14 Мамыр, 2011

Сахна сардары

865 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Қазақ сахна өнерінің қара шаңы­рағы – М.Әуезов атындағы акаде­миялық драма театры ұлттық өнері­міздің «жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар шыққан» дүл­дүлдерінің құт мекені. Мұнда шашасына шаң жұқтыр­маған сахна өнерінің небір саңлақ­тары өз шығармашылығымен ұлт теа­трының тарихына есімдерін алтын әріп­термен жазып кетті. Театр үйінің іргетасын қалаушы Ж.Шанин, С.Қо­жам­құлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмір­за­қов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, К.Бай­­­­­­­­­­с­е­йі­­това, Қ.Байсейітов, Ш.Жи­ен­­құлова, т.б. сахна шеберлерінің кө­ші келесі кезеңдерде де суалған емес. «Ел іші өнер кеніші» деген қанатты сөздің растығын келесі кезеңдердегі театр сахнасына шығып, артына ұмы­тыл­мастай образдар гале­реясын тас­таған тұлпарлар шабысынан байқауға болады. Олар бірінен-екіншісі озған К.Қар­мы­сов, Н.Жантөрин, Ә.Мол­дабе­ков, Ф.Шә­ріпова, М.Сүр­тібаев, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, С.Тел­ғараев, Е.Жайсаңбаев, Р.Әуезбаева, Ғ.Сүлейменов, Ж.Медетбаев, А.Әшімов, С.Ораз­­баев, Қ.Тастанбеков, Ә.Боранбаев, Ә.Кенжеев, Т.Жа­ман­құлов, Б.Жанғалиева, Ш.Ахметова, У.Сұлтанғазин, Г.Әс­пе­то­ва, Т.Мейрамов және тағы да басқа өнер иелері сан қы­рынан жарқырай көрінген кездер бо­латын. Сол таланттар шоғы­рының ішінде өзіндік жолымен, сах­налық кейіпкер сомдау шеберлігімен, алуан тағдырлы образдар гале­реясымен, артындағы халқы айта жүрерліктей із тастап, жар­қырай көрін­ген талантты актер Ыдырыс Но­ғайбаев есімі ерекше аталады. Ы.Ноғайбаев 1931 жылы 15 ма­мыр­да Алматы облысы Іле ауданы, Талғар қаласында дүниеге келді. Жас­тайынан көп қиыншылықтар көріп ержеткен Ыдырыс жетімдіктің ащы дәмін де ерте тартқандығы болса керек, анасы Гүлсімге деген құрметі өле-өлгенше ерекше болған. Ол жай­лы актердің жары Ф.Шәріпова:  «Ыдырыс анасын өте жақсы көрді. Жесірлік пен жетімдіктің қасіретін бірге тартқандықтан ба, әйтеуір ана­сын қатты құрмет тұтатын. Біз ша­ңырақ көтерген соң ең алдымен мені апарған жері – анасының қабірінің басы. Мейрам сайын сонда баруды парыз көретін едік, әсіресе, гастрольге барарда арнайы барып қоштасып кететінбіз» (Фарида Шәріпова. Әйгілі адам­дар сериясы. Алматы: «Өнер», 2006) – дейді. Жастайынан зердесі хал­қымыздың қымбат қазынасы – ән-күйі мен салт-дәстүрінен суарылып өскен ол, ер жете келе өзінің болашақ кәсібіне барар жолды таңдап, осы ба­ғытта талмай еңбектенеді. 1946 жылы он бес жасында Алматы көркемөнер училищесіне түсіп, оқып бітірді. Қазақ театрының тарихында Кеңес елінің орталық оқу орнында қажетті мамандарды дайындау ісі бірнеше мәрте іске асырылды. Алғашқы Мәс­кеу, Ленинград қалаларындағы театр институттары мен консер­ваториясы жанынан ашылған қазақ студия­ларының жұмысының нәтижесінде театрларымыз талантты, кәсіби білім алған жастардан тұратын жаңа толқын актерлермен толықты. 