Қазақ сахна өнеріндегі өзгеше бір шоғыр – отызыншы жылдардың төлдері қатарынан суырылып шыққан таланттар тобы. Жарық жұлдыздар шоғырында Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов, тағы басқалар бартұғын. Райымбек Сейтметов «сахна» деген сөзді «сақана» дейтін. «Сақ ана», «сақтың анасы», «сақ жұртының, сақ елінің анасы» дегендей естілетін. Солай сезілетін. Сол сақ анаға адал актерлеріміздің бірегейі Сәбит Оразбаевтың 75 жасқа толған тойы Оңтүстік өңірінде дүркіреп өтті.
Сақ анадайын көретін шешесі Апақай ана айтқан екен: «Балам, алаңдама маған. Ауылда қалып қойсаң, өкінесің. Өзгешесің сен. Өнеріңді өлтірме. Қалаған мамандығыңды ал. Оқы. Мақсатыңа жет», деп. Ал ауылдағы ақылшылар: «Әртіс болма, адам бол. Мал дәрігерлігін меңгер», деген.
Сәбит Оразбаевтың майталман маман, жауапкершілігі аса жоғары мал дәрігері болуға мол мүмкіндігі бар-тұғын. Бірақ ол жүрегінің үніне құлақ қойды. Үлкен әріппен жазылатын мағынадағы Әртіс те, Адам да болып шықты. Сахна саңлағының самғауы айтулы Арыс өзенінің бойынан басталған.
Мамыр айының ортасында Оңтүстік жұртшылығы Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевтың 75 жылдығын үш күн тойлады. Алғашқы күні актерді облыс әкімі Асқар Мырзахметов бір топ зиялы қауым өкілдерімен бірге қабылдады. Емін-еркін әңгіме болды. Сый-сияпат жасалды, оқалы шапан жабылды, оюлы бөрік кигізілді. «Сіз – қазақ халқының мақтанышысыз, мерейісіз. Тәуелсіздікке қызмет ете беріңіз, ұзақ жасаңыз, аға», деді әкім. «Айналайын, халқымнан. Жамбыл жәкеміз айтқандай, жас құрақтай жайнай беріңдер. Күнгейдің көктемі керемет, ауасы кәусар боп тұр екен. Еңбексүйгіш өлкенің бейнеті жансын. Тұнып тұрған тарихтың бағасын біліңдер. Абылай хан жан тапсырған, асыл сүйегі жатқан топырақтың киесін қадірлеңдер. Қазығұрт, Қаратау, Алатау түйісіп тұрған, тамылжыған туған жерім, кең-байтақ Қазақстаным көркейе бергей», деді Сәбең.
Екінші күні Жұмат Шанин атындағы облыстық драма театрында керемет кеш өтті. Өңірдегі сегіз театр арнайы әзірлік жасапты. Әзіл-күлкіге, тағылымды тамашаға құрылған құттықтаулар аса қызғылықты да мазмұнды болды. Асанәлі Әшімовтің «сценарийге» бағынбас іс-әрекеті де тебіреністі һәм әсерлі шықты. Екеуінің құшақтасып ұзақ тұрған «паузасы» да жұртты толқытып жіберді. Мәжіліс депутаттары Қуаныш Айтаханов, Сауырбай Есжанов, Нұрлан Өнербай сынды азаматтардың ақеділ тілектері төгілді. «Әртістер әлемі, жалпы актерлер туралы қанша кітап жазсам да, бұларды жете түсінемін дей алмас едім, – деді театр сынының сардары Әшірбек Сығай. – Сәбит Оразбаев – суреткер актер. Бір қарағанда, томаға-тұйық, көп ашылмайтын адам сықылды. Ал ішкі әлемі, интеллектісі ғажап. Актерлігіне әншілігі, ойшылдығы үйлесім үстеп, одан бетер биіктетіп әкете барады. Елбасымен де, етікшімен де сөйлесе біледі. Ұсқынсыз тірліктерге ұсақталмаған тұлға. Міне, бүгін де бәріміз жаңарып, жаңғырып, жасарып отырмыз. Өнер адамы үшін елдің алақанынан артық марапат жоқ».
Үшінші күні Сәбең тойы Сайрам ауданында, Ақсу мен Арыстың бойында жалғасты. Аудан басшысы Уәлихан Қайназаров жаңадан ашылған дендробақта, дүйім жұрттың алдында актерге ақбозат мінгізді. Құрманбек Жандарбековтің, мерейтой иесі Сәбит Оразбаевтың, өзге де өнер өрендерінің кіндік қаны тамған қайран Сайрамның тамылжыған топырағына нұрлы шуақ құйылып тұрды. Оқта-текте жаңбыр сіркіреді. Ән әуелеп, күй күмбірледі. Жырлар оқылды.
Мархабат БАЙҒҰТ.