18 Мамыр, 2011

Гипстен байлық құраған

532 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
КНАУФ – отбасылық бизнестің үздік үлгісі негізінде құ­рылған халықаралық компания. Өз қызметі ауқымының кө­леміне қарамастан ол осынау басты құндылықтарын мүлтіксіз сақтап келеді. Бүгінде КНАУФ құрылыс материалдарын өн­ді­ру­ші­лердің әлемдегі ең ірі халықаралық тобының бірінен саналады. Олар инвестициялық қыз­ме­тін 1993 жылы Ресейде бас­та­ған болатын. Содан кейін құ­лашын кең жайып Украинада, Молдовада, Қазақстанда, Өз­бек­стан мен Әзірбайжанда кә­сіп­орындар аша бастады. Маркетинг қызметін ТМД елде­рі­нің бәрінде дерлік өрістете түсті. ТМД елдеріндегі кәсіп­орын­дардың бәрі қазіргі за­ман­ғы құрал-жабдықтармен жа­рақ­тан­ған, халықаралық топ­тың өн­ді­ріс технологиясы да бар­лық жерде біртекті. Шы­ға­ратын өнім­дерінің сапасы аса жоғары, сол орайда сапа стан­дарты Гер­маниядағы кәсіп­орын­дарда да, ТМД елдеріндегі кәсіпорын­дар­да да бірдей. Құр­ғақ құрылыс жүйесі бөл­ме­аралық құрылым­дарды тұрғызу, қабырғалар мен едендерді қап­сыру кезінде кеңінен пайдаланылады. Қапшағай өңіріндегі Зареч­ный ауылының солтүстік қап­та­лына қоныстанған «Кнауф гипс» кәсіпорнының атағы қазір Қа­зақстаннан тыс аймақтарға да кеңінен жайылып, Орталық Азия мемлекеттерінің бірқатарына өз өнімдерімен танымал. Ұзындығы – 2,5, ені 1,2 метр, қалыңдығы 9,5 және 12,5 миллиметр болатын гипсті картон тақталар конвейерлі тәсілмен шығарылады. Үлкен бумалы қоңырқай түсті қағаздың бірқалыпты жазылып, асты-үс­тіне қою кілегейдей құйылып тұр­ған гипс ерітіндісін әп-сәтте қаусырып алып, жол-жөнекей қат­қылданып қалыптан шыққан құй­мадай күйге түсетінін тама­ша­лаудың өзі бір ғанибет. Мұнда бір ауысым жұмыс барысында 90 мың шаршы метр дайын өнімдер шығарылады. Тиісті мақсаттарға сай автоматтандырылған жаб­дық­тардың тетігін басып, жалпы жұмыс жосығын қадағалап тұ­ра­тындар соншалықты көп емес, бір ауысымда 15-ақ адам бәріне үлгеріп тұрады. Ал, кәсіп­орын­ның өзінде жұмыс істейтіндердің жалпы саны 250 адамға жетеді. Бас директоры Александр Ефименко дейтін азамат көп жыл­дардан бері ұйымдастырушылық қабілетімен көпшілікке танымал болған бизнес өкілдерінің бірі. Іргелі кәсіпорынның негізгі өнімі картонды гипс тақталар бол­ғанымен, құрылысқа арнап қо­сымша шығаратын құрғақ қос­палары тағы бар. Сылаққа, қа­быр­ға саңылауларын бітеуге, әк­теуге қажетті құрғақ ұн­тақ­тар, құйма едендерді, су және сыз өткізбейтін қорғаныш жасау кезінде кәдеге асатын түрлі ком­поненттер осы өндіріс ор­нында дайындалады. Олар және аса қарапайым, қолже­тім­ді материал болғандықтан жаппай сұранысқа ие және бағасы да тұтынушы қалтасына әр­дайым шақ келіп тұрады. Содан да болар, «Кнауф гипс-Қапшағай» деп аталатын бұл кәсіпорынның өнімдеріне деген сұраныс еш бәсеңдеген емес. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.