17 Мамыр, 2011

Ұлы сыннан сүрінбей өттік

448 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған еліміздің тәуелсіздігі жай­лы толғансам, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана бас­шы­лығымен Қазақстанымыздың жұлдызы жарқырап, дүние жүзі танып-мой­ын­да­ған іргелі мемлекет болғанын көру ба­қыты бұйырғанына көкірегімді қуаныш кернеп, Аллаға тәубе деймін. Айналасы жиырмашақты жыл ішінде кешегі Кеңес Одағы күйрегеннен кейін ертеңгі күніне алаң болған жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, бір мақ­сатқа жұмылдырып, құлдыраған эконо­миканы қалпына келтіріп, өрлеу-өркен­деу жолына түскен туған елімізге, елді алға бастаған еріміз – Елбасымызға қалай сүйінбессің?! Осы орайда тәуелсіздік жолы даң­ғыл болмағандығы, осынау ұлы сында Президентімізге зор сенім артып, со­ңы­на ерген ел ішіндегі зиялы азамат­тар­дың талай тайғақ кешулерден сүрінбей өту үшін бәрін ақылға салып, адал қыз­мет еткенін ешбір ұмытуға болмайды, әрине. Елдің шетінде, желдің өтінде тұр­ған біздің Қызылжар өңіріндегі жағ­дай тіпті күрделі еді ғой ол кезде. ...Бірде, жұмыс аяқталып қалған кеш­кілікте кабинетімде жалғыз отыр едім, телефон шылдырлады. Трубканы көтерсем, облыс әкімінің орынбасары Майра Канафина екен. Ол Қызылжарға Жамбыл облысына қарасты Жаңатас қаласынан екі вагон жастар келе жат­қанын айтты. Дауысында қобалжу­шы­лық байқалады. – Олар не қылған адамдар екен? – дедім мен. – Есіңізде болса, бұл азаматтар жуыр­да Орал қаласына барып, сондағы казактармен қақтығыса жаздаған. Енді сол жастар аттандап біздің қалаға келе жатыр. Оған себеп, жуырда Омбы теле­дидарының Мәскеуден берген өрескел хабары. Онда Сібір казактарының кругы­нан репортаж көрсетілген. – Иә, ол хабарды бәріміз де көріп, жағамызды ұстағанбыз, – дедім мен. – Ендеше, Жаңатас жастары Қызыл­жар­ды казактардан қорғаймыз, қала­мыз­ды, жерімізді ешкімге бермейміз деп келе жатыр, – деді Майра Қажы­байқызы. Осыдан бірер жыл бұрын қаламызда казактардың қозғалысы байқалған. Мұн­да да 1990 жылы казактардың кру­гы ұйымдастырылып, оған Сібір казак­тарының атамандары шақырылған. Бұл жиынға тек сібірліктер емес, Ставрополь, Орал және Приднестровье казак­тарының басшылары қатысқан еді. Сол жиында бұрынғы облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі Ачкасов осы өңірдегі казактардың атаманы бо­лып сайланған. Содан былай Қызылжар көшелерінде қылышын сүйреткен әс­кери киімді казактар көріне бастаған еді. Ол-ол ма, Ресейдің ала туын аспандата ұстаған олар облыстық әкімдік үйінің іргесінде митинг те ұйым­дас­тырды. Онда казактар былай тұрсын, облыстық, қалалық кеңестердің кейбір депутаттары бірінен соң бірі шығып сөйлеп, егеменді еліміздің болашағына, Президентімізге сенімсіздік көрсетіп, тіпті өрескелдікке барып жатты. Аты­шулы Б.Супрунюк пен оның жақ­тастары Петропавл – Ресейдің қаласы, оны Омбы облысына қосу мәселесін қолға алу керек деген сияқты сөздерді жиі айтып, орыстар мен қазақтардың арасына араздық сынасын қағып, өсек-аяң таратып, неше түрлі пәлелерді үйіп-төкті. Қызылжарда өтіп жатқан ірілі-ұсақты митингілер мен жиналыстарға көршілес Омбы облысының журналистері келіп, бүкіл Ресейді көбіне жалған ақпарлармен хабардар етіп тұрды. Жамбылдық қазақ жастарының аттандап Қызылжарға келе жатуының сыры, міне, осында еді. – Хош. Енді не істейміз? – деп сұрақ қойдым мен Майраға. Ол: – Оларды қалайда Қызылжарға жеткізбей тоқтату керек сияқты. Жамбыл­дықтар мұнда келсе, қантөгіс болады деп қорқамыз, – деді облыс әкімдігі атынан сөйлеп отырғанын сездіріп. – Олай болса, жамбылдық жастар­дың алдынан мен шығайын. Қасыма бір-екі адам ала шығайын. Жалғыз кісіге аттандап келе жатқан халықпен кездесу де, сөйлесу де жеңіл бола қоймас, – деп өз ойымды білдірдім. Ол қуанып кетті: – Көлік болады. Менің машинам сіздің қарамағыңызда, – деді. – Белгілі журналист Мәлік Мұқа­нов­ты және қоғамдық жұмыстардан бас тартуды білмейтін беделді ағаларымыз­дың бірі Қарақан Сейітовті қасыма аламын, – дедім. Қысқасы, сағат кешкі жеті жарым кезінде Қызылжардан Ақмола қаласына қарай «Волга» мәшинесімен жолға шық­тық. Алматы-Қы­зыл­­жар пойызы ертең таңғы 9-да Ақмолаға келуге тиісті. Сол жолаушылар пой­ызына Жамбыл облы­сындағы Жаңатас қала­сы­ның жастары отырған екі вагон да тіркелген. Ойымыз – пойызды Ақ­молада қарсы алып, келе жатқан жастармен кез­десіп, әңгімелесіп, оларды қалайда қыр­ғын-сүргіннен аман сақ­тап қалу. Біз ертеңіне сағат 9 болмай Ақмола қа­ла­сына жеттік. Бірден Ақ­мола облысы әкімінің орынбасары Светлана Жал­мағам­бетова ханымға барып, мән-жайды түсін­дірдік. Ол қаладағы жазушы­ларды, журналистерді және мәдениет қызметкерлерін дереу жи­нады. Бәріне айтқан өтініші – бізге барынша көмектесу, Жаңатас жастарын Қы­зылжарға жеткізбей кейін қайтаруға күш салу. Содан тура вокзалға тарттық. Алматы – Қызылжар пойызы да кешікпей келіп тоқтады. Қызылжардан келген біз де, ақмолалық азаматтар да Жаңатас жастары отырған вагондарға жапырласа міндік. Амандық-саулық біліскеннен кейін жа­ңатастықтардың сапарының мақсаты жай­ында сұрастыруға көштік. Біз ойлағандай, олардың мақсаты Қызылжарға барып, он­дағы казактарға тойтарыс беру болып шықты. – Ел, жер деп келгендерің дұрыс. Ұлт­жандылық танытып, қасиетті қазақ жері­нің бір сүйемін де ешкімге бермейміз де­гендеріңе қосыламыз. «Қазақстанның сол­түстік шекарасына 80 танкімізді тартып қойдық. Басқа елдердей емес, бізге бұл елді басып алу оп-оңай», деп бөскен екен казактардың бір басшысы. Осындай қо­қан-лоқыны естіген Қызылжар қазақтары­ның қандары қызбай, ызаға булықпай жүр дегенге кім нанады?! Бірақ шыдамдылық керек, ақылға салған жөн, – дейміз вагон толы жастарға. Олар біздің сөзімізге құлақ асар емес. Айтқан уәжімізге көнбек түгіл, сөзімізді тыңдамауға айналды. Байқауым­ша, әсіресе, қыз-келіншектер жағы тым қызба. – Сіздер өздеріңіз сатқынсыздар, ата-бабаларымыздың білегінің күшімен, най­засының ұшымен қорғап, ұрпақтарына қалдырған жерін бөлшекке түсіріп, жауға бермекшісіздер! –десті. Ызалы көздерінен жастарын сорғалатып, жер-жебірімізге жете айқайлағанда, өзге жолдастарымды қайдам, өзімнің мысым басылып қалды. «Біз осы шынында да кімбіз? Мына жастар кінәлап тұрғандай, сатқын емеспіз бе?» деген күмәнді ой да көкейге орала берді. Расында да, біздің кінәміз не? Бұлар қызбалыққа салынып, бастарын бәйгеге тікпесін, қанды қақтығыстан аман болсын деген ниет қой біздікі. М.