Қарағанды облысы жағына барғанымызда бұрынғы Ағадыр ауданының азаматы шағын аудандар іріленгенде он бір мың халқы бар Ағадырды төрт мың халқы бар Шет ауданына қосып жібергені дұрыс болмады деді.
Ал, Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында соңғы статистикалық мәлімет бойынша 38 мың 640 адам тұрады. Бұл арнайы есеп. Біраз жыл бұрынғы.
Ауыл әкімі Әлімжан Нишанқұлов жақында өткен сайлауда учаскелерге бөлгенде жүргізген есепте халық саны 41 мыңнан асқанын айтады. Осындайда ойлайсыз ғой. Осы алақандай жерге сыйып жатқан үлкен ауылды турап-турап бірнеше аудан жасауға болады ғой деп.
– Бұл ауылда бір де бір адам алдыма жұмыс сұрап келген емес, – дейді ауыл әкімі Әлімжан Райымқұлұлы.
Қай аудан, ауылдарға барсаңыз “екі қолға бір күрек” таппай жүрген азаматтарды көріп қалған сіз таңқаларсыз, ал бізге таң емес. Түк те.
Расында, бұл ауылда үйінде “алма піс, аузыма түс” деп қарап отырған ешкім жоқ. Негізінен еңбекқор өзбек халқы тұратын бұл ауылға осыдан төрт-бес жыл бұрын де келіп, мақала жазғанбыз. Ауылдан күніне 40 тонна ет дайындалып, Алматы, Астана, Қарағанды, Қызылорда бағыттарына жөнелтіледі. Ұлан-ғайыр жерде отыр-ау деп ойларсыз. Олай емес. Басқа аудандармен салыстырғанда алақандай-ақ жерде орналасқан. Ауылда 54832 бас ірі қара бар. Бордақылауға қойылған. Ал, сауын сиыры – 8475, жылқысы – 12500, қой-ешкісі 61800 мың. Осыншама малдың дені жайылым дегенді көрмейді. Неге? Жайылымдық жер жоқ. Бар жер қоры 1134 гектар болса, соның 2724 гектарында ауыл отыр. Ауыл шаруашылығына арналған 7 мың гектардай ғана жері бар ауылдың ең үлкен проблемасы – жер.
Ауылдың оңайлықпен су бармайтындай жоғары жағына жолыңыз түссе малақ иісі мұрныңызды жарады. Кафеге кірсеңіз де, дүкенге кірсеңіз де. Себебі, барлық үйде дерлік мал бордақыланады. Алды – 20, соңы 1 мың бұқа, өгізге дейін. Жайылым жоқ болса тас жалап семіре ме деп ойларсыз. Балауса көк құрағы жоқ болса да осынша малдың өз қорегі бар. Күнжара, шрот, мақта қауашағы, шитті мақтаның сығындысына сыра зауытының спиртке ашыған бидай қалдығын қосыңыз. Үш мезгіл дәу шелек қоспа жемді жеп алған сиырыңыз шөп іздемек түгілі шала мас болып шалжайып жатады. Күннен-күнге жонынан маса таярдай семіріп.
Әлімжан бар, аудандық ауыл шаруашылығы бастығының орынбасары, өзіміздің Шавхат Құрманалиев бар ауыл сыртына шықтық. Қарабұлақта жер жетпеген соң ауыл әкімі көршілес Түлкібас ауданының шаруа қожалығынан бос жатқан жайылымдық жерінен 200 гектар жер алып, су шығарыпты. Ауылдың Қарабұлақ деп аталуы жер астынан бұрқырап шығып жатқан бұлағы бар. Көшелерді кесіп ағады. Іскер ауыл әкімі орта иінінен суын бөгеп, су сорғы арқылы 4,5 шақырымдық қырға шығарған. Осылайша, мал жайылымынан басқаға жарамайтын жерді танап-танапқа бөліп тастап, көкөніс егіп жатыр. Күздік бидай өскен алқапта К-700 тракторы жер жыртып жүр. Бергі бетте құжынаған адам ылғал жерге пияз, сәбіз көшетін сіңіріп жатыр.
Бұлақ басында самаурынды бұрқыратып қайнатып, жұмысшыларға шәй демдеп отырған шаруа Рысмат Дехканбаевты әңгімеге тарттық. Оншақты отбасы әр үйден бес-бестен адам шығарады, несібемізді осылай айырып жатырмыз дейді. Өзі алған 1 гектар жердің жартысына пияз, жартысына сәбіз егіпті. Үйінде аздап мал бордақылайды. Қолдан келетіні осы диқаншылық. Осыдан түскен пайдамен отбасымызды асырап отырмыз. Жоқ десең біреу өз сыбағасынан кесіп бере ме, дейді ол. Мамандығы электр-монтажшы біржола осы кәсіпке бет бұрған.
