Әлішер ГАППАРОВ, Өзбекстан:
– Мен өзім құрылтайға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Мен Өзбекстан қазақтарының арасынан делегат болып келдім. Ұзақ жылдар ол жақта қызмет еттім, қазір зейнет демалысындамын. Қазақ пен өзбек ежелден туысқан халықтар ғой, ол жақтағы біздің өміріміз жаман емес. Ешқандай қысымшылық көріп жатқан жоқпыз. Бірақ тарихи Отанға қайту әрқашанда ойымызда, әттең соған кедергілер де аз емес. Соның ішінде көші-қон мәселелері қиын екенін естіп жүрміз. Соларды жеңілдетіп, қиындықтар жойылатын болса, келгіміз-ақ келеді. Қазақстанда тұрмыстың жақсы екенін біліп отырмыз. Біз келгенде ағайын-туғандарымызбен бірге келеміз ғой. Әсіресе, балаларымыз ел жаққа барғысы келеді. Бүгін Елбасымызды көріп отырмыз, оған да қуаныштымыз. Дүниежүзі қазақтарын бір жерге жинап, басымызды қосып отырғаны үшін ол кісіге алғыс айтамын. Оның оңай шаруа емес екенін де білеміз. Алладан денсаулық тілеймін ол кісіге.
Әбу ИСЛАМ, Ресей Федерациясы:
– Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырған құрылтайда үлкен шешімдер болатынынан үміттімін. Елбасы Н.Назарбаевтың сөзінен де сондай үміт отын көрдім. Мен ендігі жерде шетелде тұратын қазақтармен араласу, олармен мәдени, экономикалық және ғылыми жағынан ынтымақтасу бұрынғыға қарағанда жиірек әрі тиімдірек болатын шығар деп ойлаймын. «Нұрлы жол» атты бағдарламада көрсетілген мәселелердің тым болмаса 80 пайызы нақты іске асса – үлкен олжа болар еді. Ал енді өз тарапымнан айтар ұсынысым, Мәскеуде ТМД-да тұратын барлық қазақтардың дүниежүзілік мәдени орталығы ашылса екен деймін. Өйткені, Мәскеу тоғыз жолдың торабы ғой. Ондай орталықтар армян, әзірбайжан және т.б. халықтарда бар. Сондай бетке ұстар орталық бізге де керек-ақ. Әрине, Мәскеуде криминалдық жағдайдың қиын, басқа ұлттарға деген басқаша көзқарастардың бары рас. Бірақ «қасқырдан қорықсаң, орманға барма» дегендей, қайдағы бір топтардан қорқып, өмір сүрмей отыра аламыз ба? Мәскеудің өзінде ғана 15 мыңдай, ал бүкіл Ресейде 1 млн-ға жуық қазақ бар, сондай жерде Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан бір мәдени орталық керек қой. Бұл менің өз ойым.
Әбдуақап ҚАРА, Түркия:
– Біз осы құрылтайға үлкен үмітпен келіп отырмыз, өйткені бұл құрылтай Қазақстанның кәмелетке толған шағында өтіп отыр. Қазір Қазақстанның халықаралық аренадағы салмағы өсті. Ол әлемдік үлкен бастамаларға да мұрындық болып отыр. Осының өзі оны әлемге танытып, беделін көтере түсті. Енді Қазақстан диаспора мәселелерін де толық шеше алады деген ойдамыз. Осыған орай мен диаспора министрлігінің құрылуы шарт дер едім. Қазір қазақтардың үштен бір бөлігі шет елдерде жүр. Оларды қатыстырған сыртқы саясат әлі күнге Қазақстанда жасалған жоқ. Диаспора саясаты дегенде тек көші-қон мәселесін ғана қамту – ол біржақтылыққа ұрындырады. Бұған қоса шет елдерде тұратын қазақтар Қазақстанға қандай қызмет ете алады деген мәселе күн тәртібіне енгізіліп, оны шешу жолдарын жасау керек. Президенттің «Қазақстаннан не аламын деп келмей, не беремін деп келу керек» деген сөзі дұрыс, бірақ жеке адамдар мардымды ешнәрсе бере алмайды, ал олардың күшін әлгіндей министрлік бір арнаға тоғыстырып, сырттағы қазақтардың «Қазақстанға қызмет ету саясатын» жасаса – ол үлкен күш болар еді. Екіншіден, шетел қазақтары мен атамекен қазақтарын, сондай-ақ шетелдегі қандастарды өзара байланыстыру мәселесін қолға алу керек. Олар қазір бір-бірін түсінбейтін, бір-бірін оқып, біле алмайтын жағдайға кетіп бара жатыр. Сондықтан барлық қазақтың ортақ әліпбиі болуы керек. Осы істі Қазақстан бастап қолға алып, латын қарпіне көшсе, одан әрі Шыңжаң қазақтарының оған көшуіне ықпал етсе, бәріміз бір түрлі жазуға қол жеткізіп, бір-бірімізді қалтқысыз ұғатын болар едік.
