Кездейсоқ сәйкестік пе, жоқ әлде оқиғаның ыңғайы солай келді ме, «Қаражанбасмұнай» еншілес компаниясы қызметкерлерінің ереулі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ топ-менеджменті БАҚ өкілдерімен жыл сайынғы болатын РД OPEN кездесуі күнімен сәйкес келді. Алайда компания менеджменті бұл қолайсыз тақырыптан бас тартқан жоқ және ереуілшілерден түскен сұрақтарға жауап бере отырып, нақты ақпараттарды алға тартып, бұл жөніндегі өз көзқарастарын жеткізді.
Ең алдымен кикілжің мәнісі туралы. Жергілікті және республикалық БАҚ-тарда баяндалған жұмысшылар ереуілінің оқиғасы мынадай: үстіміздегі жылдың 16 мамырынан бастап, «Қаражанбасмұнай», «ТұлпарМұнайСервис» және «АрғымақТранСервис» компанияларының 700-ден астам (кейбір дерек көздері бойынша екі мыңға жуық) жұмысшылары өз жұмыстарын тоқтатып, рұқсат етілмеген ереуілге шықты. БАҚ-тар баяндауынша, мұнайшылардың талабы ауызша білдірілген екі талапқа негізделіп отыр: еңбекақыны үш есе арттыру және жұмысшылардың пікірінше, олардың құқығын қорғамайтын кәсіподақ төрағасы Ербосын Қосархановты қызметінен босату. Ереуілшілердің «баламалы» бейресми лидері өкілдігін компанияның бұрынғы қызметкері, заңгер Наталья Соколова өз қолына алыпты. Әрине, кәсіподақ төрағасын қызметінен алу мәселесі компания басшылығының құзырына кірмейді. Оны кәсіподақ ұйымының жалпы жиналысы шешеді. Алайда, ұжымды екі лагерьге бөлген оқиғаның бұлайша өрбуі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберетін түрі бар. Өйткені ереуілшілер әлі күнге дейін өз талаптарын нақты ретке келтіре алмай отыр. Келіссөзге жіберетін өздерінің сенімді өкілетті өкілдерін де белгілеген жоқ. Осының салдарынан келіссөз үстелінде бас қосып, мәселені талқылау мүмкіндігі қалыптаспаған теке-тірес созылмалы сипат алуда. Мұның келтіретін зиянын ҚМГ БӨ әкімшілігі өте жақсы түсініп отыр.
– Қазіргі сәтке дейін біз ереуілшілерден ресми ретке келтірілген талаптар топтамасын әлі ала алғанымыз жоқ. Қалыптасқан оқиғаны талқылауға қатысатын тұрақты адамдар да жоқ, – дейді ҚМГ БӨ Корпоративті даму және активтерді басқару жөніндегі бас директордың орынбасары, «Қаражанбасмұнай» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Асқар Әубәкіров. – Әкімшілік ереуіл басталған алғашқы сағаттардан бастап-ақ құқықтық негіздегі салиқалы диалог жүргізуге, акционерлер берген өзінің өкілеттілік шеңберінде шешім қабылдауға әзір болғанымен, ереуілшілердің өкілетті өкілдері үнемі өзгеріп отырады. Бұл мәселені жүйелі талқылауға кері әсер етуде. Ал біз өз тарапымыздан келіссөз үстеліне отырып компанияның өндірістік қызметі, еңбекке ақы төлеу және әлеуметтік пакет шарттары туралы мәселені талқылауға әзірміз. Бірақ, осы ретте бірден айтатын мәселе – еңбекақыны үш есе өсіруге мүмкіндігіміз жоқ. Мұны компанияның экономикасы көтере алмайды. Бұл бізді банкроттыққа апарады. Өз тарапымыздан біз адамдарға жұмысты бұлайша бірден тоқтатып, жұмыс орындарын тастап кетуге болмайтындығын түсіндіргіміз келеді. Өйткені мұнай өндіру дегеніміз, бұл – қай кезде де болсын жұмысты доғарып, есікті жауып кете беретін сауда палаткасы емес. Ұңғымаларды тоқтату, консервцияға қою, содан кейін оларды қайта іске қосу, бұл біздің жалпы бюджетімізге үлкен шығындар