21 Мамыр, 2011

Түркі өркениеті және Тәуелсіз Қазақстан

1608 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығына арналған «Түркі өркениеті және Тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастады. Екі күнге созылатын бұл шараға әлемнің 18 елінен, АҚШ, Батыс Еуропа, Ресей, Польша, Венгрия және түркі мемлекеттері елдерінен 200-ге тарта ғалымдар жиналды. Осыдан бір жылдай уа­қыт бұрын Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен түркі мемлекет басшылары­ның ІХ саммитінде Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркологиялық зерттеулермен айналысатын халық­аралық ғылыми-зерттеу ор­талық – Түркі академиясын Қазақстанда ашуды ұсынған болатын. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы ұсынысы түркі мем­ле­кеттерінің басшыларынан қол­­дау тауып, түркі халық­тарының кіндік елі, ата жұрты атанып отырған тә­уелсіз Қазақстанның жаңа елордасы Астана қаласында өткен жылдың соңына таман Түркі халықаралық акаде­мия­сы ша­ңырақ көтерді. Оның президенті болып ха­лықаралық қа­у­ымдастыққа та­нымал түр­колог ғалым Шәкір Ыбыраев тағайын­далды. Жаңа құрылған жас академия еліміздің Білім және ғылым министрлігінің қол­дауы­мен, осы сәтті көптен күткен әлемнің түрколог ға­лымдарының ынтымақ­та­суы­мен  бірден іске кірісіп кетті деп айтуға болады. Аз уақыттың ішінде өзінің кі­тапханасын ұйымдастырып, түрколог ғалымдардың ба­сын қосуға арналған біршама шараларды өткізіп үл­герді. Қазірдің өзінде әлем­нің әртүрлі елдеріндегі түр­кітанушы ғалымдардың 40 томға жуық еңбектерін жи­нас­тырып, баспаға әзірледі. Бұл жұмыс одан әрі де жал­ғасын таба беретін болады. Ал Түркі академиясының Білім және ғылым минис­трлігінің қолдауымен Астана төрінде осы шараны ұйым­дастыруы оның алғашқы қыз­метіндегі бір үлкен белес болғаны анық. Астанадағы «RAMADA PLAZA» қонақүйінің мәжі­ліс залына жиналған тарих, археология, тіл білімі, әде­биет­тану, этнология, этно­графия, мәдениеттану, өнер­тану, философия, әлеумет­тану салалары бойынша іргелі еңбектер жазып жүрген көрнекті түрколог ғалымдар­дың екі күндік басқосу жиы­ны салтанатты жағдайда ашылды. Оған қатысқан Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Ел­басы­ның құттықтау хатын оқып берді. «... Өткен жылы түркі тілдес мемлекеттердің саммитінде қол жеткізген келісім бойынша Астана қала­сында Түркі академиясы ша­ңырақ көтерді. Ол түркі ха­лықтарының ортақ құнды­лық­тарын әлемдік өркениет аясындағы зерттеулерінде дү­­ние жүзінің түркітанушы ғалымдармен тізе қоса оты­рып, бірлік пен ынтымақ­тастықтың аясында шынайы ғылыми ізденістерге  ұмты­луды мақсат етеді. Қазақ­станның қазіргі ішкі және сыртқы саясатындағы ұста­ным­дарына лайық түр­коло­гиядағы ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары, сон­дай-ақ алдағы міндеттері бү­гінгі ғылыми жиынның өзек­ті тақырыбына айналады деп сенемін. Қазақстанның ор­та­лығы Астанада ашылып отыр­­ған «Түркі өркениеті жә­не Тәуелсіз Қазақстан» ха­лық­аралық-түркологиялық кон­фе­ренцияның дүние­жү­зілік ау­қым­ды тың идеялар­ға, терең ізденістерге бастама болуына