Көпшілік жақсы біледі дегенмен, барша жұртқа баян болған «Дубровский» хикаяты атақты Александр Пушкиннің аса танымал прозалық шығармасы екенін еске түсіре өткеніміз артық болмас. Біз аталмыш шығармаға оның орыс әдебиетіне тиесілі төл туынды бола тұра, белгілі бір шамада қазақ қаламгерлігіне де қатыстылығы бар екендігі орайында оралып отырмыз.
«Дубровский» – Пушкиннің көзі тірісінде жарық көрмеген һәм аяқталмаған еңбегі деп саналады. Зерттеушілердің пікірінше, шығарманың сюжеті өмірде болған нақты адамдар бастан кешірген шын оқиғалардың желісінен түзілген. Орыс әдебиетінің тарихында аталған хикаят (кейде роман деп те аталады) Владимир Дубровский мен Мария Троеукурова арасындағы сүйіспеншілікті бейнелейтін ерекше сипатымен дараланады. Шығарма оқиғасы екі алпауыттың жауласу хикаясынан өрбісе де, сайып келгенде, сол қастасқан екеудің перзенттері бастан кешіретін шынайы сезімдер арқылы махаббат идеалын биіктете түседі.
Қазақ әдебиетінде Пушкин шығармашылығын зейіндеудің Абайдан бастау алатын дәстүрлі бағытын Шәкәрім Құдайбердіұлы жемісті жалғастырғаны мәлім. ХХ ғасыр басында Шәкәрім Пушкиннің «Метель», «Дубровский» хикаяттарын қазақ тіліне аударды. Ол «Метельді» «Боран» деп қазақшалады.
Мың сегіз жүз он бір жыл шамасында,
Он екінші жылменен арасында.
Саврило Сагролвич дейтұғын бай,
Отырған Нинандырып қаласында, – деп басталатын «Боран» поэмасы алғаш рет 1936 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланған еді.
«Шәкәрімнің халық бірден қабылдаған, жыр етіп айтып, көшіріп оқыған, бірақ кешеуілдеп, кітап бетін 1924 жылы ғана көрген, оның есесіне ақын өлімінен соң, 1935 жылы қайыра жарияланған (баспаға шығарған Бейсенбай Кенжебаев) ең елеулі еңбектерінің бірі – «Дубровскийдің» өлеңмен жасалған аудармасы» дейді халық жазушысы Мұхтар Мағауин.
Жалпы, Шәкәрімнің пушкинтануға қосқан қомақты қолтаңбасын айқындайтын осы аударма еңбектерінің екпін түсіре айтатын ерекшелігі – Пушкин прозасының қазақша өлең тілімен сөйлеуі еді.
Жазбаймын дәл өзінше Пушкин сөзін,
Қазақтың шағылдырар надан көзін.
Ғылымнан көзілдірік кимеген ел,
Туралап көре алмас деп күннің көзін, – деп айтқанындай, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығарманың қалыптасқан жанрлық ерекшелігін оқырманның қабылдау деңгейін ескере отырып өлең сөзге өзгерткен бұл шығармашылық әдісі орта ғасыр поэзиясындағы нәзира үлгісімен ұштасулы. Мәселен, «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы Шәкәрім қаламынан солай туған. Ел аузында жүрген ескілікті әңгімелер арқылы негізі қаланған «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ пен Айсұлу» поэмаларын жанама түрде суреткерлік әдістің осы үлгісіне жатқызуға болады. Сол сияқты, егер бастауында «А.С.Пушкиннен» деген сілтемесі болмаса, «Дубровский әңгімесі» поэмасын да ортақ тақырыпты өзінше жырлаған көркем туынды деп қабылдауға қарсылық тумас еді. Белгілі шығарманы баршаға мәлім қара сөздік нұсқасымен шендестіре қарағанда, аталған поэмада ақынның ой-тынысының кеңдігі сезілетіндігі, баяндау-бейнелеу әдістерінде еркіндікке қол артқаны бұған біршама негіз береді.