Ауыл әкімінің өз есебі бар. Түлкібас ауданымен өсірген бидайының 20 пайызымен есеп айырысса, көкөністен түскен пайда шаруалардың өзінде қалады. Бұларға да оңай емес. Электр қуаты қымбат. Жоғарыға су сорғымен су айдау бір маусымға 3 млн. теңгеге түседі екен. Түлкібастың малдан басқаға қызығы жоқ тусырап жатқан жеріне қызығып жатқан тек бұлар емес. Ауыл тұрғындары ұзын-ырғасы 1 мың гектардай жерді жалға алған.
Бұрқырап құйылып жатқан бұлақ суының құлағында тұрмыз. Әлімжан күрсінеді. Түсініп тұрмыз.
– Осы жер Қарабұлақтың меншігі болса анау қырға жүзім егіп тастар едім, жақсы өседі, – дейді ол. – Тамшылатып суаруға да көшуге болар еді, бір күні қожайыны жерімді қайтар десе есіл еңбек, қыруар қаржы желге ұшады ғой.
Онысы рас. Біз де ішімізден есептеп көрдік. Түлкібас ауданының шегіндегі осы жерге су келмейді. Тек, жайылымдық қана. Ал, Қарабұлақ су сорғымен су шығарып, көкөніс егіп отыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп. Шүршітке беріп жатқан жоқ, берсе өз отандасы, бауыры. Облыс әкімдігі екі жақты келістіре отырып, жайылымдық жерден осы ауылға ауыстырса Қарабұлақтың еңбекқор халқы әлімсақтан бос жатқан жерді бау-бақшаға айналдырып жіберер еді. Жалпы, ойланатын мәселе. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов айналымнан шығып қалған 70 мың гектар суармалы жерді қалпына келтірді. Ауыл шаруашылығының өнімділігін көтеруге білек сыбанып кірісіп жүр. Жер жоқтықтан жайылымдық жерді өз күштерімен суармалы жерге айналдырған қарабұлақтық шаруаларға осы шетін мәселенің оңтайлы шешілуіне септессе болар еді. Шаруалар алаңдамайтындай ұзақ мерзімді жалға беру болса да.
Алақандай жерде отырған Қарабұлақ ауылының жарты Қазақстанды етпен қамтамасыз ететіндей қауқары барын жоғарыда айттық. Осындағы мал базарына көрші үш-төрт ауданнан жүздеп мал әкелінеді. Біреуі қайтпайды. Орта бағасын шығарып, тұтасымен сатып алатын байпатшалар бар. Тірсегіне сүйеніп әзер жеткен мал екі-үш айда жұнттай болып семіріп шыға келеді. Саумалап сұрамасаң мал баққан шаруа ішкі құпиясын аша бермейді. Тіл-көзден қорқады. Бәсекелестердің көбейетіндігінен де қауіптенетін болар. Әйтсе де осылардікі дұрыс. Ешкімге алақан жаймайды. Жұмыс, көмек сұрап әкімдік есігін қақпайды. Барқырап арақ ішіп, көшеде жүрмейді. Қыс бойы мал бордақылап, көктемнен күзге дейін егіндік басында жүреді. Осы ауылда 12,5 мың Батыр ана бар. Баланы дүниеге әкелу бақыт деп есептейді.
– Біздің Қарабұлаққа Манкент, Сайрамдағы ағайындар қызын бермейді, – деп күледі әкім. – Ертеден қара кешке дейін жұмысқа салып қояды деп қорқады. Ал, бізден қыз алуға бәрі құштар.
– Қарабұлақтан қыз алсаң картошкасымен қосып береді деген сөз бар, – деп күледі Шавхат.
Түсінікті ғой. Бұл ауылда еңбекке жарағанның бәрі жұмыста. Сондықтан уайымсыз. Қарын тоқ, көйлек көк.
– Елбасымызға рахмет айтады шаруалар, – деді қоштасарда әкім. Еңбек жасаймын деген адамға бәрі бар. Мемлекеттік көмек алып жатыр. Тексерушілер қоқаңдап келе беруді қойды. Жер – біздің анамыз. Басқа не керек.
Жұмыссызы жоқ ауылдан көңіліміз тоғайып қайттық.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сайрам ауданы,
Қарабұлақ ауылы.