20 Мамыр, 2011

Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстанның алтын күнге бір табан жақын қаласы Шымкент жыл өткен сайын ажарланып келеді. Елбасы да осы облысқа іссапарында: “Шымкент шырайлы шаһар”, дегенді мерейленіп айтқан еді. Облыста Қасымбай Әбдіқалық деген кәсіпкер жігіт бар. Бірде Алматыдан достары келіпті. “Ішіп-жем, ештеңеден кенде емеспіз, Елбасының өзі мақтаған қалаңды көрсетпейсің бе? – дейді ғой. “Ойпыр-ой” – дейді Қасымбай. Күнде ортасында жүрген соң байқамайды екенбіз. Қала кереметтей өзгеріпті. Анау дендробақ түнде түгілі күндіз кірсең қорқынышты еді. Қазір ертегідегі иран бағындай жайнап тұр. Бұрын қиыр-шиыр базар басқан қала ортасындағы Шәмші гүлзары қандай?! Екі-үш жылда осындай жиырмадан астам нысандар бой көте­ріпті. Астана, Алматыны көрген, еште­ңе­ге таң қала қоймайтын достарым “Шым­кент – сұлу қала” екен деп таңданып қайтты. Мен де қуандым. Бір табан жақын жүресіздер ғой, облыс әкімі мен қала әкіміне жұрттың ризашылығын жеткізіңізші” деген. Реті келді. Қасымбай-Қасекең қашан ашылады екен деп күткен тағы бір нысан пайдалануға берілді. Күні кеше Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би көшелері тоқайласып жатқан Ордабасы алаңындағы Тәуелсіздік монументін жалғастыратын Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды. Қошқар ата өзенінен ағып баратын екі су бұрқақ аясындағы “Отан Ана” мүсінінің биіктігі сегіз метр. Кешендерді аспалы көпір байла­ныс­т­ырып жатыр. Шырқау биікте шаһар үстінде желбіреген Қазақ­станның көк байрағы еңсесі биік елдің әлеуетін танытқандай көзге ұрады. Ашылу салтанатында облыс әкімі Ас­қар Мырзахметов сөз сөйледі. Биыл елiмiз үшiн ерекше жыл екенi белгiлi, – де­ді об­лыс басшысы. – Ол тарихи – Тәуел­сiз мем­лекетiмiздiң 20 жылдығы. Бұл той тойлау емес. Шын мәнiнде тәуел­сiздiк бiзге не бердi? Қандай жетiстiктерге жеттiк? Оған құрметiмiз қандай? Осы талаптар тұрғы­сында талдауға тиiспiз. Шү­кiр, мемлекет­тiк рәмiздерiмiз ресми түрде мәртебе алды. Ашылып отырған бүгiнгi нысанның әрбiр элементi сыр шертедi, ой тарқатады. Қа­зақ­станның картасында мем­лекет құрау­шы елдiң өткенi мен бү­гiнi, ұрпақтар са­бақтастығы жайында Ел­басымыздың қа­нат­ты сөздерi жазылса, жанында тұрған 7 тұғырдың символи­ка­лық маңызы зор. Кең байтақ туған жерi­мiз­дi қорғап қалған най­заны елестетедi. Ел қауiпсiздiгiнiң қорғаны дегендi бiлдi­редi. Тәуелсiздiкке тағзым ең алдымен мемлекеттiк рәмiздерге құрмет көрсе­ту­ден басталады. Бұдан кейiн облыс басшысы биз­нес­тiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында осы нысандарды іске қосуға атсалысқан кәсіпкерлерге алғыс хат тапсырды. Ары қарай алаңда сегіз гектар ау­мақ­ты алып жатқан «Тәуелсіздік сая­бағы» жалғасады. Саябақ темір жол вокзалы жағынан биіктігі – 15 метр, ені – 50 метр болатын салтанатты қақпамен ашылады. Кең аллеяның айналасына түрлі гүлдер отырғызылған. Гүлзарлар тәуелсіздігі­міз­дің әр жылындағы елеулі оқиғалар сипат­талған естелік белгілермен толыққан. Болашақта саябақтың орталығында «Ел бірлігі» монументі тұрғызылады. Мық­­ты гранитті стилобатта Қазақстан халқының барельефімен «Шаңырақты» ұстап тұратын 137 қиғаш уықтан құралған композиция тұрғызылуда. Бұл уықтар Қазақстанда тұратын халықтың берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын білдіреді. Саябаққа келген қала тұрғындары мен қонақтарды рухани байлықпен сусынд­а­та­тын кешеннің мәні – ел бірлігі. “Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын” деген осы. Бақтияр ТАЙЖАН, ШЫМКЕНТ. Суретті түсірген Хусан Азизов.