Ал өлеңмен аударылған тәжірибесі бар «Дубровский» бірінші рет қара сөзбен қазақша қашан сөйлеп еді? Бұл қажеттілік Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына байланысты оның үш томдық таңдамалы шығармаларын шығару жоспарланған кезде туындаған болатын. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары, А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуын атап өту жөніндегі Бүкілодақтық комитеттің мүшесі болған Сәкен Сейфуллин сонымен бірге, ұлы ақын шығармаларын қазақ тіліне аудару редакциясының бас редакторы міндетін де атқарды, сөйтіп, жалпы аударма сапасына басшылық жасады. Баспасөз ақпаратына сенсек, мысалы, «Евгений Онегинді» аудару – Ілияс Жансүгіровке, Сәкен Сейфуллинге, Сәбит Мұқановқа жүктеліпті («Казахские поэты переводят произведения Пушкина» // «Казахстанская правда», 11 февраля, 1936 г.) Бірақ аталған шығарманың Ілияс аудармасымен әдебиет тарихына енгені белгілі. Демек, Сәкен мен Сәбитке қоса жүктелуінің сыры Ілияс аудармасының сапасын бірлесіп саралау мақсатынан туған болса керек. Сондай-ақ, сол жылдары Өтебай Тұрманжановқа – «Полтава», Мәжит Дәулетбаевқа «Мыс салт атты» шығармаларын қазақшаға аудару тапсырылыпты. Газет жарияланымынан бұған қоса: «Б.Майлин переводит повесть Пушкина «Дубровский» и редактирует старый перевод «Капитанской дочки», деген жолдарды оқимыз. Сырттай қарағанда, бұл зейін аударуға лайық хабар. Мәселенің анық-қанығына бойламай, газет жарияланымына сүйенген кейбір әріптестеріміз әредікте «Дубровский» повесінің қазақша аудармасын Бейімбет Майлинге теліп қалып жүрді. Алайда, бұл жаңсақтық еді. Пушкин прозасын аудару һәм редакциялау жұмыстары о баста Бейімбетке жүктелуі әбден мүмкін. Бірақ жазушының шығармашылық зертханасын зерделей келгенде әрі арнаулы редакция барлық аударманы 1936 жылдың шілде айынан кешіктірмей баспаға тапсыру міндетін қойғанын ескерер болсақ, жазушының мұны жүзеге асыруға мүмкіндігі болмағаны анық. Өйткені, бұл кезде Бейімбет тұңғыш «Амангелді» көркем фильмінің сценарийін жазу, пысықтау мәселелерімен, кино түсіру дайындығымен кеңірек айналысқаны, ара-арасында Н.Островскийдің «Дауылдан туғандар» романын аударып бітіргені, өзінің бірқатар повестерін аяқтағаны белгілі. Сондай-ақ, ол әдетте жазып не аударып жатқан көлемді еңбектерінен алдын ала газет-журналдарға үзінділер жариялап тұратын. Бұл оның шығармашылық зертханасының орныққан белгісі. Бірақ сол кезеңдегі мерзімдік басылым беттерінен «Дубровскийдің» тәржімаланған нұсқалары кездеспейді.
1936-1937 жылдары Қазақстанда жарық көрген Пушкин шығармалары үш томдығының 400 беттен асатын «Прозалар» деп аталған үшінші кітабына «Дубровский» және «Капитан қызы» еңбектері енді. Екі повестің де қазақша нұсқасын сол тұстағы танымал қаламгер Қадыр Тайшықов әзірледі.
Сайып келгенде, орыстың ұлы жазушысының өміршең шығармаларын қастерлейтін кез келген көзі қарақты оқырман тәрізді, жалпы қазақ баласының әр кезеңде өз Пушкині болды. Шәкәрімнің өлеңмен өрнектеген «Дубровский әңгімесі» көркемдік-жанрлық өзгешелігімен ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихына дербес шығарма ретінде енсе, бірінші рет Қадыр Тайшықов тәржімалаған «Дубровский» хикаяты да он сан оқырманның оңды ықыласына бөленген оқшау туынды болды. (Жалпы әлем халықтарының Пушкинге жүгінбегені кемде-кем, тіпті Фридрих Энгельстің өзі «Евгений Онегин» романының бірінші тарауын қара сөзбен неміс тіліне аударғаны туралы дерек бар).
1937 жылдан кейін, араға он жыл салып, 1947 жылы Пушкин шығармалары «Әңгімелері» деген атаумен қазақ тілінде жеке жинақ болып жарық көрді. Оған «Дубровский» хикаяты енді. Аталған туындыны бұдан кейін ақынның 1949 жылы шыққан «Таңдамалы шығармалары» жинағынан кездестіреміз. «Дубровский» повесінің қазақшаланған төртінші нұсқасы 1950 жылы жеке кітап болып шықты. Соңғы үш басылымның да аударушысы – Омарғазы Оспанов. Аталған шығарма елімізде кейін де бірнеше мәрте жарық көрді.
Пушкин шығармашылығына деген өткен ғасырдағы осынау қазақы ықыласты үстіміздегі жүзжылдықта жаңа қырынан көрдік. Ресейде тұратын Құбаш Батырашев есімді азаматтың 2008 жылы Астрахань қаласында «Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдері мен дастандарының қазақшадан орысшаға аудармалары» деген қалың кітабы (546 бет) басылып шықты. Автор бұл кітабын Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор және Омбы облыстарында тұратын, ана тілін нашар білетін немесе мүлде білмейтін, бірақ білсем деген тілегі зор қазақ бауырларына арнағанын, жалпы Ресей Федерациясы қазақтарының ана тілін оқып-үйренуіне көмектесетін ақпараттық-ағартушылық материал ретінде шығарып отырғанын атап көрсетеді. Астрахандық азаматтың бұл еңбегі қазақстандық қалың оқырманға жете қоймаса да, ресейлік қандас ағайынға кең тарап, олардың арасында Шәкәрім есімі мен шығармаларын насихаттау ісіне елеулі септігін тигізді.
