Қалағаңның бүкіл бітім-болмысын қазақтың ұлттық ділінің үлгісі ретінде ұсынса болар еді деп ойлаймын. Сірә, дәл мұндай мінезге бай, қиялға кенен адам сирек. Осынау асыл ағаның әзиз көкірегіне намыс пен парасат, кісілік пен кішілік, дегдарлық пен қарапайымдылық, сабыр мен салиқа, толып жатқан басқа да қасиет атаулы топталып ұя салғандай көрінеді. Сол қасиеттердің ішінде ең құдіреттісі – күлкі, әзіл. «Көктөбедегі кездесуі» қазақ драматургиясын әлемдік сахнаға алып шыққаны өз алдына. Сонымен қатар, комедия жанрындағы классикалық шығармалары ғана емес, Қалекең айтқан қалжыңдар да халқымыздың рухани қазынасына айналған. Бұл да екінің біріне бұйыра бермес бақыт, тәңір сыйындай сырлы феномен дер едік. Сөйткен Қалтай аға, зерделей қарасақ, шын мәнінде өмірде де, жазушылық өнерде де бірдей қазақ күлкісінің қыдыры болған екен-ау. Өмірінің ғибраттарына жүгінсек, Қалекеңнің ислам әлемінде де, түркі дүниесінде де қадірменді болғанын байқаймыз. Димекеңнен бастап, қазақтың небір марғасқаларын әдемі әзіл, тапқыр күлкі құдіретімен сөзден тоқтата білген. Күңгірт көңілді, кермек өмірді күлкімен шуақтандырып өткен қазақтың Қалтайын халқы сағынады, әрдайым есте тұтады. Олай болса, асыл бейнемен әлі күнге сырласудан жазбаған ағаның өмірсерік қосағы, қарашаңырағының шырақшысы Фатима Бекжанқызы апайымыздың әңгімесінен де әдебиетіміздің осынау үлкен тұлғасының ұлағатын түйсінгендейміз.
– Фатима апай, Қалағаңмен алғаш қалай танысқаныңыз есіңізде шығар?
– Қарағым-ай, оны қалай ұмытайын. 1952 жыл ғой. Мен өзім бала кезімнен кілең ақын-жазушылардың арасында өстім. Өйткені, нағашым Жұмағали Саин, жездем Әбділда Тәжібаев. Шешемнің немере сіңлісі сол Әбекеңде. Орыс мектебінде оқысам да әр жазда Көкшетаудағы ауылға апарып, ағайын-туыстың арасында, атамның қасында болатындықтан, қазақша да жақсы сөйледім. Әкем Бекжан Бектиев лауазымды шаруашылық қызметінде болды. Бірақ соғыс жылдарында көрген қиыншылықтан денсаулығы жұқарып, 52-ге толмай, 50-ші жылы көз жұмды. Сонда үйде біз өзіміз төрт ұл, төрт қыз, сосын әкемнің соғыста қаза тапқан інісінің ұлы, нағашымның қызы бар, анамды қосқанда 11 кісі қалдық. Менің институттың 3-ші курсына ғана көшкен кезім. Қиналдық. Нағашыларымыз, әкемнің жора-жолдастары көмектесіп жүрді. Балаларға мен өзім бас болдым. Қиыншылықты көре жүріп, солардың бәрін жеткіздім. Бәрі жоғары білім алды.
Ал, Қалекеңмен бірінші кездесуім былай. Нағашым ақын, жездем драматург болғасын ба, өнер, театр жағына бейімдеумін. Опера театрында бір қойылым өтіп, қасымда құрбы қызым бар, соған бардық. Бірінші қатардан орын тиді. Ол кезде менің шашым екі өрім, жерге түсетін еді. Жақындау жерде отырған екі-үш жігіт өзара сыбыр-сыбыр, біз жаққа қарай береді. Сосын біреуі тұрып: «Мына шашқа тұншығып өлсе, арман жоқ шығар!» деді. Бәріміз мәз болып күлдік. Сөйтсем, бұл сөзді айтқан Қалтай екен. Өмірде маған айтқан алғашқы сөзі.
– Сізге арнаған алғашқы сөзін де әзіл, күлкімен бастаған екен-ау Қалағаң.
– Иә. Содан әңгімелесіп кеттік. Қасындағы жігіттер таныстырып жатыр. Мынау Мәскеуден ГИТИС-ті бітіріп келген, өзі қожа дейді. Ол кезде қожаның кім екенін мен білмеймін. «Әй, қожаң не?» деп сұраймын. «Өзің, қазақша жақсы біледі екенсің, қожаны неғып білмейсің?» дейді ол. Жә, қожаның да кім екенін білдік қой. Сөйтсем, Қалтайдың әкесі үлкен молда, оқымысты кісі болған екен. Атын ешкім атамай, қараторы кісі болғандықтан, Қарамолда деп кеткен. Әйгілі 1937 жылы, ішінде осы кісі де бар, 19 адамды апарып, көрлерін өздеріне қаздырып, атыпты. Кейін Қалтай екеуміз әкесінің осы атылған жерін іздеп, неше жыл бойы табан тоздырдық. Қаншама адамдардан сұрадық, КГБ-ға да арыздандық. Жөнін ешкім білмейді. Содан ол кісінің сүйегі қай жерде қалғанын таппадық.
– Қалай шаңырақ көтергендеріңізге тоқталсаңыз?
– Танысқаннан кейін төрт-бес ай өткенде үйлендік қой. Қалтай Мәдениет министрлігінде репертуар бөлімінің бас редакторы болып істейді екен. Ал, біз онда 8-ші Март көшесі, Гоголь мен Горькийдің арасында, баяғы Верный көпестері салдырған үйде тұратынбыз. Мәдениет министрлігі бұрышта, жап-жақын. Жиі кездесіп, көңіліміз жарасты. Одан көп ұзамай менің анаммен танысты. Ол кісінің де тілін тапты, ұнады. Ақырында құда түсті. Сөйтіп, жұбайлық өмірімізді бастағанбыз. Тұңғыш ұлымыз Алтай 1953 жылы туды. Одан кейінгі – Жәмилә.
– Алғашқы пьесаларының қойылуын еске түсірсеңіз қайтеді?
– «Бөлтірік бөрік астында» деген алғашқы драмасының премьерасы 1959 жылы болды. Халық қаптап кетті. Аншлаг. Билет ала алмай сабылған жұрт. Кассада кезек. Залда ине шаншар жер жоқ, лықа толып отырды. Жұрт спектакльді жақсы ұнатып, керемет қабыл алды. Бірақ сахна пердесі жабыла сала, өмірі театр тарихында болмаған, алдын-ала қасақана ойластырылған көрермендер конференциясы ұйымдастырылды. Ойламаған жерден тосын болғаны сондай, алғашында не істерге білмей қатты абыржып қалдық. Ерте бастан әдейі дайындап қойған өзіміздің ағайындар бірінен соң бірі шығып сөйлеп жатыр. Дау салып, бұл кеңестік өмірге жабылған жала, жағылған күйе, мұндай кейіпкерлер, мұндай жастар шын өмірде жоқ десіп, пьесаны іске алғысыз етті. Сонда Мұхаң, Мұхтар Әуезов болмағанда пьесаны осы көрермендер конференциясы сілейте соғып жауып тастаймыз деген ғой.
– Әуезов араласқан екен ғой бұл іске?
– Иә, сол кісі араша түсті. Мен өзім де нағашым, ақын Жұмағали Саин арқылы Мұхтар ағаны бала кезімнен танып білетінмін. Мұхтар Омарханұлы Қалекеңнің біліміне, сөзіне риза болып жүретін. Сосын, әкесінің де тарихын естіген болуы керек. Өйткені, 1956 жылғы ХХ съезден кейін «жылымық» орнаған. Әкесінің кім болғанын, 37-де кім ұсталып, кім айдалғанын ешкім де жасырмайтын кез. Қалекеңнің сол қайғысын біліп, қанша қиыншылық көріп оқығанын, мына жағдайға қалай жеткенін біліп Мұхаң Қалекеңді жас та болса керемет жақсы көріп сыйлады. Тіпті, бізді үйіне де шақырып, дәм татырғаны өмір бойы жадымда. Жаңағы премьераға Қалтай арнайы шақырып, Мұхтар аға келген болатын, спектакльді бастан-аяқ рахаттанып көрген болатын. Көрінеу-көзге жасалып жатқан қиянаттан сахналық туындыны сол кісі бірінші болып қорғады. Сол күпті көңіл күндерде Әуезовтің «Бұл күлкіге дән ризамыз» деген мақаласы шығып, содан кейін барып шуылдақтардың ауыздары жабылды ғой әйтеуір. Жалпы, Қалекеңнің қай пьесасы болса да оңай өткен жоқ. Солақай сыншылар, тиісті бақылағыш орындар ылғи да қоймай түртпектеп, ана-мына жерінен мін тауып отырмаса, ішкен астары бойларына тарамайтын. Сөйтсе де халық барлық шығармасын жақсы қарсы алды.
– Жаңағы тиісті орындар «Жат елдені» де жақтыра қоймаған болар?
– Бұл жолғы қысым-қудалау тіпті сұмдық болып, барлық қоқайдан асып түсті. «Жат елде» пьесасы Мұстафа Шоқай туралы ғой. Ол кезде білмейтін жұрт мүлде білмейді де, білетіндері Шоқайдың атын атауға қорқады. Соңында шылдырлаған қоңырауы бола тұра, сол тақырыпқа Қалекеңнің баруының өзі ерлік еді. Спектакль дайындығы жүріп жатқан кезде КГБ-дан екі кісі келіп: «Мұстафа Шоқай деп алуға болмайды, сіз оған басқа бір ат беріңіз» деді. Сөйткесін бас кейіпкерді Таңатаров деп алды. «Таң шығыстан, сол жақтан атады деп әдейі таңдап алып тұрсыз ғой» деп онысына да тиісті. Содан не керек, театрда актерлердің бәрі ұнатып, жандарын салып, құлшынып дайындады. Жұрт хабарланып, билеттің бәрі күні бұрын сатылып кетті. Премьера болатын күні кешке Қалекең екеуміз театрға жайбарақат келе жатсақ, кассаның алды топырлаған адам. Соған таң қалып: «билет түгел сатылып кетті деп еді ғой. Мына кассаның алдында мұнша халық неғып тұр?» дегенімше, Қалтайдың қабағы салбырап сала берді. Бір жайсыздық болғанын жүрегі құрғыр бірден сезді. Вахтер бізді дереу апарып директордың кабинетіне кіргізді. Оның айтқаны: «Қалеке, премьера болмайтын болды. Жұрт билеттерін қайта тапсырып жатыр». Тәуелсіздік алғаннан кейін Мұстафа Шоқай жайында жапа-тармағай жазушылар көбейді. Ол дұрыс та шығар, бірақ Қалекеңнің ол жайлы атын айтқызбай, тыйым салып қойған кезде батылдық етіп жазған пьесасын, бірінші премьерасын сөйтіп бастан ұрғандай тарс еткізіп жауып тастаған, қарағым. Сахнаға кейін зордың күшімен шықты.
– Ойпырмай, сондай жағдайда Қалағаңның жаны күйзеліп, қалай күңіренді екен десеңізші.
