25 Мамыр, 2011

Мінгені астындағы – МИГ-31

419 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Ұшқыш-штурман, аға лейтенант Есілбек Омаров туралы бір үзік сыр Әуе қорғанысы күштері – еліміздің әуе шебін қорғауды қамтамасыз ететін, мемлекеттік, әкімшілік және әскери нысандарды әуе шабуылынан қорғайтын, қарсыластардың негізгі әскери және әскери-экономикалық қуатын құрайтын нысандарды жоятын, әуе шабуылы жөнінде ескерте алатын Қарулы Күштердің түрі. Ол сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа да әскер түрлері мен тектеріне авиациялық қолдау көрсетуге, әскери әуе десантын түсіруге, әуе арқылы әскерлер мен материалдық жабдықтарды тасымалдауға арналған. Қазіргі таңда Қазақстан әуе кеңістігінің тыныштығы сенім­ді қолда деуге болады. Елі­міз­дің Әуе шабуылынан қорғаныс жүйесі заман талабына сай зениттік, авиациялық, радиоэлек­трондық техникамен жабдық­талған. Қарулы Күштердің страте­гия­лық дамуы шеңберінде Әс­кери әуе күштерінің даму кон­цепциясы жасалынған. Осы құ­жаттың негізінде СУ-27 ұшақ­тары мен жауынгерлік тік­ұшақтар қайта жаңартудан өтіп үлгерді. Соңғы он жылдың ішінде 100-ден астам авиа­ция­лық техника күрделі жөндеуден өтіп, тактикалық-техникалық көр­сеткіштерін жақсартты. Кадр даярлау мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Бұл ретте Ақтөбе қаласындағы Әуе қор­ғанысы күштері әскери инсти­тутының рөлін жоғары бағала­ған жөн. Әскери оқу орнын бітірген түлектер бүгінде Қарулы Күштеріміздің қатарында Отан қорғаушысы деген атқа кір келтірмей адал қызмет етуде. Солардың бірі Солтүстік Қазақ­стан облысындағы Тимирязев ауданының Рассвет ауы­лында 1984 жылы дүниеге келген Есілбек Жеңісұлы Омаров. Ол 1990 жылы Тимирязев жал­пы орта білім беретін гимназия­сының бірінші сыныбына ба­рып, аталған мектепті 2001 жы­лы бітірген. Содан соң ұшқыш мамандығын таңдады. Бала­сы­ның бұл ойын құп көрген әкесі Жеңіс Зағыпарұлы мен анасы Елена Сейітқызы арман қуған ұлына ақ жол тілеп, Ақтөбе қаласына шығарып салды. Есілбек сол жылы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Тал­ғат Бигелдинов атындағы Ақ­төбе Жоғарғы әскери авиация­лық училищесіне оқуға түсті. Осында оқып жүрген кезінде аталмыш оқу орны 2003 жылғы 10 шілдеде Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасы Қару­лы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты болып қайта құрылды. Қызығы мен қиыншылығы мол курсант­тық өмір де зымырап өтіп жат­ты. Институт қабырғасында мол теориялық білім алған жігіт 2004 жылы 3 қыркүйекте алғаш рет Як-18Т ұшағының штурвалына отырып, арман биігіне құлаш ұрды. 2005 жылдың 22 қазанында жоғарыда аталған институтты бітіріп, алғашқы офицерлік шенін алды. Оқуын сәтті аяқтаған соң лейтенант Есілбек Омаров Жетіген кентіндегі әскери бөлімге арнайы жолдамамен келіп, осында алғаш­қы әскери еңбек жолын бастады. Кейін Қарағанды қаласындағы Кеңес Одағының Батыры ұшқыш Нүркен Әбдіров атындағы әскери бөлімге ауысты. Есімі елге танымал батыр