26 Мамыр, 2011

Сайт, суайт және Сократ

562 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сайт бетінде соңғы кезде «домалақ» арыз көбейіп тұр. Ол, әсіресе, әкімдер мен олардың командасы ауысқан кезде «құ­тырып» кетеді. Аттандаған «ав­торларының» кім екені де белгілі. Өйткені, бір кездері шапшып сөйлеп, шашып жеген «қасқалар» мен «жайсаңдар» орынтағынан айырылған соң кінәні өзінінен іздемей, жаңа келген жас әкімнен көріп, сайт арқылы «сайрай» бас­тайды. Оларына «поэма», «бал­лада», «ода» деп «оқырай­тып» ат қойып, айдар тағудан да ұялмайды. «Үрит, соқ!» деп, алақандарын ысқылап отырған сайт иелеріне керегі де осы. «Қанды басың бері тарт!» деп авторсыз, айғақсыз, мекен-жайсыз «балладасымақ­тар­ды» айызда­ры қана жариялайды. Ал өңірде істеліп жатқан игі істерді көрсе де көрмеген, естісе де естімеген болады. Баяғыда біреу Сократқа келіп: – Досыңның сен туралы не дегенін білесің бе? – депті. – Жә, – дейді сонда Сократ, – ма­ған айтпағыңды отыз тісіңнен шығармай тұрып әуелі үш електен өткізіп ал. – Үш електен дейсің бе? – деп таңданады әлгі. – Иә, біреуге бірдеңе айтпақ бұрын оны үш електен өткізіп алу керек. Ең бірінші електің аты – шындық. Мысалы, сені осы араға дедектетіп әкелген сөзіңнің шын екеніне сенімдісің бе? – Жоқ, мен оны біреуден естіп ем. – Өте жақсы. Яғни, сен оның шын ба, жалған ба, қайсысы екеніне көзің анық жетпейді. Енді екінші елек – адамгершілік елегіне салып көрейік. Сен маған досым туралы жақсы бірдеңе айтпақпысың. – Жоқ, керісінше. – Демек, – дейді Сократ, – сен ол туралы жаман бірдеңе айтқалы келдің және оның шын екеніне өзің де күмәндісің. Ал енді үшінші елекпен, яғни сол сөздің маған пайдасы бар ма, жоқ па, соны екшеп көрелік. Оның мәнісі тіпті қарапайым: сенің жеткізгелі отырған сөзіңді менің естуім міндетті ме, жоқ па? – Жоқ, аса міндетті емес. – Демек, – деп қорытын­дылайды Сократ, – сен маған айт­қалы алып-ұшып келгендегі сө­зің­де шындық та, адамгершілік те және мысқалдай пайда да жоқ. Ендеше, сонша жерден неменеге әуре болып келдің?!. Ел ішінен, ағайын арасынан, басшылар мен қосшылар орта­сынан «интрига» іздеген сайт иелері мен облыстардағы іскер әкімдерге жала жапқан суайттар осы мысалдан ғиб­рат алса ғой, шіркін! Бірақ, әй, қай­дам, сайтқа суайттар мен сауат­сыздар «жаз­ғыш» болған уақытта кімге не деп уәж айтуға болады!!.  Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.