– Айтпа деймін. Менің де қан қысымым көтерілді. Ал, Қалекең болса, жүрегі ауырып, бөлмені кезіп жүрді де қойды. Түнімен көз ілмеді. Менен сырын бүкпеуші еді: «Бүкіл жұрт іздейтін, ғұлама оқымысты кісі болған әкемді моласыз қалдырды. Енді менің ізімнен де қалмайтын болды бұлар. Бұл халықтың намысы қай уақытта оянар екен?» деп налып, назаланды. Мен қайтейін, «Қалеке, налыма, намыс оянады әлі. Өзің сияқты көзі ашық, білімді жігіттер бар ғой» деп жұбатқан боламын.
– Ар жағында наланы түрткілеп жатқан да осы тәуелсіздігімізді аңсауы шығар-ау.
– Сол кеңестік кездің өзінде Қалекеңнің әр сөзінің астарынан азаттыққа, еркіндікке деген аңсар көңіл атойлап тұратын. Тәуелсіздікті күнде түсінде көретіндей сөйлейтін. «Қашан өзіміз өз тілімізге, өз дінімізге, өз мәдениетімізге ие боламыз?» деп, ылғи бір еңселі елдікті аңсайтын. Жазған пьесаларының өзегінде де сол сарын, сол рух жататын.
– «Көктөбедегі кездесуі» қандай! Жалпыадамзаттық мәселе көтерген, адамның арын тазалау тұрғысындағы пьеса емес пе?
– Әрине, өзі Қалтай болса, оның үстіне адамзаттың Айтматовымен бірлесіп жазса, шығарма сондай болмай қайтеді. Шыңғыспен екеуі елу жылдай дос болды. Туыстай болып кетті десем, артық емес. Шыңғыстың повестерінен Қалтай біраз пьеса жасады, шығармаларын қазақшаға аударды. Ал енді «Көктөбедегі кездесудің» жазылу жайы былай. Біздің үйге келіп қонақ болып отырғанында Шыңғыс айтты:
– Бірталай жаңа деректерді оқып жатырмын. Біздің ағайындардың арасында соғыста тұтқынға түсіп қалғандары бар. Соның ішінде немістерге берілмей, біразы тұтқыннан құтылып келді де. Бірақ келгеннен кейін мұнда олардың көбінің басы құрып кетті. Осы жағдайлар ой салып, бір повесть жазайын деп отырмын, Қалеке. Қиын шақта адамдар бір-бірін сатуға, опасыздыққа қалай барады? Арды, адамгершілікті қалай сақтап қалады? Осыны бір ойластырып жазсам да деймін – деп еді, Қалтай іліп әкетті:
– Шықа, мынау дайын драма ғой. Мен осыдан пьеса жазам! – деді.
Сол арада екі дос ұзақ отырып, болашақ шығарманың мазмұнын, жалпы желісін, негізгі идеясын ақылдасты. Сөйтіп, көп ұзатпай пьесаны жазды. «Көктөбедегі кездесу» осылай туып еді. Шыңғыс пен Қалтайдың елу жылдан астам достықтарының үлкен бір белгісі осы пьеса. Отбасымызбен де керемет сыйласып, жақсы араластық. Үлкен баласы Санжар мектеп бітіргесін осында, Алматыға келіп, мына ҚазМУ-ге түсті, менің қолымда бір жыл тұрып оқыды. Сосын Мәскеуге ауысты. Соншалықты туыс болып кеттік. Шыңғыстың әйелі Керес те мен сияқты дәрігер. Екі ұлы Санжар мен Асқар баламыздай болды. Шыңғыс Алматыға келсе-ақ, алдымен біздің үйге түседі. «Шыңғыс келді» деген хабарды естіген жолдас-жора қаптап, үйіміздің есігі жабылмайтын. Жылы-жұмсақ, тәтті-дәмдімді дастарқаныма төгіп қоятынмын. Сондай қызық дәурен болатын.
– Қалағаңның әр елде де үлкен достары болды ғой.
