25 Мамыр, 2011

Атамекенге ерекше сағынышпен келдім

432 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ермұрат Зейіпхан есімі осы күнгі қазақ қоғамының мәдени өмірінен хабары бар жандардың барлығына таныс деп ойлаймыз. Ақын, әнші, сазгер. Баяғының серілеріндей сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі Қытайдағы Іле қазақ автономиясына қарасты Күнес ауданында  туып, сонда өскен.  Қандасымыздың атажұртқа оралғанына биыл тура жиырма жыл толыпты. – Ермұрат! Сізді теледидарда ән салып не концерттік бағ­дарламаларды жүргізіп тұрға­ныңызды жиірек көреміз де, өзіңіз туралы басқа мәлімет­терді онша білмейді екенбіз... – Балалық, бозбалалық шағым арғы бетте өтті. Атамекенге тура еліміз тәуелсіздік алған жылы келдім. Содан осындағы Т.Жүр­генов атындағы өнер академия­сына түсіп, оны тәмамдаған соң Абай атын­дағы опера және балет театрына арнайы шақырумен жұ­мысқа тұр­дым. Онда «Қыз Жібек» спектак­лінде Бекежан, «Абай» опе­расында Көкбай рөлін сомда­дым. 1997 жылдан үш жыл бойы М.Әуезов театрында қызмет еттім. Бұл театр­да маған «Қарагөз» спектаклінде Асан салдың, «Әли және қырық қарақшыда» Хасан­ның, «Қилы заманда» хабаршы­ның рөлін сомдау жүктелді. Басқа да спектакльдер ар­қылы театр көрермендерімен қауы­шып жүр­дім. Бірақ, музыка әлемі өзіне тарта берді. – Иә, әуенін өзіңіз жазған «Көк тудың желбірегені», «Кү­нес-ай», «Екі дүниеде жалғы­зым» әндеріңіз жұртшы­лықтың ықыласына бөленген тар­тым­ды туындылар. Оның сыр­тын­да әншілік қырыңыз да осал емес. Осы өнерлеріңізді қайда шыңдап жүрсіз? – Өнерді адам өзінің жан дүниесінде шыңдаса керек. Сенің ішкі әлеміңнің хабаршысы да сол. Атамекенге алғаш оралған жыл­дары арғы бетте әртүрлі тарихи себептермен қалып қойған  аға­йын­­дарымның,  туған-туыстарым­ның, қала берді бүкіл Іле жұр­ты­ның  үшбу сәлемін, сарғайған са­ғынышын қарға тамырлы қазақ баласына қалай жеткізем деген мазасыз сезіммен жүрдім. «Кү­нес-ай» дейтін әнім сол шақтар­дың жемісі. Ал, тәуелсіздік алған Отаным үшін шаттықтан тасып-төгілген ең бір аяулы сезімдерім «Көк тудың желбірегені» әні боп шырқалды. Басқа да талай әндер жазылды. Бірақ, осы екі ән өзіме де ыстық тартып тұрады. Қызмет орны туралы айтсам, 2000 жыл­дан бері Қорғаныс министрлігінің ор­та­лық ансамбліндемін. Сон­дағы фольклор-этнография тобы­ның көр­кемдік жетекшісімін. Оған қоса Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­ты­ғының өнер орталы­ғы­ның жетекшісімін. Қазақтың талантты, та­лап­ты ұл-қыздары­мен бірлесіп жұмыс істеп жатқан жайым бар. – Өлең жазып жүрсіз бе? Соңғы кездері мерзімді басы­лым­дардан өлеңдеріңіз ұшы­рас­пай кетті? –  Шөпті де, шөңгені де өлең қылатын жастан әлдеқашан асып кеттім ғой деймін. Жазбай жүрмін десем тағы жалған болар. Өмір туралы көзқарастарым, ішкі алай-дүлей сезімдерім өз уақытымен, кезегімен өлең жолдары боп өрілу үстінде. Талғампаз оқырман өзіне керектісін алар деген ниетпен анда-санда баспасөзде жариялатып қоятыным бар. Әйтпесе Абай ақын айтпақшы, «өз сөзім өзім­дікі». – Сіздің тәуелсіз елімізге қос­қан үлесіңіз, еңбегіңіз бір төбе. Ал, атамекен сізге не берді? – Атамекенге сый-сияпат сұрай емес, аңсарлы сағынышпен келгенмін.  Албырт жастықтың ары­ны басылмаған сол жылдарда осы елдің бір азаматы боп, осында тіршілік кешсем деген қарапайым мақсатым ғана болған. Ал енді белгілі бір атақ-мара­паттарға ие боп жатсам өнерімді бағалайтын ха­лық­тың, халықтың ішіндегі кең пейілді азаматтардың маған көрсет­кен сыйы әрі тағдыр-тәлейге бұ­йыр­ған дүниелер  деп түсінем. Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА.