21 Мамыр, 2011

Көші-қонды реттеу тетіктері

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ел Парламенті Халықаралық еңбек ұйымымен, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығымен және БҰҰ Әйелдер ұйымымен бірлесе отырып, кеше елордада «Көші-қонды реттеудің құқықтық тетіктері – халықаралық стандарттар және ұлттық заңнама» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Аталған шараны Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Р.Мұ­қашев жүргізіп отырды. Ал осы палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитеті­нің төрайымы Д.Нөке­таева,  Еуропа одағы делегация­сы­ның басшысы Но­р­берт Жюстен, Астанадағы ЕҚЫҰ ор­талы­ғы­ның басшысы Александр Кель­чев­ский және Женевадағы Ха­лық­­аралық еңбек ұйымының өкі­лі Патрик Таран сөз сөйледі. БҰҰ мәліметінше, 2010 жылы  әлемде 214 миллион адамның кем дегенде бір жылдай өзге елдерде жүрулеріне тура келген. Соның 105 миллионы экономикалық белсенді немесе өз еңбегіне төлем­ақы ала­тын жағдайда болыпты. Егер бір жұмыс істейтіннің қа­сында тағы біреудің ере жүретінін ес­керсек, онда миграцияның 90 па­йызы жұмыс пен еңбекке тұру­мен байланысты. Мысалы, Батыс Еуропада жалпы жұмысшы­лар­дың 10 пайызын шетелдіктер құ­раса, Австрия, Канада және АҚШ сияқты иммиграциялық елдерде ол 15 пайызға жеткен.  Ха­лық­ара­лық еңбек ұйымының өкілі Патрик Таранның пікірінше, еңбек көші-қоны қоғамдық ауқатты­лық­ты қамтамасыз ету үшін қозғалт­қыш күш болып саналады. Осы ретте женевалық өкіл бұл мәселе ұлттық қауіпсіздік пен аумақтың тұтас­тығына нұқсан келтіретін проблема ретінде танылып келе жатқан­дығымен ой бөлісті. БҰҰ-ның Мигранттар және олар­дың отбасы жөніндегі халық­ара­лық конвенция еліміз тарапы­нан ратификацияланған. Комитет төр­айымы Д.Нөкетаева әйтсе де ТМД елдерінде мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құ­қы әлі де заңдық тұрғыдан қор­ғалып отыр­мағандығын атады. Қазір Қазақ­станда бұл мәселе 1997 жылы қа­былданған «Халық­тың көші-қоны туралы» Заңмен реттелуде және  2007-2015 жыл­дарға арнал­ған көші-қон саясатты тұжырым­дама­сы аясында шешімін табуда. Еліміз бүгінгі таңда этникалық миграция­ны реттеуге ерекше көңіл бөліп келеді. Жыл сайын 20 мың отбасы­ның келуіне квота қарастырылған. Оралман­дар­дың басым бөлігі ең­бекке жа­рамды болса, келуші­лер­дің 18 жас­қа дейінгілерінің өзі 40 па­йызды құрайды. Ал зейнет жа­сын­дағылары жалпы оралман­дар­дың 5 пайызы ғана. Отырыс барысында мигранттар құқын қорғау, еңбек рыногына қолжетімділікті қамтамасыз ету, гендерлік тендік, әлеуметтік қорғау, тұтқындау және еңбек мигрант­тарын депортациялау мәселелері жан-жақты сөз болды. Аталған шара  2009 жылғы осы мәселеге қа­тыс­ты семинардың заңды жалғасы, ал заң жобасының өзі үстіміздегі жылдың тамызына дейін қабыл­данады деп күтілуде. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.