрежелі соғыс мүгедегі болып, І-ші және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен елге оралады. Келе салысымен «Барлығы да майдан үшін, барлығы да жеңіс үшін» деген ұранмен қайнаған еңбекке араласады. 1943-1944 жылдары Шұбартау аудандық газетінде редактор, 1944-1947 жылдары Абыралы аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.
1947-1949 жылдары Ә.Тәтиев Алматы жоғары партия мектебін ойдағыдай тәмамдап, Абай, Жарма, Мақаншы аудандарының партия, кеңес органдарында басшылық қызметте жемісті еңбек етті. Әбекеңнің бейбіт еңбек майданындағы еселі еңбегі Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен аталып өтті.
Өмірі өнегеге толы Әбікен Тәтиұлы 11 бала тәрбиелеп өсірді, немере, шөбере сүйді. 1998 жылдың сәуір айында 83 жасында қайтыс болды. «Әбекең табиғи талантымен, асқан шебер ұйымдастырушылық қабілетімен, биік рухымен, азаматтық ар тазалығымен дараланатын. Дос-жарандарының, жас ұрпақтың ақылшысы бола білген, жаны жайсаң, ақжарқын да биязы мінезді ақсақал еді» деп жазылыпты ол туралы берілген қазанамада.
Бүгінде Әбекеңнен өрбіген ұрпақтар өсіп-жетіліп келеді. Өмірдің әр саласында аталарының атына лайықты қызмет етіп жүр. Олар майдангер есімін әрдайым ардақтап жүреді. Мұндай ерді халықтың да ұмытпайтындығы анық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.