Ел тәуелсіздігі үшін қызметінен де кетпек
Италияның ақпарат құралдарына берген сұхбатында Палестина ұлттық әкімшілігінің (ПҰӘ) басшысы Махмуд Аббас «егер Палестина тәуелсіз мемлекет болса, президенттік қызметінен кететіндігін» мәлімдеді.
Осыдан төрт жыл бұрын Палестина автономиясына президент болып сайланғанда Махмуд Аббас алдына мынадай төрт міндет қойған екен: қауіпсіздікті нығайту, экономикалық және әлеуметтік даму, татуласуды орнықтыру және елдің тәуелсіздігіне жету. «Биылғы жылы соның бәріне қол жеткізуге болады, сонда мен қызметтен кетемін», дейді Махмуд Аббас.
Оның айтуынша, енді қалып тұрғаны – тәуелсіздікке жету ғана, басқалары орындалғандай. Елдің қауіпсіздігіне, экономикалық және әлеуметтік дамуға қаншалықты қол жеткенін атап айту қиын болғанмен, жақында татуласу жолында үлкен қадам жасалды. Каирде Египеттің жаңа үкіметінің арағайындығымен Палестинадағы әскери-патриоттық ФАТХ және радикалды «Хамас» қозғалыстары татуласты.
Мұны баянды татуласу деу де қиын. Бұл өзі бұрыннан, жарты ғасырдан аса уақытқа созылып келе жатқан дау. Палестина көсемі Ясир Арафат басқарған Палестинаны азат ету ұйымы (ПАҰ) ұзақ уақыт өзінің жарғысында Израильді құртуды басты мақсат санады. Ондай ұйыммен Израильдің келісімге келуі мүмкін еместігі белгілі. Ақыры халықаралық ұйымдар (БҰҰ, ЕО), жетекші елдер (АҚШ, РФ) ықпал етуі арқасында ПАҰ өз жарғысынан Израильді құрту талабын алып тастаса да, ПҰӘ мен Израиль арасында Палестинаның тәуелсіздігі жөнінде келісімге қол жетпей келді.
Оның бір себебі – «Хамас» ұйымының Израильді құрту талабынан бас тартпауы. Сол үшін де АҚШ бастаған біраз ел «Хамасты» лаңкестік ұйымға жатқызады. Тіпті сол «Хамас» 2007 жылы парламенттік сайлауда көпшілік дауыс алып, Палестина үкіметін құру құқына ие болғанда, оларды Мәскеу өздеріне шақырғанда, сол үшін оларды лаңкестерді қолдадыңдар деп бүгінге дейін жазғырады. Ал ФАТХ «Хамаспен» соғысуға дейін барды. Енді олардың татуласуына не себеп?
Сірә, Израильдің сөзбұйдаға салып, келісімге қол қоймауынан шығар. Оның үстіне Израиль бұрынғы сөзінде тұрмай, Батыс жағалауда еврейлерге арналған тұрғын үйлер салуын жалғастырды. Онымен де тынбай, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Махмуд Аббасқа: «Иә Израильмен, иә «Хамаспен» бол», деген шарт қойды. Күтпеген жерден Махмуд Аббас: «Мен өзіміздің туыстарымыз – «Хамасты» таңдаймын», деген кесімді сөз айтты. Содан кейін сәуірдің аяғында «Хамаспен» татуласуға қол қойылды.
Енді Израильдің Палестинамен келісімге баруы екіталай. Махмуд Аббас мұны да ескеріпті. «Израильмен келіссөзде келісімге жете алмасақ, онда тікелей Біріккен Ұлттар Ұйымына шығамыз», деп отыр. Сірә, БҰҰ өзінің шешімді сөзін әлдеқашан-ақ айтуы керек еді ғой дейсің. Қаншама жаңа елдер өздерінің тәуелсіздігін жариялап, оны халықаралық қоғамдастық танып жатады. Ал Палестинаның тәуелсіздігі жарты ғасырдан астам уақыт сөз болып келеді, нәтиже жоқ.