атын­дағы әскери бөлімде қызмет ету аға лейтенант Есілбек Омаров үшін үлкен мақтаныш. Аспанға самғап, бір күндік жолды бір сағатта ұшып келудің де қиын­шылығы мен қызығы жеткілікті. Әскери ұшқыш Отанына шынайы беріліп, елі мен жерін сүйген па­расатты, адал адам болу керектігін Есілбек ешқашан естен шығарып көрген емес. Сол себепті ол көп ізденеді, алдыңғы толқын ағалар­дың ақыл кеңесін тыңдайды, күн ұзақ ұшу алаңында болып, ша­буылдап-жойғыш МиГ-31 ұшағы­ның кешенді-тренажерінде жат­тығудан жалықпайды. Жуырда Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен аға лейтенант Есілбек Жеңісұлы Омаров қызмет ететін әскери бөлімнің жауынгерлік кезекшілікте тұрған авиациялық техникасымен, техни­калық лабораториясымен таныс­ты. Сапар барысында ел Президентіне шабуылдап-жойғыш МиГ-31 ұшағының жұмыс регламенті мен осы ұшақтың кешенді-тренажері көрсетілді. Әскери қызметшілермен жүз­дес­кен Президент Қорғаныс ми­нис­трлігінің басшылығы армия­ның жауынгерлік қабілетін арт­тыруға барынша көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы олардың қызметіне, әс­кери ант пен борыштарына адал­дықтары үшін алғыс сезімін жеткізді. Бүгіндері Жоғарғы Бас қол­басшының тапсырмасымен әскер­лер заман талабына сай авто­маттандырылған басқару жүйесі­мен және жоғары дәлдікті қарумен жабдықталған. Әскери әуе күш­терінің иелігіндегі дыбыстан жыл­дам жауынгерлік ұшақтар мен армиялық авиацияның тікұшақ­тарының жалында ойнап жүрген­дердің дені өзіміздің қандас­тарымыз. – Осы уақытқа дейін еліміздің әуе шебін қорғаушы өзіміздің Әуе қорғанысы күштерінің ұшқышта­рымен бірге бірнеше рет ірі халық­аралық жаттығуларға қатыс­тым. Былтыр 9 жеке авиация жаттығулары өткізілді. Әуе қор­ғанысы күштерінде жалпы ұшу 25 мыңнан аса сағатты құраса, әрбір жекелеген ұшқыштың орташа ұшуы – 83 сағат болды. Бұл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері армиялары бойынша ең үздік көрсеткіш болып табылады. Әсіресе, 2010 жылы Астана қа­ласында өткен әскери шеруге қатысқанымды мақтан тұтамын. Әуедегі көз қуантар қозғалыста төрт Су-27 жауынгерлік ұшақта­рының сүйемелдеуімен екі Ил-76 әскери-транспорттық ауыр ұшағы мен Л-39 оқу-жаттығу ұшақтары­ның қоршауындағы екі Ан-26 лайықты көрініс берді. Сондай-ақ, көктегі керуенде Су-25, МиГ-27, МиГ-29 тәрізді азулы шабуылдау­шы, бомбалаушы ұшақтар да көпшілік назарына ұсынылды. Сол күні әуе сапында соңғы толқынның ұшақтары саналатын, жауынгерлік мүмкіндіктері жетіп артылатын өзім мініп жүрген МиГ-31 ұшағын жерде тұрып отан­дастарымның өз көзімен кө­ріп тамашалағаны маған үлкен әсер етті, – дейді ұшқыш жігіт бізбен әңгімесінде. МиГ-31 – екі орынды, күй тал­ғамайтын, дыбыстан да жылдам алыс қашықтықты меңгеруге ар­налған әскери ұшақ. Бұл әуе мәшинесі күндіз-түні, ауа райы­ның қолайсыздығына қарамастан төмендегі, орта және биік қашық­тықта ұшып жүрген әуе нысан­дарын дәл тауып, оны бортында орналастырылған жойқын қару-жарақпен жойып жібере алады. Оның сондай-ақ, өзіне қарсы жіберілген белсенді және баяу радио­локациялық бөгеулер мен жалған жылу нысаналарынан қорғана алатын­дығын, оған қарсы әрекет етуге мүмкіндігі барлығын айтқан жөн. Жұптасып ұшқан төрт МиГ-31 ұшағы 800-900 шақы­рымға созылған әуе кеңістігін бақылай алады. Шабуылдап жойғыш МиГ-31 ұшағының пайда болу тарихы жөнінен біраз мәлімет бере кеткенді де жөн көріп отыр­мыз. МиГ-31 жойғыш ұшағын жасау 1968 жылы А.И.Микоян атындағы құрас­тыру бюросында басталды. 1979 жылы ұшақтың алғашқы нұсқасы тұңғыш рет сынақ алаңына жолдама алды. Ұшақ штурвалына отырған сынақшы-ұшқыш А.В.Федотов аспан кеңістігінде самғап, тапсыр­маны ойдағыдай орындап шық­ты. Сөйтіп 1981 жылдан бастап, Горький қаласында ұшу сынақ­тарын іске асыру үшін аталған ұшақтың бастапқыда екі, кейін төрт, одан соң алтауы шыға­рылды. Әуе шабуылына қарсы қорғанысқа жаңа ұшақтар 1983 жылы қатыса бастады. Ал одан бір жыл кейін дүниеге келген Есілбек сол МиГ-31-мен бұл күнде ми шайқалтар биіктіктерді бағындырып жүр. Бүгінгі күнге дейін ұшқыш-штурманның жалпы ұшуы 230 сағатты құраса, оның 200 сағаты МиГ-31-дің үлесіне тиеді. Жас әскери ұшқыштың ойынша елімізді кез келген уа­қытта қорғауға дайын болу үшін көбірек ұшудың зияны жоқ, қайта пайдасы көп. Авиациялық базаның мемлеке­ті­міздің орталығында орна­ласуы бас қаламыз Астананың әуе қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Қарағанды аймағының өндіріс нысандарын қорғауға, қорғаныс қабілеттілігімізді ны­ғай­туға жасалған нық қадам­дардың бірі болып табылады. Ол әрбір әскери қызметшіден жауынгерлік парызын орындау­да жоғары жауапкершілік пен саналылықты, кәсіби даярлық­ты қажет етеді. Бұл қасиеттер өздігінен келмейтінін, оның ізденіс арқылы, оқу-жаттығулар барысында қа­лып­тасатынын ол жақсы түсі­неді. Және де алғашқы күннен ақыл кеңестерін айтып, тәжіри­белерімен бөліскен, байыпты бағыт бағдар берген алдыңғы толқын өкілдері эскадрилья командирі майор Юрий Артемовке, өзі ұстаз тұтатын майор Нұртай Амантаев пен капитан Дмитрий Кравцовқа деген риза­шылық сезімін жасырмайды. – Жеке құрамның қатары жыл сайын арнайы білімі бар, жалындаған жас мамандармен толығып келеді. Өз болаша­ғынан мол үміт күттіретін­дердің қатарына ұшқыш-штур­ман аға лейтенант Есілбек Омаровты жатқызуға болады. Ол өзінің кәсіби даярлығының жоғары екендігін бөлімге келген алғашқы күннен-ақ байқат­ты. Әріптестері арасында беделі биік, абыройы асқақ. Сүйікті жары Сафура екеуі өрімдей екі қыз өсіріп отыр. Оның үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсете­тіндігі үлгі алуға тұрарлық қасиеттерінің бірі. Қысқаша айтқанда әрбір ұшу сапары сайын Есілбектің төбесі көкке жеткендей күй кешетіндігі шындық, – дейді командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқық­тық жұмыстар жөніндегі орын­басары подполковник Бауыр­жан Әжуметов. Олай болса әскери ұшқыш аға лейтенант Есілбек Омаров­тың ұшу сандары мен қону сандары тең болсын дейміз. Жүніс ОРМАШҰЛЫ, полковник.