26 Мамыр, 2011

Биология ғылымы қалаған берік негіз

849 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Алдағы онжылдыққа негізделген басты бағыт халықаралық стандарт екендігін және қазіргі білім мен ғылым, ең алдымен, бәсе­ке­лестікке төтеп беруі шарт екендігін Президентіміз талай рет қадап айтқан болатын. Осы бағытта қабылданған алғашқы «Білім тура­лы» Заң өз нәтижесін бергенін де білеміз. Енді экономиканы түбегейлі өзгерту кезеңінде Елбасымыз білім-ғылым саласын­да жаңа заң жасап, оны өндіріске енгізу бары­сында еліміздегі ерекшеліктерді ескеруді тапсырып отыр. Мұнда кімнің немен ай­налысатыны барынша нақтыланған, ғы­лым­­ды инвестициялаудың көздері мен ғылыми жаңа­лықтарды өндіріске енгізудің барлық тетіктері ескерілген. Ендігі жерде ғылым өндіріске берері жоқ, жалған ға­лымдардан арылып, жаңа кезеңге аяқ басатын болады. Ал бұл өз кезегінде ғы­лыми жаңалық­тарды ашуға және оны өндіріске енгізуге тікелей жол ашады. Ал мақсатты инвестиция белгілі бір мақсатты жүзеге асыру үшін бөлінетін қаражат қыз­метін атқарса керек. Ғылым мен өндірістің арасын жақындата түсетін мұн­дай тетікті бүгінде өмірдің өзі талап етіп отыр. Иә, айта берсек бүгінде осы мақсатқа қыз­мет етіп жатқан ғылымның саласы көп. Со­ның бірі біз сөз еткелі отырған микробиология. Бұл ғылым өмірге бүгін келіп отырған жоқ. Онымен көп жылдардан бері айналысып келе жатқан, ауылшаруашы­лық дақылдары­ның өнімін арттыру ісіне өлшеусіз үлес қосып жүрген ірі ғалымдар­дың қатары­на, биология ғылымдарының док­торы, профессор Амангелді Құрбанұлы Садановты жат­­қызуға болады. Мектеп, институт қабыр­ғасы, одан еңбекке араласудан кейін талант иесінің ғы­лымға деген үлкен қызығушы­лығы оянған. Осы жолда тер төге еңбек­тенген. 1979 жылы А.Саданов Ленин атында­ғы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғы­лым­дары академиясының Шығыс бөліміне қарасты В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылы­ми-зерттеу институтының аспи­ран­турасының күндізгі бөліміне оқуға түс­кен. Оның ғылым жолындағы алғашқы ұстазы Қазақ КСР ҒА корреспондент-мү­шесі (кейіннен Қазақстан Республика­сының Ұлт­тық Ғылым академия­сы­ның академигі) Әлфарид Низам­ұлы Илялетдинов болатын. Ұстазының жетекшілігімен ол орга­ни­калық мелиорантты пайдалана оты­рып, микро­биологиялық үдерісті жандан­дыру жо­лымен Оңтүстік Балқаш өңіріндегі тұзды топырақтың құнарлылығын арттыру мәсе­лесін шешумен айналысты. 1984 жылы академик Ә.Н.Илялетдиновтің және сол кездегі биология ғылым­дарының кандидаты Ш.­З.Мами­­ловтың ғылыми жетекшілігімен «Ақ­да­ла алқабын­дағы тұздалған топырақты мелиоранттармен өңдегендегі микробиология­лық процестер» тақырыбында кандидаттық диссерта­циясын сәтті қорғады. 1982 жылдан 1994 жылға дейін 12 жыл бойы Қазақ КСР Ғылым академиясына қарас­ты Микробиология және вирусология инс­титу­тында адал қызмет атқарады. Алдымен кіші ғылыми қызметкер, одан кейін ғылыми қызметкер, одан соң аға ғылыми қыз­меткер және жетекші ғылыми қызмет­кер болып қызмет істеген ол ғылым жолындағы барлық баспал­дақтардан өтті. Осы жылдары микроорганизмдер экологиясы зертханасы­ның құра­мын­дағы топырақ микро­био­ло­гиясы тобына басшылық жасаған А.Са­данов республикадағы микробио­логия­ның то­пы­рақ­­қа қатыс­ты сала­сын дамыта оты­рып, республикадағы атал­ған саланың негізін қалаушы әрі жетекші ғалымға айналды. А.Саданов «Микробиология – 03.00.07 мамандығы бойынша «Биологиялық белсен­ді­ліктің күріш егістігіндегі топырақтың құна­­рын тұрақтандыруға әсері» тақырыбын докторлық диссертациясының негізгі ар­қауы­на айналды­рып, бұл еңбегін 1993 жылы өте сәтті қорғап шықты. Аталған жұмыстар шеңберінде Қазақ­стан үшін жаңа ғылыми бағыт – топырақ биотехнологиясы пайда болды. Оның негізі суға бастырылған күріш алқаптарының топыра­ғындағы құнарлы қа­бат­тағы қараші­ріктің пайда болуы және оның ыдырауының микробиологиялық негіздерін анықтаудың арқасында нақтыланған болатын. Қазақ­станның оңтүстігінде топы­рақ­тың экология­лық жағдайының төмен екендігін ескере отырып оны қалпына келтіруде микро­био­логиялық факторлардың негізгі рөл атқа­ратындығын дәлелдеп берді. Соның ішінде, егіс алқаптарында күріш дәнін сеппес бұрын, топырақты суға басты­рып, сонан соң 10-15 күн бойы топырақ су астында жатқан кезде ғана топырақтың микробиологиялық үдеріс­тері өз дәреже­сінде пісіп жетіліп күріш дәніне қажетті қоректік заттар (азот) сақ­талып, өніп-өсуіне мүмкіндік жасалынады. Сонан соң күріш дәнін сеялкамен емес, ұшақпен себу арқылы күріш өсім­дігінен жоғары өнім алатын­дығын дәлел­деп берді. А.Садановтың док­тор­лық дис­сер­тация­сының тағы бір ерекшелігі күріш дақыл­дарында жиі кездесетін және де оларды жиі зақымдайтын фузариоз және гельминтоспориоз ауруларына қарсы жаңа биологиялық күрес тәсілдерін ойлап табуында дер едік. А.Садановтың жетекшілігімен Қазақ­станда республикамыз үшін жаңа әрі өте маңызды ғылыми бағыт – жерді биоло­гиялық өңдеудің маңызды компоненттерінің бірі топырақ­тың құнар­лылы­ғын арттыру биотех­но­ло­гиясы сәтті даму үстінде. Топырақ биотехнологиясының ғылыми-теориялық негізі ауыл шаруашылық дақыл­да­рынан жоғары өнім алу және де топырақтың құнарын барынша ұлғайтуға мүмкіндік беретін топырақ микроорганизмдерін ретімен пайдалану болып табылады. Соны­мен қатар, ескеретін жай, топы­рақта үнемі жүріп отыратын микробиологиялық үдерістерді реттеп отыру арқылы ғана оның құнарын өз дәрежесінде артты­руға болатындығы. Оның артуы немесе төмендеуі тікелей топы­рақ биотасына бай­ланысты. Егін шаруашылығының бас­ты мәселелері­нің тағы бірі – химикаттардың әсерін барын­ша төмендете отырып, топырақты минералды азот тыңайтқыштарымен емес, керісінше, био­логия­лық азотпен тыңайту болып табылады. Биоло­гиялық азот түйнек бактериялары арқы­лы атмосфералық азотты сіңіру арқасында топырақ­та жинақталады. Ауадағы азотты топы­рақта сондай-ақ, бос еркін және сим­биозды түрде тіршілік ететін азотфиксация­лаушы микроорганизмдер арқылы жүзеге асыруға болады. Бұршақ тұқымдас дақылдар­дың тамырларында тіршілік ететін түйнекті бактериялар атмосфера азотын өз бойына сіңіре алады. Бұл ретте, вегетациялық кезеңде көпжылдық бұршақ тұқымдастар өсімдіктері әр гектарына 200-300 кг азотты сіңіре алады. Бұл тек бұршақ тұқымдас дақыл­дарына ғана емес, сонымен қатар келесі егілетін ауылша­руашылық дәнді дақылдарының мине­рал­ды азотты тыңайтқыштарының қолдануын­сыз-ақ өсіп-өнуіне жеткілікті. А.Садановтың шә­кірт­терімен бірге топырақты тыңайтатын «Нитрагин» және «Ризовит АКС» биопре­парат­тарын жасап шығарып оны өндіріске енгізу оның ірі жетістігі. Зерттеу барысында Қазақстанда өсетін бұр­шақ тұқымдас өсімдіктерінің (соя, жоңыш­қа, түйежоңышқа және т.б.) тамы­рында кездесетін ауадағы бос азотты өз бойына сіңіретін түйнек бактериялардан жоғары белсенді штамм­дары бөлініп алынды және оған отандық тиімді толықтырулар таңдалынды. Препаратты қолда­нысқа енгізгеннен кейін соя астығының өнімі 33-35 пайызға дейін артты, бұл орташа түсімге қосымша астық жиыны­ның гектарына 5-7 центнерін беретінін көрсе­теді. Бұршақ тұқымдас өсімдіктері то­пырақты тек азотпен және органикамен байы­тып қана қоймайды. Сонымен бірге, ауылша­руашылық малдарына арналған жоғары сапалы белоктық азық болып табылады. Оған қоса осы дақыл­дардан соң ауыспалы егістікте егілетін дақыл­дар үшін де топырақты құнар­ландырады. Екінші маңызды мәселе, көпжыл­дық бұршақ тұқымдас өсімдігінің, әсіресе, жоңышқа дақы­лы­ дәнінің сыртындағы қатты қабығы кедергі келтіретіндігінде және де олардың өнімін жоғарылатуды жолға қоюда. Оның шешімін табу үшін тұқымның шығымдылығы мен өнімділігін арттырудың микробиология­лық тәсілі қолда­нылады. Яғни, целлюлозоли­тикалық бактериялар өз бойынан целлюлоза ферменттерін бөліп шығарып, осы ферменттер тез арада аталған дақылдың дән­де­рінің сыртқы қабатын бұзып, нәтижесінде, дәннің шығымдылығын едәуір арттырады. Бұл микро­биологиялық әдіспен тұқымды себер алдындағы өңделген дәндердің шығым­дылығы шамамен 60-дан 90 пайызға артатын­дығы ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Демек, микробтық препараттарды шығарып, олардың өндіріске енгізілуі, Қазақстанның микробиология саласының дамуының бірден бір көзі болып табылады. 1994 жылдан бастап А.Саданов профес­сорлық-оқытушылық жұмысқа ауысты. 1994-1995 жылдары ол Қазақ ауыл шаруашылығы инсти­туты биология және экология кафедра­сының профессоры, ал, 1995 жылы аталған кафедраның меңгерушісі болып еңбек етті. 1996 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы инсти­тутының базасында Қазақ ұлттық аграрлық университеті құрылды. Бұл кезде Экология кафедрасы университеттің бөлінбес бір бөл­шегіне айналды. 1996 жылы А.Садановтың бастамасы бойынша Қазақстанда алғаш рет «Агроэкология» мамандығы ашылды. Амангелді Құрбанұлы кафедра қызметкерлерімен бірге «Агроэкология» мамандығын дайындау­да, олардың құжаттарын, паспорттарын да­йын­­дауда және оны оқу үдерісіне енгізуде ауқымды жұмыстар атқарды. Аталған ба­ғытты дамы­тудың арқасында, республиканың аграр­лық секторын­дағы экологиялық пробле­маны терең түсінетін, оны шешуге қабілетті, агро­экожүйе мен оның қауіпсіздігін қамтама­сыз ете білетін жоғары кәсіби білікті мамандар көбейді. Қазіргі заманауи білікті маманды оқу мен ғылыми зерттеулерді үйлестіре отырып қана тәрбиелеуге болады. Студенттердің ғылыми зерттеулерге қатысуы шығармашылық ой-өрісті дамыту, жаңа білімді жинақтау мен көз­деген мақсатқа жету үшін өте қажет. Сарап­тамалық зертха­наның құрылуы жоғары мектептерде білім беру үдерісінің ғылыммен бірігуіне үлгі болды. Аграрлық университет­тің студенттері дипломдық жобаларын дайын­дауға, магистратурада, аспирантурада оқуға, ғылым кан­ди­­даты, кейіннен ғылым док­торы дәрежелеріне қол жеткізу үшін ғылыми-өн­дірістік тәжіри­беден өтуге мүмкіндік алды. Сон­дық­тан, А.Са­дановтың күш-жігерінің нә­тижесінде Қазақстанда «Агроэко­логия» ғылы­мы бағы­тын­дағы жоғары білікті мамандар даярлау ісі ұйымдастырылып, жолға қойылды. 2002 жылы А.Саданов «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық биотехнология орталығы» Бас директорының ғылыми жұмыстар жөнін­дегі орынбасары болып тағайындалды. Ол Ұлттық биология орталығы құрамындағы мамандар құрамын күшейту үшін қазіргі кезде аталған ғылыми орталықтың негізгі діңі болып отырған алматылық жас ғалым-биологтардың үлкен тобын Астана қаласына әкелді. Дәл осы жылы профессор А.