«Дәніккеннен – құныққан жаман». Құлқынның құлы болудан сақтандыратын осы бабалар өсиетін ұстанғанның адаспасы анық. Бірақ, екінің бірі осы жолды ұстана ма, мәселе осында. Қоғамды дендеген кеселдің алдын алуға белсене кіріскен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Болашаққа – жемқорлықсыз!» шарасы Астанадан басталса, Жетісу өңірінде жалғасып, көпшіліктен қолдау тапты.
Мемлекет басшысының сындарлы саясаты мен ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын ерекше белсенділікпен атап өтудің кепілі саналған маңызды шара республикалық желілік кестеге сәйкес облыстық партия филиалы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес, облыстық прокуратура, сот және қаржы полициясы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық аумақтық басқармасы-Тәртіптік кеңесінің бірлесуімен өтті. Онда партия филиалы төрағасының орынбасары С.Әбдіқадыров «нұротандықтар» қоғам дамуына кедергі болатын сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге батыл кіріскендер жеткізді.
Жұмыс нәтижесіз емес. Биыл облыстық партия филиалы мен аудан, қалалардағы бөлімдер, қоғамдық кеңестерде жемқорлыққа байланысты заң талабына сәйкес жұмыс жүргізілген. Сондай-ақ партия беделін көтеру, ұйымды саяси сауатты, елі мен жері үшін адал қызмет ететін қызметкерлермен толықтыруға ерекше мән берілгенін де айтып өтті.
Жиында облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің жауапты қызметкері А.Бекбосынова өткен жылы жұмысты жоғары талап тұрғысында жалғастыру барысында сыбайлас жемқорлққа бой алдырған 51 қылмыс тіркелгенін назарға ұсынды. Сондай-ақ 35 қылмыстық іске қатысты тергеу амалдары аяқталған. Өндірісі біткен қылмыстық істердегі шығын көлемі 2,7 млн.теңгені құраса, оның 1,3 млн.теңгесі мемлекет қоржынына қайтарылыпты.
Мемлекеттік қызметкердің Ар-намыс кодексіне кір келтіріп, пара алу ісі бойынша 20 қылмыс ашылған. Осындай қызмет бабын жеке бас қамы үшін пайдаланғандар арасында басшы қызметкерлердің болуы өкінішті екені де әңгіме арқауына айналды.
«Нұротандықтар» мен қаржы полициясы бірлесіп, қоғамның жегі құрты жемқорлықты болдырмау, қарапайым халықтың сенімін ақтау және мемлекеттік саясатқа сай жұмысты жалғастыруға ден қойылып, байыпты істер жүргізілуде.
Қазіргі кезде облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде «Болашаққа –жемқорлықсыз» шарасына орай азаматтарды қабылдау, сенім телефонымен хабарласуына толық мүмкіндік жасалған.
Өңірде шараға байланысты оқу орындарында «Таза сессия» шарасы да кеңінен етек алған. Бұл мәселе жөнінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры Е.Дүсіпов әңгімеледі. Арнаулы комиссия жұмысы көп мәселеге назар аударуы барысында жең ұшынан жалғасқан деректер кездеспепті. Көбіне жұртшылықтың назарындағы ішкі істер саласы қызметкерлерінің де осы бір жат әдеттен аулақ болуына назар аударғандар сөзі де орынды деуге болды.
Жаман әдет – жабысқақ. Көздің «құрты» – дүние-байлыққа қол жеткіземін деп арынан ада болатын жемқорлықты ауыздықтау, болдырмау жайы осылай өткір әңгіменің өзегіне айналды. Ол жай ғана ұранмен емес, нақты жұмыспен жалғасатыны қуантады.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.