20 Мамыр, 2011

Ауыздықталмаған арамшөп қауіпті

1632 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жатаған у кекіре (Acroptilon repens L) көпжылдық, атпа та­мырлы шөп, күрделі гүлдер тұ­қымдасына жатады. Қуатты тамыр жүйесі топырақта 10 м. терең­дікке жетеді. Жатаған у кекіре­нің ерекшеліктері, ол қор­дағы қоректік зат – инулинді та­мыр­дың топырақтағы тө­менгі қа­батына жинақтауы және қорек­тік заттарын топы­рақ баптау­шы техникамен егіндікті өңде­ген­де, жатаған тамы­рының кесілген жеріне жылдам жеткізуі арқылы өсіп жер бетіне шығуы, фотосинтез құбы­лысы арқылы тамырлануы. Сондықтан көп­те­ген агротех­никалық әдістерге төзімді бо­лады, қайтадан өсіп жетіледі. Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің өсімдік қорғау және өсімдік карантині департамен­ті­нің мәліметі бойынша жата­ған у кекіре республикада 3 млн. гектар жерге тараған. Тұқымның іс жүзінде таби­ғи жағдайда таралуын тоқтату мүмкін емес. Сондықтан жата­ған у кекіре бар ошақты уа­қытында тұқымы басқа жерлерге тарамай тұрғанда құрту керек. Бір өсімдікте жатаған у кекіренің тұқым беру түсім­ділігі 3 мың дәнге дейін жетеді, оның ішінде 50 пайызы өнгіш­тік қасиетін сақтайды. Толық піскен тұқым топырақта өңгіш­тік қасиетін 5 жылға дейін сақтайды және 25 градус жылы­лықта, ылғалдылық 20 пайыз болғанда топырақтың құрамына байланысты 2-5 см. тереңдіктен өсіп шығады. Жатаған у кекірені тиянақты түрде құрту үшін зерттеу жұмыс­тарын, шөптердің таралу карта­сын жасау керек. Шөптерді жою жоспарына профилактика, агро­тех­никалық-биологиялық және хи­­миялық әдістер кіреді. Шөп­тер­мен тиімді күресу үшін, олар­дың негізгі биологиялық ерекшеліктерін білу керек. Күрес жата­ған у кекіренің тамыр жүйесінің өмір сүргіш қабілетін біртіндеп жоюдан басталады. Тамырдан шығатын улы заттар көптеген екпе дақылдарға зиянды әсерін тигізеді, олардың өсу энергиясын төмендетеді. Статистика мәліметтері бойын­ша жатаған у кекіре астық егістіктерінде және бос жатқан игерілмеген жерлерде де көп тара­ған. Қазақстанның егіншіліктегі негізгі бағыты астық өндіру бо­лып саналса, көптеген тыңайған жерлерді, ауылшаруашылық ал­қап­тарды у кекіренің көп ба­суына байланысты іске қоса алмай отырмыз. У кекіренің егістікті басуы сал­дарынан Қазақстан жыл са­йын 3 млрд.теңге зиян шегіп отыр. Со­нымен қатар, өнімінің төмендеуі­нен басқа, оның сапасы да төмен­дейді, ұнның дәмі ащы болады. Парды, отамалы дақыл­дарды кү­тіп-баптау кезінде кететін шы­ғын­дарды есептесек, жал­пы шы­ғын 3 млрд. теңгеден асады. Кекіренің қаптау себептері – карантин ережесінің сақтал­мауы, ең негізгісі – кекіремен күресу жүйесі агротехникамен герби­цид­терді арамшөптің био­ло­гия­лық ерекшеліктерімен бай­ла­ныс­ты Қа­зақстанның әртүрлі климат аймақ­тарында дұрыс біріктіре қолдану қажет. Агро­техникалық әдістердің мақсаты тамырды ұсақ бөлшек­терге бөліп, тамырдағы қоректік орга­никалық зат – ину­лин­нің кө­беюін азайту арқылы тамырдан қайтадан өсуіне жол бермеу. Кекіремен күресудің негізі топырақ өңдеу жүйесі болып табылады. Егіс­тікті орып алған­нан кейін қыршуыш арқылы қоп­сыту (2 немесе 3 рет 10-12 см. терең­дікте) кекіре тамырын кесу арқы­лы ұсақ тамырлардың өсіп жер бетіне шығуына дейін қорек­тік зат­тарды пайдаланып үлгере­ді де, та­мыр жер бетіне шықпай жойылады. Кекіре жарықты қалайды, кө­лең­кеде өскенде тұқым бермейді, өсу нашарлайды, бірақ тамыр­да­ғы қоректік заттар, таралу бүр­шік­тері арқылы, жарық болған жағдайда тіпті бірнеше жылдан кейін де жаңадан өскіндер өсіп шығып, таралып көбейе береді. Сонымен қатар кекіренің зиян­дылығы олардың дақылға алле­па­тиялық әсері, тамыр жүйесі мен кекіренің тұқымы бөліп шы­ғарған зиянды заттары бидай, арпа, бұршақ тұқымдарының өсу энергиясын төмендетіп, дақыл­дың өсіп жетілуін бәсеңдетеді. Кекіре көптеген жануарларға зиянды, әсіресе жылқы малына, ал қой мен ешкіге зиянсыз, көп­шілік жағдайда шөппен аралас­қан кекіре малдардың улануына әсер етеді, кекіренің бидаймен араласқан тұқымдарынан алын­ған ұнда ащы дәм болады, нан пісіруге қолдануға болмайды. Жинақталған ғылыми өндіріс­тік тәжірибе у кекірені жою ша­ра­ларын парға арналған алқап­тар­да жүргізу үлкен нәтиже беретінін дәлелдеді. Барлығына белгілі, парды КПШ-9 және КПГ-250 құралдары арқылы 4 рет терең­дете культивациялау экономика­лық көзқарас бойынша тиімсіз және топырақты көп рет өңдеу оны кептіреді, ылғалды азайтады, сондықтан құрғақшылығы көп солтүстік аудандарды әсіресе, ас­тық дақылдарының экспортқа шығарылатын болғандықтан тиімсіз болып табылады. Қазақстанның оңтүстік-шы­ғы­сында суарылмайтын егіншілік жағдайларында жатаған у кекірені жою үшін 3 және 4 танапты ауыспалы егістіктерде топырақты үш ярусты қыршуыш культиватормен айдау мамырдың үшінші онкүндігінде немесе маусым айы­­­ның бірінші онкүндігінде жүргізу керек. Қазіргі кезде кекірені жою жә­не оны карантиннен шығару үшін мына шараларды іске асыру керек. Олар: карантин ережесін сақтау; кекіремен күресу үшін ай­мақтық интеграциялық жүйе жа­сау және ұсыныстар беру; Ауыл шаруашылығы министрлігінде кекіре мәселесіне байла­нысты ғы­лы­ми-техникалық кеңес құру. Өсімдік қорғау және карантин департаментінде механикалан­ды­рылған отряд құрып, оларды оқы­ған, білімді мамандармен қам­та­масыз етіп, ғылымның жетістіктерін кең түрде өндіріске енгізу керек. Ш.ЖАРАСОВ, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.