шын жүректен тілектестігімді білдіремін», деп­ті құттық­та­уын­да Елбасы. Мұнан кейін министр келген қонақтарға биылғы жылы түркология тақырыбында 20 жоба бойынша зерттеулердің бас­талғандығын мәлімдеді. Кон­ференция жұмысына та­быс тіледі. Осы жиынға арнайы қа­тысуға келген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасеи­нов осы ұйымның атқарып отыр­ған қызметіне, халық­аралық деңгейде ұйымдас­тырып жат­қан шараларына біраз тоқтала келе солардың қатарында түр­кі халықтары­ның ортақ мерекесі  – наурыз мерекесінің ЮНЕСКО-ның штаб-пәте­рін­де аталып өткен­дігін, «Ләйлі-Мәжнүн» опера­сы­ның 100 жылдығы ұйымдас­тырылған­ды­ғын атап өтті. Со­нымен қа­тар, 2010 жылы Анкарада өт­кен түркі тілдес мемлекет бас­шыларының онын­шы саммитінде ТҮРКСОЙ-дың 2012 жыл үшін Астана қаласын түр­кі мәдениетінің астанасы ретінде жариялауды ұсынғанын жеткізді. Астанада Түркі ха­лық­аралық академиясының құ­рылуын түркілер рухания­тын әлемге танытудың үлкен бір жолы ретінде атап көрсетті. Сөз кезегін алған Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраев елімізді мекен ететін ұлттар мен ұлыс­тардың бейбіт тірлік кешуі, біртұтас Қазақстан халқының өзінің кемел болашағына кәміл сенуі – алдымен, Қазақстан Респуб­лика­сының Тұңғыш Пре­­зи­денті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың дана сая­саты­ның көрінісі, оның елді бас­қарудағы көрегендігінің бел­гісі деп бағалады. «Мемлекеттің баянды да­муын оның интеллектуал­дық ұлтты жасайтынын әрдайым атап көрсетіп келе жатқан Ел­басы интеграциялық үдеріс­терді нығайтатын кез келген шараларды қолдап отырады. Сондай игі жұмыстардың бірі – туыстас түркі халықтарының арасын жақындастыра түсетін, олардың білім мен ғылым жү­йесінде, мәдени-рухани сала­сын­да байланысын арттыра­тын әлемдік түркология ғылы­мының жандануына жағдайды жасап отыратындығын ата­ғаны­мыз абзал» деді. Шәкір Ыбыраевтың ай­туынша, дүние жүзі халық­тары­ның үлкен бір тармағын құрайтын түркі этносы туралы ғылыми зерттеулердің бас-аяғын түркология ғылымы деп атау – орныққан дәстүр. «Соң­ғы екі ғасыр ішінде түр­кология ғылымының дамуына негіз болған ғажайып экс­педициялар ұйымдастырылып, іргелі зерттеулер жүргізілді. Әлем түркілер деп аталатын тылсым дүние сырын ашты. Оның адамзат дамуына қосқан үлкен үлесін көрді», дей келе бір уақытта Еуропада дүниеге келген әлемдік түркологияның ғылыми үйлестіру орталығы енді оның өз отанына орал­ғандығын, бұл жағдай осы ғы­лымның еркін, алаңсыз тыныс­тауына, саясатқа мойын­ұсын­бай қанат жаюына, ең бас­тысы, түркілердің өз тари­хын әділ бағалауына мол мүм­кіндіктер беретіндігін атап көрсетті. «Біз бүгін тарихи, саяси, мәдени жағдайларға қатысты дамып келе жатқан түрко­логияның сипатын алдымен методология жағынан жи­нақтап алуымыз керек. Біріншіден, дәстүр бойынша түр­кологияны тіл білім шең­бе­рінде қарастыру орын алған. Ал қазіргі түркология – түркі халықтарының тілін, тарихын, әдебиетін, фольклорын, этно­графиясын, философиясын, өне­­рін тұтастай да, саралап та зерттейтін кешенді ғылым. Екіншіден, салыстырмалы ти­по­логиялық зерттеу түрко­ло­гия­ның өзегі болып та­былады. Бұл түркілік мәде­ниет­тің жал­пылық және жал­қылық белгілерін білу үшін қажет. Үшін­шіден, зерттеу жұ­мыстарының ең басында ал­дымен терминдерді, ұғым­дар­ды, энцикло­педия­лық анық­­тамаларды жолға қоюы­­мыз қажет. Онсыз жи­нақтау жұмыс­тарын жүргізу мүмкін емес» деген тұжырым­дамасын жеткізді. Осыған орай Түркі ака­демиясының алдына әлемдік түрколог ғалымдарды қатыс­тыра отырып, түркология жө­нінде халықаралық зерттеулерді жүргізу, түркологтардың халықаралық комитетін құру, түркі тілдері мен әдебиеттері деректерінің бірыңғай халық­аралық базасын, электронды кітапханасы мен мұрағатын қалыптастыру, түркі жазба ескерткіштерін жүйелеу, шағын санды түркі халықтарының бірлесіп тұратын жерлеріне экспедициялар ұйымдастыру, шығыс елдерінің кітапхана­лары мен архивтерінде сақ­талған түркі халықтарының тарихи құжаттарына сүйене оты­рып, көне түркі халық­тарының орналасу картасының көшірмелерін әзірлеу секілді аса өршіл міндеттер қойылған. Шәкір Ыбыраев конференция қонақтарын осы іске үлес қосуға шақырды. Сөз кезегін алған Татарстан Республикасы ҒА академигі Мирфатых Закиев Татарстан ғалымдарының осы конференцияға жолдаған қызу құттықтауы мен сәлемін жеткізе келе, осындай үлкен үйлес­тіру орталығының құрылуына қам­қорлық жасаған Қазақстан мем­лекетінің басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевқа деген үл­кен құрметі мен алғысын білдірді. Түркі өркениетінің терең тамыры және тәуелсіз Қазақ­стан тақырыбында әңгіме қозғады. Түркиядан келген Ататүрік  мәдени орталығының президенті, А.Ясауи атындағы Ха­лық­аралық қазақ-түрік универ­ситетінің өкілеттік кеңес төр­ағасы доктор Осман Хората түркі халықтарының отақ мәдениеті мен тарихын бірлесіп зерттеуге бағытталған Түркі академиясының және бүгінгі оның ұйымдас­тыруы­мен өтіп жатқан конференция жұмысына үлкен табыс тілеп, «Түркі мемлекеттері тәуелсіз­дігінің құрылу кезеңі және Түркі академиясы» деген та­қырыпта сөз сөйледі. Салтанатты ашылудан кейін өткен пленарлық мәжілісте М.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университеті Азия және Африка елдері институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Михаил Мейер, Ш.Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының директоры, Қыр­­­ғыз Республикасы ұлттық академиясының академигі   Аб­­дылдажан Ахметқалиев, Вен­герия Ғылым академиясы Этнография институтының аға ғылыми қызметкері Дәуіт Шомфаи Қара, Өзбекстан Ғы­лым академиясының академигі Ахметали Асқаров, Әзір­бай­жан Ұлттық академиясы Тарих институты Ежелгі тарих бө­лімінің ғылыми қызметкері Заур Гасанов және басқалар сөз сөйлеп, түркология сала­сының әр тарамдары бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды. Қыр­ғызстаннан келген Абдыл­дажан Ахметқалиев 183 мың жолдан тұратын қалыңдығы бір қарыс, салмағы жеті кило болатын Манас жырының Са­ғынбай Оразбақов жырлаған нұсқасын Түркі академиясына тарту етті. Біз осы аралықта конфе­ренцияға қатысушы бірқатар ғалымдардың ой-пікірлерін сұ­раған едік. Құныпия Алпысбаев, филология ғылымдарының док­торы Түркі халықаралық ака­демиясының аға ғылыми қыз­меткері: «Түркі акаде­мия­­сы­ның ашылуы, соның ішінде ол өткізіп отырған осы конфе­ренцияның ма­ңызы зор. Сан мың жылдық тарихы бар түркі халықтары осы уақытқа дейін әртүрлі саяси жүйеде өмір сүріп келгені, түркі халықта­рының өркениеті туралы көз­қарас­тарды осы уақытқа дейін Батыс Еуропаның, Ресейдің ғалымдары қалыптастырып кел­гені белгілі. Енді осын­дай халықаралық үйлестіру орта­лығының пайда болуы­ның нә­тижесінде халық­аралық зерттеулер неғұрлым әділетті жүр­гізіліп, олар жү­йелі негізге қойылады деп есептеймін». Қаржаубай Сартқожаұлы, филология ғылымдарының док­торы, профессор, Еуразия ұлттық университетіндегі Ал­тай және түркітану ғы­лыми-зерттеу орталығы­ның дирек­торы: «Басқосу­дың ұй­ым­­дас­ты­рылуына кө­ңілім то­лып отыр. Түрко­логия ғы­лымы «классикалық түрко­логия» және «жалпы түр­кология» деп екіге бө­лінеді. Клас­сикалық түрко­логия ғы­лымы түркі ха­лықтары бір-бірінен бөлін­беген 15-16 ға­сырларға дейінгі кезеңді зерт­тейді. Жал­пы түркология бөлін­геннен кейінгі кезеңді зерттеуге ар­налған. Қазақ­стан­дық түр­колог ғалымдар осы Түркі академиясының құ­рыл­ған­дығын пайдалана оты­рып, ендігі кезекте көне түркі тарихындағы қазақ халқы­ның орны мен үлесін сал­мақтап, осы мәселемен те­реңірек шұғылданғаны жөн. Біз жоғалтқанымыз көп ха­лықпыз. Бізде түркология кенжелеп дамығандықтан біз өзімізге қатысты тарихтың біразынан айырылып қал­дық. Енді осы олқылықтың орны толады ғой деп ойлаймын». Дәуіт Шомфаи Қара, Вен­герия Ғылым акаде­мия­сы Этнография инсти­ту­тының аға ғылыми қыз­меткері: «Мен қазақ тілін жақсы білетін мажарстандық атақты түрколог ғалым Эштван Қоңырдың тәрбие­сінде болдым. Сондықтан өзім де қазақ тілін жақсы білемін. Осы конференцияға үлкен үмітпен келіп отыр­мын. Ол үмітім ақтала­тындай. Жалпы бүгінгі күнді әлем түркологтарының үл­кен бір мейрамы деп айтуға болады. Бұл жақсылықты бізге Қазақстан жасады. Сондықтан Қазақстан бас­шылығына үлкен алғысым­ды айтамын». Анна Дыбо, Ресей Ғы­лым академиясының кор­респондент-мүшесі: «Кеңес одағының тұсында түрко­логия ғылымы жақсы да­мыған еді. Әр ел өз тә­уел­сіздігін алғанда түрколог­тар арасындағы байланыс та әл­сіреп, әркім өз бетінше жұмыс істеді. Түркология ғы­лымы әлсіреді. Енді Қа­зақстанда олардың басын қосатын Түркі академия­сы­ның құрылуы бұл елдегі мемлекеттік саясаттың бар­ған сайын кең тынысты, терең мәнді бола түскендігін көрсетеді. Бұл біздің ортақ игілігіміз». Пленарлық мәжіліс аяқ­талғаннан кейін конференция жұмысы секциялары бо­йынша жалғасты. Екі күннің ішінде 200-ге тарта баяндама тыңдалып, талқы­лауға түс­пек. Ойлап қара­саңыз, осы­ның өзі үлкен қазына. Бұл қазына енді Түркі акаде­миясының меншігіне айнал­мақ. Сан та­раулы түркі тілдеріне ау­дарылып, бірте-бірте жүйеге түспек. Сон­дықтан аталған конфе­рен­ция­ның тек Қазақ­стан үшін ғана емес, бүкіл түркі халқы үшін, әлемдік тарих ғылы­мының сан түрі саласы үшін маңызы зор деп есептейміз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.