Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстандағы Францияның Төтенше және өкілетті елшісі Жан-Шарль Бертонэ «ЕО және ЕҰУ достастық көпірі» жобасы аясында «Еуропа, Франция және Қазақстан бір-бірінен не үйрене алады?» атты тақырыпта университет студенттеріне дәріс оқыды.
Естеріңізге сала кетейік, жобаның алғашқы бөлімін өткен жылдың 24 қарашасы күні Қазақстан Республикасындағы Еуроодақ елшісі Норбер Жустен мырза бастап берген болатын. Бүгінге дейін Латвия, Словакия, Греция, Испания, Германия, Финляндия, Венгрия, Ұлыбритания, Румыния, Литва және Чехия мемлекеттерінің елшілері елімізде дәріс оқып, оны дәстүрге айналдырып келеді.
Бұл үрдіс 2008 жылы Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық келісім жөніндегі хаттамаға қол қойғаннан бері жалғасып келеді. Содан бері екі ел арасындағы экономикалық, саяси, білім беру салаларындағы әріптестік байланыстың жібі үзілмеген. Бұл ең алдымен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен көрегендігінің арқасы екендігін атап өткен Франция елшісі Жан-Шарль Бертонэ дәріс барысында әріптестік болған жерде басқарушы мен бағынушының болмауы керектігін, мұндай маңызды қарым-қатыста ағалы-інілі деген ұғымның орнына, тепе-теңдік заңы сақталу керектігіне баса назар аударды. Сондай-ақ, ол: «Қазақстан өз тәуелсіздігін алғанына 20 жыл ғана болса да, өзге дамыған елдерге үлгі боларлықтай батыл қадамдар жасай білді. Бұл ретте Еуроодақ осы кезеңге дейін жеткен жетістіктерінде қалып қоймай, ары қарай жаңа даму жолына түсуі қажет деп есептеймін», – деді елші Жан-Шарль Бертонэ.
Қазақстандағы Франция елшісінің дәрісін тыңдаған студенттер өз сауалдарына тұшымды жауап алды. Жастар үкіметінің белсенді студенттері елші Жан-Шарль Бертонэ мырзаға университеттің атынан естелік сыйлық табыс етті.
Алдағы уақытта «ЕО және ЕҰУ достастық көпірі» атты жобаға қатысуға Швеция, Италия, Нидерланды, Бельгия, Польша мемлекеттерінің елшілері ниеттерін білдіріп отыр. Еуроодақ мемлекеттерінің түрлі салалары бойынша оқитын мәртебелі елшілердің дәрістері биылғы оқу жылының соңына дейін жалғаспақ.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.