Сада­новтың бастамасы бойынша ҚР ҰБО жаны­нан Экологиялық биотехнология зертханасы құрылды. Осы аталған зертханада Алматыдан келген жас ғалымдар еңбек етті. Оның ғы­лыми жетекшісі Амангелді Құрбанұлы болды. А.Садановтың басшылы­ғы­мен мал азы­ғын дайындауда әртүрлі өсімдіктерді сүрлеу үшін «Казбиосил» атты тиімділігі өте жоғары жаңа препараттың өндірісі қолға алынды. «Казбиосил» препараты жоғарғы активті сүт қышқылды бактериялар штаммдары бар құрамы жақсар­тылған ашытқыдан тұрады. 2008-2010 жылдар аралығында республика көлеміндегі шаруа қожалықтарда «Казбиосил» препаратын қолдану арқылы 500 мың тоннаға тарта жүгерінің сабағынан, дәнді дақыл өсімдіктердің сабанынан және сүрленуі қиын өсімдіктерден сүрлем жа­сады. Нәтиже­сінде, азықтың құрамында құрғақ заттардың едәуір артқандығы, малдарға азықтың сіңім­ділігі, олардан сауылатын сүттің мөлшері мен майлылығының артқандығы байқал­ды. А.Са­дановтың шәкірттері қолдағы бар мүмкін­діктерді пайдаланып және олардың сапа­сын арттыра отырып, республика аума­ғындағы шаруа қожа­лықтарына аталған препаратты енгізу мақса­тында қарқынды жұмыс атқаруда. А.Саданов екінші мамандығы эколог болған­дықтан да топырақтың экотоксикант­тармен ластануына көз жұмып қарай алмады. Соңғы жылдары Амангелді Құрбанұлының жетекшілігімен оның шәкірттері топырақты ауыр металдардан, мұнаймен ластанудан және тағы басқа ксенобиотиктерден микро­биологиялық жолмен тазалау мәселелерімен белсенді түрде айналы­сып келеді. Топырақ­тың мұнаймен ластануының биоремидиа­циясы және биоиндикациясы мәсе­ле­ле­ріне айрықша көңіл бөліп отыр. Бұл өз нәтижесін беріп, «Бакойл-KZ» отандық биопре­па­раттарды қол­дану арқылы мұнай және мұнай өнімдерінен топырақты тазалаудың жаңа техно­логиясын жасап шығарды. 2004 жылы Үкімет қаулысымен республи­кадағы биология саласындағы ғылы­ми мекемелерді басқаруға және ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын өз уақытында әрі сапалы орындауға байла­нысты Алматы қаласында  Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Биологиялық зерттеу орталығы» құрылды. Оның Бас дирек­торы болып профессор А.Саданов тағайын­далды. Биологиялық зерттеулер орталығының құрамына 9 еншілес мемлекеттік кәсіпорын мен 3 филиал енді. Аталған орталық жоғары оқу орындары, медициналық зерттеу мекемелері мен биоло­гиялық ғылы­ми-зерттеу салаларының ғылы­ми жұмыс­тарын ұйымдастырушылық және үйлесті­румен қамтамасыз етті. Орталық шеңберінде биология ғылымы саласында ірі ғылыми және ғылыми-техни­калық бағдарламалар құрылды. Бұл өз кезегінде топырақтанушыларды, ботаниктерді, жа­нуар­танушыларды, молекулярлық био­лог­тар­ды, генетиктерді, микробиологтарды, ви­русо­логтарды, экологтар мен физиолог­тарды өзара біріктіре отырып үлкен маңызды ғылыми жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде, Орталық қыз­метінде биологиялық саладағы барлық ғы­лыми зерттеулері бірыңғай кешенге жинақ­талды. Осының арқасында ғылыми-зерттеу жұмыстардың тиімділігі мен оны жүзеге асыру жолдары жаңа дәрежеге көте­рілді. Биология саласындағы зерттеу­лер­дің ғылыми дәрежесін көтеру үшін Қазақ­станның белгілі ғалымдары құрамына енген Орталықтың ғылыми-техникалық кеңесі құрылды. Аталған Орталықтың ғылыми-техникалық кеңесінің төрағасы болып А.Саданов сайланды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Био­логиялық зерттеулер орталығын қайта құры­лымдау туралы қаулысына сәйкес 2010 жыл­дың желтоқсан айынан бастап А.Саданов Микробиология және вирусология инсти­тутына Бас директор болып тағайындалды. Өзінің төл институтына оралғанда, ол шығармашылық қуат пен бұлқынысқа толы, жаңа жоспар мен идеяға бай, тәжірибелі бас­шы ретінде көріне білді. Аталған институтқа бірінші басшы болып келісімен қызу ұйым­дас­тыру жұмыс­тарын бастап кетті. Айтар болсақ, ауыл шаруашылығы, қоршаған орта­ны қорғау, медицина және ветеринария сала­ларына арналған биопрепараттар өндірісін ұйымдастыру және ғылыми зерттеулерді кеңей­ту, ғылыми-техникалық бағдарламалар жасауға көп назар аударып, үлкен күш жұмсай бастады. 2010 жылы А.­Саданов­тың төл авторлығымен «Топы­рақ эко­жү­йесіндегі мұнайдың биотранс­фор­мация­лануы» атты монографиясы жазы­лып, басы­лып шықты. Бұл еңбекте Батыс Қазақ­стан өңіріндегі мұнаймен ластанған топырақ­тарды қалпына келтіру бағытындағы көп жылғы ғылыми зерттеулердің нәтижелері қамтылған болатын. Амангелді Құрбанұлының ғылыми және педагогикалық жұмысындағы нәтижелеріне көз жүгіртсеңіз, ризашылық сезіміңіз ояна­ды. Осы уақытқа дейін оның авторлығымен 420-дан астам ғылыми еңбектері, соның ішінде 9 монография, 3 оқулық және жоғары оқу орындарына арналған 2 практикум жарық көрді. Мұның сыртында 7 әдіс­темелік құрал дайындалып, 34 авторлық куәлік пен патент алынған. А.Саданов көп уақыты мен күш-жігерін жоғары білікті мамандар әзірлеуге бөлді. 2005 жылдан 2010 жылға дейін «Микробиология және вирусология институты» жанындағы «микробиология», «вирусология» және «экология» маман­дықтары бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі Біріккен диссертациялық кеңесі А.­Са­дановтың жетекшілігімен жұ­мыс істеді. Осы уақыт аралығында оның ғылы­ми мектебі микробиологтар, биотехнологтар және эко­логтармен белгілі дәрежеде толыға түсті. А.Садановтың жетекшілігімен «микробиология», «экология» және «биотехнология» мамандықтары бойынша 40 канди­дат­тық және 12 докторлық диссертация қорғалды. Профессор А.Садановтың шә­кірт­тері бүгінде белгілі ғалымның тәлімін көптеген ғылыми және мемлекеттік жоғары оқу мекемелерінде лайықты жалғастыруда. А.Садановтың ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметін Қазақстан Үкіметі жоғары бағалады. Көрнекті ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құрбанұлы Қазақстандағы биология ғы­лымдарының дамуына қосқан елеулі үлесі және биотехнология, экология мен микробиология салаларында қол жеткізген үлкен жетістіктері, қоғамдық және педагогикалық қызметі, білікті ғылыми ұйымдастырушылығы үшін «Білім беру ісінің үздігі» белгісімен, «Құрмет» орденімен мара­пат­талды. Қазақстан­дық Ұлттық Жаратылыс­тану ғылымдары академиясы биология ғы­лым­дарының дамуы­на белсенді үлес қосқаны үшін академик атағын беріп және де Әл-Фа­раби атындағы күміс медалмен марапаттады. Амангелді Құрбанұлы Саданов санаулы сағаттарының көбін кеңседе, не жол үстінде өткізеді. Ол қандай мәселені болса да кейінге қалдырмай, тез шешкенді тәуір көреді. Самарқаулыққа берілмей, жұмыста да, үйде де сергек жүреді. Өйткені, оған қарап бой түзейтін, оның әрбір ісінен өнеге алуға тырысатын адамдар көп. Мәткерім ӘКІМЖАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Баспа және полиграфия ісінің қайраткері. Сапарбек БОРАНБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.