07 Мамыр, 2011

Ана бақыты

585 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Өзінің өмір жолын ғылымға, жас­тар­дың оқу-тәрбиесіне  арнаған педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Бү­ви­хан Алахунованы шәкірттері құрметтеп, мақтан тұтады. Сондай-ақ қазақ халқының мейрімін сезініп, салт-дәстүрін білу ар­қылы  өмір деген айдындағы сапары сәтті болған ана  да бүгінгі өміріне дән риза. Бүвихан  Ұйғыр ауданының Үлкен Ақ­су ауылында дүниеге келген. Оның бала­лық шағы шаш ал десе, бас алған  қылы­шы­нан қан тамған қуғын-сүргін заманына дөп келіпті. Тарих парағына нәубет жыл ретінде жазылған 1937-1938 жылдардың ойранын кінәсіз бала  Бүвихан да бастан өткереді. Әкесі, диірменші Алахун жеті ұл-қызын әйелі Хурсимаханға тапсырып, сол жылдардың құрбаны болып кете барады. – Отбасымызға қара бұлт үйірілген сол шақта мен небәрі бес жаста едім, – дейді Бүвихан апай.  – Әкем есімде қалмапты. Әйтеуір, анамыздан оның көзі ашық, көкірегі ояу, мейірбан адам болғанын білеміз. Мамыражай бір күні бейқам еңбек етіп жатқан диқан ұйғырлар аяқ астынан казак-орыс отряды келе жатыр  дегенді естіп, дүрліге тауға қашады. Жұртпен бірге әкем де қалың ағашқа бой тасалайды. Жол бойы халықты қаруларымен қорқытып жеткен қандықол қарақшылар ауылға келіп, ер-азаматтарды таппай, ақыры олар­дың бой тасалағандарын естіп, іздеріне тү­седі. Кейін  қолға түсіріп, бала-шаға­сы­мен қоштасуға да мұрша бермей алып кетеді. Олардың арасында әкем Алахун да бар екен. Бұл – 1938 жылдың ақпан айы көрі­не­ді. Жазықсыздан жазықсыз айдалған­дар­дың соңына жылап-сықтаған әйелдері мен шырылдаған балалары нала айтып қала берген. Сол күні кішкентай Бүвихан екі әпкесімен бірге көрші ауылға қонақтап барып, қайтар жолда қарақшылар Үлкен Ақсудан өтетін көпірді тас-талқан етіп бұзып кеткендіктен, өзеннен өте алмай, сол ауылда қалып қойыпты. Содан әке­лерін қай­­тып көре алмайды. Ауыртпалық ана­ла­ры­ның иығына түседі. Алахун зайы­бына «Ба­лаларды оқы­тып, сауа­т­ты азамат етіп өсір», деп аманаттаған екен. Кейін жеті баланы оқы­тып жеткізу де Хур­симаханға оңайға түс­пейді. – Үлкен ағам Әб­ду­­жә­лил де біраз қиын­дықты бастан өт­керді. «Халық жауы­ның бала­сы» деп Ша­рын ауы­лын­да мектеп дирек­тор­лығынан бо­с­атыпты. Со­дан басы­нан қан сор­ғалап сүй­ретіліп кетіп бара жатқан әкесіне ая­ғын­дағы киіз етігін шешіп берген деп комсомол қатарынан шыға­ры­­лады. Екінші ағам Әбу­бә­кір қор­лық­қа шы­­­д­амады ма, әлде өзі ел қорғауға атса­лыс­қы­сы келді ме, әйтеуір, соғыс бас­талған жы­лы сұранып,  майданға аттана­ды. Кейін бір аяғынан айрылып, жара­ла­нып қайтты. Өмір­дің ағыны қатты толқы­нында еш­те­ңеге мойымай, керісінше, қай­раттана түс­кен қай­сар анамыз әрқашан балаларына «Бала­ларым, жақсы оқыңдар! Қандай жағ­дайға тап келсеңдер де адал болыңдар. Адал іс, адал еңбек қана бәрін жеңеді»,  деп айтып отырушы еді. Сол дегенін уа­қыт­тың өзі дәлелдегендей, – дейді Бүвихан ана. Сұхбаттасымның сөзін бөліп, балалық шағында болған қызықты оқиғаларды есіңізге түсіре