24 мамырда еліміздің белгілі мемлекет қайраткері, Парламент Сенатының бұрынғы төрағасы, қазіргі таңда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Женевадағы Еуропа бөлімшесінің Бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев Қарусыздану конференциясының Бас хатшысы – БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану конференциясындағы Жеке өкілі қызметіне ресми түрде кірісті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Қарусыздану конференциясының қалыптасқан ережесіне сәйкес аталған жауапты қызметке БҰҰ Бас хатшысының ұсынысы негізінде және Қарусыздану конференциясы мүшелерінің толық қолдауымен тағайындалатыны белгілі.
Халықаралық қоғамдастықтың қарусыздану, оның ішінде ядролық қарусыздану жөнінде келіссөздер жүргізу үшін баламасы жоқ жалғыз көпжақты форумы Қарусыздану конференциясы екені белгілі. Ол 1978 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарусыздану жөніндегі алғашқы арнайы сессиясының шешімімен 1979 жылы құрылған. Қазіргі кезде бұл конференцияға 66 мемлекет мүше және Қазақстан 1999 жылғы 5 тамыздан бері оның құрамында.
Осы ретте, Қарусыздану конференциясы Бас хатшысының міндеті аталған форумның жұмысына және оның шеңберінде талқыланатын мәселелерге, сондай-ақ делегацияларға жан-жақты қолғабыс көрсету болып табылады.
Жаңа тағайындалған Бас хатшы Қ.Тоқаев өз сөзінде халықаралық қоғамдастық 14 жылдан бері конференцияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты келіссөздер күтетінін айрықша атап өтті. Сондай-ақ ол өз қызметінің ҚК үшін өте шешуші кезеңге дөп келгенін мойындай отырып, конференция мүшелерін ұйымның беделін сақтап қалу үшін тізе қосып жұмыс жасауға шақырды.
Қарусыздану конференциясының аймақтық топтарының атынан сөз алған елшілер Бас хатшының конференцияның жұмысын жандандыру мақсатындағы сындарлы ұсыныс-пікірлеріне әркез ашық екендіктерін мәлімдеді. Қытай, Ресей, Беларусь және Оңтүстік Корея елдерінің өкілдері Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы қадамдарын жоғары бағалай келіп, Қ.Тоқаевтың Қазақстандағы бірқатар жауапты мемлекеттік қызметтерде болған кезінде екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға сүбелі үлес қосқанын да атап көрсетті.
Осы салтанатты сессияда көптеген делегациялар осындай жауапты қызметке қазақстандық өкілдің тағайындалуына еліміздің әбден лайықты екендігін білдіріп, өздерінің құттықтауларын жеткізді.