әкелетін жағдай. Сондықтан жұмысшылардың әкімшілікке қоятын талаптары мен реніштері болса, ең алдымен келіссөз үстеліне отырып, қалыптасқан проблеманы бейбіт жағдайда талқылап барып, шешім қабылдауымыз қажет. Осы үшін де біз адамбыз. Ал біз өз тарапымыздан жұмысшылармен диалогты жалғастырудың барлық мүмкіндігін жасадық. Біз заңдылықтарда қарастырылған барлық үдерістерден өттік, бірақ осы мақсатта құрылған арбитраждық комиссияның жұмысын, оның өкілеттілігіне қарамастан, кәсіподақ өкілдері тоқтатып тастады. Осыған қарағанда әзірге кәсіподақ ұйымы мен оның басшылары және «штаттан тыс кеңесшілері» өзара келісімге келмейінше, шиеленісті жағдай жалғаса беретін секілді. Бірнеше күн бойы жалғасқан ереуіл салдарынан «Қаражанбасмұнай» АҚ бойынша өндіру көлемі төмендеп кетті. Ал өндірістік жоспардың орындалмауы табельде тіркелгені бойынша жұмысқа шықпағандықтың, уақыт жоғалтудың есебінен еңбекақының төмендеп, сыйақының төленбеуіне әкелетіндігі анық. Еңбекақының кесілетіні – кез келген өндірісті тоқтату салдарынан туындайтын объективті және қаржылық нәтиже.
Осындайда өндірістік жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін компания басшылығы қандай шаралар қолдануы мүмкін. Оның жауабы Клара Цеткин мен Роза Люксембург заманынан бері белгілі. Кез келген кәсіпорын қақпасының алдында жұмыссыздар мен өзінің бұрынғы жұмысын алмастырып, осы кәсіпорынға келгісі келетін адамдар тұр. Олардың арасында біліктілігі жарап тұрғандары да аз емес. Біздің компанияның мәліметтер базасында осындай адамдардың, соның ішінде біздің компанияда жұмыс істегісі келіп өтініштерін тапсырған үміткерлердің бірнеше жүздегені тіркелген. Бұл өтініштердің бірқатары жергілікті тұрғындардан түссе, енді бір бөлігі «Қаражанбасмұнай» АҚ-да жұмыс істегісі келетін осы жақта жүрген басқа өңірлердің тұрғындарынан түсіп отыр.
– Расында да жағдай осылай. Бірақ біз сырттан адам қабылдағымыз келмейді, – дейді Асқар Әубәкіров бұл идеядан бірден бас тартатындығын сездіріп. – Сондықтан да ереуілшілерге ойлануға уақыт береміз. Әкімшіліктің аталған мәселедегі ұстанымын түсіндіру үшін ғана емес, сонымен қатар бұл мәселені әрбір адаммен жекелеп немесе кешенді түрде талқылауға да әзірміз. Соның ішінде бұл жағдайдан компанияға да келетін, әрбір жеке қызметкерге де келетін залалдарды нақты есепке сүйеніп, айтып бере аламыз. Осы ретте мен жұмысшылардың бір бөлігі қазірдің өзінде жұмысқа оралғандығын немесе оралуға әзірлену үстінде екендігін жеткізгім келеді. Жұмыс жалғаса береді, ал біз мұндай адамдармен келіссөздер үдерісін ешбір айғай-шусыз жұмыс барысында жүргізетін боламыз. Бұл екі жаққа да пайдалы.
Енді оқиғаға заңдық көзқарас тұрғысынан келіп көрейік. 2011 жылдың ақпан айында «Ембімұнайгаз» және «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалдарының еңбек ұжымдарымен ұжымдық шартқа қол қойылды. Онда нақты жазылған еңбек ету шарттары, кепілдіктер, өтемақылар, әлеуметтік пакетпен қатар тараптардың жауапкершілігі туралы да ереже бар. Бұл ережеде жалдамалы жұмысшының өз келісімін орындамағаны жөнінде жүктелетін жауапкершілік заңдық тұрғыдан емес, моральдық тұрғыдан қарастырылғанымен бұл жағдай екінші жақтың да өз жауапкершілігін лайықты атқаруына әсер етеді екен.
– Әкімшілік осы ұжымдық шартта жазылған барлық міндеттемелерді қатаң орындап отыр. Соның ішінде еңбекақы, сыйақы, коэффициенттер төлеу, еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік пакеттер беру жөніндегі міндеттемелерін де. Егер бұл құжат бұзылған болса, компания жұмысшылары бізге өздерінің наразылықтарын білдірер еді деп ойлаймын. Бірақ бұлай болған жоқ. Соның ішінде қазіргі бізге көлденең тартылып отырған әртүрлі өкпе-реніштер мен талаптар арасында да ұжымдық шарттың бұзылуы немесе еңбек туралы заңдылықтың бұзылуы туралы ештеңе айтылған жоқ, – деп атап көрсетті Асқар Әубәкіров.
Рұқсат етілмеген ереуілге шығу жөніндегі әкімшілік жауапкершілік ҚР Еңбек Кодексінің 303-бабына сәйкес туындайды. Бұл бапта қауіпті өндірістік нысан қатарына жататын ұйымда ереуілге шығу заңсыз болып табылатындығы айтылған. «Қаражанбасмұнай» АҚ компаниясы да нақ осындай нысандар қатарында. Сондықтан Түпқараған аудандық соты 2011 жылғы 17 мамырда компания жұмысшыларының ереуілі тоқтатылсын деген өкім шығарды. Бірақ ереуілшілердің бір бөлігі бұл шешімді орындаған жоқ. Оның үстіне сот 20 мамырда ереуілді заңсыз деп тауып, тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Бұл шешім де орындалмай отыр.
Енді кикілжіңнің басты себебі, жалақы деңгейіне келейік: оның есебін журналистерге дейін бірқатар мемлекеттік органдар: Маңғыстау облысы бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Бас прокуратурасы және Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі басқарған мекемеаралық комиссия жүргізген.
Сонымен қазіргі күні «Қаражанбасмұнай» АҚ-тың ең төменгі ставкасы – айына 70 038 теңге, ең жоғарғы ставкасы – 181 822 теңге, жұмысшы мамандығына орташа есеппен – 125 637 теңге. Түнгі уақыттағы, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін төленетін қосымша төлемдерді, әртүрлі сыйақыларды қосқанда және салықтан кейінгі жағдайы бойынша 251 179 теңге құрайды. 2007 жылдан бастап жұмысшылар еңбекақысы 75 пайыз, ал бірқатар санаттар бойынша 90 пайызға көтерілген. 2010 жылдың шілдесінен бастап ҚМГ БӨ өндірістік филиалдарында жалақы еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша төлене бастады. Еңбекақы салалық 1,8 коэффициенті ескеріле өсті және аумақтық (аудандық) 1,7 коэффициенті сақталынып қалды. Осы бойынша мысалмен айтқанда, мұнай операторы айына 220-280 мың теңге алады. Бұл ресейлік осы мамандық иесінікінен едәуір көп.
Кез келген адам мұнай саласындағы немесе өз өңіріндегі орташа жалақының қандай екенін анықтап, соны ереуілге шыққандар талап етіп отырғандай үш есеге көбейтіп көрсін де, өз бетінше тұжырым жасасын.
Осыған орай ресми комиссия «Қаражанбасмұнай» АҚ кәсіподағы мен жұмысшыларының талаптарын негізсіз деген қорытындыға келді. Бұл қорытынды 2011 жылғы 13 мамырдағы шешімде тіркелді.
Әрине, кез келген жалақы жеткіліксіз көрінуі мүмкін.Бірақ өмір әр нәрсеге шынайы қарауды талап етеді.
Зарина АМРАЕВА.
Алматы – Ақтау – Алматы.