17 Мамыр, 2011

«Ана тілің артық екен алтыннан»

444 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Челябі облысының Верхнеуральск ауданында  тұңғыш рет «Қазақ тілі мұғалімі» байқауы өтті Челябі облысының қазақ­тары  бұл жолы  Верхнеуральск  ауданының орталығында бас қосты. Осындағы  мәдениет үйі­нің залы  ана тіл деп шөлдеген ағайынға лық толды. «Қазақ тілінің мұғалімі» атты байқауда бағын сынау үшін Қызыл, Агапов, Ноғайбақ, Чесминский жә­не Верхнеуральский аудан­дары­нан келген бес мұғалім жиған-терген тәжірибелері мен осы кезге дейін жүргізген жұмыс­тары­ның нәтижесін таразы ба­сына салды.  Алдымен  байқауға қатысқан Гүлшат Абдуллина, Ал­тыншаш Тасқаранова, Райхан Борантаева,  Асылайым Күміс­баева, Гүлсара  Тұрғанова сахнада өткізген  «ашық сабақты» зал­дағы жиналған жұрт қойы­лым тамашалағандай,  сілтідей тынып отырып тыңдады.  Мұға­лім­дердің  әрқайсысы «мақал-мә­тел», «қазақ тіліне тән әріп­тер», «жеті ата және ұрпақтар», «қазақтың салт-дәстүрлері»  сияқ­ты тақырыптарды тілге тиек етті. Айта кететін бір жайт, осы байқауға қатысқан  мұғалімдер­дің  барлығы да қазақ тілінің ма­ма­ны емес. Олар  орыс мектептерінде орыс тілі мен әдебие­ті­нен, неміс-француз тілінен са­бақ береді, мәдениет саласын­да  жұмыс істейді. Ұлттық патриотизм, ана тілге  деген іңкәрлік олар­ды осындай қызықты іске, батыл қадамға алып келген. Сондықтан олардың өзінің де кейде сүрініп кетіп жатқаны кешірімді көрінді. «Қазақ тілі мұғалімі» бай­қауы  Челябі қаласындағы қазақ­тар­дың «Азамат» ұлттық-мә­де­ни орталығы мен Қостанай об­лыс­тық Тілдерді дамыту басқар­масы бірлесіп жасаған жұмы­сы­ның нәтижесі деуге болады. Ол тым әріде емес, 2009 жылы басталған. – Өткен жылы ғана жаз айында  челябілік  мұғалімдерге 30 сағаттық семинар өткізіп қайт­қан едім. Қазақ тілін оқыту­дың әдістемелерін ресейлік ұс­таздар жақсы қабылдаған. Содан бері бір жылдан аса уақытта олар өздері тұрған жердегі қазақ балаларына, тілектеріне қарай ересектерге де қазақ тілінен са­бақ жүргізді және семинардан бұрын  ресейлік мұғалімдер Қос­танайға келіп, бір апта қазақ тілі сабағын оқып кеткен еді. Міне, алғашқы конкурста сол еңбек­тің еш кетпегенін, оның нәти­же­сін көрдік. Мен  осы бес мұғалім оқытқан 25 баладан байқау шең­бе­рін­де тест алдым. Олардың бар­лығы да біз дайындаған сұрақ­тарға жақсы жауап берді. «Екілік» алған ешкім жоқ. Ал  Райхан Бо­рантаеваның шәкірттері тіл сын­дырып қалғанын көрсетті, – дейді  Қостанай облыстық  тілдерді да­мы­ту  басқармасының бас мама­ны Бақытгүл Сүлейменова. Челябі облысына шашырай қон­ған қазақтардың бүгінгі тілдік ортасы тым жұтаң. Қазақтар тұ­тас отырған ауылдардың өзінде жас­тар тілді ұмыта бастаған, балалар  сөйлемейді. Мысалы, бай­қауға қатысушы Гүлшат Абдуллина қызмет істейтін Қызыл ауда­ны­ның   Зингейка  поселкесідегі ор­та мектеп оқушыларының 80 па­йызы қазақ балалары. Ұстаз­дың айтуын­ша, солардың ешқай­сысы да ана тілін білмейді. Ал Рай­хан Борантаева тұратын  Но­ғай­бақ ауылын­дағы сексен үйлі  Қызыл қазақ ауы­лы орысша сөйлейді. Ұйымдастырушылар байқау­дың екінші бөлігін  осы шараның қо­рытындысына әрі оны ағайын­ның сусап отыратын ән-би кешіне айналдырды. Байқауға қатысу­шы­лар сахнаға өз шәкірттерімен  шық­ты. Шәкірттер орысша мақаммен қазақша ән айтып, би  биледі. Қос­танайдағы Тілдерді дамыту басқар­масы  мамандарының сараптауы­мен мұғалімдер арасында бірінші орынды Ноғайбақ ауданынан келген Райхан Борантаева алды. Қал­ған төрт ұстаздың да  артық­шы­лықтары атап айтылды. Байқауға арнайы келген Білім мен ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім депар­та­ментінің  бас сарапшысы Роза Бат­тал «Қазақ тілі мұғалімі» бай­қауының өтуін, оған бастамашы бол­ған  челябілік қазақтардың «Аза­мат» ұлттық-мәдени орталы­ғы­ның жетекшісі Болат Хасанов­тың  еңбегін жоғары бағалады. – Бүгінгі байқау үлкен істің бастамасы, – деді Роза Мұхамед­жанқызы. – Қазақстанда шетте жүр­ген қазақтарды қолдау жөнін­де үлкен бағдарлама бар. Соның шеңберінде жыл сайын  қазақ тілінен халықаралық олимпиада өткізіліп тұрады. Биыл ол шара сегізінші рет Алматыда өтті. Енді осы олимпиадаға келер жылы челябілік қандастар да қатысады деген үміттемін. Жеңімпаз болған балаларға  Қазақстандағы жоғар­ғы оқу орындарына грант беріледі. Енді қазақ тілін оқытуды бастап отырған осы мұғалімдерге біз­дің тарапымыздан  қолдау болады. Роза Баттал челябілік мұғалім­дерді 17 қазанда Қызылорда қала­сында өтетін қазақ тілі мен әде­биеті пәні  мұғалімдерінің  семи­на­рына шақырса, челябілік бала­ларды 7-8 қыркүйекте Жидебайда жыл сайын дәстүрлі өтетін Абай оқуларына қатысуға  мүмкіндік бар екендігінен хабардар етті.  Негізі ресейлік қазақтар ана тілінен ажырап бара жатыр. Алтай өлкесінің Құлынды ауылында шағын қазақ мектебі бар. Омбы облысындағы он жеті мектепте қазақ тілі пәні жүргізіледі. Ал кең байтақ Ресейдің  қалған барлық  шалғайында тарыдай шашылып жатқан миллионға тарта қандас­тарымыз ана тілінен бейхабар. Ал челябілік қазақтар осы тұрғыдан алғанда  үлкен іс бастап отыр. – «Қазақ тілі мұғалімі» бай­қауын өткізгенде алдымызға төрт мақсат қойған едік. Ең алдымен қазақ тілін үйретуге ден қойған мұғалімдерге қолдау көрсету бол­ды. Екіншіден, балалардың ара­сын­да қазақ тілінің беделін арт­тыру болса, үшіншіден  жергілікті  биліктің назарын өзіміздің өзек­ті ісімізге бұру, төртіншіден Челябі облысындағы қазақтардың назарын  ана тілге аудару болды. Бүгін осының барлығына қол жет­кізуге болатындығына сеніп тұр­мыз. Біз биыл бюджеттен қа­ра­жат ала алмадық. Мұның бар­лығы да  демеушілердің көмегі­мен өтті. Қазақтарымыздың ара­с­ындағы беделді, ықпалды кісілер, белгілі  бизнесмендер  ша­ра­ға қалмай келді. Енді құрамы ықпалды адамдар мен кәсіп­кер­лерден тұратын  қамқорлық кеңе­сін құрамыз, – дейді Болат Хасанов. Қазақстанның республика­лық бюджетінен бөлінген қар­жыға шеттегі қазақтарға  оқу­лық кітаптар да жіберіліп тұра­ды. Сондай  кітаптардың бірсы­пы­расын өткен жылы «Азамат» ұлттық-мәдени орталығымен ты­­ғыз байланыс орнатқан Қос­та­най облыстық тілдерді дамыту бас­қармасының  бастығы Жанболат Үмбетовтің  басшылы­ғы­мен  челя­­білік мұғалімдерге жеткізілген болатын. Осы басқарманың ұйымдастыруымен былтыр жаз айларында Қостанай облысын­дағы балалар  лагеріне  Челябі облысындағы мектеп оқушы­лары келіп демалды. Ондағы мақсат челябілік қандастардың балалары қостанайлық құрбы­ларымен араласып, тіл ұстарт­сын деген мақсаттан туды. – Қостанайлықтардың арқа­сын­да Қазақстаннан көп кітап алдық. Алайда сол оқулық­тар­дың барлығы дерлік қазақ тілді ортадағы тіл үйренушілерге ар­налған. Ал бізге қазақ тілді ор­тасы жоқтарға арналған оқулық­тар қажет. Өйткені, ол кітап­тар­ды біз, мұғалімдер өзіміз де түсінбейміз, – деген  верхнеуральскілік Алтыншаш Тасқаран­ова­ның пікірі де алдағы уақытта  қаперге аларлық. Байқаудың екінші кезегінде Қостанай облыстық филармо­ния­сының  әртістері челябілік кө­рермендерді ана тілінің құдіре­тін­дей ән мен жырға сусындатты. Мәдениет үйіне таңертеңгі сағат 10-да кірген  қандастарымыз кеш­кі 18-ге дейін тапжылмай оты­рып, қазақ тілі бәйгесін, қа­зақтың әні мен биін тамаша­ла­ды. Рас, байқауымызша,  Челябі облысында тұратын қандастар­дың тұрмысы жаман көрінбейді. Бірақ саналының қажеті тек мал­мен өтеле ме? Осы кеште Ноғайбақ ауданынан келген бір қарадомалақ тақпақтап айтқан «Ана тілің артық екен ал­тыннан» деген бір ауыз сөз  әр қандастың көңілінде қалып қойғандай болды. Қостанай–Верхне-Уральск–Қостанай.