25 Мамыр, 2011

Азық-түлік бағаларын реттеудің кешенді шаралары көп ұзамай іске қосылмақ

434 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздегі азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандырудың кешенді шаралары қаралды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков бұл шаралардың Елбасының 17 сәуірдегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырма­сы­на сәйкес жасалып отыр­ған­ды­ғын еске салды. Министрдің айтуынша, баға­ны тұрақтандыру жөніндегі шаралар оны белгілі бір деңгейде қатаң түрде байлап қоюға емес, бұл мәселеде азық-түлік бағала­ры­ның әлемдік деңгейдегі қозға­лы­сын ескере отырып, оны ішкі рынок тұтынушыларының, бы­лай­­ша айтқанда, халықтың мүд­де­сіне сәйкес реттеу тетіктерін іс­ке қосуға бағытталған. Яғни шараларды әзірлеген кезде тұ­ты­нушылармен қатар, азық-түлікті өндірушілер мүддесі де ескерілген. Шаралардың негізгі мақсаты – бағаның негізсіз өсуіне, азық-түліктерді өткізу рыногындағы ала­яқтыққа, жасырын келісуге жол бермеу және бағалардың мау­сымдық ауытқымалығын жұм­сарту болып табылады. Осы үшін, біріншіден, әрбір өңірде азық-түлік бағаларын тұ­рақтандыру қорлары құрылады. Екіншіден, жеміс, көкөніс өнімдерін өндірумен айналы­са­тын шаруа қожалықтары қосым­ша құн салығын төлеуден боса­ты­лады. Үшіншіден, әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарларының бағасы көтерілетін болса, ха­лық­тың әлеуметтік тұрғыдан аз қам­тылған бөлігіне жәрдемақы төлеу жүйесі әзірленіп, іске қосылады. Сонымен қоса, бағаны ұстап тұру жөніндегі әкімдіктер айна­лы­сып отырған қазіргі жұмыстар (жәрмеңкелер өткізу, азық-түлік керуендерін ұйымдастыру, азық-түлік өнімдерін егістен дас­тарқанға тікелей жеткізу) одан әрі жалғаса беретін болады. Осы ретте Асылжан Мамыт­беков жоғарыда аталған әрбір ша­раға жеке-жеке тоқталып, олар­ды іске қосу тетіктері туралы әң­гімелеп өтті. Мұның бәрі, әрине, азық-түлік бағалары көтерілген жағ­дайда немесе оның қарсаңында жүзеге асырылатын шаралар. Со­нымен қоса бағалардың көте­ріл­меуіне әсер ететін жүйелік шаралар да қарастырылған. Соның ең бастысы елімізде өндірілетін азық-түліктердің өндірістік көле­мін одан әрі арттыру болып табылады. Осыған орай әрбір өңірде өн­дірілетін азық-түлік өнімдерінің өндірілу, тұтыну көлемдері және экспорттық мүмкіндіктері есепке алына отырып, өндіру мен тұ­ты­нудың теңгерілімді көрсеткіші анықталған. Осының негізінде әрбір өнімнің сол өңір үшін тап­шылықты көлемі айқындалған. Қазірге дейін бұл тапшылық им­порттық өнімдер есебінен өтеліп келеді. Ендігі уақытта осы им­порттық өнімдерді азайту тетіктері іске қосылатын болады. Әрине, қалыптасқан табиғи ерекшеліктеріне байланысты кез келген өңір кез келген өнімді өзінде өндіре алмайды. Сондық­тан алдағы уақытта белгілі бір азық-түлік өнімінің түрлері бой­ынша өңірлердің мамандануына мән берілмек. Мәселен, еліміздің оңтүстік өңірлерінде жеміс-жидек, көкөніс өнімдері жақсы өседі және олар ертерек піседі. Ал басқа кейбір өңірлерде оны өсіру тиімсіз. Өсірген жағдайдың өзінде көп шығын жұмсалады. Азық-түлік өнімдерін өндіру жөнінде өңірлердің мамандануы үшін қолайлы жағдайлар тудыру осындай мәселені ескереді. Бы­лайша айтқанда, солтүстік об­лыс­тардың астық өсіріп, олардың артығын оңтүстікке жеткізуіне, ал оңтүстіктің көкөніс өсіріп, оларды солтүстікке жеткізуіне осылайша жол ашылып, қолайлы жағдайлар қарастырылмақ. Осы үшін азық-түлікті өндіру, өткізу жүйесін үйлестіру ісі қолға алы­нады. Бұған қол жеткізу үшін әр­бір өңірден азық-түлік сақтау қой­маларын салу, тасымал ин­фра­құрылымдарын дамыту жұ­мыс­тары өріс алатын болады. Кө­терме және бөлшек сауданы ұй­ымдастыру ісіне көп мән беріледі. Үкімет отырысында сонымен қатар мұғалімдерді даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жө­нінде маңызды мәселе қаралды. Бұл жөнінде кейіннен кеңірек әңгімелейтін боламыз. Қаралған мәселелерді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қоры­тын­дылап, тиісті тапсырмалар берді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.