Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы еліміздің өмірін тағы да жоғары сапалық деңгейге көтеру межесін көрсетіп берген бір игілікті іс бағдарламасы болып шықты. Бұл 2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші жылындағы кезекті жұмыстардың жоспары ғана емес, сонымен бірге, ел экономикасын түпкілікті әртараптандырудың, отандастар әл-ауқатын сапалы жақсартудың, сондай-ақ ұлттық интеллект өсуінің жаңа бір жобасы іспетті құжат болып шыққан. Меніңше, құжатта 2020 жылға дейін алынуы белгіленген асуды мерзімінен бұрын игеру мақсаты жатқан болса керек.
Осы уақытқа дейін біз Оңтүстік-Шығыс Азия жолбарыстары атанып жүрген қарқынды дамушы мемлекеттердің жетістіктеріне таң қалып келдік. Ал барлық ақиқатқа ғылыми негізде көз салса Қытай түгілі Малайзия, Индонезия, Сингапур секілді мемлекеттердің даму қарқыны мен жеткен жетістігі біздің елмен салыстыруға да келмейді. Осыған орай Президентіміз биылғы Жолдауында нақты статистикалық ақпараттар келтірді. «Егемен дамудың алғашқы жиырма жылында жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім Оңтүстік Кореяда 3 есе, Малайзияда 2 есе, Сингапурде 4 есе, Венгрияда 5 есе, Польшада 4 есе өскен» деген нақты көрсеткіштерді Елбасымыз мысалға келтірді.
Ал 2010 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш Қазақстанда 12 еседен артыққа өсіп, дәл қазір 9 мың АҚШ долларын құрап тұрғаны да мысалға алынды. Басқалар үшін жұмбақ болса да бұл нақты көрсеткіштердің ақиқаттығы Оңтүстік-Шығыс Азия жолбарыстарының экономикалық даму тарихын егжей-тегжейлі зерттеген маған бес саусақтай белгілі болатын.
Иә, біздің даму қарқынымыз бұрын-соңды адамзат тарихында болып көрмеген ерекше бір ғажайып құбылыс. Өйткені, егемендікке дейінгі және одан кейінгі Қазақстан экономикасының даму тарихы да, әлемдік, оның ішінде Еуразия құрлығындағы мемлекеттердің даму тарихы да белгілі. 50 жылдан асатын тек қана ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған ғұмырымда Еуразия түгіл АҚШ, Латын Америкасы мемлекеттерінің экономикалық даму барысын сараптан өткізген адаммын. Солардың ішінде мені ерекше риза ететіні Қазақстанның 20 жылдық даму тарихы. Тіпті, барша әлем «ғалам ғажайыбы» деп мойындаған Жапонияның даму қарқыны да, жеткен жетістігі де дәл Қазақстанның 20 жылда шыққан биігіндей риза етіп, таң қалдырмайды. Себебі, біріншіден, Жапония екінші дүниежүзілік соғыста жеңілген елдердің бірі болса да, оларда қалың бұқараның санасын өзгертуге күш жұмсау қажет емес еді. Бұл – басты байлық. Өйткені, нарық қоғамына қажетті заңдардың жүйесі сақталған және мемлекет тұрғындарының «мемлекет асырайды» деген масылдық ұстаным санасын уламаған болатын. Екіншіден, оларға АҚШ басты көмекші болды. Үшіншіден, Жапония жан-жағынан ашық теңізге, яғни әлемдегі ең арзан тасымал жолына ие мемлекет.
Міне, Жапониядағы осынау үш басымдықтың бірде-бірі Қазақстанда болмады. Керісінше, Қазақстан бүкіләлемдік қыспақ жағдайында тәуелсіздік туын көтерген мемлекет. Теңіз жолынан алшақтығымыз дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бұл – бір. Екіншіден, АҚШ біздің қуатты ел болуымызға ешқашан да мүдделі болған жоқ. Бастапқыда біздің қолда КСРО-дан мұраға қалған ядролық қару әлеуеті болғандықтан да үрке қарады. Үшіншіден, Қазақстан Ұлттық банкті құрған кезде онда бір унция алтын немесе бір цент валюта болмады. Төртіншіден, тәуелсіздік алған Қазақстанды дүние жүзінде ешбір мемлекет танымайтын еді десек, қателеспеспіз. Бесіншіден, тәуелсіздік алған кезде Ельциннің көмектескісі келгенімен, Ресейде Қазақстанға бере қоятын нақты көмек күші жоқ еді. Өздері де тұралап жатқан болатын. Алтыншыдан, іргедегі алып Қытайдың бізге қатысты шекаралық дауы болды. Жетіншіден, оңтүстіктегі жақын көршілерімізде терроршыл-экстремистік әрекеттер өршіп тұрды. Ауғанстаннан Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді бізге жақын мемлекеттерге күшті қауіп төнді. Сегізіншіден, КСРО әскери-ғарыштық стратегиялық жобаларына қызмет еткен бүкіл зауыттар тоқтауға мәжбүр болды. Бұл Қазақстан индустриясының 80 пайызын еншілейтін алып ағза болатын. Түптеп келгенде, Қазақстанда халық шаруашылығы тауарларын шығаратын өнеркәсіп саласы ел экономикасының 10 пайызын да еншілемейтін.
Міне, осындай жағдайда, алапат рецессия, гиперинфляция, шексіз жұмыссыздық өріс алды. Басқасын былай қойғанда, ғалым менің өзіме осыларды тоқтату мүлде мүмкін еместей көрінетін. Ойлап қараңызшы, 1993 жылы теңгемізді өндіріске енгізген кезде оның долларға шаққандағы бағамы 1=4,5 мөлшерінде болатын. Көп ұзамай-ақ ол 1=150 деңгейінен асып кетті. Ал ауыл шаруашылығының қаншалықты күйзелгенін айтудың өзі қиын. Тіпті, оның жағдайын күні бүгінге дейін түзей алмай келеміз, бірақ жалпы экономиканың ғарыштық жылдамдықпен дамығаны соншалық, 1994 жылғы жан басына шаққандағы жылдық ішкі жалпы өнімнің 700 долларлық деңгейінен үстіміздегі жылдың алғашқы күніне дейін дәл осы көрсеткішті 9000 долларға жеткізе алдық. Мұндай қарқынды ғарыштық жылдамдық демегенде не дерсіз?!
Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлын сөздің тура мағынасында триумфаторға теңеймін. Әрине, ол әскерлерін соңынан ертіп, жау қамалын алған жоқ. Бірақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдің жағдайы жау шапқан елден де жаман болды десем, ешкім мұның қате дей алмас. Халықтың тең жартысынан астамы жұмыссыз қалды. Міне, дәл осындай жағдайда теңселіп кеткен халқына жұбаныш айту үшін сол кездері Нұрсұлтан Назарбаев қалың бұқарамен қазіргіден де жиі кездесіп жүрді. Бір қайран қаларлығы сол – халықты төзімге шақырған Президентіміз қиындықтың көп ұзамай-ақ артта қалатынына уәде етіп жүрді. Ол кезде «Шеврон» компаниясы біздің елге әлі келмеген. Каспий түбінен әлі бір шелек мұнай алынбаған шақ болатын.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, Батыс пен Шығыстың алпауыт инвесторлары біздің экономиканы көтеруге қаржы салмақ түгіл, шошитындай жағдайда еді. Өйткені, ядролық тажал қаруы бар ел болдық. Осының бәрін тәуелсіздіктен кейінгі даму саясатының бағытын 180 градусқа бұра алған, бұл ретте одан әрі не болады деп мүлде қобалжымаған Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгерлігіне риза боласың. Ол нағыз триумфатордай батылдық танытып, барлық қиындықтарды жеңіп шығып жүрді. Алғашқы жылдарын Қазақстандағы шикізат қорын насихаттауға арнаған Елбасымыз жаңылыспады. Теріс қарап жүрген шетелдік алпауыттардың беті бұрылды. Әуелі «Шеврон» келді, сонан соң «Бритиж Петролиум», «Аджип», тағы басқалары ықылас таныта бастады.
Қазір осындайлардың көпшілігі Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауына кіруге ынтызар болып жүр десем, қателеспеспін. Әр қадамын ғылыми негіздеп алып барып басатын Президентіміз еңбек майданындағы шабуылдарын үдете түсті. Бірінші кезекте шикізат өндірісіне инвестиция құюшыларға жол ашты. Өйткені, КСРО заманының өзінде Қазақстанның металлургия, энергетика аталатын индустриялық саласы негізінен шикізат өндірумен айналысатын. Соларды қалпына келтірсек, ірі қалаларымыздағы біраз адам жұмыс табатынын, ақыр аяғында осы тауарларды экспорттау арқылы елге валюталық кіріс түсіруге болатынын ол кісі дұрыс түсінді. Ақыры барлық іс Нұрсұлтан Әбішұлы ойлағанындай шешілді. «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасының бастапқы кезеңі дәл осылайша шикізаттық саланы игеріп, қор жинап, халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтамасыз етіп, елдің әл-ауқатын көтеруге арналғанын осы 30 жылдық ауқымды жоспарды жасауға қатысқан ғалымдардың бірі ретінде мен жақсы білемін.
Нәтиже біз жоспарлағаннан да жақсы болып шықты. Шынын айтайын, дәл сол жоспарды жасап жатқан кезде, басқаны былай қойғанда, өз басым күйзеліп тұрған Алматы көшелерінде 2010 жылы 450 мың жеңіл автокөлік күн сайын жүруі мүмкін екенін көз алдыма елестетпеп едім. Бұл бұл ма, қазір біздің Қазақстанда 2 миллиондай жеңіл автокөлік ресми тіркеуден өткен екен. Бұл дегеніңіз, әрбір сегізінші отандас немесе бас-аяғы 4 жаннан тұратын екі отбасының бірі көлік мініп жүр деген сөз. Мұндай байлықты әлемнің ешбір мемлекеті бас-аяғы 20 жылда қамтамасыз ете алған жоқ.
Егер осы уақытқа дейінгі бейбіт шабуылда алған шептерді есептер болсақ, онда «Қазатомпром» ұлттық атом өнеркәсібі компаниясының уран өндіріп, экспорттаудан дүние жүзі бойынша бірінші орынға шыққанын айтсақ та жеткілікті. Уран қоры жағынан бізбен шамалас және ашық теңіз жолына бірден шығатын, сондай-ақ төрткүл дүниеге ертеден танымал, ақыр аяғында бүкіл ғұмырын нарықтық қоғамда өткізіп келе жатқан Австралия мен Чили секілді мемлекеттер біздің соңымызда қалып қойды. Ал осының ішінде Австралия Ұлыбританияның, Ұлыбритания АҚШ-тың сенімді әріптесі екенін ескерсек, онда Қазақстанның шыққан биігі ғалымдардың да басын айналдыратындай асқақ шың деуге болады.
Триумфатор Н.Ә.Назарбаев ешқашан да жетістікке тоқмейілсіген тұлға емес. Ол ұлтының, мемлекетінің алдындағы өз жауапкершілігін жете сезініп, жұмыс істейтін нағыз көшбасшы. Иә, ол көп Президенттің бірі емес, бірегей Ұлт Көшбасшысы. Сондықтан да өзінің білім-білігін, бай тәжірибесін ұлтының игілігі үшін, өзі шаңырағын көтерген мемлекетінің өркендеуі үшін жұмсап келеді. Сондықтан да 2007 жылдың тамызында АҚШ ипотекалық жүйесінде басталып, бүкіл әлемге тараған дағдарыс зардабын Қазақстан оншалықты сезіне қойған жоқ. Өйткені, АҚШ-та басталған «дауылдың» түбінде бізге де жететінін жете түсінген Көшбасшымыз одан қорғанатын дуал тұрғызған жоқ, соның қуатын ел игілігіне пайдаланып қалу үшін жел диірмен жасап үлгерді. Мен кезінде «Қазақстан дағдарысты өз пайдасына шеше алады» деген едім. Болжамым өмірдің ақиқатына айналды. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлындай білікті басшысы бар ел алыс болашақты жарқын ету үшін алып бағдарлама қабылдағаны баршаға белгілі. Сол 30 жылдық бағдарламаның екінші кезеңі индустрияландыру мен инновациялық өндіріс құруға, түсініктірек тілмен айтсақ, шикізат емес дайын бұйым шығаратын кәсіпорындарды өмірге әкелуге арналған. Осы жерде айта кетейін, атқарушы биліктің алғашқы онжылдықта тындырған ісі соншалықты – біз келесі онжылдықтың индустриялық-инновациялық бағдарламасын жасап жүзеге асыруға да, оған дейінгі бүкіләлемдік қаржы дағдарысын жеңуге де жететін қор жинап алған болатынбыз. Сол қордың арқасында дағдарыс қыспағын сезбедік, сол қордың арқасында индустриялық-инновациялық бағдарламаның бастапқы жылын табысты аяқтадық.
