«Қариясы бар үй – құты бар үй» екені ақиқат. Абыз ақсақалы, шежіре кеуде анасы бар шаңыраққа бас сұқсаң ашулы кітап, шашулы қазынаның үстінен түскендей боласың. Сондай құт қонған қара шаңырақтың бірі алты ұл, алты қызды өмірге әкеліп, 23 немере, 14 шөберені тәрбиелеп отырған Қасымхан ақсақал мен Күлшәри әженің үлгілі отбасы.
Күлшәри әже. Сексеннің сеңгіріне қадам басқан қарт ана ғасырға жуық өмір жолына көз жүгіртіп, қайта оралмас қыз шағын, үлкен өмірдің табалдырығын жан жары Қасымхан атамен қатар аттаған сәтін, ел басына бұлт үйірілген зұлмат соғыс жылдары, одан кейінгі тың игеру, туған жердің топырағына тамған әрбір жас, әрбір тамшы терді есіне алғанда иегі дірілдеп, көздеріне жас үйіреді. Қазақ даласы алмағайып саясаттың алаңы болып тұрған сонау 1936 жылы дүниеге келіп, үлкен-кіші үйінде еркін күле алмайтын заманда балалық шағы бастан өтті. 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде тылда масақ терді, шөп жиып шөмеле үйді.
Шүкір, қазекем: «Орнында бар оңалар», деген ғой. Ауыртпалықты артқа тастап, ел болып ес жимаққа бет түзеген 1947 жылы тағдыр қосып Мамытқанов Қасымхан екеуі шаңырақ көтерді. Үйлендік екен, үй болдық екен деп отыратын заман емес, содан бастап зейнет жасына жетіп, қариялыққа аяқ басқанша шаруашылықтың шашетек жұмысымен бел шешпей еңбектенді. 12 баланы өмірге әкеліп, Кеңес Одағы кезінде, 1966 жылы «Ардақты ана» атанды. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырамын деп жүргенде қоғам өзгеріп, еліміз өз алдына тәуелсіз мемлекет болды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен қарт ананың омырауына «Алтын алқа» тағылды. Отағасы Қасымхан атамен шаңырақ көтергендеріне 60 жыл толып, немере мен шөберенің ортасында 80 жасын тойлап отырған Күлшәри әже өткенге көңіл жүгіртіп, болашаққа көз тігіп отырған қарт тарих іспетті.
Қанат ЕСКЕНДІР, журналист.