– Солардың бәрінің Қалекеңе деген ықыласы керемет еді. Түріктің атақты сатирик жазушысы Әзиз Несинмен әңгіме-әзілдері жарасып отырушы еді. Түркияға барғанда көрсеткен сый-құрметін айтып: «О-ой, апармаған жері жоқ, таныстырмаған кісісі жоқ Әзиз досымның. Сондай керемет, рахаттанып келдім, Факе» деп мерейі өсіп келді. Мені көңіл ауанына қарай бірде «Факе», бірде «бәйбіше» дейтін. Жолдас-жораға, танысқан кісілеріне өзінің де көңілі ашық болды, сонысына қарай басқалар да қатты сыйлайтын. Мәскеудегі бірге оқыған достары да әрдайым құрмет тұтатын. Галина Волчек «Современник» театрында «Восхождение в Фудзиямуды» тамаша етіп қойды. Мәскеуге соның премьерасына бардық. Сонда спектакльде ойнаған Олег Табаков: «О-о, Калтай... нет, как по казахский должен я вас назвать? Да, Калеке, я в этой пьесе почувствовал себя совсем по другому!» деп, одан әрі риясыз әңгіме жалғастырып кетуші еді.
Қазақ жазушыларынан Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов інілерімен жалықпай әдемі әңгімелесуші еді. Басында Асқар інісі таныстырған Герольд Бельгермен ақырына дейін шығармашылық байланысын, досжар сыйластығын үзбеді.
Өзі қайтыс болғасын біраз пьесалары тоқтап қалды. 80 жылдығы тұсында театрлар Қалекең шығармаларына бет бұрды. Жаңағы «Восхождение в Фудзиямуды» Алматының Лермонтов атындағы орыс театрының бас режиссері Рубен Андриасян жақсылап қойды. Астанада жүріп, одан ауырып, алғашқы қойылымдарына бара алмаған едім. Содан осы жылғы наурыздың 25-інде көрдім. Театр залында отырып аяулы Қалтайымның сахнадағы аруағымен сырласқандай болдым. Рубеннің режиссерлік шешімі де жаңаша екен. Түгелдей Көктөбедегі көріністер. Айша апай, оның алдынан оқыған достар. Солардың арасынан арыз айтқан кім? Сатқындық қайдан шықты? Сол мәселелер бүгінгі заманмен де үндесіп тұр. Соны тебірене көріп, Рубенге рахметімді айттым, залдағы халыққа рахмет айттым. «Қазақтың кең байтақ жеріне ие болып отырмыз. Бізге қазір ең керегі – ауызбіршілік, бір-бірімізге деген адалдық. Спектакльдің сол тағылымын ұғынсаңыздар, Қалекеңнің аруағы риза» дедім залға. Зал ду қол шапалақтады.
– Қалекеңнің ел басшыларының алдында да сыйлы болып, реті келгенде базына-еркелігін көтерте жүргеніне де мысалдар жетерлік-ау.
– Сыйлы болғаны да мінезінің қасиетінен, сөзді тауып сөйлейтінінен ғой. Кеңес уақытында Димекең де Қалтайға жақсы қарады. Мен ол кісінің Сара деген қарындасымен бірге оқығам. Димаш аға менің әкемді біледі екен. Анда-санда Сарамен бірге үйіне барып қаламын. Сонда «бұл осындай кісінің қызы» дегенде Димекең жадырай түсіп, жақсы қарсы алатын. Қалекеңді бағалады. Пьесаларын көріп, мақалаларын оқып тұрды. Бірде үстінен арыз түскен бе, Димекең: «Қалтай, сені туыстарыңның бәрін қызметке орналастырып, үй әпереді дейді ғой» десе, Қалекең: «Димеке-ау, менің Алматыда Морис Симашкодан басқа ешкімім жоқ қой» деп сөз тауып кетіпті. Өмір бойы сондай әдемі әзілдері қалмайтын.
Тәуелсіздігімізді алғанда елден ерекше қуанды, қазақтың ұлан-ғайыр жеріне енді өзіміз ие боламыз деп қуанды. Тарихтың қатпарларын көтеріп, талай шындықты енді жалтақтамай айта алатын күн туды деп еңсесін тіктеп алды. Енді мына жастарды дұрыс оқытып, дұрыс тәрбиелеу керек дейтін. Өзі «Түркістан» газетін ашып, көп мәселелерді сонда айтып отырды. Сонда жақсы мақалалар шыққан кезде өзіне Нұрсұлтан Әбішұлы телефон соғып, ілтипат-ризашылығын білдіргені бар. Қалекең мемлекетіміздің өсіп-өнгенін, өрлеп-өркендегенін өз көзіммен көрсем деуші еді. Әттең, дүние, соған жете алмады.
– Өмірден өтерде өсиет айта алды ма?
– Жедел жүріп кетемін деп ойлаған жоқ, үміт етті. Маңдайыма солай жазылған ба, әкемнің сүйегін Ленинградтан әкеліп едім, Қалтайды Мәскеуден әкелдім. Соңғы күндерінде: «Өмірдің бүкіл қиыншылығы енді сенің мойныңа түсетін болды ғой. Қазақтың азаматтары қандай болуы керек деген менің арманымды немерелердің құлағына құя бер» деп жиірек айтты. Өзі көре алмаған екі шөбересі бар қазір. Ескендір мен Ләтифа. Атасының өсиетін соларға да айтудамын.
Қызымыз Жәмилә Астанада, «ҚазМұнайгазда» қызмет істейді. Алтай ұлымыз Алматыда. Заңгер еді ғой. Сексен алтыншы жылы Желтоқсанда алаңға барып, жігіттерге: «Әй, ағайындар, арандап қалмайық, басқа жолын табайық, әйтпесе бәлеге ұшырайсыңдар, тарқаңдар» деп тұрғанда ұстап әкетіп, КГБ-ның суық подвалына қамап қойып, тергеп-тепкілеумен анда-мында апарып үш жыл айналдырды. Үлкен кісілердің алдына барып жүріп, әрең шығардық. Қазір денсаулығы жоқ, жүйкесі тозған. Қалекеңе де осы жағдай әсер етті. 73-ке өтті де, содан шыға алмай қалды ғой.
– Ағаның артында үлкен әдеби мұрасы, бай кітапхана қалды. Архиві де біршама деп отырсыз. Бұған да іздеуші, қамқор жанашыр керек шығар?
– Ең бастысы, Қалтайдың есімі халқының жады мен жүрегінен өшпеуге бет алғанына шүкіршілік етемін. Өткен жылы Қызылордадағы өзі оқыған №2 мектепке аты берілді. Өзінің шығармалары 5 томға жинақталды. Ғабит Мүсіреповтің «бұл сенің ғана қолыңнан келеді» деп міндет артып қамшылауымен 20 жыл өмірін сарп етіп аударған «Мың бір түн» ертегісінің 8 томы шығып, қолға тиді. Әлбетте, шырылдап біраз жүгіруіме де тура келді. Осыған септескен Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Иманғали Тасмағамбетовке рахмет. Енді архивін ақтарып қарап, жарияланбаған дүниелерін жарыққа шығаруым керек. Жеке кітапханасының қоры 10 мыңнан асады. Ұлттық кітапханадан да табылмайтын сирек кітаптары бірталай. Әуелі картотекасын жасатып алсам деймін. Сосын Алматыда Қалекеңнің кітапханасын ашуға бола ма екен, әлде, Ұлттық кітапханадан көрнекті орын тауып орналастырамыз ба? – оның да жайын Астанаға барып, азаматтармен ақылдасайын деп отырмын. Өзім Қалекем туралы естелік жаза бастап ем, инфарк алғалы ол да тоқтап қалды. Бірақ кейінгіге өлмес сөз қалдырған Қалтай Мұхамеджанов деген қазақтың атақты жазушысының, үлкен қайраткер тұлғасының екінші өмірі тоқтамайтынына халқы барда, қалың қазағы барда көңілім сенімді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.
___________________________________
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.