Мұқанов жол бойғы стансалардан жастардың біздің сөзімізге көнбей келе жатқанын Қызылжарға хабарлап отырды. Вагондағы жастардың киімдері тым жұпыны, ішіп-жеп отырғандары да қара нан мен қара су. Осынау көрініс маған қатты әсер етті. Бұл не? Тәуелсіз ел бола­мыз, жұрт боламыз деп еңсе көтеріп жат­қан халықтың ұлттық намысының атой­лауы ма? Үш жүз жыл бойы бөтен елдің табанының астында езілген жандардың жоталарын жазуы ма? Ұлы Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» дегені – көрегендік-ау! Осындай жастар тұрғанда ел болмауға қақың да жоқ! Ақмолалық жігіттер Бурабай станса­сын­да түсіп қалды. Жастар ырық берер емес. Қарақан Сейітов ағамыз, Мәлік Мұ­қа­нов ініміз үшеуміз жаңатастықтарды үгіт­тей-үгіттей, Көкшетауға да келіп қал­дық. Көк­ше­тауда біздің топқа облыс­тық пар­тия коми­тетінің бұрынғы хатшысы Мәркен Ахметбеков пен облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Қосыл Омаров қосылды. Жаңатас жастары алған беттерінен қайтар емес. Соған қарамастан, біз облыс басшыларымен телефон арқылы келісіп, Смирново стансасында жаңатастықтарды пойыздан түсіруге рұқсат алдық. Егер меймандар бұл ұсынысқа көнбеген жағдайда, олар мінген вагондар құрамнан мүлде ағытып тасталатын болды. Содан кейін жолаушылардың барлығын автобустарға отырғызып, «Ленинский» кеңшарының балалар лагерінде дайындалған арнайы асқа алып бардық. Солтүстікқазақстандықтар оларға құрмет көрсетіп, кейін қайтар жол­дарына жетерлік азық-түлікпен қамта­ма­сыз етті. Жастардың бәрі де сол күнгі Алматы пойызымен кері қайтты. Қызылжарда Жаңатас жастарының он­шақ­ты өкілі қалды. Олардың ойлары – істің анық-қанығына жету, қаладағы тіршілікті өз көздерімен көру, сөйтіп, кейін бар­лық мән-жәйді жерлестеріне айту. Жаңа­тас­тықтармен біздің келісіміміз солай бол­ған. Тіпті оларға айтқан сөзімізде тұраты­нымызды айғақтайтын қолхат та бердік. Келісілгендей, меймандарға Қызылжарды аралатып, қаладағы тарихи орындарды көрсеттік. Қорытындысында облыс әкімді­гінде олармен кездесу ұйымдастырылды. Бұған облыс, қала қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Республикалық, облыс­тық БАҚ-тардың журналистері Жаңатас жастарының өкілдеріне және оларды Ақ­моладан бері қарсы алған бізге сұрақтарын қойды. Кейін олар республикалық, облыс­тық газеттерде, телерадиода репортаждар, сұхбаттар, мақалалар берді. Әйтеуір, ел аман, жұрт тыныш. Ал Қызылжарда ұлтаралық араздықты қоздыру әрекеттері одан әрі өріс ала бастады. 1994 жылдың 27 ақпанында Ресейдің «Орион» газеті С.Вакуновтың «Однажды мы можем проснуться в горячей точке!» деген мақаласына Ресей мен Қазақстан шекарасында болашақта соғыс болуы мүмкін аймақтардың картасын қо­сып шығарыпты. Мұндай ақпараттық ша­буылдан кейін қарап отыруға тіпті бол­майтын еді. Намысқа тырысып, Ресейдің «Вести» ақпарат бағдарламасының бас ре­дакторына және оның орынбасарына да телефон шалып: – Елді қорқытып-үркітпей, әуелі біздің Қазақстанға келмейсіздер ме? Сіздер айтып жүрген жағдай бізде мүлдем жоқ. Құдайға шүкір, біздің Солтүстік Қазақ­стан­да тыныштық. Ал сол тыныштық тір­ші­лі­гіміздің шырқын бұзып отырғандар – сіздерсіздер. Қазақтар күні кеше сіздерге бауырлас халық емес пе еді?! Бүгін аяқ астынан өзгере қалғандарыңызға жол болсын, бауырлар! – дедім. – Біз бәрін де түсінеміз. Мұның бәрі – шовинистік бағыттағы топтардың шаш­бауын көтерушілердің жасап жүрген істері. Әрине, мүның түбі жақсылыққа апармай­тынын жақсы түсінеміз. Кеше бір ыңғай­сыз жағдай болды. Бір қисық-қыңыр сюжет кетіп қалды бізден, кешір, бауырым. Сол сюжетті дайындап, эфирге берген журналисті жұмыстан шығарамыз, – деді «Вести» телебағдарламасы бас редакторының орынбасары. Содан кейін: – Сіздерге, яғни Петропавлға жақын арада біздің Алматыдағы тілшілеріміз ба­ра­ды. Сіз алдымен олармен сөйлесіп алы­ңыз, – деп ол маған өз тілшілерінің телефон нөмірлерін берді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Бү­кілресейлік телерадиокомпанияның Қазақ­стан­дағы тілшілері А.Кондрашов пен А.Свя­зин біздің облысқа келді. Бұл кісілермен күні бұрынғы келісім бойынша телефон арқылы сөйлесіп алғанбыз. Ресейлік әріптестер қалада да, аудандарда да ха­лық­пен жолығып, жүздесіп, әңгімелесті. Елдегі тыныштық жағдайды көздерімен көрді. Оларды өтініштері бойынша Ресей мен Қазақстан шекарасына да алып бардық. Сол тұста Қорған мен Омбы қалаларына қатынау, байланыс тұйыққа тірелгендей болған еді. Өйткені, аталмыш қалалардың казактары өз атамандарының ұйғарымдары бойынша, Қазақстан азаматтарын аталмыш қалаларға шекарадан өткізбейтін. Оған себеп – біздің елде казактарға әскери киім киюге және қару асынып жүруге рұқсат етіл­мегендігі. Олар Қызылжарда казактар­ға қысым көрсетіп, азаматтық құқығымыз­ды бұзып отыр деп лаңдатып шулап, жол тосып, шекарада шектен тыс өрес­келдік­терге барған. Ресей шекара­шы­лары өздерінің Қазақстандағы тілшілері А.Кондрашовпен және А.Связинмен сөйлеспек түгіл, оларды маңдарына да жолатпады. Сол жолы мәскеулік әріптестеріміз мен басқаратын облыстық телерадиокомпанияда болып, біздің журналистермен жылы жүзбен әңгімелесті. «Бет көрсе, жүз ұяла­ды» демекші, мұндай жүздесулердің пай­да­сы өте зор болады екен. «Вести» телебағдарламасының тілшілері біздің облыс жөнінде ұнамсыз пікір білдіріп жазбаса да, олардың басқа әріптестерінің лайықсыз істері үшін ұялғандары рас. Ал Ресейдің басқа газеттерінен біздің облысқа ешкім ат ізін салған жоқ. Қолымызда телерадио тұрғанда ешкімнен қысылып, қымтырылудың қаже­ті жоқ еді. Алланың өзі қолымызға мық­тап ұстатқан бұл керемет қаруды ел үшін, халық үшін дұрыс пайдалана білуіміз керек болды. Пайдаландық та! Облысымыздағы түрлі қозғалыстар мен қоғамдардың басшылары және белсенді мүшелерін телевизиялық пікір­сайысқа, сұхбатқа шақырып, олардың іс-әрекеттерін әшкере ететін сюжет-суреттемелер түсіріп, оларды теледидардан халыққа көрсетіп тұрдық. Тәжі­ри­белі журналистерімізді Омбы, Қорған, Түмен облыстарына арнайы тапсыр­ма­лармен іссапарға жіберіп, ұлтаралық қарым-қатынас, халықтар достығы, Ресей мен Қазақстанның шекаралас об­лыс­тарының эконо­ми­калық, әлеуметтік және мәдени бай­ла­ныс­тары туралы репортаждар, су­реттемелер, телерадио очерктер және сұх­баттар дай­ындат­тыр­дық. Мұндай шығар­ма­­шы­лық са­пар­лардың пай­дасы зор, маңызы күш­ті болатынын об­лыс­­тық телерадио ар­на­сы­нан эфирге берілген, көрсетілген хабарлар дәлелдеді. Мұндай хабарлар Ресей жағындағы көр­шілерімізге де қажет екен. Олар да біздің ел­де болып жатқан тіршіліктен шы­найы ақ­па­­рат алғылары келеді екен. Осыдан былай қарай бізге Ресейдің көршілес Есілкөл, На­зыбаев, Құрта­мыш, Қа­зан, Петухов және басқа да аудан­дарынан хаттар көптеп келе бас­тады. Ресей жағының қазағы да, орысы да тәуелсіз Қазақстанда жүргізіліп отыр­ған ұлтаралық қатынас, тіл ту­ралы, құ­қық қорғау жөніндегі саясат­тарға ри­зашылық сезімдерін білдірді. Әсіресе, Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы Назарбаевқа адами ыстық ықыластарын білдірушілер көп бол­ғаны шындық. Облыс әкімінің орынбасары Майра Қанафинамен ақылдасып, Мәскеуде тұ­ратын жерлес жазушы Сергей Баймұ­хаме­товті Қызылжарға шақырмақшы болдық. Мақсатымыз – Сергей келе қалса, облыс, қала тіршілігінен Ресей­дің газет-журналдарына, телерадио­сы­на шындықты айшықты көрсететін материалдар дайындату, сөйтіп, Ресей жұртшылығын, ТМД халқының көзін Солтүстік Қазақстан облысындағы бейбіт, тыныш өмірге жеткізу. Ресей жұртшылығымен дидарласу үшін біз халықаралық «Мир» телеар­на­сын пайдаланумыз керек. Ал оның бас директоры – қазақтың танымал тележурналисі, Бүкілодақтық, халық­ара­лық сыйлықтардың иегері, Қазақ КСР телерадио мемлекеттік комитетінің бұ­рынғы төрағасы, өзімізге жанашыр дос Ғаділбек Шалахметов. Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай жайында Мәскеудегі Ғалекең­мен телефон арқылы сөйлесіп едім, ол менің ой-мақсатымды қуана құптап, ешбір ойланбастан: «Мир» телеарнасы сіздердің хабарларыңызды бүкіл ТМД елдеріне тарататын болады», деді. Қуанғаным-ай! Ғалекең Мәскеуде тұра­тын жазушы жерлесіміз Сергей Баймұ­хаметовтің Қызылжарға келіп қайту жол қаражатын өз мойнына алатын болды. Сергей Баймұхаметов Қызылжарға келіп, бірнеше телехабар дайындады. Оның облыс бойынша жүріп-тұруына, шығармашылықпен айналысуына бар­лық жағдай жасадық. Ол тамаша шеберлікпен әсерлі фильмдер түсірді. Бұларды ТМД елдерінің жұртшылығы «Мир» телеарнасы арқылы тамаша­лады. Сергей Баймұхаметов облысымызға екі-үш жыл бойы үзбей келіп жүрді. Шы­ғар­маларын орыс тілінде жазатын талант­ты жерлесіміз өз жүрегі Қазақ елі деп соғатынын барша жұртшылыққа әйгіледі. Иә, Тұңғыш Президентіміздің ке­мең­герлікпен жүргізген ішкі-сыртқы сая­сатын жан-жүрегімен қуаттай қабыл алған ұлтжанды, қайраткер азамат­тар­дың, дарынды қаламгерлердің белсенді іс-әрекетінің арқасында Қызылжар өңіріндегі тұрақтылықты сақтап, ны­ғайта түстік. Халқымыздың бағына біткен Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге ұлы сыннан сүрінбей өттік деп білемін. Мүтәллап ҚАНҒОЖИН, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.