Алматыда «Атакент» қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығында халықаралық «Денсаулық көрмесі» (KIHE 2011) табыспен өтті.
Елімізде дәстүрлі өткізіліп келе жатқан аталмыш көрмеде медициналық тауарлар мен қызметтердің кең спектрі – емдік құралдар өндірушілер, соңғы заманауи медициналық құрал-жабдықтар, офтальмология, эндоскоптық жабдықтар, сауықтыру, физиотерапия, СПА, диллер мен дистрибюторлар, т.б. ұсынылды. Сондай-ақ, жетекші отандық және шетелдік компаниялар бүгінде денсаулық сақтау саласына қажетті және талап етіліп отырған соңғы әзірлемелерін, ноу-хауларын, жаңа технологияларын әкелген. Мәселен, Германия мен Чех Республикасы көрмеге ұлттық стенділерін қойған. Германияның біріккен стендіне 26 компания қатысып отыр.
Көрменің ашылу рәсіміне арналған баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасы Назарбек Бейсен 2005-2010 жылдары еліміз 100 млрд.-тан астам теңгенің медициналық құрал-жабдықтарын сатып алғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол биыл 842 медициналық құрал-жабдықтың 168-і отандық өндірушіден сатып алынып, оған 12,6 млрд. теңге жұмсалғанын айта келе: «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша былтыр 58 денсаулық сақтау нысаны салынса, 2011-2013 жылдары тағы 31 нысан бой көтермек. Ал 2014-2015 жылдары қосымша 10 стационарлық ұйым ашу жоспарланып отыр» деді. Н.Бейсеннің айтуынша, Қазақстанда алдағы уақытта денсаулық сақтау саласына арналған «Денсаулық» жеке телеарнасы ашылуы мүмкін.
«Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның басқарма төрағасы Елжан Біртанов бүгінде еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды мәселенің бірі жаңа технологиялық инновацияларды енгізу екендігін айта келе, жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға өткен жылы 600 млн.-нан астам теңге инвестициялағанын, биыл оған 5 млрд. теңге, ал мамандарды оқытуға 180 млн. теңге бөлінгенін алға тартты.
– Әрине, технологиялық-инновациялық даму, ол тек құрал-жабдықтар сатып алу ғана емес, біріншіден, осы саладағы медицина қызметкерлерінің білім дәрежесін, тәжірибесін көтеру. Осы ретте ҰМХ-тің мақсаты халықаралық деңгейде жоғары кәсіби әріптестер табу. Бүгінде холдинг клиникалары еуропалық және АҚШ-тың бірқатар медицина университеттері мен клиникаларымен бірлесе жұмыс істейді. Корея, Израиль, Түркиядан әріптестеріміз келіп, осындай технологияларды енгізуге көмектесуде. Соның нәтижесінде былтыр елуден аса жаңа технология енгіздік. Сондықтан бізге осындай халықаралық көрмелердің маңызы зор. Жыл сайын бұл көрмеге тек дәрігерлер ғана емес, медициналық дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар шығаратын фирмалар да қатысады. Көрмені қарапайым халық та келіп көреді. Өйткені, олар да жаңа технологияларды білулері керек. Бізде өз стендімізді дайындап әкеліп отырмыз, – деді Елжан Амантайұлы.
Ең бастысы, денсаулық сақтау сарапшылары үшін КІНЕ алаңы тәжірибе алмасудың, стратегиялық әріптестік құрудың, сонымен қатар медициналық құрал-жабдықтарды өндіретін әлемдік көшбасшылардың Қазақстанда ұсынып отырған медициналық жаңалықтарын сынақтан өткізудің бірегей мүмкіндіктерін көрсетпек. Мәселен, көрмеде Philips компаниясы Қазақстанда сертификациядан өткен Philips iU22 интеллектуалды сандық ультрадыбысты жүйесін алғаш рет ұсынып отыр. Ол күрделі диагностикалық зерттеуде орган ұлпаларының бейнесін жоғарғы дәлдікпен беретін бірқатар бірегей технологияларды біріктіреді. Артықшылығы, мәселен батыста осы аппараттың арқасында МРТ арқылы диагноз қою елу пайызға кеміген. Әрі бір датчикпен қай бағытта да бейне түсіре алады. Тағы бір артықшылығы, етжеңді, ірі денелі науқастарға нақты, дәл диагноз қоюға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «ОрдаМед Орталық Азия» компаниясы оңтүстік кореялық жаңа модельдер желісін ұсынса, «Yumgiskor» компаниясы қандағы гемоглобин деңгейі, тамыр соғысы жиілігін және перфузия индексін жаңаша әзірлеуде контактісіз, жылдам және дәл анықтап береді.
«Мамандандырылған басылымдарда шыққан денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтар, жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтар жайындағы материал тұтынушыға жеткенше ескіріп қалуда. Сондықтан өндірушілер, дәрігерлер және өзге де тұтынушылар арасында бұл көрменің рөлі мен маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, биыл онда француз дәрігерлерінің операциялық жұмысынан телекөпір ұйымдастырылды», – дейді Қазақстанның фармацевтикалық фирмалар өкілдері қауымдастығының президенті В.Локшин.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.