1938 жылы Ленинградтағы театр училищесінде оқып бітірген қазақ жастары Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», А.Островскийдің «Жа­лын­ды жүрек» спектакльдерін Шым­кент, Алматы театрларының сахна­сына, ал Мәскеуде А.Луначарский атындағы ГИТИС жанындағы қазақ студиясының оқушылары М.Горький­дің «Васса Железнова», О.Бальзактың «Памело Жиросы», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», Ж.Мольердің «Скапеннің айласы» секілді орыс және шетел драматургтерінің туындыларын орыс режиссер-педагог­тарының қоюында қазақ көрермен­деріне ұсынған болатын. Бұл қазақ жастарының сол кезде орыс театр өнерінің танымал қайраткерлерінен оқып үйренген тамаша қойылым­дармен өсіп жетілу жолындағы мектебі болатын. Ал Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі елуінші жылдар басында білім алуға жіберілген қазақ студиясы Мәскеудің А.Луначарский атындағы театр өнері институтында И.Раевский мен Н.Плотниковтың көркемдік жетекшілігінде оқыды. Ы.Ноғайбаев оқы­ған бұл топ 1954 жылы оқу бітіруші курстың дипломдық спектакліне М.Горькийдің «Егорь Булычев және басқалар» және «Тоғышарлар» пьеса­ларын алған. Бұл қойылымдарда жас актер Ыдырыс басты кейіпкерлер Егорь Булычев пен Тетерев секілді ішкі әлемі күрделі қайшылықтармен өрілген спектакльдің орталық кейіпкерлерін сомдады. Орындаушы актер­дің сырт келбетінің келістілігі, саңқылдаған ашық дауысы, көрермен жүрегіне жол таба алатын шынайы келбеті мен орындаушылық қолтаң­басы тұтас көңіл-күйді көрсете алуы­мен көрермендер мен театр маман­дарының назарына бірден іліккен болатын. Театрда Ыдырыс ұлттық сахнаға елеулі құбылыс болып енген режиссер Ә.Мәмбетовпен өмірінің аяғына дейін бірге жұмыс істеді. Осы режиссердің Одақ көлеміне танымал болған кезеңдік спектакльдерінде актер өзі­нің репертуарлық қор­жынына түскен маңызды деген жұмыс­тарымен көріне алды. Қарап отырсаң, Ы.Ноғайбаевтың театр сахнасында орындаған рөлде­рінің қатары қомақты. Шығармашылық табысы болып саналатын актердің негізгі образдары қатарына қазақ дра­матургиясының алыбы М.Әуезовтың «Айман-Шолпанынан» – Көтібар, «Ең­лік-Кебегінен» – Есен, «Қара Қыпшақ Қобландысынан» – Қобыланды, «Аба­йы­­нан» – Абай, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуынан» – Қарабай, «Ақан сері – Ақтоқтысынан» – Балуан, Ә.Тәжібаевтың «Май­расы­нан» – Александр, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы негізінде қойылған сахналық қойылымда Қален, Қ.Мұхамед­жанов­тың «Жат еліндесінен» – Құрбан, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінен» Оразқұл, «Ана – Жер-анада» – Сыбанқұл т.б. об­раздары. Мұндай сүбелі рөлдерді сах­наға алып шығу актер үшін тынымсыз ізденіспен келетіні әркімге аян. Ы.Ноғайбаев театрға келген кезінде қазақ сахнасының талантты аға буын өкілдері толық құрамда театрда, жа­ңадан қалыптаса бастаған кинода өнім­ді еңбек етіп жатқан болатын. Сол жұлдызды топ арасынан оқу бітіріп келген жас ак­тер­дің өз орнын та­буы әрине, сол тынымсыз ізденіс­тің арқасы десек, жаңылмаған болар едік. Оның акаде­мия­­лық драма теа­тры сахнасындағы алғашқы жұмыс­тарының бірі На­зым Хикметтің «Фар­хад – Шы­рын» спектакліндегі Фархад об­ра­зы болды. Режиссер М.Гольдблат қой­ған бұл спектакль ұзақ уақыт бойы репертуарда жүрген қойы­лым­дардың бірі. Осы рөлде қатар өнер көрсеткен талант­ты актер Н.Жантө­риннің жұмысымен Ы.Ноғайбаевты са­лыстыра келе театр зерттеушісі, өнер­тану докторы Б.Құндақбайұлы «Сам­ғау» атты мақаласында: «Екі актердің орындауында да өзіндік ерекшелік, актерлік даралық айқын сезіледі. Ы.Ноғайбаевтың қаһарманы қызуқанды, қимылы ширақ, көздеген мақсатына жетуде қиындықтан мойымайтын, кесек тұлғалы жан болып бейнеленген. ...Ы.Ноғайбаев ой-тұжырымында Фархад жігері жалын атқан романтикалық қаһарманға тән кесек қимыл, еркін әрекетке бейім» деп жазған екен. Актер театрдағы ал­ғашқы осы жұмысынан бастап өзіндік келбеті бар, тұлға бо­ларлық образдарды есте қаларлықтай жарқын һәм нанымды беруге күш салады. Сахна саңлағы, біртуар талант­ты актер Н.Жантөриннің Ы.Ноғай­баевпен иін тірестіре қатар ойнаған осы бір рөлінен басталатын шығармашылық ғұмыр осындай ірі белестерден асып жалғаса береді. Иә, актердің шығармашылық ғұмы­рында театртанушы мамандар ол жасаған образдар жайлы оған дейінгі, кейінгі толқын актерлер шығарма­шылығымен салыстырулар жасап оты­рары хақ. Ол үшін әрине, өнер­паздың айналасында алуан-алуан жүй­ріктерден құралған таланттар шоғы­рының көп болуы және актердің өзінің де әр түрлі ой-пікір тудыратын сал­мақты рөлдерді жиі сахнаға алып шығуы қажет. Олай болса, сахнаға режиссер Ә.Мәмбетов қойған М.Әуе­зовтің трагедиясынан ұлы Абай бейнесін театр тарихында екінші мәрте, арада жиырма жылдан аса уақыт өткенде Ы.Но­ғайбаевтың шығаруы, қазақ сах­насының абызы атанған Қаллеки сомдаған Абайын алдыға тарта отырып салыстырулар жасауға алып келуі заңдылық болатын. Әрине, жас режиссердің қазақ сах­насына алып келген соны эстетикасы, трагедия табиғатына жаңаша көзқа­распен келуі, қойылым формасын бас­қаша қарастыруға алып келді. «...сах­наға қайта шыққан «Абай» спектаклі ұлы ақын туралы бұрынғы спектакльдерден мүлде өзгеше болды. ...Эт­нографиялық дәлдікті сақтаудан гөрі, шығарманың философиялық мазмұ­нын, геройларының трагедиялық тағ­дырын ашуды басты мақсат етіп ұс­тады» – деп жазады осы спектакльді көзімен көрген Б.Құндақбайұлы. Әри­не, актерге образ жасау жолында даң­ғыл жолдың болмасы белгілі. Ол қазақтың сөз зергері М.Әуезов сынды шебердің қаламынан шыққан туынды болғасын жұмыстың жауапкершілігі де одан әрі күрделілене түспек. Театр сын­шылары Қ.­Қуан­ды­қов, Б.Құн­дақ­баев пен Ә.Сығай осын­дай күрделі мате­риал­ды отызға жаңа толған Ы.­Но­ғай­баев­тың көрермен тал­қы­сына ұсы­нуында кемшіліксіз болма­уын баса айта отырып, актер сахнада ойнаған жиырма жылда жан-жақты ысылып, басы артық болып саналған тұстарды актердің ой елегінен өткізіп, толық­тырып, қайта қарағанын айтады. Осындай тынымсыз еңбектің арқа­сында рөл тоқтаусыз жетіліп, ұш­талып, өсу үстінде болды. Немесе қазақ сахнасында соғыс кезінде мәскеулік режиссерлер Пыжова мен Бибиков сәтті қойған У.Шекс­пирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Петруччио рөлі қазақтың есімі аңызға айналған актері Шәкен Аймановтың театрдан қол үзіп, киностудияға толы­ғымен кеткенге дейінгі тамаша жұмыс­тарының бірі. Осындай орны бар спектакльдің жұлдызды орындаушы­сына салмақ салатын рөлді Шәкен ағасының көзі тірісінде батасын алып, рөлге кіріскен актер де Ы.Ноғайбаев болатын. Актердің театрдағы кезекті бұл жұмысы да Ш.Аймановтай дара талант иесінің ойынына көзі үйренген кәнігі театр көрермендері мен маман­дарының қатал сүзгісінен өтті. Соған қарамастан сахналық рөлдің сапалық өсу жолы мен даму тенденциясы ылғи дамып, өрлеп отыруы спектакльдің жа­ңа тынысын ашып, ғұмырының ұза­руына да сеп болды. Актер сахнада орыс және әлемдік репертуардан аударылған пьесалар бойынша да елеулі образдар галерея­сын жасады. Өзге ұлттың өмір салты мен психологиясын, өзіндік қайталан­бас ерекшеліктерін терең зерттеп, барынша ашып көр­сетуге қажетті ізденістер жасау жолдары, образды на­ным­­ды сомдаудың алғышар­ты студенттік кезден қалып­тасқан дағдылар болатын. Оқу-жаттығу қойылымдары мен дип­ломдық жұмыста­рынан жинақтал­ған тәжі­рибе мұндай жұмыс бары­сында жақсы көмектес­кендігі мәлім. Ол орындаған Э.Раннеттің «Адас­­­қан ұлынан» Март Туйск,  О.Ио­­­селианидің «Ар­баң аман болсынынан» Агабо, А.Кап­лердің «Ленин 1918 жылынан» М.Горький,  У.Шекспирдің «Асау­ға – тұ­сауы» мен «Отел­лосынан» Петруччио мен Отелло, Лопе де Веганың «Шөп қо­рыған итінен» Теодоро, В.Дель­­мардың «Өкінішті өмі­рінен» Барклей, А.Че­ховтың «Сүйікті менің ағатайы­мынан» Астров т.б. образдар әлемі­нің әрқай­сысы өзіндік сал­мақ жүгімен орын­даушы­ның шеберлік қырларын таныта­тын, бастысы актер­дің орын­даушылық көп қыр­лы ізденістерін ашып көрсе­те ала­тын елеулі шы­ғар­ма­шылық жұмыс­тар болатын. Қазақ кино өнері кеңес­тік ресми құжаттар бойынша 1938 жылы орыс кинемато­графистерінің көме­гімен тү­сірілген «Амангелді» фильмінен бас­талғанымен, ұлттық ма­мандардың кино туындау процесіне кеңінен тартылуы соғыстан кейінгі жылдар еншісінде. Соғыс кезінде Ал­матыға шоғырланған орталық киностудиялар жаудың беті кері қайтқаннан кейін өздерінің негізгі тұрағы Мәскеу мен Ленинград қала­ларына қайта оралды. Алматыға келген кино мамандары мен техникалық жабдықтардың бір бөлігі негізінде пайда болған Қазақфильм сту­диясы өз бетінше ұлттық кино маман­дарымен қазақ киносын түсіру ісін қолға ала бастады. Ы.Ноғайбаевтай келбетті, тұлғалы актердің Алматыға келгеннен кейін кино мамандарының көзіне бірден ілінуі заңдылық болатын. Міне, соғыстан кейінгі жылдарда тү­сірілген кино картиналар қа­та­рында белгілі жа­зушы Сәбит Мұ­қановтың «Ботагөз» романы негізінде жа­салған кар­тина­сы­ның салмақты кейіпкері Аман­тай рө­ліне жас актер Ыдырыс тартылды. Жас та бол­са елінің қамқор ағасы боларлық то­лымды бей­не сом­да­ған Ы.