Енді міне, «Екінші жылы не істеу керек?» деген сұраққа дәл осы Жолдауда жауап беріліп тұрған секілді. Бірақ, түсіне білген адамға Елбасының бұл Жолдауы бір жылмен шектелмей, алыс болашақтағы тұтастықты қамти отырып, ел экономикасын әртараптандыру, ішкі жалпы өнімдегі қосымша құны мол дайын тауарлы өндіріс үлесін ұлғайту, бұл үшін мүлде жаңа өндіріс орындары мен инфрақұрылымдар жасау, осыны түпкілікті баянды ететін ғылымды мейлінше қолдай отырып, ұлттық интеллектіні сапалық жоғары деңгейге көтеру, сөйтіп, Нұрсұлтан Әбішұлының қызметіндегі басты мақсат – қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын одан әрі жақсарта түсу, бір сөзбен айтқанда, барлық істің нәтижесін отандастар өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде, өмірі мен денсаулығында сезіну деген ауқымды шаралар тізбегін қамтыған.
Бір қараған адамға жаңа өндіріс тек қана жаңа өнім берумен, әрі кеткенде соны сатқаннан түсетін кірісті молайтумен шектелетін секілді көрінгенімен, оның Қазақстанға, қазақстандықтардың болмыс-бітіміне, сана-сезіміне тигізетін ықпалы «соқамен жер жыртып жүрген адамның ғарыш кемесін игеруге қабілетті болып шыққанындай» әсер ететін аса бетбұрысты іс. Өйткені, жаңа кәсіпорындар негізінен инновациялық өндіріс орындары болып есептеледі. Ондағы қызметтердің атаулары да, еңбек ету жағдайы да мүлде бөлек. Өндіріс орнының санитарлық және экологиялық тазалығы жоғары деңгейде болады. Қызметкерлер мұнда өндірісті негізінен компьютер арқылы басқарады. Бұл үшін, онда жұмыс істейтіндердің білімі халықаралық жоғары деңгейде болуы шарт. Біз ғылым мен өндірістің кірігуі дегенде, әрқашан да ғалымдар ашқан жаңалықтардың нәтижесін конвейерлік өндірістен алу дегенді көзге елестетеміз. Бұл дұрыс та, бірақ ол ғылым мен өндірістің кірігуі деген үлкен ұғымның бір ғана тармағы. Ал, жоғарыда айтқанымдай, жаңа кәсіпорындарда жұмыс істейтін маман қызметкерлердің өндірісті компьютермен басқаруы сол «ғылым мен өндірістің» деген ұғымның келесі бір бөлшегі емес пе? Иә, дәл солай. Олай болса, жалпыұлттық жұмысшы табы қалыптасқанда, олар жоғары интеллектуалды болып шығады екен. Бұл дегеніңіз, нағыз ұлттық өрлеу. Міне, Нұрсұлтан Назарбаев «басты мақсатымыз интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеп, интеллектуалды ұлт қалыптастыру» десе, осынау ұстанымда бүкіл қазақстандық өндірістің біз жоғарыда айтқандай бағытта дамитыны айтылып тұр деп ұғынған жөн.
Жолдауды ауқымды бағдарлама дедім. Енді осы сөзімді дәлелдей кетейін. Өз Жолдауында Елбасы «2014 жылға дейін жалпы құны 8,1 триллион теңгені құрайтын 294 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр» деді. Сондай-ақ осы инвестициялық жаңа жобалар жұмыс істей бастағанда 161 мың тұрақты жұмыс орны ашылатыны да айтылған. Енді ойлап көріңізші, 161 мың адам инновациялық өнім шығаратын, қызмет көрсететін жаңа кәсіпорындарда жұмыс істейді. Олардың барлығы да осы заманғы озық техникамен жарақтанған нысандар болады. Демек, мұнда жұмыс істейтін осыншама адам жоғары білікті нағыз интеллектуалды тұлға болуы керек деген сөз ғой. Ұлттық даму деген осы. «Кемелденген социализм дәуірінде» қалалардағы зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істейтін қазақтардың саны 10 пайызға да жетпейтін. Өйткені, оларды өндіріс орындарына жолатпау, қазақтарды қойымен ауылдарда «қамап ұстау» ол кездегі саясаттың көзге көрінбейтін тіні еді. Енді, міне, тәуелсіздіктің бар болғаны алғашқы 20 жылының ішінде сол қойлы ауылдағы қазақтардың балалары компьютермен басқарылатын өндіріс орындарында жұмыс істейтін болады. Ұлттық рухани даму деген осы емес пе!