Құрманбек ӘЛІМҒАЗЫ, Қытайдан келген оралман:
– Меніңше барлық адамның жүрегінде атамекенге жетуге деген құштарлық болады. Тарыдай шашылған халықтың бәрі де өз Отанының болғанын қалайды. Өзім де сондай сезімді бастан кешкен адаммын. Сондықтан да Қытайдан 2001 жылы туған жерге қоныс аудардым. Қазір жағдайымыз жаман емес. Мен де елден алайын деп емес, бойымдағыны берейін деген адаммын. Туған жерім менің ниетімді қолдады, Абай атындағы опера және балет театрында жеке концертімді бердім жуырда. Олжас деген ұлым, Үкібай деген қызым бар. Елбасының сөзі ұнады, ол кісі келемін дегендерге есік ашық екенін айтты. Енді келу, келмеу әркімнің өзінің санасына байланысты нәрсе ғой. Меніңше, барлық қазақтар да атамекенге оралып, туған жердің гүлденуіне өздерінің қолдан келген үлесін қосуы керек. Біз міне, өз елімізде, өз жерімізде, құдайға шүкір, шалқып жүрміз, ешкім кеудемізден итеріп жатқан жоқ. Керісінше, барлық жерде қолдан келген қолдауларын көрсетеді.
Ирина ҚАРАБОЛАТОВА, Ресей Федерациясы:
– Мен аз санды халықтардың тілдері, дәстүрлері сақталу проблемаларымен айналысамын. Соның ішінде жергілікті халықтардың фольклорын жинаймын. Біздің Түмен облысында 151 халықтың өкілдері тұрады. Соның ішінде қазақ диаспорасының алатын өзіндік орны бар. Менің әкем қазақ, шешем украин қызы. Менің ой-пікірім қазақ қызынікі болғанымен, тілім орысша. Әкем Торғайда тұрған, ол ақын болған еді. Өзім Арқалық пединститутын бітіріп, тағдырдың жазуымен Түменге кетіп қалған едім. Сол жақта тұрмыс құрдым, балалы болдым. Бір қызығы, менің қызым өзін украинмын деп, ал ұлым өзін қазақпын деп есептейді. Осы жолы мен ата-бабаның рухын сезінсін деп оны өзіммен бірге алып келдім. Қазір мен қазақ, татар халықтарының бесік жырларынан жинақ шығару үстіндемін. Сібір татарлары мен қазақтар өте ұқсас келеді. Өйткені, қазақ халқын құраған ру-тайпалардың 70 пайызы онда бар екені қазір мәлім болып отыр. Құрылтайды мен әр қиырда жүрген қазақтардың арасында ғылыми, іскерлік істердегі өзара ынтымақтастық орнату форумы деп қабылдаймын. Соның ішінде мен өзім Қазақстан Ғылым академиясының президентімен кездесіп, қазақтану тақырыбы бойынша іскерлік байланыстар орнату мақсатында келіссөздер жүргіздім.