Газеттің кешегі нөмірінде хабарланғанындай, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған парламенттік делегация Санкт-Петербургте өткен ТМД ПАА, ЕурАзЭҚ ПАА және ҰҚШҰ ПА-ның іс-шараларына қатысты.
ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының отыз алтыншы жалпы отырысының жұмысында маңызды тақырып ретінде білім беру жүйесін жетілдіруді заңнамалық қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов баяндама жасап, ТМД елдері ынтымақтастығының 20 жылдығы қарсаңында парламентшілердің осындай басқосуы маңызды шара екенін атап өтті. Осы кезең ішінде ең бастысы, экономикалық, өндірістік, мәдени байланыстарымызды, адамзаттық құндылықтарымызды сақтай білдік. Еуразиялық интеграцияның бастамашысы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екені анық, – деді министр осы туралы. Баяндамада, сондай-ақ Мемлекет басшысының білім беру саласын дамытуға баса көңіл бөліп отырғандығы да айтылды. Сонымен қатар ол Қазақстанның осы саладағы қол жеткізген табыстарына да тоқталып өтті.
ТМД ПАА-ның іс-шаралары аясында Нюрнберг процесінің 65 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Конференцияны ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы мен Ресей Федералды Жиналысының Федерация Кеңесі ұйымдастырды. Онда қатысушыларға Ресей Президенті Дмитрий Медведев құттықтауы оқылды. Конференцияда сөз сөйлеген Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов мемлекеттік деңгейдегі қылмыстарға айып тағумен тарихта бірінші болған Нюрнберг процесінің бүкіләлемдік тарихи маңызын атап өтті. Сенатордың айтуынша, соғыс жылдарында 6 миллион қазақтың әрбір төртіншісі майданға кетіп, олардың жартысынан көбі кескілескен ұрыста қаза тауып, майдан даласында қалды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындыларын қайта қарастыру идеясы фашизмге қарсы күрескен батырлар ескерткіштерін жоюға әкеліп соқтыруы мүмкін. Шовинистік, лаңкестік пиғылдарға жан бітіп, басқа нәсілді адамдарға ашық түрде шабуыл жасау оқиғалары орын алуда. «Фашизмді қайта тудырмау – міне, осы Нюрнберг процесінің ең басты сабағы», – деп мәлімдеді Қ.Сұлтанов.
Келесі күн парламентшілердің Нева жағасына келуі Смоленск зиратындағы Тарас Шевченконың ескерткіш мүсініне тағзым етумен жалғасты. Осы күндерде атақты ойшыл, суретші, ақынның жерленгеніне 150 жыл толған еді. Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов әрдайым қайырымдылыққа шақырып, славян елінің мақсат-мүддесі үшін өмірін арнаған ұлы ақынды Украинаның халық елшісі ретінде атады. Өйткені, Тарас Шевченко жер аударылып, Қазақстан даласында он жыл бойғы ғұмырын өткізгені белгілі. Әрине, сол жылдарды ақын үшін жайдары кезең деп санауға болмайды, дегенмен де біздің жерлестеріміз оның еңсесін көтеріп, жанына қуат беруге тырысқаны, қолдау жасағаны анық.
Қазіргі кезде Тарас Шевченконың есімі Қазақстанда құрметпен аталады. Бес қаланың көшесіне оның есімі берілген және де үшеуінде ескерткіш орнатылған. Ал жуырда Тарас Шевченконың ескерткіші Астана қаласында орнатылуы туралы шешім қабылданды.
Кеше ТМД-ның 20 жылдығына арналған төртінші невалық халықаралық экологиялық конгрес болды. Бұл шараны ТМД ПАА және Ресей Үкіметінің қолдауымен Ресей Федералды Жиналысының Федерация Кеңесі ұйымдастырды. Экологиялық конгресте ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Ерлан Нығматулин баяндама жасады.
Үш-төрт күнді қамтыған іс-шаралар барысында елімізден барған парламентшілер наградталғанын айта кетейік. Мысалы, Сенат пен Мәжіліс депутаттары Серік Ақылбай, Иран Әміров, Төлеубек Қосмамбетов, Ромин Мәдинов, Жұмабек Төрегелдинов, Нұртай Сабильянов ТМД ПАА-ның «Ынтымақтастық» («Содружество») орденімен, Бағила Баймағамбетова, Ерболат Мұқаев, Рахмет Мұқашев, Татьяна Яковлева ТМД ПАА-ның Құрмет грамотасымен, Сейітсұлтан Әйімбетов, Михаил Бортник, Валерий Вишниченко, Дарья Клебанова, Нұрлан Сүлейменов, сондай-ақ Мәжіліс Аппараты редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы ЕурАзЭҚ ПАА-ның Құрмет грамотасымен наградталды. Бұл Құрмет грамоталарға ЕурАзЭҚ ПАА-ның төрағасы, Қазақстан парламентшілері делегациясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов қол қойды.