25 Мамыр, 2011

Тәубе!

439 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
(Жылдар мен ойлар) Қазақ тәубесінен жаңылмаған, ниетіне қылау түсірмеген халық. Қаншама ғасырлар бодандықтың құрсауында жүрсе де үміт отын өшірмеген, келер күнге сеніммен қараған. «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азатты­ғымызды аламыз!» деп Мұстафа Шоқай айтқандай, сол сенім ақталып, үміт орындалып, тәуелсіздік алдық. Сол тәуелсіздігіміздің арқасында отандастарымыздың арман-тілегін орындаумен бірге, шет елдердегі қандастарымызды атажұртына шақырып, төртінші рет құрылтай өткізіп отырмыз. Оның ұйытқысы да, дем берушісі де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені өзімізге белгілі. Біз бүгін соның айғағындай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ұлт Көшбасшысы мен ұлт зиялыларының ой-орамдарынан тұратын топ­таманы газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз. _________________________________ АЛЫСТАҒЫ АҒАЙЫНДАРҒА АҚ ТІЛЕК Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті. Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар! Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына ұлы өзгерістер алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған 1991  – Қой жылы тарихта қалып, үміт пен күдігі мол Жаңа – 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, Сіздерді жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсыңыздың отбастарыңызға мол бақыт, қуаныш тілеймін! Аспанымыз әрдайым ашық болсын! 1991 жыл Қазақ елі үшін тарихта алтын әріппен жазылып қалатын жыл болды. Қазақстандықтар бүкіл ел болып өздерінің тұңғыш Президентін сайлады. Ғарышқа тұңғыш рет алаш азаматы самғады. Елдігіміз бен ерлігімізді дәріптеген тарихи тұлғаларымыз – Абылайға, Қабанбайға, Бөгенбайға, Төле биге, Исатайға, Махамбетке, Сыпатайға ас беріліп, бүкілхалықтық құрмет көрсетілді. Бауыржан Момышұлы өзіне тиісті Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Жоғалып бара жатқан салт-дәстүріміз қайта жаңғырып келеді. Жыл сайын Наурыз мейрамы аталып өтеді, жас­тарымыз иманды­лық жолына түсіп, ата дәстүріне адалдықтарын байқатуда. Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақ­тап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық», дейді халқымыз. Қандас бауыр­ларымызды байырғы атақонысына тарту мақса­тын­да адам правосы туралы еларалық ережелерді бас­шылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстан­дыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қа­был­дады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайын­дарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын! 1991 ж. _______ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚОРҒАУҒА ЕНДІГІ ҰРПАҚ ТҮГЕЛ ЖАУАПКЕР Біздер – жиырмасыншы ға­сыр­дың азаматымыз. Тағдыры­мызға тауқымет жазылыпты. Зарлы ғасырда өмір сүріппіз. Бұл ғасырдың зобалаңы «коммунизм» деп танимын. Ал оның шын аты – «қанды қо­лизм». Сол «изм» халықтың, соның ішінде қазақтың да да­ласынан малын, дастарқаны­нан дәмін, аузынан иманын тонап, дінді жоюға тырысты. Бі­рақ халықтың жүрегіндегі дінге деген сенімді жоя алмады. Адамзатқа тән барлық игілік сол «измнің» иіріміне бата берді. Амалсыз көміле берді. Негізінде жаратқан ие пендесіне мәңгі-бақи зобалаң, қайғы-қасірет жазбапты. Қадірлі туыстар! Мына залда көздері жәудіреп Жер ша­рының әр тарабынан келіп отырған отандастарымыздың жа­нарларында қуаныш сезілгенімен, ұзақ та машақатты көш жолдарында тартқан ауыр жа­па­ларының өшпес іздерін аң­ғаруға болады. Әрине олар атамекеннен жер көксеп кетпеген. Ұлы им­пе­риялардың теперішінен кетуге мәжбүр болды. Ал шетелдерге шыққан көш­­тердің ішінде біздің көшіміз табанынан қан аққан «қызыл табан шұбырынды» көш екені айқын. Өйткені дүниенің ең қорқынышты шөлі Такламаканнан өттік. Түркияға жету тари­хымыз өздеріңізге мәлім. Онда жүріп те атажұртымызға жетуді аңсап, тілеуін тілеп, отарлық­тан құтылса екен дегенде ішкен асымызды жерге қойып  жүрдік. Осы тәуелсіз Қазақстанды дамытып, нығайтуға, оны қор­ғауға ендігі ұрпақ түгел жауапкер. Ол үшін ұлт намысы оя­нуы, күллі халықтың бірауыз­дан сөз, бір жағадан бас шыға­рып, береке-бірлікті қолдан бер­мей, тұтас жұмылуы шарт. «Алтыбақан алауыздықтан» аз зардап тартқанымыз жоқ. Сон­дық­тан береке-бірлігіміз мық­ты болсын. Халифа АЛТАЙ, Түркия. 1992 ж. ______ КӨШТІ ҚАБЫЛДАП АЛҒАНДАР ЕРЛІК ЖАСАДЫ Моңғолияда ел үшін еңбек еткен қазақтар аз емес. Ал өз басым 1990 жылдары Моңғолияда басталған демократиялық жаңа бетбұрыстың ой тастары, Моңғолияның жаңа Негізгі заңы (Конституция) авторларының бірі болғанымды ондағы жұрт әлі де айтып жүрген көрінеді. Менің Моңғолиядағы демократиялық өзгеріске соншалықты атсалысуымның бір терең сыры өмірге демократия келсе ел мен ел араласып, ұлт пен ұлттар нағыз біте қайнасуына мүмкіндік туа ма деген ізгі үмітімде жатқан еді. Шынымен солай болып шықты. Демократиялық өзгерістер мен Моңғолиядағы қазақтардың атажұртқа көшу процесі қатар басталды. Ел тәуелсіздігін жария еткен 1991 жылғы 16 желтоқсанды өмірімнің ең бір шуақты күні деп санаймын. Барлық жақсылық осы күннен басталды. Біз келген көш те осы тәуелсіздіктің төл туындыларының бірі. Қайсыбіреулер көшіп келгендердің қадамын ерлікке балап жатады. Меніңше мұндай ерлікке көшіп келгендер дегеннен гөрі, көшті қабылдағандар ие деп санаймын. Жүктің ауырын солар көтерді, жоқтан бар етіп көмектесті. Соның арқасында бүгіндері көшіп келгендердің көпшілігі ошақтың отын өшірмей, өз шаңырағын түзеп, тіршілік жайын реттеп, аяғынан тік тұрып кетті. Зардыхан ҚИНАЯТ, Моңғолия. 2001 ж. ______ ТІЛДЕН АЙЫРЫЛҒАН АДАМ ҰЛТЫНАН АЙЫРЫЛАДЫ Біз Астрахань қазақтары ке­ше көшіп барған ел емес, ата-бабамыздың қонысында отыр­мыз. Астрахань аймағында Бө­кей ханның, күй атасы Құрман­ғазының, алаштың ардақты аза­маттарының сүйегі жатыр. Соны тастап, ішке көшіп келеміз деп  те айта алмасақ керек. Біздегі қазақтарға тіл мәсе­лесі қиындау болып тұр. Мектеп оқулықтары, бағдарламалар мәселесін бірге ойластырып, орта мектепті тәмамдаған жастарды Қазақстанға квотамен оқытуды қолға алған да жөн болар еді. Тілден айы­рылған адам ұлтынан айы­рылады. Тіл сақталмаса қазақ­шылық сақ­талмайды. Никита ЫСҚАҚОВ,  Ресей Федерациясы. 