20 Мамыр, 2011

Аударматанудың өзекті мәселелері

698 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекеттік тіл және аударма­тану­дың өзекті мә­селе­лері» атты республикалық ғылы­ми-теория­лық конференция өтті. Оны Мә­дениет ми­нистрлігінің Тіл комитеті, Ш.Шаях­метов атын­дағы тіл­дерді дамы­ту­дың респуб­лика­лық үйлес­тіру-әдістемелік ор­та­лы­ғы мен Л.Н. Гу­милев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырды. Аталған шараны Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров, сондай-ақ Еуразия ұлттық университетінің про­ректоры Зиябек Қабылдинов құт­тықтау сөзбен ашты. Мемлекеттік тіл құзыреттілі­гін арттыру және жалпы тіл білімі мен аударматану саласының өзекті мәселелерін заманауи талап-меже тұрғысынан бағамдап, ғылыми-теориялық ойларды са­раптауды, тәжірибе алмасуды мақ­сат еткен конференция жұмы­сына негізінен өз еліміздің, Татарстан, Чуваш республика­лары­ның ғалымдары қатысты. Жиынның пленарлық мәжілі­сінде мемлекеттік тілді оқыту­дағы инновациялық технологиялар мен қазіргі тіл біліміндегі жа­ңа бағыт­тар және аударма­тану­дың өзекті мә­селелері жөнінде Татарстан Рес­пуб­ликасы Ғылым акаде­миясының академигі М.Закиев, Ресей гума­ни­­тар­лық ғылымдар академия­сы­ның академигі, профессор Ю.Ми­ннегулов, А.Байтұр­сынұлы атын­дағы Тіл білімі инс­титутының ди­ректоры, профессор Ш.Құрман­байұлы, Чуваш мемлекеттік уни­верситетінің профес­соры Н.Егоров, сондай-ақ, «Егемен Қа­зақ­стан» республика­лық газеті» акционерлік қоғамы­ның пре­зиденті, филология ғылым­да­ры­ның док­торы С.Абдрахманов сынды тіл білімі және аударматану сала­сында еңбек етіп жүрген ға­лым зерттеушілер баяндама жасады. Конференция жұмысы «Мемлекеттік тілді оқытудағы инно­вация­лық технологиялар» жә­не «Қазір­гі тіл біліміндегі жа­ңа бағыттар және аудар­ма­танудың өзекті мәсе­лелері» атты секция­лық мәжіліс­терге жал­ғасты. Мәселен, «Мемлекеттік тілді оқытудағы инновациялық технологиялар» атты секцияда мемлекеттік тіл туралы заңның жаңа жо­ба­сы және халықаралық терминдер аудармасының ерекшеліктері, қа­зақ тілінің қолданылу аясын ке­ңей­тудегі ілеспе аудар­маның рөлі, әлем кеңістігіндегі қазақ тілі, оно­мастикалық атау­ларды стандарттау және нормалау мәселелері, студенттерді қ­а­зақ­ша сөйлеуге үй­ретуде терми­но­ло­гия­лық сөздік­тің атқарар рөлі жайында кең ау­қымда әңгі­ме қозғалды. Ал «Ау­дарма­тану­дың өзекті мәселе­лері» атты секцияда ғалымдар аудармашы­лар­дың техни­касы мен шебер­лігі­нің ерте заманнан қазірге дейінгі қалып­тасу үде­рістері, аударма­шы­ның қызмет­тік әдебі, аударма­лар­ды сараптау жү­йесі, аударматану­дың өзекті мәсе­лелері, ресми құ­жат аудар­ма­сын­дағы термин­дердің көрі­нісі, сон­дай-ақ, қазақ аудар­ма­тануындағы перспектива­лары жө­нінде сөз болды. «Егемен-ақпарат».