аласыз ба,  деп сұрадым. Арманмен Алматыға аттанып, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының қа­зақ тілі мен әдебиеті факультетіне түскен. Оның мұғалім бо­луына кезінде сабақ берген бел­гілі ақын Зияш Қалауова­ның әсері болыпты. Апайдың айтуынша, ұстазының сыпа­йы­лығы, көр­кемдігі, асқан мә­де­ниеттілігі ұстаз болуға жетелеп, әде­биетке деген қызы­ғу­шылығын оятқан. Сонымен бірге, анасы­ның «Мұғалім б­о­лыңдар, мұғалім – адам жаны­ның емшісі», дегені де өз ықпалын тигізгені анық. Себебі, отба­сындағы жеті ұл-қыз­дың бесеуі мұғалім маман­ды­ғын тегін таңдамаса керек. Институтта оқып жүргенде тарих факультетінде оқитын Хаким Машуров атты жігітке тұрмысқа шығады. Диплом алы­сымен қайта ауылға, Ұй­ғыр ау­даны­ның Кетмен ауы­лы­на келіп, қазіргі Мәш­үр Жәлилов атындағы мектепте қазақ, ұйғыр тілдері мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болады. Күйеуі тарихтан сабақ береді. Кейінірек ол кісі мектеп директорлығына дейін көтеріледі. Ал Бүвиханның өзінің республикадағы ұйғыр мектептерін бағ­дар­лама, оқулық, оқу-әдістемелік нұсқау­лық­тармен қамтамасыз етуде атқарған жұмыстары біршама көрінеді. Ұйғыр мектептеріне арналған «Әліппе» (1 сынып), «Әдебиет» (7 сынып) оқулықтарының және 120 баспа табақтан астам оқу-әдіс­темелік құралдарының, ғылыми мақала­лардың авторы екен. Ол 1972 жылы кан­дидаттық диссертация қорғап,  доцент атанады. Танымал әдіскер ғалым Бүвихан Ала­хунованың ғылыми жетекшілігімен ғылы­ми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Ұйғыр мектептеріне арналған телерадио хабарлар жүргізіп, мұғалімдерге лекциялар оқу­мен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады.   Кезінде ұстаз-ға­лым Ел­ба­сының қабылдауында болып, біраз кө­кейкесті мәселелерді ортаға салып, өз ой-пікірлерімен бөліседі. Сонымен бірге, қазақтың маңдайалды зиялыларымен көп жылдардан бері араласып, екі арадағы сыйластық пен достыққа жол салынады. Б.Алахунова  «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері. Педагогикалық қызмет­тегі ерекше еңбегі үшін «Ыбырай Алтын­сарин» медалімен, «Қазақ КСР халыққа білім беру ісінің үздігі», «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі» белгілерімен, Қазақ­стан Республикасының Құрмет грамо­тасымен марапатталған. Өмірін ғылымға, оқу-тәрбие жұмы­сына арнаған Бүвихан – төрт баланың анасы, он немере, сегіз шөберенің сүйікті әжесі. – Бәрiнен де мен өзімді бақытты ұстаз сезінетініме қуанамын,  – дейді ол. Бұл менің өмірімді босқа өткізбей, ұрпақ тәрбиелеуде жемісті еңбек еткенімді білдіреді. Шәкірттерім мені мақтан етіп жүрсе, менің де мақтан тұтар шәкірттерім көп. Ұстаз үшін шәкіртінің жемісті еңбегін көру бақыт. Марқұм жұбайым да рес­пуб­ликамыздың оқу-ағарту саласында ұзақ жыл еңбек етті. Алғашқы еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол жауапты қыз­меттер атқарды. Әйтеуір, көңілге демеу болары – балалары мен немерелері әке арманын орындап, өмірден өз орындарын тапты. Ана үшін бұл да үлкен бақыт. Шамшидин АЮПОВ. Алматы облысы.