Жоғары экономикалық білімі бар, бухгалтерлік есеп саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен, Астрахань облысы губернаторының мәдениет саласындағы Құрманғазы Сағырбаев атындағы сыйлығының лауреаты Құбаш Сабырғалиұлы Батырашев 2003 жылдан бері ағартушылық, шығармашылық жұмыстармен, атап айтқанда, поэзиялық туындыларды қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақша аудару ісімен дендеп айналысып келеді. 2004 жылы екі тілде «Көңіл сыры – Затаенное желание» деп аталатын өлеңдер жинағы жарық көрді, 2005 жылы Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен поэмаларын орыс тіліне, 2006 жылы Расул Ғамзатовтың өлеңдері мен поэмаларын қазақ тіліне аударып, екі кітап шығарды.
Астрахань қазақтарының «Жолдастық» қоғамдық ұйымының қолдауымен Шәкәрім шығармаларын екі тілде, қазақшасы мен орысшасын бір бетке қатар орналастыра отырып жариялаған Қ.С.Батырашев ақын туындыларын негізінен 1988 жылы «Жазушы» және «Жалын» баспалары шығарған кітаптардағы мәтіндер бойынша әзірлегенін айтады. «Дубровский әңгімесі» де соның ішінде. Міне, Шәкәрім сөзі:
«Жер айналмай тұрмайды дүние жай,
Келер, кетер адамзат із қалдырмай.
Сол өткен көп заманның бір кезінде,
Болыпты Троекуров деген бір бай.
Осы бай Русияның шетінде екен,
Күнбатыс заграница бетінде екен.
Өлшеусіз жер, санаусыз ақшасы көп,
Сөйтсе де тағы жұтпақ ниетінде екен».
Астрахандық Құбаш ақын мұны
былай аударады:
«В мире вращению Земли не будет конца,
Человечество приходит, уходит без следа.
А вот в то давным-давно прошедшем
мире жил на земле
Троекуров с несчетным богатством тогда.
Этот богатый человек жил на окраине,
России, на ее самой западной границе.
Хотя имел безмерную землю,
бессчетные деньги,
От жадности мечтал быть
богатым еще».
Әдебилігінен әуесқойлығы басымдау тұрған бұл жолдардың көркем сырын саралап, біткен іске бейім сыншылық көрсетуге болатыны сөзсіз. Дегенмен, осы әуесқойлықтың астарынан қазақтың Шәкәрімдей ақынының көлемді сөз мұрасын Орыс ордасында жүрген қандас ағайынға солар жақсырақ түсінетін тілде шамасы келгенше тәржімалап берген Құбаш сынды азаматтың қабілет-қарымын көрмеуге, жалпы, шығармашылық еңбегін ескермеуге болмас еді. «Ғасырлар бойы Ресей аумағында тұрып жатқан қазақтардың бүгінгі өскелең ұрпағы бұл шығармаларды оқи отырып, қатар тұрған қазақша мәтінді көріп, өз тілінің мәдениеті туралы ойланса, қазақ тілінің байлығын, қазақ сөзінің тереңдігі мен сұлулығын сезінсе деген ой мені аударма өнеріне алып келді», дейді ол кітап алғысөзінде.
Әлбетте, автордың бұл сөздерін «өлеңге әркімнің де бар таласы» болатындығымен байланыстыра қарасақ, Пушкин мұрасына қатысты да осындай тұжырым жасауға болады. Кез келген қазақ қаламгерінің тыңдаушы-оқырманға тереңдете танытатын өз Пушкині бар екендігін алғаш рет ұлы Абай Құнанбаев теңдессіз туындыларымен дәлелдеді. Осы таным жолын Шәкәрім Құдайбердіұлы («Дубровский әңгімесі», «Боран») жемісті жалғастырып, Ахмет Байтұрсынов («Ат», «Данышпан Аликтің ажалы», «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш») және басқа қаламгерлер одан әрі тереңдетті. Уақыт өте келе, аударма қанатындағы келесі тегеурінді топ тың тәржімасымен Пушкин мұрасын жаңа ұрпаққа жеткізді. Астрахандық Құбаш Батырашевтің де аударушылық-шығармашылық талпынысын сол таным теңізіне қосылған бір тамшы десе жарасар сірә.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан».
Мәскеу–Астрахань–Мәскеу.