Но­ғайбаевтың Амантайы қазақ көрермендерінің есінде қарапайым ха­лықтың басшысы, ақылшы ағасы, досы ретінде жатта­лынып қалды. Актер 1955 жылдан бастап «Бұл Шұғылада болған еді» (1955), «Біз осында тұ­рамыз» (1956), «Мазасыз көктем» (1956), «Ботагөз» (1957), «Өмір соқ­пақтары» (1965), «Шыңдағы шы­нар» (1965), Қырғызфильм туын­дысы «Асу» (1965), «Қилы кезең» (1966), «Менің арманым» (1966), «Қан мен тер» (1976), «Қыз Жібек» (1970), «Нан­ның дәмі» (1979), «Жаушы» (1980), Қырғызфильм ту­ындысы «Толқындар жа­ғада өледі» (1986), «Қала қалқаны», «Теңізде жүргендер үшін» т.б. кинофильмдерде әр алуан мінездер мен характерлер жиынтығынан тұратын жиырмадан астам образдарды сомдады. Оның кейіпкерлері қарапайым шаруа, жұмысшы, колхоз басшысы, қоғамдық қайраткер, тарихи батыр және т.б. болып келгенімен, бастысы өзіндік адами келбеті, қайталанбас мінез-құлқымен ерекшеленетін, өмірдің өзінен ойып алынған бейнелер болып шыққанын баса айту керек. Әр ке­йіпкердің сол тарихи-қоғамдық ортасы ұсынған шеңберінен шықпай пси­хологиялық дәлдік пен эпикалық кең­дік, романтикалық жалын мен тұр­мыстық дәлдікті көркемдік биік үлгіде бере білген актер Ыдырыс Ноғай­баевтың кинода жасаған бейнелері қазақ-қырғыз киносының алтын қорына енген қымбат мұраларымыз. Ы.Ноғайбаев есімінің ерекше ата­латын, бүгінгі ұрпақ есінде қалар тағы бір қыры өзінің кәсібіне келер ұрпақты баулып, артында із қалдыруы. Театр актерлерін тәрбиелеу, оларға алдыңғы ұстаздардан алған тәлім-тәрбиені, сах­наның құпиясын мұра етіп тастап кету үлкен жауапкершілік пен талмай еңбектенуді қажет етеді. Ы.Ноғайбаев өзінің сахнадағы, кинодағы шығарма­шылық жұмыстарымен бірге өзінің оқыған-тоқығанын талантты жастар бойына дарытуға, экран мен сахнада образдың шынайы келбетін ашу, оның туындау жолымен бөлісуге құштар болатын. 1970 жылдан бастап ұстаздық­пен айналысқан ол қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консервато­риясы жанындағы актерлер дайындай­тын курсқа, кейін Алматы Театр және көркемсурет институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) сабақ берді. 1984 жылы профессор атағын алды. Актерлік курс­ты өмірдегі һәм өнердегі серігі қазақ сахнасының аса талантты актрисасы, КСРО халық әртісі Ф.Шәріповамен бірге қабылдап, оларды бітіріп шыққанша өздерінің туған балаларынан кем көр­мей әке орнына әке, шеше орнына шешесі болып қанаттандырғандары өз алдына бір әңгіме. Академиялық драма театрының сах­насында, кино экранда жасаған жұ­мыстарын күнде көріп жүрген «жұл­дызды жұптың» шәкірті болып, ертеңгі күні халық алдына шығудың өзі де жастарға салмақ жүгін аямай артар еді. Екі бірдей халық әртісінің алдын көрген студенттердің бірі Е.Жуасбек «Жұмбақ тұлға» атты еске алуында: «Көрген спектакльден осындай әсермен ертеңіне сабаққа келетін біздер үшін қарапайым ұстаздың әр әрекеті, дәрісі, тіпті сөзі тағы бір спектакль сияқты болушы еді. Қайта-қайта жасалынатын әр көрініс үстінде қолымыздан келмейтінді ұстаздарымыздың «үлгісінде» жасай салғымыз келіп тұратын біздерді Ыдырыс аға да, Фарида апай да «сын­дыруға» тырысатын. Сол кезде өздері істегенді біздің қолымыздан келмейді дейді ме екен деп өкпелейтін сәттер де болатын. Уақыт өте келе кешегі күнге зер салсақ, ұстаздарымыз біздің екінші Ыдырыс, екінші Фарида бола алмайты­нымыздың заңдылық екенін біліп, өнердегі, сахнадағы, әрбіріміз жасауы­мыз мүмкін кейіпкерлеріміздегі өз жұмбағымызды тудыру үшін сындыр­ғысы келген екен ғой деп түсінеміз» – деп толғанады. Бүгінде республика­мыздың түкпір-түкпіріндегі елуден астам театрларда еңбек етіп жатқан шәкірттері профессорлар Ы.Ноғайбаев пен Ф.Шәріпованы өздерінің тәлімгер ұстаздары ретінде зор ілтипатпен еске алады. Халқымыз әйел-ананың қоғам өмі­ріндегі рөлін өте жоғары санаған. Неге десеңіз, отбасы жылуы, шаңырақтың түтінінің түзу шығуы көп жағдайда әйелдің ақыл-парасатына байланысты жай. Айтса айтқандай сахна саңлағы Ыдырыстың ел аузына ілініп, талан­тымен халқына танылуына, бойындағы барлық өнерін сарқа сахна мен экран арқылы халқына беруіне, ұстаздық етіп шәкірттер баулуына жиырма сегіз жыл бірге домбыраның қос ішегіндей қатар тартылып ғұмыр кешкен жары, әріп­тесі, сахнадағы партнері, қазақтың біртуар талантты қызы Фарида Шәріпо­ваның орны ерекше. Олар өнер мен өмірдің ара жігінде ажырамастай болып байланысқан. Тағ­дыр оларға бас айналдырар шығарма­шылық жеңістер мен биіктерді, өмірдің өзекті өрте­гендей ащысы мен тұщыны, салмақ салған ауырлықтар мен өкініш­терді де қатар көруге жазған еді. Өзекті өрте­гендей етіп арамыздан кеткеніне көп бола қоймаған Ф.Шәріпова жан-жары Ыдырыс жайлы толғанғанда ой-пі­кірінде ерекше ыстық сезім иірімдері байқалатын. Ол «Ыдырыс мен үшін үлкен қамқор әрі арқа сүйер тірегім, панам болды. Алғаш театрға келгенде жас актерге үлкен қамқорлық керек. Балауса таланттың өсуіне қорғаныш керек. Сол қорғансыз, әлсіз кезімде маған сүйеніш болған Ыдырыстың арқасында мен өсу жолында өзіме келген қиындық­тарды мойымай көтердім. Ыдырыс­тың арқасында ерке өстім, еркін өстім. Үлкен спектакльдерді дайын­дап жүрген кезімде бар салмақты өзіне алатын....» дей келе – «Біз екеу едік. Егіз едік. Мәңгі ажырас­пай­тындай болып көріндік. Данияр – Жәмила болып қосылып, Сұбанқұл – Толғанай болып есейдік. Арада Қоб­ланды – Қарлыға болып шайқастық. Есен – Еңлік болып айқастық. Ол Абай боп Ажарға қамқор болды. Қа­лен боп Ақбаланы қорғады» – дейді. Иә, Ыдырыс пен Фариданы жа­қын­­дастырған, өзара ұғыстырып, өмір­лік жар болардай берік байланыс­тырған қасиетті сахна, онда бірге ойнаған тамаша рөлдері болатын. Ш.Айтматовтың замандастар бейнесін сахнаға алып шығып, осы кейіп­керлердің ауызынан шығар шынайы асыл сөздерінен өмір сүруге құштар, рухы күшті аға ұрпақтың шынайы келбетін көреміз. Жазушының «Жә­мила» повесі бойын­ша сахналық үлгі­сі жасалған «Аңса­ған менің әнімсің» спектакліндегі Данияр мен Жәмила арасындағы ыстық сезім шынайы өмірде де сондай бір сәттерді бастан кешуге алып келген секілді. Көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай «Данияр – Ыдырыс, Фарида Шәріпова – Жәмила боп үзіле өнер толғағанда, өмірде екеуінің ерлі-зайыпты атанып, өнегелі отбасыға айналып, перзент сүюлеріне себеп болған осы жоға­рыда айтылған екі кейіпкер ме екен деген ойға келетініміз де рас» – деген пікір айтқан екен. Бұл ойды актердің жары Ф.Шәріпова төмендегіше жал­ғас­тырады: «Ш.Айтматовпен біздің өміріміз тығыз байланысты. Өйткені, 1962 жылы «Жәмиланы» ойнап жүр­генімізде – біздің босқындап, қашып-қаңғып жүр­ген кезімізде Жәмила бізді та­быстырды. Мәңгі айырылмастай дос­тастық». Осы екі талантты өнер­паз­­дың ортасынан өрбіген, бүгінде шаңырақтың түтінін түтетуші ұлдары – Шыңғыс Ыдырысұлы да белгілі суретші. Мәскеудің Суриков атындағы көркемсурет академиясының «Декоративті бейнелеу өнері» факультетін аяқтаған ол осы оқу орнында оқы­тушы. Алматы, Мәскеу т.б. қала­ларда белгілі режиссерлердің бірнеше қо­йы­лымдарының декорация­лық үл­гі­сін жасап, театр мамандары ара­сында да танылған жан. Қазақ КСР халық әртісі (1966), КСРО халық әртісі (1982), КСРО Мем­лекеттік сыйлықтарының екі мәр­те лауреаты және тағы басқа көптеген атақтар мен марапаттардың иегері Ыдырыс Ноғайбаев есімі қазақ халқының сахна өнерінің тұтастай бір кезеңін толық қамтитын шығарма­шылық ғұмыр. ХХ ғасырдың екінші жартысында шығармашылық жолын бастаған талантты театр және кино актерінің шынайы келбетін біз ұлттық сахна мен кино өнерінің көтерілген көркемдік белестерімен, іргелі жетістіктерімен тікелей байланыстырамыз. Талантты актер шығармашылығы осы кезеңнің елеулі сахналық қойылым­дары болып тұтастай ұлттың рухани қоржынына олжа салған елеулі қойы­лымдарға қатысуы арқылы ашылды. Жай қатысып қоймай, өзінің таланты мен тынымсыз еңбегінің арқасында халқының жадында қаларлықтай өл­мес образдарымен артына мол мәдени мұра тастады. Ұлт театрының өткен ғасырдағы орындаушылық өнері, та­рихы, теориясы және практикасы Ыдырыс Ноғайбаев сынды сахна саңлақтарының шығармашылығы мы­са­лында байланыстыра қарастыры­луы арқылы бұл тақырып қазақ сахна өнеріндегі актерлік шеберліктің ар­найы зерттеу объектісі болмақ. Театр сыншысы Б.Құндақбайұлы актер шығармашылығы жайлы мақаласын­да «...ол рөл ойнаған қойылымдардың бәрі де театрдың кезеңдік табысы, тарихқа алтын әріппен жазылған көркем дүниелер. Оның өнердегі жо­лын тұтас қарастыру – қазақ сахнасы мен киноөнерінің белгілі бір даму кезеңін үзбей зерттеу болып табы­лады. Демек, оның шығармашылық қызметі, ұлттық театрымыздың ке­зеңдік даму белестерімен және актерлік өнеріміздің жаңа дәуірдегі даму-қалыптасуымен тығыз байланысты» – деген екен. Айтса айтқандай, қазақ сахна­сының марғасқасы, орта буын таланттар шоғырының бел орта­сынан ойып тұрып алар өзіндік орны бар Ыдырыс ағамыздың өне­рі ұлт театры тари­хымен ұштасқан қазақ өнерінің жар­қын белесі. Олай болса, ол өнер келер ұрпақ есінде жатталынып мәң­гіге қалуы, ол сомдаған ұмы­тыл­мас бей­не­лер тізбегі жас өнерпаз­да­ры­мыз үшін тәлім-тәрбие мек­тебіне ай­налуы да бұл­жы­мас­тай заңдылық деп білеміз. Аманкелді МҰҚАН, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты. Алматы.