Жолдаумен танысып шыққаннан кейін үлкен ойға қалдырған тағы бір мәселені көргендей болдым, ол – Президентіміздің өзін-өзі қамтамасыз етушілер тобына жататындар есебінен кәсіпкерлікті одан әрі дамыту туралы өміршең ойы. Иә, біздің осал тұсымыз, қол жетпей жатқан жеріміз осы еді. Ал мұнда ел экономикасын өсіретін толып жатқан ресурс бар. Дәлірек айтқанда, бұл шамамен 2 миллиондай отандасымызды нақты өскелең, өміршең экономикамен айналысуға бейімдеу туралы бастама болып тұр. Олай дейтін себебім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тізімінде 2-3 ірі қарасы, 20-шақты қойы есебінен күн көріп, ауылда жүргендер осы топқа жатқызылады. Ауылда да жағдай әртүрлі, 5-6 немесе оншақты сиыры, 40-50 қойы барлар да кездеседі. Міне, осылардың өнімі мемлекеттік статистикаға енбей жүруі әбден мүмкін. Сондықтан да бұлардың басын ең әуелі кооперативтерге біріктіріп, сонан соң аудандарда сол кооперативтер мүшесі болып саналатын акционерлік қоғам құрған дұрыс секілді. Айталық, дәл осылай істесек, бір ауданда 20-30 кооператив өмірге келеді. Олар бастапқыда сойыстыққа арнайтын еркек малдарын бордақылап сататын алаңдар құру жұмысынан ісін бастаса, өте жақсы болады. Бұл малдар аудан орталығындағы мал сою және дайын ет өнімдерін өндіру цехында қажетке жаратылады. Алыстағы аудандарда шұжық цехын ұйымдастырса – ұтатын тұс осы. Өйткені, сүйектің өзі біраз тасымал шығынын көтеретін жүк қой. Ал мүмкіндік болып жатса, осы сүйектен сүйек ұнын жасаса, бұл шошқа шаруашылығына сатылатын өтімді тауар.
Осылай істеген жағдайда шағын несиелерді беретін заңды тұлға қалыптасады. Кәсіпкерлік деген осылай өмірге келеді және оның берері мол болмақ. Ал біз күні бүгінге дейін бұл жерді мемлекетіміздің қамқорлығынан тыс қалдырып келдік. Ол ол ма, сол ауылдағылардың жоспарсыз, жүйесіз жұмыс істеуінен мал басын біраз кемітіп алдық. Мінеки, біз айналысатын нақты нысанды, шешетін нақты мәселені Елбасымыз атап көрсетіп отыр. Бұған, әрине, бүкіл ел болып қуануға тиіспіз. Тек жергілікті атқарушы биліктің бұл мәселені қалай шешетіні белгісіз. Әрине, дұрыс болуын қалаймыз. Себебі, ауылдар Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігінің базалық негізі. Оларды күшейтпесек, бүгінгідей азық-түлік қымбатшылығынан арыла алмаймыз.
Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан да бейбіт «шабуылдарында» ұдайы жеңіске жетіп, триумфатор болып жүр. Елді қыспаққа алған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтан көп ұзатпай шығарамын деді, шығарды! Кешегі дағдарысты жеңемін деді, жеңді! ЕҚЫҰ төрағасы болып жарты әлемге Қазақстан сөзін тыңдатамын деді, тыңдатты! Енді келіп біз әңгімелеп отырған асқаралы межені алуға елін бастайтынын жариялады. Менің толық сенетінім, триумфатор Н.Ә.Назарбаевтың бұл майданда да толық жеңіске жететіндігі. Ендеше, бұл құжатты дәстүрлі жолдаулардың бірі деп емес, ұлттық өрлеуге бастаған жеңімпаз Көшбасшының жаңа бейбіт майдан шабуылы шебіне халқын шақыруы деп ұғынған жөн. Көшбасшының жоспарын дұрыс түсініп, оның соңынан ергендер жеңіске жететінін 20 жылдық тарихымыз дәлелдеп берген.
Сағындық САТЫБАЛДИН, экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі.