21 Мамыр, 2011

Қырда қимыл қызды

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанайлық диқандар  дән себуді бастады. Көктемгі дала жұмыстары барлық аудандарда қатар жүріп жатыр. Өткен аптада бір күн жауып өткен жаңбыр диқандардың  көңілін көтеріп тастады. Мамандар жердің  ылғалы жеткілікті,  дән сіңіруге топырақ бабында деп отыр. Бүгінге дейін аудандарда бар­лығы 100 мың гектар жерге бидай себілді. Сонымен қатар  150 мың гектарға майлы да­қыл­дар,  картоп, бақша өнім­дері, көкөніс және жемдік  жү­гері мен бір жылдық шөп егілді.  Бұл дақылдардың көлемі 200 мың гектарға жеткізілмек. Биыл  облыста барлығы 4 миллион 500 мың гектарға  егін егілмек. Оның ішінде  4 миллион 300 мың гектары дәнді дақылдар да, қалғаны жаздық  егістің еншісінде. Биыл көктемгі дала жұ­мыстарына  облыста тыңғылық­ты дайындық жасалды. Техника бүтін, жанар-жағармай жеткілікті. Облыс диқандары  өткен қуа­ң­шылық жылдары да  ылғал жабу технологиясының арқасында  қам­баны астықсыз қалдырған жоқ. Мамандар мен тәжірибелі диқандардың  биыл топырақ ылғалы жеткілікті болады деген болжамы бар.  Қазір бар­лық  астық алқабының жарты­сынан көбі үздік технологиямен өңделеді. Әрине, бұл технология үшін техника сай бо­луы керек. Меңдіғара ауда­нын­дағы  Қазақстанның Еңбек Ері  Сайран Бұқанов басқаратын «Каркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникасын  түгелімен жаңартқан болатын. Сондықтан олар  соңғы жыл­дары  ылғал жабу техноло­гия­сының  нәтижесін көріп келеді. Қамысты ауданындағы  Алтын­сарин атындағы, Әулиекөл ауда­нындағы «Диев» шаруа­шылықтары мен Қостанай ауданындағы «Заречный» ғы­лыми-тәжірибе орталығы  ас­тық өндірудің түгелдей осы жаңа әдісіне көшкен. Оларға  ілесу үшін ірілі-уақты шаруа­шылықтардың  барлығы да  алдымен техникасын  түген­деуге мән беріп отыр. Санаулы күнді сапалы пайдаланып қалғысы келген диқандар қырда дүбірді тоқтатпақ емес. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
Соңғы жаңалықтар