Бүгінгінің баласының басты ермегі көгілдір экран мен компьютер. Таңнан кешке дейін теміржәшікке өзгенің өнегесін қызықтап отырады. Сол ұлттық болмыс-бітімімізді бала түсінігіне сай көрсететін қазақ тілді балалар телеарнаның жоқтығы. Елбасының өзі қозғау салуынан қолға алынған, “Балапан” телеарнасының ашылуы барша қазақстандықтар үшін өте қуанышты сәт болды. Басылымдар жарыса жазып, балақайлар асыға күтті. Бұл “Балапан” телеарнасы көрермені көп, жақсы бағдарламалар ұсынатын телеарна болады. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдеріне, тіпті өз жеткіншектерімізге қазақ тілін үйретуде, халқымыздың рухани дүниелерін таныстыруда үлкен рөл атқарады. Бүлдіршіннің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсуіне көп көмегін тигізеді деген үкілі үміт те басым болғаны рас. Бағдарламалары үш жастан он жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналған телеарна да өз жұмысына сол үмітті ақтасақ деген ниетпен кіріскені де оның әр хабарынан байқалып-ақ тұрды. Жас буынның ұлттық және мәдени тұлғасын қалыптастыру, отанға деген сүйіспеншілік пен үлкендерге деген ізеттілікке үйрету мақсатында бірқатар бағдарламалар өмірге келді. Осы арада бір айта кететін жайт «Қазақстан» телеарнасы сөйтіп, 2010-2011 жылдарға “Алақай, Балақай!” (спорттық ойын-сауық бағдарламасы), “Айжұлдыз” (көпшілік-танымдық бағдарламасы), “Кел, ойнайық!” (танымдық шоу бағдарламасы), «Шеберхана», “Әліппе” (оқу-танымдық бағдарламалары), “Ән салайық!” (барлық отбасы үшін музыкалық ойын-сауық шоу бағдарламасы), “Ғажайыпстанға саяхат” (оқу-танымдық анимациялық сериалы) секілді бірқатар бағдарламаларды шығарса, жас көрерменге бұрыннан танымал “Айгөлек” музыкалық шоу бағдарламасы, “Еркетай” оқу-танымдық және “Толағай” отбасылық-спорттық шоуы да балалардың ынтыға күтетін хабарларына айналды. Сонымен қатар, әлемдегі балаларға арналған ең үздік анимациялық фильмдердің қазақ тіліне аударылуы да өте құптарлық жайт болды.
Әрине, бұрыннан көрсетіліп келе жатса да бұл хабарлар, әсіресе, «Айгөлек» пен «Еркетай» көрерменін жалықтырып алған жоқ, қайта жеткіншектердің үлкен-кішісі бірдей тамсана тамашалайтын бағдарламалардың біріне айналды. «Алақай, балақай!» да көрерменін баурап әкетті. Балаларды шынықтырып, бишілік өнерге бейімдейтін, жылдамдыққа баулитын, көңілді әуенмен әрленген бұл бағдарламаның эстетикалық тәрбиесі зор десек, «Әліппе» оқу-танымдық бағдарламасының балаларға үйретері көп қызықты тақырыптарға құрылғаны да қуанышты жайт. Әрбір әріпке байланысты өлең-тақпақтар оқылып, мақал-мәтелдер жаттатқызу, жолда жүру ережелерін тартымды етіп түсіндіріп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін бүлдіршін ой-өрісіне лайықты тәсілдермен түсіндіру бағдарламаның үлкен жетістігі деп айтуға болады. Ақын-жазушылардың жыл мезгілдеріне байланысты жазылған шығармаларын нанымды көріністер арқылы бала көңіліне тоқи білу де, кішкентайларға әріп үйрете отырып, танымал таланттарымызбен таныстыру тәсілі де бағдарламаның шыққан биігінің бірі. Ал «Ойлан да, тап» бағдарламасы бүлдіршіндерді бүгінгі ғылым жаңалықтарының қыр-сырына үйретер, зерделіні жетелеп, таңғажайыптармен табыстырар танымдық дүние. Әрине, бір өкініштісі балаларға арналған ұлттық туындыларымыздың аздығы. Бұл жерде де «Балапан» арнасы амалсыздан аудармаға тәуелді болып отыр. Күн сайын көрсетілер «Вильгельм Тельдің жаңа хикаялары», «Түнгі баққа саяхат», т.б. мультхикаялар бұл сөзімізге дәлел. Осы арада ата-ананың баламыз ұлттық телетуындыларды тамашалап, жүзеге толық аспай, сүйікті кейіпкерлерімен қауышады деген үміті әзір отырғанын да айта кеткен жөн.