Нәпсісін тыя алмаған қатерге ұшырайды
Қазір Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) директор- басқарушысы Доминик Стросс-Канның нәпсіқұмарлық әрекеті туралы әңгіме гуілдеп тұр. Бұл өзі адами пендешілік қылықтан гөрі саясатқа көбірек қатысты әңгімеге айналып барады.
Жалпы адами пендешілік тұрғыдан алып қарағанда да, осы бір нәпсіқұмарлық қасиет қатты айыпталады. Ол асқандықтың, мастанғандықтың көрінісіндей бағаланады. Әдетте оған көбіне жағдайы барлар – мансап иелері, қалталылар барады. Билігімен, қызметімен бағыныштыны мәжбүрлейді, ақшасымен кембағалдарды сатып алғысы келеді.
Енді нақты Халықаралық валюта қорының басшысына қатысты оқиғаға келсек, Стросс-Кан Нью-Йорк қаласында Sofitel дейтін айтулы қымбат қонақ үйдің люкс нөмірінде сол мекеменің қызметшісін зорламақ болған көрінеді. Содан кейін ол Нью-Йорк әуежайында Парижге ұшпақ болып тұрғанда ұсталып, қамауға алынады.
Сол әрекетіне қатысты оған алты айып тағылып отыр. Олар дәлелденген жағдайда 62 жастағы үлкен лауазымды шенеунік біреулердің айтуынша 20 жылға, екіншілерінің айтуынша 25 жылға сотталуға тиіс. Енді біреулердің есебінше ол 74 жыл үш айға кесілуі мүмкін. Францияда тағы да бір журналист-жазушы Тристан Банон сотқа жүгініп, осыдан 9 жыл бұрын Стросс-Канның өзін зорламақ болғанын баяндаған. Ол да дәлелденіп, соған орай үкім шығарылатын болса, бұл шенеунік үшін түрме оның ақырғы орны болуы ықтимал. Ол қазір де Нью-Йорктегі «Райкерс-Айленд» дейтін түрмелер кешенінде жатыр. Сот Мэлисса Джексон оны қашып кетеді деп бір миллион доллар аманатқа босатуға да көнбепті.
Сөйтсе де оны ақтайтындар, бұл өзі қасақана ұйымдастырылған әрекет дейтіндер де бар. Тіпті Стросс-Канның қорғаушысы атақты адвокат Бенджамин Брафман ақтаудың бір жолын тапқандай – сол күні ХВҚ директоры қонақ үйде болмағанын, өзінің осы қаладағы туған қызымен бірге мейрамханада болғанын дәлелдемек.
Сонда Доминик Стросс-Канның бұлай «қылмысқа ұшырауы» кімге керек? Осынау аса беделді ұйым – ХВҚ-ның басшысы өз адамы болғанын қалайтын мемлекеттер бар. Ол кетсе, онда өз адамын қояды. Сонан соң, Стросс-Кан 2012 жылы Францияда өтетін президент сайлауына қатыспақ және онда жеңіске жетеді-ау деген адамдардың бірінен саналады. Бұл кетсе, басқаларға жол ашылады.
Осыдан біраз бұрын Дүниежүзілік банктің басшысы Пол Вулфовиц те осындай айыппен қызметінен кетуге мәжбүр болған еді. Мұндай қиын жағдайға душар болған қайраткерлер аз емес. АҚШ президенті Билл Клинтон өз айыбын мойындап құтылды. Италия премьер-министрі Сильвио Берлускониге мұндай сөздің ергені қашан! Сірә, ақыры содан біржола таяқ та жейтін шығар. «Викиликс» сайтының негізін қалаумен әлемге аты шыққан Жулиан Ассандждың да құйрығына осындай шала байланған. Израильдің президенті болған Кацаф та ақыры сотталып тынды.
Бұл жерде солардың бірін саясаттың құрбаны болды деп ақтап, екіншісін қаралайық деп отырған жоқпыз. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны сияқты, шын таза болса, нақақтан күйе жағылмайды. Әңгіме сол адамдарда нәпсіқұмарлық әдет барлығында, реті келген кезде қарсыластары оны оған қарсы қару етіп жұмсайды. Нәпсісін тыя алмаған адамның басы қашанда қатерде жүреді.
Мамадияр ЖАҚЫП.