20 Мамыр, 2011

Дерек пен дәйек

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
5,5 миллиард жылу маусымына осынша қаржы бөлінбек «Қыс шанаңды жаз сайла» деген тәмсілді басшылыққа алған қызылордалықтар алдағы жылу маусымының қарекетіне осы бастан кірісіп кетті. Атап айтқанда, алдағы жылу маусымында қа­жет­ті отын қорын сатып алу үшін 5,5 миллиард теңге қарасты­ры­лып жатыр. Бұл сомаға 46,2 ша­қырым су-кәріз жүйелері, 20,2 ша­қырым жылу желілері, 12 үл­кен қазан­дыққа жөндеу жұмыс­та­ры жүргі­зіледі. Сонымен қатар 78,5 мың тонна қатты отын, 57,6 мың тонна сұйық отын сатып алынады. Бұдан бөлек, облыс бойынша 71 кіші қазандық жөндеу жұ­мыс­тарын қажет етеді екен. Сондай-ақ 301 білім мекемесіне, 338 ден­саулық сақтау орталығына, 277 мә­дениет нысанына және 543 тұр­ғын үйге жөндеу жүргізу жос­парланып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, бү­гін­де Қызылорда қаласы бойынша коммуналдық төлем қарыздары 1,4 миллиард теңгеге жеткен. Оның 519 миллион теңгесі тұр­ғын­дардың мойнында болса, қал­ғаны жылу орталықтарына тиесілі екен. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда. 8,1 млрд. теңге өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша  жалпы құны осынша қаржы болатын 8 жобаны  жүзеге асыру көзделген Мемлекет басшысының жол­дау­­ларында индустриялық-ин­но­ва­циялық даму бағдарламасы ар­қылы өндірісті өркендетуге ай­рықша көңіл бөлініп келеді. Өт­кен жылы өңірде осы бағытта іске қосылған іргелі кәсіп­орын­дарда жаңа жұмыс орындары ашы­лып, халықтың күнкөрісі ай­тар­лықтай жақсара түсті. Солар­дың қатарында құрылысы қар­қынды жалғасқан республикалық картадағы «Мойнақ» су электр стансасы мен Жетіген – Қорғас те­мір жол желісінің ағымдағы жылы ел игілігіне берілетіні қуанышты. Тәуелсіздік мерейіне арнал­ған толымды тартулардың қата­рын­да индустриялық-иннова­ция­лық бағдарлама аясында жалпы құны 8,1 млрд. теңге болатын 8 ин­вестициялық жобаны орындау күн тәртібіне қойылған. Бағ­дар­ламаның тиянағы келтірілгенде, жаңа жұмыс орындары ашылады және оның өңір экономикасына тың серпін қосатын болады. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. 200 000 000 Рудный жолдарына осынша теңге бөлінеді Бұрын  Рудный қаласындағы ішкі жолдарды жамап-жасқауға жыл сайын 15-20 миллион теңге бөлінетін. Ал биыл осы мақсат жолында  200 миллион теңге игерілмек. Қаланың біраз жыл­дар­дан бері жөндеу көрмей, ойылып кеткен жолдарының барлығы  қал­пына келтіріледі.  Бұл қала көркін арттырумен қатар, көлік пен жүргіншілерге қолайлылық та туғызады. Өткен жылы жазда қаланың  қақ ортасындағы  ұзын көше жөнделген болатын. Сонымен қатар, қаладағы  жы­лу  құбырлары да жамауға зәру болып тұр.  Қаланың орта­лық жылу құбырын жөндеуге об­лыс бюджетінен қомақты қаржы бөлінді. Соколов-Сарыбай кен өн­діру бірлестігі ішкі көше­ара­лық жылу құбырларын   қалпына келтіруді өз мойнына алып отыр.  Өндіріс алыбы осы мақсатқа 200 миллион теңге қарастырып та қойды. Жаз бойы кеншілер қаласының  көшелері жөндеу-құрылыс алаңына айналады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Рудный.