Президент Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауында білім мен ғылым мәселесіне ерекше мән бергені белгілі. Әсіресе, білім саясатын іске асыру туралы ұсыныстары Қазақстанда өркениетті мемлекет құру ісін жандандыра түспек. Осыған орай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың білім саясатының іске асырылуын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұжымының жұмыстарынан байқауға болады.
Бұл шаңырақтан жыл сайын мыңдаған жас мамандар түлеп ұшып, кең-байтақ еліміздің әр түрлі аймақтарыңда білім, ғылым, тағы басқа көптеген салаларда жемісті еңбектер атқарады, қазір де атқаруда. Олардың ішінде есімдері тек елімізде ғана емес, әлемнің біраз жерлеріне белгілі болған ұлы тұлғаларымыз да баршылық. Бүгінгі күнге дейін университетіміздің тарих талқысының талай-талай сындарынан мүдірмей өткені көпшілікке аян. Кеңес империясын дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен еліміздің өз тәуелсіздігін жариялап, егемендікке жол тартқан қиын жылдары да университетімізде біраз игі істердің атқарылғандығын ешкім де жоққа шығармайды. Дегенмен осы кезеңдерде «қазақ» – деген қасиетті аттан айырылып, «Алматы университеті» болып кішірейіп қалғанымыз да, еліміздің педагогика саласында бұрынғы жетекшілік рөлін әлсіретіп алғанымыз да тарихи шындық.
Бұл әттегенайды Елбасы Н.Ә.Назарбаев түзетіп берді. Президент өзінің көрегендігін, болашақты болжай алатын даналығын танытып, қара шаңырақтың 75 жылдық мерейтойы қарсаңында «Алматы мемлекеттік университетін» Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне айналдыру туралы жарлығын жариялап, көпшілікті бір қуантып тастаған болатын.
Сонымен, 2008 жылдың көктемінде университет ректоры болып педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Пірәлиев тағайындалды. Елбасы жаңа ректорды тағайындау сәтінде оған жоғары білім шаңырағының еліміздегі педагогикалық саладағы бұрынғы жетекшілік рөлін қайта қалпына келтіруді және әлемдік жоғары білім деңгейіне ұмтылуды қадап тапсырғанын да білеміз. Әдетте жаңадан келген ректордың факультет декандарын өз қалауынша ауыстыра бастайтындығы көпшілікке белгілі жағдай болса керек. Бірақ университет басшысы бұл мәселеде ұжым күтпеген тосын шешім қабылдап, тәуелсіз елімізде біртіндеп қалыптасып келе жатқан демократия мен жариялылықтың, әділеттіліктің жақсы бір үлгісін көрсетті.
Ол факультет ұжымдарына баламалы жағдайда конкурс арқылы өз декандарыңызды сайлап алыңыздар деп үлкен сенім артты. Ашық жиналыста сайлау емес, ұсынылған кандидатураларға бүкіл ұжым болып жасырын дауыс беру арқылы сайлау өткізілді. Сонымен біраз факультеттер осы мүмкіндікті пайдалана отырып өз декандарын сайлап та үлгерді. Кейіннен мұндай тәжірибе кафедра меңгерушілерін конкурстық негізде сайлау барысында да қолданыла бастады. Осындай жолмен сайланған лауазымдар ғана университет ғылыми кеңесінің келісімімен, ректордың бұйрығымен бекітілетін болды. Жаңа басшы университеттің ең жоғары басқару органы әр факультет профессорлары мен оқытушыларынан, студенттер өкілінен құралған 70-тен астам мүшесі бар ғылыми кеңес екенін қадап айтты, оны сөз жүзінде емес, іс жүзінде де қолға алатындығын, өзінің ұсыныстары мен шешімдерін кеңес талқысына салып қолдау тапқан жағдайда ғана іске асыратындығын ресми түрде мәлімдеді. Бұл солай болды да. Осы уақыт ішінде ғылыми кеңес талқысында қолдау тапқан ректордың тың ұсыныстары бойынша біраз келелі де игі істердің атқарылғанына университет ұжымы куә болып отыр.
Ғылыми кеңестің шешімімен сырттан тәжірибелі сарапшылар шақырылып, тәуелсіз жағдайда аудит жүргізу арқылы университетіміздің құрылымдары мен сан қырлы салаларына жан-жақты тексеру жүргізіліп, онда анықталған кемшіліктер мен кейбір келеңсіздіктер ашық айтылып, олармен күресу жолдары, оны ендігі жерде болдырмау шаралары қарастырылды.
Университет басшысының шешімімен әр факультетте ректор поштасының жәшігі қойылып ұжымның барлық мүшелері мен студенттері өз ұсыныстарын, пікірлерін, орын алып отырған кемшіліктер туралы хат арқылы мәлімдеуге мүмкіндік алды.
Сынақ кезінде кейбір студенттердің емтихандардан білімі арқылы емес, басқа заңсыз жолдармен өтіп кетуі, ал оған жекелеген оқытушылардың жол беруі сияқты келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында емтихандардың барлығын бір орталықта тәуелсіз жағдайда компьютер арқылы өткізу шаралары ұйымдастырылды. Жариялылық пен әділдіктің бір белгісі, университетіміздің профессорлары мен оқытушыларын ғылым мен білімге сіңірген еңбектері, жеткен жетістіктері үшін марапаттау жағдайында байқалды. Ендігі жерде ұжым мүшелерін әр түрлі наградаларға ұсыну әуелі кафедрада, факультеттерде жан-жақты талқыланып, ғылыми кеңес талқысынан өткеннен соң ғана ректор оған әрі қарай ұсыныс жасайтын болды.
Білім беру саласының бір кепілі, ол оқу орындарының материалдық-техникалық жағдайына байланысты екені белгілі. Кейінгі 30-40 жыл бойы жаңғыртылмаған зертханалық құрал-жабдықтар университет ұжымының тікелей бақылауымен қазіргі заманауи лабораториялық жабдықтармен жаңғыртылды.
Соңғы үш жылдан бері университетіміздегі тәрбие жұмысы жаңа тәлімгерлік жүйеге көшірілді. Бұл бойынша ректордан бастап қатардағы оқытушыға дейін әрқайсысына 10 студенттен бөлініп беріледі де, олардың ендігі жердегі оқу үлгерімі, тыныс-тіршілігі, тұрмысы бәрі тәлімгердің назарында болады. Негізгі талап, кез келген студент, кез келген уақытта өзінің тәлімгеріне толғандырған мәселесі бойынша жолығып, ақыл-кеңес ала алатындай жағдай жасау. Бұған әсіресе шалғай ауылдардан келген студенттер өзі оқып жүрген білім ордасынан тағы бір қамқоршысын, ата-анасын тапқандай қуанып жүр.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті еліміздегі педагогикалық оқу орындарының көшбасшысы, базалық орталығы болғандықтан, біз орта білім жүйесін 12 жылдыққа көшіру мәселесінен тыс қала алмайтындығымыз анық. Осы салада бірқатар игілікті істер де атқарылды. Атап айтқанда, университетіміз еліміздегі басқа да педагогикалық жоғары оқу орындарының оқытушыларымен, ғалымдарымен бірлесе отырып 12 жылдық білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандартын жасап шығарды және оның әр деңгейі бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асырды. Кейінгі екі жылда университет бакалавриат, магистратура, докторантураның 48 педагогикалық мамандықтары бойынша мемлекеттік стандарттың жобасын дайындап, министрлікке бекітуге ұсынды. Сондай-ақ біздің профессор-оқытушыларымыз 12 жылдық мектептің барлық негізгі пәндерінің типтік оқу бағдарламаларын дайындап отыр. Университет ұжымының қатысуымен 12 жылдық мектептің негізгі оқу пәндері бойынша 300-ден аса оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, жұмыс дәптерлері, хрестоматиялар дайындалып, басып шығарылды.
Қазіргі таңда университет ұжымы 48 педагогикалық мамандық бойынша оқу бағдарламаларын бітіріп, оқу жоспарларын, оқулықтарын дайындау үстінде. Оқу орнымыздың базасында арнайы ғылыми-зерттеу институтын ашып, сол мекемеде әр мамандық бойынша мектепке дейінгі білімнен бастап магистратураға дейінгі пәндердің бірегей жүйесі әзірленуде.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев былай деген болатын: «Біз өзіміздің ұлттық ойлау жүйемізді, тарихи танымымызды, рухани мәдениетімізді барынша терең дамыта отырып, барлық салада рухани тәуелсіздікке жетуіміз керек». Шынын айту керек, тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдай уақыт өтсе де біздің ой-танымымызда осы мәселе жетіспей тұр. Оны жетістіруге жетелейтін нәрсе тәрбие ісі, анығырағы ұлттық тәрбие жүйесі жасалып, жолға қойылуы тиіс. Ұлы жазушы М.Әуезов: «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе», деп бекер айтпаған. Отбасынан бастап бақшадағы, мектептегі, колледждер мен жоғарғы оқу орындардағы оқу-тәрбие жұмысы жолға қойылып, бұған жалпыхалықтық, мемлекеттік бетбұрыс жасалуы қажет. Оның кілті – мектепте. Өйткені мектеп белгілі бір жүйенің ғана тапсырмасын орындап, қарап отыратын орын емес, нағыз адамды тәрбиелеп өсіретін, демократиялық қоғамның азаматын қалыптастырып, тәрбиелеп шығаратын киелі шаңырақ. Мектептегі басты тұлға – мұғалім. Міне, біздің университет, негізінен, осындай тұлғаларды тәрбиелеп шығаратын еліміздегі ең үлкен қарашаңырақ. Сондықтан университетіміздің ғылыми кеңесінің 2009 жылдың 20 қарашадағы шешімімен 2009-2010 оқу жылы тәрбие жылы деп жарияланған болатын. Тәрбие жылы аясында университет көлемінде көптеген игілікті іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтатын болсақ, студенттердің «Этикалық кодексі» қабылданды, ұлттық тәрбие құндылықтары мен халықтық педагогикаға негізделген «Ұлттық тәрбие» пәні оқу үрдісіне енгізілді. Осыған байланысты «Ұлттық тәрбие» кафедрасы ашылып, бүкіл республикаға тарайтын осы аттас ғылыми-көпшілік журналы шығарыла бастады. Осы орайда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында «Ұлттық тәрбие жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесі» құрылғанын атап өткен жөн.
Қазіргі кезде біздің оқу орнымыз университеттердің халықаралық қауымдастықтарына мүше болып отыр. Италияның Болон университетінде университеттердің ұлы хартиясына қол қою арқылы білім берудің әлемдік кеңістігіне енудің қадамдары жасалды. Болон Декларациясының талаптарына сәйкес университетіміздің құрылымына бірсыпыра өзгерістер енгізілді, алдағы істеріміздің стратегиялық бағыттары белгіленді. Сөйтіп Елбасымыз ұсынған білім беру реформалары аясында ғылым мен тәжірибенің бірлігі, ең озық инновациялық технологияларды, ақпараттық және есептеу техникаларын енгізу жүзеге асырылуда. Студенттердің, магистранттардың, докторанттардың, профессорлық-оқытушылық құрамының компьютер мен электронды техниканы меңгеруіне, әлемдік Интернет жүйесіне еркін еніп қалаған ақпарат деректерін қиындықсыз тауып алуына қол жеткізілді. Сонымен қатар физика-математика мамандықтарын ағылшын тілінде оқытуды жүзеге асыра бастады, енді биология, география, педагогика, психология мамандықтарын да ағылшынша оқытуды ұйымдастыруды қолға алып отыр.
Университеттің зиялы қауымы, білікті де білімді ұстаздары, ынтымақты, саламатты ұжымы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», тәуелсіз еліміздің көгілдір байрағын биік ұстап, Елбасы Н.Ә.Назарбаев алға қойған биік мақсаттарға қарай жол тарта бермек.
Раушанбек ӘБСАТТАРОВ, Абай атындағы Қазақ ҰПУ Магистратура және PhD докторантура институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор.