Жиырма жыл... Әр жылының жүгі бөлек жиырма жыл. Жылдар ілгері жылжыған сайын жұмыс ауқымы да салмақтана түскендей ме, қалай?! Көз алдымнан тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бастап бүгінгі күнге дейінгі ел өмірі тізбектеліп өте бастады...
Сөйтіп, Қазақстан XXI ғасырдың тағы бір жылын артқа тастап, болашаққа қарай тағы бір нық қадам жасаған еді. Алда мешін жылы есік қағып тұрған-тын. Жаңа 2004 жыл. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңажылдық құттықтауында: «...Жұртымыздың жақсы ырымы бойынша мешін жылы жұмсақ, ырыздығы мол, жиын-теріні көп, жайлы болады дейді. Әманда солай болсын», деген еді.
Бұл жыл Қазақстан үшін несімен ерекшеленді, оның мән-маңызы қандай, тәуелсіздігіміздің мүшел жылы шыққан биіктеріміз, жеткен табыстарымыз қандай деген сұрақтарға жауап іздесең, 2004 жылда да есте қаларлық үлкенді-кішілі оқиғалардың аз болмағанын көреміз. Сондықтан, олардың ішінен халқымыз үшін ең маңызды дегендерін сараптап алып, соларға толығырақ тоқталғанды жөн санадық.
* * *
9 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин біздің елімізге келіп, Ресейдің Қазақстандағы жылының салтанатты ашылуына қатысып, сөз сөйледі. Жаңа жылдың алғашқы айында В.Путиннің Қазақстанға ресми сапармен келуі жылдың жақсы бастамасы болып табылды.
2004 жылы Қазақстанның Ресейдегі жылы Ресейдің Қазақстандағы жылына ұласты. Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жоғарғы деңгейге көтеріліп, екі елдің өзара байланысы бұрынғыдан да жақсара түсті, тауар айналымы 6 млрд. АҚШ долларынан асып жығылды. Осы жыл ішінде Қазақстанда 200-ге жуық әртүрлі шаралар өткізілді. Нәтижесінде екі ел халықтарының бір-біріне деген сенімі арта түсті.
Ресейдің Қазақстандағы жылының екі елдің тығыз араласуына пайдасы зор болды. Ортақ рухани құндылықтарымызды жаңғыртқан мәдени шаралар легі халықтарымызды одан әрі жақындастырды. Өзара тиімді ондаған құжаттарға қол қойылды. Ресей парламентарийлерінің бірнеше делегациясы Қазақстанда болған маңызды кездесулерге қатысты. Екі елдің парламенттеріндегі жетекші партиялар: Бүкілресейлік «Единая Россия» мен Қазақстанның «Отан» республикалық саяси партиясы арасындағы ынтымақтастық жалғасын тапты.
Ең бастысы – сол жылы Ресей мен Қазақстан арасындағы 7 мың шақырымға созылған мемлекеттік шекараны реттеу толығымен аяқталды.
Ресей Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету пейіліне қолдау көрсетіп, ТМД елдерінің басшыларына бұл мәселе жөнінде керекті ықпал жасады.
Қазақстан экономикасының өсуіне қажетті салалардың, оның ішінде Солтүстік Каспий қайраңын бірлесіп игеру, мұнайды экспорттау, электр қуаттарын бірлесіп арттыру мен “Байқоңыр” кешенін тиімді пайдалану, ғарыштық саланы дамыту туралы келісім-шарттарға қол қойылды.
Әлемдегі тұрақсыздықтың, жалпы өркениетке қауіп төндіріп тұрған ланкестік пен экстремизм секілді қатерлердің алдын алу ісінде де біріккен іс-қимылдарымыз өзінің оң нәтижесін берді.
19 наурызда Елбасының «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» атты Қазақстан халқына Жолдауы жария етілді.
Бұл Жолдау тақырыбы тың, мақсаты биік, көздеген нысанасы өте маңызды болғандықтан, жұртшылық арасында кеңінен қолдау тауып, ел арасында ерекше бір серпіліс туғызды. Себебі, Жолдау көпшілік қауымның көкейінде жүрген көптеген өзекті мәселелерді дөп басқан еді.
Ендігі керегі – осы Жолдаудағы бағдарламаларды іске асырып, тұрмысты жақсарту, өнегелі елдердің қатарына қосылу, жаһандану заманында ұлы көштің алдына түсу. Сондықтан бұл Жолдауды академик Ә.Нысанбаев тәуелсіз елдің өзіндік әлеуметтік доктринасы деп атады.
Жолдауды орындау барысында Үкімет, оның басқару ұйымдары, кәсіпорындар, сонымен қатар, қазақстандықтардың көпшілігі аянбай еңбек етіп, үлкен мақсаттарды іске асырудың тиімді де ұтымды жолдарын тапты.
Тәуелсіздіктің он үш жылында жүргізілген реформалар мен іс-шаралар елдің экономикалық әлеуетін айқындайтын экономика секторларын дамытуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде 2004 жыл елдікті еңселенткен ерек жыл болды.
Жылдың барысында үш жетекші рейтинг агенттігі республикаға халықаралық инвестициялық рейтинг дәрежесін берді. Бұл Қазақстанның Еуроодаққа кіретін Шығыс Еуропа елдерінің экономикалық деңгейіне жеткендігін білдірді.
Ішкі жалпы өнімнің көлемі 37 миллиард долларға жетті. Бұл – ІЖӨ жан басына шаққанда 2,5 мың доллардан асады деген сөз. (Аталған сан сол кездегі ТМД елдерінің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш еді). Инфляция деңгейі 7 пайыздан төмен болды. Ұлттық қордағы валюта резерві 13 миллиард доллардан асып жығылды. Жан басына шаққандағы орташа табыс 2003 жылмен салыстырғанда 21 пайызға өсті.
Еліміздің 2004 жылғы экономикалық өсімі 2003 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 9 пайызға артты. Жалпы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2003 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10,2 пайызға, өндіруші өнеркәсіпте 8,6 пайызға, химия өнеркәсібінде 20 пайызға, мәшине жасау өндірісінде 32 пайызға өсті. Оның ішінде құрал-жабдықтар жасау өндірісі 61 пайызға дейін ұлғайса, құрал-жабдықтар жасау өндірісі 42 пайызға ұлғайды. Жұмыс істейтін адамдардың нақты жалақы өсімі 13 пайызға артты. Жұмыссыздық деңгейі 9,1 пайызға төмендеді.
Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындау барысында, 2004 жылы 1999 жылмен салыстырғанда әлеуметтік қамтамасыз ету шығындарын 1,5 есе көбейтті. 1999-2004 жылдары ең төменгі жалақы көлемі – 2,5 есе (2605 теңгеден 6600 теңгеге дейін); төменгі зейнетақы көлемі – 1,9 есе (3000-нан 5800 теңгеге дейін); орташа жалақы – 2 есе (11864-тен 26048 теңгеге дейін); орташа зейнетақы көлемі – 2 есе (4104-тен 8529 теңгеге дейін); күнкөріс шегі – 1,5 есе (3394-тен 5394 теңгеге дейін); орташа мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі 1,3 есе (3441-ден 4670 теңгеге дейін) өсті.
Еліміздегі әлеуметтік реформаларды тереңдетудің 2005 – 2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мақұлданды. Бұған сәйкес, елімізде көп деңгейлі зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесі, базалық зейнетақылық төлем енгізілетін болды.
2004 жылы құрылыс саласы жанданып, 2 миллион 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы салаға 109 млрд. теңгеге дейін инвестиция тартылды, бюджеттен бөлінген қаржының арқасында 320 тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Республикамызда құрылыс индустриясын дамыту мақсатында Қостанай қаласында полимер құбырларын шығаратын 4 зауыттың құрылысы басталып, түсқағаздар шығаратын кәсіпорын, қуаттылығы 11 миллион шаршы метрді құрайтын линолеум өндірісінің жаңа желісін іске қосу жұмыстары аяқталды.
Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Соған сәйкес еліміздің барлық аймақтарында тұрғын үй құрылысын дамытудың өңірлік бағдарламалары әзірленіп, бекітілді.
Денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл салаға 2004 жылдың өзінде қомақты қаржы бөлінді.
Білім мен ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ғылым мен білімді дамытудың түйінді мәселелері мен негізгі бағыттарын айқындап берді. Білім беру саласы еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағытымен сәйкестіріліп, республикамызда білім сапасы Батыс елдердегі университеттерден еш кем саналмайтын элиталық жоғары оқу орындарын құру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастады.
Ауыл шаруашылығы саласының заман талабына сай дамуын қамтамасыз ету, ауылдардың еңсе тіктеуіне қол жеткізу мақсатында 2003-2005 жылдардың Ауыл жылдары деп жарияланғаны белгілі. Елбасының тапсырмасымен осы мақсатқа орай ауыл шаруашылығының даму бағытын айқындайтын маңызды құжаттар мен заңдар қабылданып, мемлекет тарапынан 69,5 миллиард теңге бөлінді. Реформалық шаралар 2004 жылдың өзінде ауқымды нәтижелер берді.
Мемлекет 2004 жылы ауылдың әлеуметтік саласына арнап 46 миллиард теңге бөлді. Ауылда нарықтық қатынастар берік орнықты. Ауыл шаруашылығы болжау мүмкіндігі бар, ырықтандырылған салаға айнала бастады. Сөйтіп, ауылға арнаған біздің бағытымыздың дұрыс екендігі дәлелденді.
Курчатов қаласында ядролық технопарк құру туралы шешім қабылданды. Астанада Қазақстан мен Ресей бірлескен автомобиль консорциумы ауыр жүк мәшинелерін құрастыру жұмыстарына кірісті. Көкшетауда автобустар шығаратын, Семейде бронды техникалар шығаратын өндіріс қолға алынды. Ақтөбе облысында мыс өндіретін тау кен байыту комбинатының құрылысы басталды. Жылдық өткізу қуаты 20 миллион тонна құрайтын Атасу-Алашаңқай мұнай құбырын салуға қол жеткізілді.
Ұзындығы 400 шақырымнан асатын Алтынсарин-Хромтау темір жол желісінің тұсауы кесілді. Бұрын елдің солтүстік бетінен батыстағы бетіне жету үшін Ресей жерінен өту керек болатын, енді жол айтарлықтай қысқарды. Сонымен қатар, жүк тасымалдауға, көптеген облыстардың бірімен бірі тығыз байланыстар жасауына зор мүмкіндіктер туды.
Каспий теңізіндегі Баутино және Құрық порттары инфрақұрылымдарының дамуына байланысты «ҚазМұнайТеңіз флоты» жасанды аралдар жасауға пайдаланылатын қиыршық тастарды тасымалдауды бастады.
Инфрақұрылымды дамыту мақсатында елордада халықаралық әуежай, Атырауда жаңа ұшып-қону алаңы, Ақтауда теңіз порты аумақтарын кеңейтуге арналған жұмыстар қарқынды түрде жүргізіле бастады. Танкерлік флот құруға шешім қабылданды. Автомобиль жолдарын қалпына келтіру жөніндегі ірі жобалар іске асырыла бастады.
2003-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық стратегиясын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік холдинг құру туралы шешім қабылданды. Жаңа холдинг ұлттық және жеке меншік компаниялардың басқаруындағы мемлекеттік мүлік пен меншікті басқаруды оңтайландыру үшін құрылды.
Бүкіләлемдік сауда ұйымының талаптарының негізінде халықаралық техникалық реттеу жүйесіне өту мақсатында елімізде арнайы техникалық реттеу жөніндегі заң қабылданды. Еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды.
Елбасы Қазақстан қаржыгерлерінің IV конгресінде еліміздің қаржы жүйесін одан әрі дамыту жөнінде бірқатар міндеттер қойып, олар барлық қатысушылардың қолдауына ие болды. Еліміздің аса ірі банктерінің өкілдері бұл туралы арнайы мәлімдеме жасады.
Елбасы Мәжілістің үшінші шақырылымының алғашқы сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену қажет деген міндет қойды. Сондықтан, 2004 жыл халық есінде бәсекеге қабілетті ұлт пен ұлттық экономиканың негізі қаланған алғашқы қадам ретінде есте қалды.
Сол жылда қол жеткен экономикалық жетістіктер Қазақстанның әрі қарай дамуының берік негізін қалады. Мәселен, 2004 жылы бекітілген 2005 жылдың бюджетінде барлық шығынның үштен бірінен астамы әлеуметтік салаға бөлінді. Бұл тұрғын үй, халыққа білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, халықты, соның ішінде, әсіресе, зейнеткерлер мен мүгедектерді, ана мен баланы әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру сияқты өткір мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.
Экономикадағы жетістіктер қоғамымыздағы саяси жаңғыртуды жалғастыруға мүмкіндік берді. «Отан» партиясының VII съезінде Елбасы елімізді одан әрі саяси жаңғыртудың жаңа стратегиялық бағыттарын айқындап берді.
2004 жылдың қараша айында Демократия және азаматтық қоғамның мәселелері бойынша ұлттық комиссия құрылды. Бұл алқалы органның құрамына барлық партиялардың, соның ішінде оппозициялық партиялардың да басшылары енгізілді. Комиссия саяси жүйені одан әрі модернизациялау ісі бойынша өкілеттіктерге ие бола отырып, шаралар белгілеудің нақты тетігі қызметін атқару керек деп көзделді. Комиссия барлық саяси топтардың ұсыныстарын талқылап, ашық шешім қабылдауы керек деп көрсетілді. Бұл – мемлекеттің либерализациялау мен демократияландыру жолына түскендігін көрсететін өте маңызды қадам деп қабылданды.
Әкімшілік реформа күш ала бастады. «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасы дайындалып, ол Парламенттің қарауына жіберілді. Мемлекеттік басқарудың қазақстандық жүйесін қазіргі заманғы әлемдік стандарттарға жақындататын тағы бір маңызды қадам жасалды: «электронды үкімет» құру туралы Жарлыққа қол қойылды.
Коррупцияға қарсы күрес және оны мемлекеттік органдардан аластау – жаңғыру міндеттерін шешудің басты кепілі екендігі мәлім. Бұл арада осы мәселедегі Үкімет пен Парламент арасындағы қалыптасқан ынтымақтастық көп жағдайды шеше алды. Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақыларының өсуі, мемлекеттік қызметке конкурс бойынша қабылдау, мемлекеттік қызмет ережесі мен этикасының енгізілетіні, сондай-ақ 2003 жылы қабылдаған заңға өзгеріс енгізу коррупцияға қарсы күрес тетіктерін жетілдіруге бағытталды. Осының барлығы, түптеп келгенде, бұл үрдісті жүзеге асыруға жақсы негіз қалады.
Мемлекет басшысы басты басымдықтардың бірі азаматтардың құқы мен бостандығын қамтамасыз ету болып табылатынын айта келіп, осы бағытта мемлекеттік аппараттың, бірінші кезекте құқық қорғау органдарының: полиция мен прокуратура жұмысының маңыздылығын атап көрсетті. Сот жүйесін жетілдіруге қатысты мәселелерді сараптайтын арнайы жұмыс тобы құрылды.
19 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің сайлауы өтті. Қазақстандықтар бұл сайлауда өз таңдауын жасады. Халқымыз саяси тұрақтылықты, экономикалық реформаларды жалғастыруды жақтап, Мәжіліс депутаттығына лайықты деген үміткерлерге дауыс берді. Бұл сайлау еліміздегі демократиялық үдерістердің бірқалыпты жағдайда дамып келе жатқанын көрсетті.
«Отан» партиясы халықтың үлкен сенімін иеленді. Парламент Мәжілісінің жаңа құрамында партия шешуші орынға ие болды. Барлық сайланған 77 депутаттың 53-і «Отанның» өкілі болып табылды (7 орын – партиялық тізіммен, 35 орын – бір мандатты округтер бойынша съезде ресми түрде ұсынылғандар және 11 орын өзін өзі ұсынғандар), бұл депутаттар корпусының жартысынан астамын құрады.
2004 жылғы Мәжіліс сайлауы еш қиындықсыз өтті деуге болмайды. Осынау саяси дода кезінде сайлау учаскелерінде ұйымдастырушылар тарапынан олқылықтар орын алды. Кейбір азаматтар сайлау учаскелеріне келгенде тізімнен өздерінің аты-жөндерін таба алмады. Жергілікті сайлау учаскелері тарапынан кеткен бұл оқылықты Орталық сайлау комиссиясының мамандары да жоққа шығармай, мұны жергілікті жерлердегі сайлау штабтарының жұмысы мен елімізде алғаш рет қолданысқа енгізілген электронды сайлау жүйесімен байланысты деп тапты. Соған қарамастан, Еуропаның Ұлыбритания, Франция, сондай-ақ сайлау жүйелері дамыған басқа да елдерден келген халықаралық байқаушылар Парламент Мәжілісі сайлануына қатысты оң бағаларын берді.
2004 жылы Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы халқымыздың рухани тыныс-тіршілігіне тың серпіліс берді. Өйткені, еліміздегі экономикалық және әлеуметтік реформалардың ойдағыдай жүруі, ішкі жалпы өнімнің анағұрлым өсуі, соның нәтижесінде халықтың әл-ауқатының артуы осы аса ауқымды шаруаға бел шеше кірісуге жағдай жасады.
Сонымен қатар, 2004 жылы тарих, археология, сәулет және мүсін өнерінің жылжымайтын ескерткіштерін (25 мың) сақтау, қорғау, қолдау, қалпына келтіру және пайдалану жұмыстары қолға алынып, одан кейінгі жылдары жалғасын тапты. Бұл мәселеде, бәрінен бұрын еліміз қонақтарының жолы түсетін, мемлекетіміздің өнегелі өткені туралы дұрыс пікір қалдыратын нысандарға бірінші кезекте назар аударылды. Мысалы, олардың ішінде, Оңтүстік Қазақстандағы Арыстанбаб кесенесі, Қызылорда облысындағы Асан-Ата және Айқожа кесенелері, Алматы облысындағы Жаркент мешіті, Оңтүстік Қазақстан облысының Тұрбат ауылындағы тарихи-сәулет ескерткіштері, «Әзірет Сұлтан», «Жидебай-Бөрлі» қорық-мұражайларының тарихи-сәулет және археологиялық ескерткіштері, Маңғыстау қорығы, «Ордабасы» қорығы және сол секілді қайталанбас ескерткіштер бар.
Нәтижесінде, 100 томдық жинақ 4-5 жылдың ішінде түгел шығарылып бітті, көптеген зерттеулер жүргізіліп, ескерткіштер қалпына келтірілді, археологиялық жұмыстар нәтиже беріп, «Берел», «Ботай» және басқа қорғандардан табылған көне тарихи заттар халқымыздың рухани байлығына айналды, сөйтіп, ұлт рухын көтеріп, әрі жауапты әрі сауапты іс атқарылды. Мұндай іргелі істі мықты мемлекет қана қолға ала алатыны белгілі. Бұл да болса Тәуелсіздіктің бір жемісі.
2004 жылдың маусым айында белгілі суретші Ерболат Төлепбайдың туындылары Париждегі «Espaco Miromesnil» галереясына қойылып, талғампаз өнерсүйер қауымды тамсандырды. Оған Франция астанасында Сальвадор Дали атындағы Халықаралық альянс сыйлығы берілді.
23 қыркүйекте Елбасы Н.Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Афинада өткен XXVIII олимпия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, мемлекеттік наградалармен марапаттады. Әлемдегі ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогын алып келген жалғыз алтынның иегері Бақтияр Артаевқа Президент I дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті.
24 желтоқсанда Астанада Есілдің сол жағалауында жаңадан салынған Президент резиденциясының ашылу салтанаты өтті. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, ықылым замандардан ата-бабамыздың елдің шаңырағы биік болса екен деген асыл мұраты мен асқақ арманын тоғыстырғанда оларды әрдайым Ақордамен байланыстырған екен. Ендеше, еліміздің нышанындай болу үшін жаңа ғимарат енді Ақорда деп аталады деген тоқтамын жеткізді. Қазақ елінің елордасы Астана болса, Астанамыздың жүрегі енді Ақорда болмақ, деді Президент.
Ақорданың салтанатты ашылу рәсіміне қазақ руханиятының көшбасшылары, ұлтымыздың көрнекті қайраткерлері, аға буын өкілдері Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбайұлы, Ақселеу Сейдімбек және де басқа елімізге танымал адамдар қатысты.
Мырзатай Жолдасбеков сөз алып, Ақорданың ашылуына арналған тілегін жеткізіп, «...Нұреке! Далаңыз егісті, Ордаңыз кеңісті, келісті болсын, жұмысыңыз жемісті болсын. Отырған орныңыз ел-жұртыңызға құт, жүрген жеріңіз береке болсын! Басыңыздан бағыңыз, астыңыздан тағыңыз таймасын! Халықтың бағы баянды болсын!» деп бата берді.
2004 жылы Елбасымыз 300-ден астам ресми іс-шаралар өткізді, соның 130-ында мемлекеттік органдардың басшыларымен, еңбеккерлермен және кәсіпкерлермен, біздің қоғамымызды құрайтын барлық қауымдастықтың өкілдерімен кездесті, 30-ға жуығы Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары өкілдерімен өткен жиналыстар, 100-ден астамы шетелдік саяси және іскер топтардың өкілдерімен жүздесулер, 10-ы ірі халықаралық форумдар болды.
Бұл жылы Елбасы еліміздің 11 аймағына жұмыс сапарымен барып қайтты. Қостанай, Ақмола, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарына барған кездерінде сол аймақтардың активтерімен, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, көптеген өндіріс, ауылшаруашылық кәсіпорындары, әлеуметтік-мәдени нысандар жұмысымен танысты.
Елбасының халықаралық қарым-қатынасқа байланысты жұмыстары өте тығыз да жемісті болды, ол 13 рет шетелге сапармен шығып, өз елімізде 11 шет мемлекеттер басшылары мен үкімет басшыларын қабылдады.
2004 жылы Елбасымыз Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Сауд Арабиясы Корольдігінде, Грекия мен Австрияда және Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында жұмыс сапарымен болып қайтты.
Осы жылы біздің елімізге мемлекеттік сапармен Әзірбайжан Президенті И.Алиев, Латвия Президенті В.Вике-Фрейберга, ресми сапармен Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Х.Карзай, Норвегия Корольдігінің Премьер-министрі К. Бондевик, Эстония Президенті А.Рютель, Чех Республикасының Президенті В. Клаус және жұмыс сапарымен Испания Королі Хуан Карлос I келіп кетті.
Елбасының бұл жылғы сыртқы саясатқа байланысты қызметі Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға, ТМД елдері ынтымақтастығын кеңейтуге, оның ішінде Ресей Федерациясымен, АҚШ-пен қарым-қатынасты тереңдетуге, Қытаймен тұрақты және достық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ Еуроодақпен өзара тиімді сауда-саттық пен ықпалдасты одан әрі кеңейтуге бағытталды.
Қазақстан лаңкестік, діни экстремизм, есірткі трафигімен күрес үдерістеріне зор үлес қосты. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) мақсаттарын іске асыру, аймақтық, ұжымдық қауіпсіздікке байланысты әрекеттерді қалыптасып отырған жағдайға бейімдеу жұмыстары одан әрі жалғастырылды.
Мемлекеттік интеграциялық саясаттың шеңберінде Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) құруға арналған мәселелерді шешуге аса үлкен көңіл бөлініп, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕурАзЭҚ), Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) және Орталық Азия ынтымақтастық ұйымының (ОАЫҰ) жұмыстарын жандандыру мен қарқындатуға бағытталған іс-шаралар жандандырылды.
* * *
Осы мақаланы дайындау барысында басылымдарда шыққан 2004 жылғы барлық мәліметтерді зерделеп, бір ғана жылдың ішінде Елбасының атқарған әлемдік, елдік, аймақтық істерімен танысып, қайран қалдым. Соншама аумақты іс-шараларды табандылықпен іске асырып, олардың орындалу сапасын қадағалап, нәтижелерін талдаудан өткізіп және бағалап, одан керекті қорытындылар жасап, оны ішкі және сыртқы саясатта дер кезінде ескеріп, елін күн демей, түн демей 20 жыл бойы биік мақсаттарға жетелеуден талмаған Елбасының ақыл-парасатына, дарындылығына, іскерлігіне, қайратына, жігеріне, отаншылдығына және антына беріктігіне тәнті болдым. Алладан Президентімізге күш-қуат беріп, мақсатына жеткізе гөр деп тіледім.
Ержан ИСАҚҰЛОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы.