21 Мамыр, 2011

Адамзатты алаңдатқан атом

526 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Англия астанасында ядролық тежеу проблемаларына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр Кеше «Тежеу: өткені және келешегі» деген тақырыпта екі күндік халықаралық конференция басталды. Бұл әлемдік деңгейдегі ауқымды шараны Еуропаның көшбасшылық желісі мен Стэнфорд университетінің Гувер институты және «Ядролық қатерді қысқарту жөніндегі бастама» қоры бірлесіп ұйымдастырып, демеушілік жасап отыр. Аталған конференцияға Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегация қатысуда. Иә, соңғы 20 жылда әлем айтарлықтай өзгеріске ұшы­ра­ды. Бірақ ядролық қатер бұлты толығымен сейілді деуге бол­майды. Ядролық қаруы бар және оған қол жеткізуге ұм­тыл­ған мемлекеттер қатары артып отырған қазіргі кезде тежеу тұжырымдамасы мен практи­ка­сы әлі де болса көкейкестілігін жойған жоқ. Осы себепті бү­гін­гі көпполюсті әлем, оның көп ­түрлі қауіп-қатерін ескере келгенде, тежеуді тұжырымдама­лық және практикалық тұрғы­дан қайта қарауды талап етеді. Бұл дүние жүзі елдеріне өзде­рі­нің ұлттық қауіпсіздік саясатын қазіргі күн шындығына ба­рын­ша жақындата түсу үшін де қажет. Осы арада Қазақстанның өз тәуелсіздігіне қол жеткізе салы­сымен, 40 жылдан астам уақыт бойы аузынан ажал шашқан Семей атом сынақ полигонын жау­ып, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқанын, сөй­тіп халықаралық қоғамдастық­қа теңдессіз үлгі-өнеге көрсет­ке­нін еске сала кеткеннің ар­тық­тығы жоқ. Англия астана­сын­да өткен ауқымды халық­аралық конференция бары­сын­да Қанат Бекмырзаұлы Қазақ елінің осын­дай дүние жүзі үшін маңызы зор бастамасы туралы да жан-жақты әңгіме қозғады. Шынтуайтына келгенде, осы ала­пат қару ойлап шы­ға­рыл­ғалы бері оның бір ғана мәр­те қол­да­ныл­ғаны белгілі. Екінші дүние­жүзілік соғыс аяқ­талар тұста Аме­рика Құрама Штат­тарының Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бом­ба­ларын тастап, «сы­нақ» өткізгені мәлім. Бір ерекше атап көр­се­те­тін жәйт, содан бергі 66 жыл ара­лығында жер жа­һан­ның тү­кпір-түкпірінде бірқатар ірілі-ұсақты соғыстар мен қақ­ты­ғыстар орын алғанына қарамас­тан, осы алапат қару екінші қай­тара ажал сеппепті. Бірақ бүгінде оның пай­да­ла­ныл­майтынына ешкім де то­лық­тай кепілдік бере ал­майды. Бұл қатерлі қарудың, әсі­ре­се тер­рор­шы-лаңкестердің қолына түсу қау­пін де жоққа шығаруға бол­майды. Ал Лондонда өтіп жатқан конференция Ресей, Оңтүстік Корея, Франция мен Ұлыбританияны қо­са алғанда барлығы 13 елдің мем­лекет қайраткерлері жария­ла­ған және олардың ядролық қа­рудан ада әлем құруды қалай көретіндері мен көз алдарына елестететіндері туралы сөйле­ген сөздері мен түсінікте­ме­ле­рі­не негізделіп отыр. Мұның атал­ған шетін проблеманы шешу жо­лын­дағы үнқатысуды ин­терна­ция­ландыруда төтенше пайдалы екені күмәнсіз. Конференция сондай-ақ өткен жылдың қарашасында аме­ри­ка­лық қатысушылар үшін Стэн­форд университетінің Гувер инс­титутында ұйымдасты­рыл­ған осын­­дай жиындағы тал­қылаулар мен қорытындыларға да негізделген екен. Сол жолғы басқосудағы жұмыстардың ма­ңыздылығы сонда, күш-жігерді барлық ұлттар үшін кепілдендірілген қауіпсіз­дік­ті қамтамасыз етуге жұмсай отырып, ядролық тәуекелдерді қазіргі қалып­тас­қан деңгейден де азайтуға жағ­дай туғызуға, сөйтіп тежеудің жаңа, бұрынғыдан да орнық­ты­рақ пішінін табуға ба­ғыт­тал­ған­дығы бо­лып табылған кө­рінеді. Ал Лондон конферен­ция­сы бұ­ған дейін аталған тақы­рып­та ұй­ымдас­ты­рылған