Ендеше, бала санасына ата-баба қастерлейтін имандылықты ұйыту, ұлтымызға тән, халқымыздың қанына біткен әдет-ғұрыптарды үйретуді де алдағы уақытта осы бағдарлама арқылы қолға алсақ, нұр үстіне нұр демекпін. Иә, өзге елдің «Банкті тонау» секілді хикаясын қызықтағанша, халқымыздың Жиренше шешен, Алдар- көсе, Ертөстік сияқты аңыз-әпсаналар мен бауырмалдыққа, батылдыққа, ел қорғар ерлікке үндейтін «Батырлар жырының» кейіпкерлерімен экран арқылы жүздесіп жатса, бұл ертеңгі күні ұлтым деп ұран салар ұл-қыздарымыздың тәлім-тәрбиесіне оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Халқымыздың табиғатына жақын «Ән салайық!» балаларымызға да ұнайтын бағдарламаның бірі. Дегенмен, осы бағдарлама әлі де болса көп ізденісті талап ететін сияқты. Олай дейтініміз, балаларға арналған ән репертуары күрделі. Кей әндердің жаңылтпаш құсап оп-оңай айтыла салмайтындығынан кішкентай әншілеріміз сөздерін жаттай алмай ауыздарын жыбырлатып, үйретушіге жаутаңдай қарап әлекке түсіп жатады. Мысалы, «Шахтер туралы әнге» құлақ түрелік: «Шахтерді ел біледі, оған сарай жер асты. Көмір қазып жүреді сорғалатып тер ащы», деген жолдарды бала түгілі өзіміз де мүдіріп айтатынымыз ақиқат десек,
«Табынды өзім суарып-ей,
Шалғынға айдап барамын, деп келетін бүлдіршіндер үшін түсініксіз мәтіннің оларды қызықтырмасы анық. Бір сарынмен айтылған ауыр ән ырғағын жарты сағатқа жуық қайталаған жүргізушілердің өзі де жалыққандай. Әрине, көңілсіз әуен мен бүлдіршіндер үшін беймәлім бақташы мен шахтер тірлігі оларға қызықсыз болғаны көрініп-ақ тұр. Сондай-ақ, бір сарынды ырғақпен жарапазан мақамына келетін «Теке жайындағы әннің» де бала жадында жатталып қалуы екіталай-ау. Бұл бағдарламаға жұрт жадында жүрген, айтуға жеңіл балалар әндерін неге ұсынбасқа.
Тағы бір ойға оралған пікір-жүргізушілердің киім үлгілері. Бағдарламаның басым көпшілігінде жүргізушілердің қара түсті, не болмаса қоңырқай киімге үйірлігі байқалады. Негізінен, балалар бағдарламасын жүргізушінің киімі ашық түсті, баланың көңілін жадырататындай болуы қажет-ақ. Өзі жүргізетін хабардың мазмұнына сай, ертегі әлемінің кейіпкеріндей киініп шықса, тіпті тартымды көрінер еді. Және бір көңілге кірбің ұялатар жайт, ашылғанына небәрі 7-8 ай ғана болған телеарнаның қоры сарқыла бастағаны. Соңғы кезде қай уақытта қоссаңыз да бірнеше рет көрген бағдарламаны қайта беріп жататынына бүлдіршіндер көңілі толмай-ақ жүр. Балалардың барлық бағдарламаны жаттап алғаны соншалық, жауыр бола бастаған арнаның құлағын басқа жаққа бұрай салатынын көзіміз көріп те жүр. Әрине, жаңа ғана қанат қаққан «Балапанға» осынша сын айтқанымыз артық та шығар. Дегенмен, сын түзелмей, мін түзелмес. Біздің тілегіміз бар қазақтың үмітін арқалаған «Балапанның» қанаты қатая түссе дейміз.
Базаркүл АХМЕТ, журналист.