2002 ж. _______ ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ ОРТАҚ МАҚСАТҚА ЖЕТЕМІЗ Біз Қазақ елінің басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың шынайы қамқорлығын, жер бетіндегі бар­лық қазақтардың жағдайын ой­лауының нәтижесін әрдайым сезініп келеміз. Соның бір көрінісі – Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының Түркия қазақтары­ның рухани өмірінде маңызды орын алған көп игі жұмыстардың бастаушысы да, қолдаушысы да бола білуі. Мұндай елдік шараларда қауымдастық қызметкер­лері­нің де ерен еңбектері болға­нын атап өткен жөн. Түркия қазақтары өз ретімен өтіп келе жатқан құрылтайларда қауымдас­тықтың рөлін күшейту, сырттағы қандас ағайындарға қатысты мем­лекеттік мекемелер жұмысын өрістету мәселелері шешімін тауып, сондай-ақ қазақ диас­пора­ла­рының рухани сұраныстарын қанағаттандыру үшін нақты қа­рар­лар қабылданғанына қанағат­танып, қанаттанып қайтуда. Бұл шаралар қазақ диаспораларының, оның ішінде әсіресе Түркия қазақтарының да мәдени және әлеуметтік деңгейін көтеруге бағытталған. Олай болса, алдағы уақытта Нұрсұлтан Назарбаев­тың басшылығымен баршамыз­дың жағдайымыз түзеліп, ортақ мақсатқа жетеріміз хақ. Абдуақап ҚАРА,  Түркия. 2002 ж. _______ КӨКІРЕКТЕ ОТАНШЫЛДЫҚТЫҢ ОТЫ ЛАУЛАЙДЫ Қазақ – жігерсіз, ынжық ха­лық емес. Ғасырлар бойғы шап­қыншылық пен соғыстар­дың зар­дабын шеккен, шың­далған, талай жеңістерге де жетіп тағылым ал­ған жауынгер халық. Өзі еш ха­лыққа да қи­сынсыз тиісіп, жауы­ғып, зәбір көрсетпеге­німен, тағ­дыр­дың тәл­­ке­гін көріп, тақсы­ретін тарта жүріп, елін, жерін қорғауға талай жылдарын рәсуа еткен. Шыңғыс хан, жоң­ғар шап­қын­шылықтары, Қытай, Ресей отар­шылықтары ғасырла­рында қазақ даласы қан майдан алаңына айналған. Саяси нәу­бет, аштық, лағып елінен кету­дің өзі – ірі зарлы хал. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың: «Менің халқым бүкіл ғасырдың өн бойына өзге ха­лықтардың түсіне кірсе шо­шып оянатындай қорқынышты оқиға­ларды басынан кешті»,  деуінде сол мұң мен шердің бәрі жатыр. Соңғы он жылда осы елдің әр жерінде бой көтерген батыр­лардың алып ескерткіштеріне ұрпақтар бас игенде рухтар жаңғырып қана қоймайды, күңі­реніп қарт тарих сыр шертеді, көкірегіңде отаншылдықтың оты лаулай­ды, бейбіт күннің қадірін де сезесің, қайтадан дү­ниеге келіп, еңсесін көтерген еліңнің тыныш, халқыңның үрей­сіз, алаң­сыз өсіп-өніп келе жат­қанына шүкірлік етесің. Үзбен ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,  Моңғолия. 2005 ж. ______ ҚАЗАҚТЫҢ ТАҢДАУЛЫ МӘДЕНИЕТІН ҮЗДІКСІЗ ӘЙГІЛЕЙІК Жұңго қазақтары атынан біз мыналарды ұсыныс етеміз: Бірінші, ұлттарара үйрену мен ауыс-түйіс жасауды күшейтейік. Қазақ үйренуге шебер, бейбітсүйгіш, жасампаз­дыққа батыл ұлт. Басқа ұлттардың артықшылықтарынан кішіпейілділікпен үйреніп, адамзаттың барлық өркениет жетістіктерін белсене қабылдап, қазақ ұлтының таңдаулы мәдениетін үздіксіз әйгілейік және одан шұғыла шаштырайық. Екінші, әр ел арасындағы достықты, барыс-келісті, істестікті күшейтейік, дүние бейбітшілігін жүзеге асыру, адамзаттың дамуын алға ілгерілету әрбір мемлекет пен әрбір ел халқының ортақ борышы. Асхат КЕРІМБАЙ, Қытай Халық Республикасы.   