18 Мамыр, 2011

Банкирлердің мәйіттері табылды

363 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
“Нұрбанктің” топ-менеджерi қызметiн атқарған Жолдас Т­е­мiрәлиев пен Айбар Хасенов 2007 жылы  iз-түзсiз жоғалып кеткен еді. Олардың жоғалуына байла­ныс­ты бұқаралық ақпарат құрал­дарында түрлі жорамалдар жазы­л­ды. Сондықтан осы кезге дейін аталған оқиғаға нақты нүкте қо­йылмаған болатын. Осыған орай кеше еліміздің Бас прокуратурасы Ж.Темірәлиев пен А.Хасеновтің мәйіттері табылғанын хабарлады. Кезінде Әлиев, Кошляк, Мұ­саев­тың басшылығымен және бас­қа­лардың қатысуымен өзгенің мүл­кін бопсалау мақсатында «Нұр­банк» акционерлік қоғамы­ның менеджерлері Әбілмәжін Гилимов, Жолдас Темірәлиев және Айбар Ха­сеновті ұрлауға байла­нысты 2007 жылдың қаңтар-ақ­пан айла­рын­да орын алған оқиға­лар оқырмандарға белгілі. Жоға­ры­да аталған осы адам­дар Ал­маты қаласындағы Ал­малы аудан­дық сотының үкімімен ұйымдас­қан қылмыстық топ құру, адам­дар­ды ұрлау, өзгенің мүлкін ұрлау және бопсалау бойынша айыпты деп табылып, сотталған болатын. Бірақ Әлиев, Кошляк, Мұ­саев, Сапожников, Имашев Авс­т­рия­ның аума­ғын­да сот төрелігінен жа­сырынып қалды. «Нұрбанктің» ұрланған ме­неджер­лерінің екеуі Жолдас Те­мірәлиев пен Айбар Хасенов Қа­зақстанның құқық қорғау орган­дары қабылдаған теңдессіз шара­лар­ға қарамастан, сол уақытта та­был­мады. Содан ұрланған банкирлерді іздеу жұмыстары осы уақытқа дейін жалғасты. Нәтижесінде, 2011 жыл­дың 13 мамырында Алматы қа­ла­сының тау бөктеріндегі «Қазтеле­ра­дионың» қоймалар базасының ау­мағында 3-3,5 метр тереңдікте  темір бөшкелерге жерленген және ақ бал­шық­пен жасырылған екі шіріген мәйіт қазып алынды, деді Бас про­ку­ра­тураның ресми өкілі Жандос Өмір­әлиев.  Мәйіттердің бас­тарына қара бас киімдер кигізілген, полиэти­лен қапшықтармен оралған, мойын­дары жіппен және сым темірмен байланған екен. Мәйіттерді алдын-ала қарау нә­тижесі бойынша оларды Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтікі деп жорамалдауға болады. Осын­дай тұжырым жасауға мы­на­дай негіздер бар дейді ресми өкіл. Біріншіден, мәйіттер табыл­ған орын бұрын тергеу бары­сында қылмыс құрбандарының жерленген орны болуы мүмкін аумақ ретінде анықталған бола­тын. Бірақ іздеу жұмыстары мә­йіт­тердің табылған жерінен 100-150 метр жоғарыда жүргізілген көрінеді. Екіншіден, 2007 жылғы  ақ­пан­ның 9-нан 10-на қараған түні Те­мірәлиев пен Хасеновті белгісіз ба­ғытқа алып кеткен уақытта қыл­мыс­керлердің дәл осы мәйітті тап­қан ауданда болғандары туралы тергеуде жеткілікті деректер бар дейді. Үшіншіден, қылмыскерлер банкирлерді алып кетер алдында олар­дың бастары мен беттерін қара түсті бас киімдермен жапқан. Төртін­шіден, дәл сол кезде Хасеновтің шашын тақырлап алып тастаған, ал табылған мәйіттердің біреуінің бас сүйегінің шашы осылайша алынған. Бесіншіден, мәйіттердің біреуінде «Blazer» этикеткасы сақталған іш киімнің қалдықтары табылған, Ха­сеновтің зайыбы бұрын оның кү­йеуінде дәл осындай іш киім барын айтқан екен. Сонымен қатар, мәйіт­тердің бірінен табылған тіс протезі сараланған сипаттамалары бойынша Темірәлиевтің тіс протезіне сәйкес келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан ма­мандары Германияның сарап­шы­ларын тарта отырып, мәйіттерге са­рап­тамалық тексеру жүргізуде. Жуық арада биологиялық, физи­ко-техникалық және геномдық сараптамалар жүргізіледі және осы­лардың нәтижелері  99,9 пайыз мә­йіт­тердің кімдікі екенін анық­тауға мүмкіндік береді. Сөйтіп қазіргі таң­да аталған мәйіттердің табылу дерегі бойынша қылмыс­тық іс қоз­ғалған. Бас проку­рор­дың қаулысы­мен Бас прокуратура, ішкі істер және ұлттық қауіп­сіздік органдары­ның қызмет­кер­лері­нің құ­ра­мынан жедел-тергеу тобы құрылып және олар барлық қажетті жедел-тергеу жұмыс­тарын жүргізуде. Сонымен қатар, Бас прокура­тура­ның ресми өкілі кеше ұйым­дасқан қылмыстық топ құра­мын­да бірнеше қылмыс жасағаны үшін сезікті болған Мақатов Ра­хым­жанның жауапкершіліктен бой тасалау мақсатында,  Ақтөбе облысы Ұлттық қауіпсіздік коми­теті­нің  ғимаратында  өзін-өзі  жарып жібергендігін хабарлады. Р.Мақатов қолдан жасалған күші шағын жарылғыш қон­дыр­ғыны қол­­данған. Жарылыс сал­дары­нан Р.Мақатов оқиға орнында көз жұм­ған, қасында болған 2 адам жара­лан­ған. Оларға меди­цина­лық көмек көрсетілді, дейді Ж.Өмірәлиев. Бұл факті бойынша да қылмыстық іс қозғалып, қазір қажетті жедел тергеу іс-шаралары жүргізілуде.