бас­қо­су­лар­дың қо­ры­тын­дыларын тал­қы­лау­ға мүм­кіндік беріп жат­қан­ды­ғымен құнды болып отыр. Сонымен қатар, бұл шара ха­лықаралық қауіпсіздіктің ағым­дағы және болашақтағы өңір­лік перспективаларын жақ­сы­рақ түсінуді қоса алғанда, тежеу жөніндегі халықаралық үн­қа­ты­суды қосымша ынта­лан­дыруға жәрдемдеседі деп күтілуде. Ұлыбританияның бұрынғы қорғаныс министрі Дес Браун мен Орталық барлау басқар­ма­сы­ның (АҚШ) бұрынғы ке­ңесшісі Джордж Шульц, АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі Уильям Пери мен АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хат­шы­сы, белгілі политолог Генри Киссинджер және бұрынғы сенатор Сэм Нанның (АҚШ) ұйыт­қы болуымен ұйымдасты­рыл­ған халықаралық конфе­рен­цияның алғашқы күні «Қыр­ғи-қабақ соғыс» заманы өткенімен, жаңа қауіп-қатерлер бой көр­се­тіп отырғаны, соның бір па­ра­сы ядролық қару түрлері болып табылатыны жан-жақты талқы таразысына салынды. Сондық­тан прогрессивті ойлайтын адам­зат ядролық қауіп-қатерді тежейтін тетіктер ойластырып қана қоймай, кейбір келте топ­шылайтын керітартпа көзқа­рас­тағыларға, оның соңы жа­һан болашағы үшін болжап білуге болмайтын қасіреттер әке­летініне көз жеткізу мақса­тын­да ұтымды ұсыныстар әзір­леу­ге ұмтылуы қажеттігіне баса назар аударылды. Жалпы, ядролық қарудың жа­сап шығарылуы мүлдем жаңа факторлар туындатты. Ал­ғаш рет соғыстың бастапқы кезе­ңінде-ақ қарсыласыңды ба­рын­ша мол құрбандықтарға ұшыра­татын мүмкіндік пайда болды. Өзара кепілді жою доктринасы бұл шындықты айғақтап тұр­ды. Осы себепті тежеудің ядро­лық қаруға негізделген үш элементі төбе көрсетті: Біріншіден, бұл – ешқандай тарихи тәжірибесі жоқ, нақты есептеулерге тәуелді айтарлық­тай психологиялық фактор. Екін­шіден, ядролық қару қол­да­нудың салдары өте-мөте ауыр болады. Супердержавалар ара­сын­дағы ядролық соққымен алмасулар өркениетті өмірдің та­мы­рына балта шабады. Үшін­­ші­ден, өзара кепілді жоюлар ядро­лық қару қолдануға жаппай нара­зылық пен қарсылық туғызады. Мұның бәрі – табиғи құбылыс, адам­зат өзінің болашағы үшін қауіптенеді. Мәселен, 1945 жылдан 1991 жылға дейін Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттары яд­ро­лық қару ешқашан қолда­ныл­ма­ғанын қалады. Ал ядро­лық қару­лары бар елдер қатары өсе түсіп отырған қазіргі шақта әлемдік қоғамдастық өз тағдыры үшін дәл осындай деңгейде жауапкершілік таныта ала ма? Лон­дон­дағы ха­лықаралық конфе­рен­ция­ға қатысу­шы тараптар осы өзекті мәселе туралы жан-жақты сөз қозғап, оның жауабын табуға тырысты. Жасыратыны жоқ, бүгінде қауіпсіздікке жаһандық қатер­дің үрей туғызатын жаңа спектрі пайда бола бастады. Бұлар – ха­лықаралық, биологиялық және ра­диологиялық қарулар­ды қоса ал­ғанда, үлкен қасі­рет­ке ұрынды­ратын лаңкестік пен киберсоғыс, сондай-ақ кли­мат­тың өзгеруіне немесе қор­ша­ған ортаның өзге де проб­ле­маларына байланысты орын алуы ықтимал табиғи апаттар. Осы себепті, аталған қауіп-қатерлерді оң шешу үшін оның тиімді стратегиясы жасалуы тиіс. Келесі бір назар аударатын мәселе – тежеудің немесе, бас­қа­ша айтқанда, қорғанудың, негізгі бір элементі ретінде яд­ро­лық қа­руға ұзақ мерзімді иек арту атал­ған қару түрінің та­ра­луына «кешіріммен» қарауға итер­мелесе, бұл өз кезегінде таратуды бол­дырмау, ядролық материалдарды қорғау және жаңа қатерлерге қар­сы тиімді жұмыс жүргізу үшін қажетті ынтымақ­тас­тыққа айтар­лық­тай салқынын тигізетін фактор болып та­бы­ла­ды. Әлемдік қо­ғамдастыққа, міне, осы ма­ңыз­ды мәселені түй­сіну мен сезіну қазіргі таңда өте-мөте қажет-ақ. Халықаралық жиында ядро­лық қаруы бар елдерге, әсіресе, ұзақ жылдар бойы атом қа­руы­ның мол қоры жинақталып үл­герген Ресей мен АҚШ-қа өз ар­сеналдарын қысқарту қажет екендігі де атап көрсетілді. «Әри­не, бұл аталған екі елге ядролық қару түрінен мүлдем бас тарту керек дегенді білдірмейді. Ол қару өзге елдер тара­пынан жасалуы ықтимал агрес­сияны тежеу үшін де қажет саналады» деген тұрғыда уәж айтушылар да жеткілікті бол­ды. Бірақ бір нәрсе анық: тұ­тас­тай алғанда, Ресей мен АҚШ ядролық қаруларын қысқарту үдерісін жалғастыруы тиіс. Бұл аталған екі елді және де Еуропаны қауіпсіз ете түседі. Сондай-ақ әлемге үлгі ретінде ұсынылады. Кейбір елдер ядролық қа­руын әлі де болса өз қауіп­сіздігінің тікелей кепілі ретінде қарастырып келе жатқаны жа­сы­рын емес. Мұндай ұстаным­ға көп жағдайда көрші елдің бірінде ядролық қару пайда болған жағдайда басымдық берілетіні аян. Осындай ұстаным, өкінішке қарай, дүние жүзінде ядролық қаруға ие болғысы келетін мемлекеттер қатарын кө­бейтуі де ғажап емес. Сон­дық­тан Жер шарының қауіпсіздігі мәселесіне бей-жай қарай ал­май­тын прогрессивті көзқарас­та­ғы адамзат аталған проб­ле­ма­ны шешу үшін күш-жігерін екі еселеуі керек. Түйіндей айтқанда, кепілді тежеу үдерістерінде мемлекет басшылары мен жалпы жұрт­шылыққа үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ол үшін қазірде бар және пайда болуы ықтимал қатерлерді түйсіне білу керек. Жанжалдардың алдын алу мен оны болдырмаудың және проб­лемалы өңірлерде тұрақтылық­ты ұлғайтудың өмірлік маңызы жоғары. Ядролық тежеуге ұлт­тық көзқарастың оң үдерісін қалыптастыру да проблеманы шешу ісіне өзіндік үлес қоса­тыны анық. Осы тұрғыдан келгенде, бұл мәселеде Қазақ­стан­ның ұстанымы айқын. Ол – ядросыз әлем құру. Халықаралық конференция бүгін жұмысын жалғастырады. Ал кешегі халықаралық конференция басталар алдында Қанат Саудабаев Ұлыбритания Премьер-министрінің қауіп­сіз­дік жөніндегі аға кеңесшісі Джу­лиян Миллермен кездесті. Онда Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы сұхбаттасына Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кемэронды Қазақ­стан­ға шақыруын табыс етті. Кейін белгілі болғанындай, ша­қыру ризашылықпен қабыл­дан­ған. Жалпы, Ұлыбритания премьер-министрлері елімізге сапармен келіп көрмепті, егер кезінде осы мемлекеттің үкі­ме­тін басқарған Маргарэт Тэт­чер­дің Алматы әуежайына жолай тоқтағанын есептемегенде. Сондықтан екі елдің қарым-қатынасын сапалық жаңа дең­гейге көтеретін алдағы Қазақ­ста­нға сапардың маңызы жо­ғары болатыны даусыз. Қанат Саудабаев келесі кезекте Лондон ситидің (Англия астанасындағы іскерлік аудан) болашақ лорд-мэрі Дэвид Вуттонмен кездесті. Д.Вуттонмен әңгіме мазмұндылығымен ерек­ше­ленді. Англия астанасының әлем­дегі аса ірі қаржы орта­лығы болып табылатындығын ескере келгенде, қазақстандық компаниялардың қазірдің өзін­де қаржыларын осындағы қор биржаларына орналастырып жатқандығы қуантады. Есесіне ситиде орналасқан ағылшын компанияларына да ендігі жерде Қазақстанның ин­дустриялық-инновациялық бағ­дарламасына қатысуына зор мүм­кіндік ашылмақ. Бұл арада байланыстар технологиялар, банк қызметі, сақтандыру және кә­сіп­тік-техникалық білім беру сала­ларында орнайды деп күтілуде. Кездесу соңында Қанат Саудабаев Дэвид Вуттонды өзінің алдындағы лорд-мэрлер секілді Қазақстанға келіп-кетуге шақырды. Сөйтіп, Д.Вуттон қызметіне ресми кіріскен кезде бұл мәселе оң шешілетін болып келісілді. Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан» – Лондоннан.