Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын бастайды.
* * *
ҚҰРЫЛТАЙ
Құрылтай құтты болсын, қандастарым!
Әрқашан арман болған, жолдастарым!
Білеміз қилы күндер, бастан кешіп,
Қатыгез тұл тағдырдың арбасқанын.
Жолдарың шартарапқа айырылды,
Сан рет қанаттарың қайырылды.
Бүгінде құшақтайсың кең Далаңды,
Бабадан мұра –
Ұланғайырыңды.
Халқының болашағын бағдарлаған,
Кім қалды Елбасына таңғалмаған.
Сендерді қарсы алып, ол күлімдеп,
Дағдарыс кезінде де дағдармаған!
Еліңе қош келдіңдер, қандастарым,
Келіп тұр сендермен бір ән бастағым.
Осынау қазағымның асқар әні,
Тілеймін мәңгілікке жалғасқанын!
Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ.
___________________
ЕЛОРДАҒА ЖИНАЛДЫ КІЛЕҢ ҚАЗАҚ
Міне, көптен күткен қандастарымыз төртінші рет өткізілгелі отырған Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысу үшін елордаға жиналып, атамекендегі бауырларымен шұрқыраса көрісті. Алматыдан шыққан 505-ші арнайы пойызбен кеше олар елорданың сапаржайынан түсті. Әлемнің 40 шақты мемлекетінен келген 350-ге жуық делегат алдымен әсем шаһар Алматыға жиналған болатын. Сосын барып бұрынғы астанадағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері оларды Құрылтай өтетін елорда төріне бастап әкелді.
505-ші пойыз сапаржайға келіп жеткенде күн шуағын шашып тұрды. Қазақ деген жалғыз ауыз сөздің құдіреті мен ежелгі қоныс – атамекеннің топырағы тартып келе жатқан бауырларды күтіп алу қашан да көңіл толқытатын сәттерге толы болмақ. Өйткені, олардың әрқайсысы тек қарақан бастарының емес, соңындағы ағайынның сағынышын, арман-тілегін арқалап келе жатыр. Бір пойызда отырғаны болмаса, түрлі зобалаңның, нәубеттің салдарынан тарыдай шашыраған қазақтың бүгінгі ұрпақтары әлемнің түкпір-түкпіріне қоныс тепкен. Олардың көпшілігі атамекенге, оның ішінде ел ордасы – Астанаға тұңғыш рет атбасын тіреген екен. Ендеше, елге келген осы қандастарымыздың бойында тосын сезім, бөлек күй болмағы заңдылық. Осы орайда, Президент Әкімшілігі, қалалық әкімдік, зиялы қауым өкілдері, әнші-бишілер қазақтың өзіне тән бауырмал мінезімен, қонақжай пейілімен пойыздың алдынан шығып, жерге түскен қандастарымыздың тосырқап тұруына жол бермей, бірден үйіріп ала жөнелгені айтуға тұрарлықтай оқиға. Қандастарымыздың аяғы жерге тиер-тиместен әжелер шашуын шашты. Құрманғазының рухты күйлері қонақтардың мерейін өсірсе, алғашқы беташар әңгімелер мен лебіздер, арнау өлеңдер оқылып, олардың ұйыса кетуіне баса мән берілді.
Сапаржай басындағы кішігірім жиында елге келген ағайынға ақын Кәкімбек Салықов пен Нұрғожа Ораз жылы лебіз білдірді. Ақсақал ретінде де, белгілі қаламгер ретінде де бұл екі ағамыздың елім деп келген қонақтардың алдынан шығып, жүрекжарды сөздерін айтатын әбден орны да, жөні де бар. Сондықтан ақын Кәкімбек Салықовтың «Қош келдіңдер, шетелдік бауырларым! Кетті өшіп бодандық ауыр халім. Торға түскен торғайдай күн кешіп ек, Тәуелсіздік өзгертті дәуір мәнін» – дей келе «Әр сөзімнен білінсе отты лебіз, Жан жүректің қалауын жеткіземіз. Елордада құрылтай сәтті өтсе, Бір басылар сағыныш деп білеміз» деп жырлағаны шынайы әрі тартымды шықты. Сол сияқты Нұрғожа Ораздың қандастарға қарата: «Сендерді осында алып келген «қазақ» деген жалғыз ауыз сөз. Қазақ әрқашан намысты болған. Сендер де намыстың туын жықпай, қайда жүрсеңдер де қазақ атын асқақтатып жүрген жансыңдар. Сендер мұнда қыдырып келген жоқсыңдар. Елдің хал-жағдайын білуге, сол арқылы шетте жүрген бауырларымызға ақпарат жеткізуге, соларды осында көшіп келуге үгіттеуге жиналдыңдар. Ал, оның арасында атамекен топырағын басу бақыты, таныстық-білістік қуанышы жандарыңызға шаттық сыйласын. Аллатағала осындай қуанышқа бөлей берсін» – дегені елордаға жиналған қандастардың да ішкі ниетін дөп басқандай болды. Бұл екі арада қазақы дәстүрмен қонақтарға «Қош келдіңіздер!» атты арнауын айтыскер ақын Жақсылық Орынбасар домбырасымен шалқыта төгіп-төгіп жіберді.
Осы іс-шаралардан кейін елмен шүйіркелесе табысқан қандастарымызды арнайы өкілдер қонақүйлерге жайғастыру қамына кірісіп кетті.
Айгүл СЕЙІЛОВА.
______
АҢСАУ
Ой басып, жалғыз қалған шақтарымда,
Аралап кетем қиял бақтарында.
Жалғанда жалғыз жүрген қиын екен,
Білінбей бұл өмірде жоқ барым да.
Ауылға барамын мен анда-санда,
Аламын қуат жиып жанға сонда.
Суы да туған жердің балдай тәтті,
Шымырлар бойымдағы қан да сонда.
Жастықты жылдар жұтып, жалаңдаған,
Әр күнін қимай көңіл алаңдаған.
Сағындым ауылымның адамдарын,
Куәсі балалықтың далаңдаған.
Батырып кешті бірге арайлаған,
Жол жаққа анам жиі қарайлаған.
Дәм жазса барып қалам деп жүргенде,
Ақ кірді бұйра шашқа орайлаған.
Өлеңім қанат берді-ау құстай ұшып,
Қиялмен ауылымды алам құшып.
Ботадай боздап жырым сағынғаннан,
Көзімнен жас шығады ыршып-ыршып.
Бейбіт ДҮЙСЕМБЕКОВ. (Қондыбай)