2002 ж. _______ КӨРЕГЕНДІГІҢІЗ ҮШІН РАХМЕТ! Құрметті Президент! Екі елдің де зиялы қауымын, ше­кара­лық аймақта тұратын ха­лықтарын көптен бері, тіпті Кеңес заманынан бері алаңда­тып жүрген мәселенің бірі – шекара мәселесі еді. Шынында да ол мәселе екі жаққа бірдей  тиімді жағдайда шешілді. Дау бітті, ел тынышталды, көрші елдерде қайтадан татулық орнады. Осы бір көрегендік, қайраткерлік, тіпті даналық қызметіңіз үшін, Нұреке, Сізге зор рахмет! Мейірманқұл БӘКІРОВ, Өзбекстан. 2005 ж. _______ ЕКІ ЕЛ АРАСЫ ЖАҚЫНДАЙ ТҮССЕ ЕКЕН Мен Нью-Йорк аэропортында қызмет істеймін. Қазір Амери­каға қазақтар көптеп келуде. Олардың ішінде сол елдің үлкен университеттерінде білім алып жатқан жастар көп, іс адамдары да аз емес. Бұл Қазақстанның бүкіл дүние жүзіне ашылғанын көрсетеді. Америка – алып мемлекет. Ал Қазақстан менің тарихи Отаным. Сондықтан екі елдің арасы жақсы бағытта жақындай берсе деген тілек үстіндегі жанмын. Есімхан ҚОСЖІГІТ, АҚШ. 2005 ж. _______ Елімді әлем Сіз арқылы біледі Елімді менің өзіңдей бастады қыран, Шырқады Алаш жұртының аспаны бір ән. Көк тудың астына келіп жиналыңдар деп, Алыста жүрген ағайынға тастадың ұран.   Бар еді мынау ежелден даламызда өрлік, Алауын жақты сөне жаздаған санамызда ерлік. Қазақстан біздің ат байлар қара шаңырағымыз, Ал өзіңді, Нұреке, қорғайтын панамыз көрдік.   Жауымның өзін бұл күнде жақтасым қылдың, Бақталастарың да барқадар таппасын білді. Шет жұртта жүрген сол қандастарың түйесін қомдап, Алатау менен Арқаға қарай ат басын бұрды.   Жерсіне алмады әже мен ата басқа үйді, Аузына елдің, қол жайған, баталы ас тиді. Қазақ даласын алыста жүріп сағынған қауым, Ұшақтан түсіп, қара жерді жата қап сүйді.   Көш деген солай толассыз құйылды келіп, Алдымен келген ағайын үлгерді сыйыңды көріп. Ақсақалдар менен әжелер ақ жаулық салған, Ақ батасыменен тастады үйіңді көміп.   Түйелер шөкті далаңа келіп шаңырақ салған, Жаңа бұтақтар өне бастады жамырап талдан. Қосылып жатты бір-біріне ботадай боздап, Нәубет жылдары ағайын ажырап қалған.   Сол көшке ерген мен-дағы ақ тайлақ едім, Басыма қонар басқа емес, бақты ойлап едім. Қысылған кезімде Тұманбай болып қолыңды создың, Көрген емес ешқашан қақпайлап елім.   Жанымда менің осынау бір нәзік үн жатты, Қысым кетіп келмеске,  жазым ым қақты. Үйіріп қалған асығым алшысынан түсіп, Алатауымның етегіне отауым қазығын қақты.   Ел басқарып тұрғанда өзіңдей нар тұлғалы адам, Көк жүзінде жұлдыздай жарқылдап ағам. Ұзақ-ұзақ ойларға қазір шоматын болдым, Бір себім тимей ме деп еліме артымда қалған.   Қазақтың көлі ежелден тұнық көл  еді, Аққулар ғана сол көлде жүзіп келеді. Келгендерді қарсы алдың құшағыңды ашып, Келмегендер де сол келсем деп үміттенеді.   Елімді әлем Сіз арқылы біліп келеді, Сіз десе халқың жон етін сылып береді. Бір миллион қазақ келіп үлгерді осыған дейін, Бес миллион қазақ тағы келсем деп үміттенеді. Ауыт МҰҚИБЕК. Алматы.