26 Мамыр, 2011

Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Отырыста еліміздің ақпарат­тық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қылмыстық-атқару жүйесін дамыту мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы ақпарат­тық-коммуникациялық техноло­гия­ны дамыту және кеңінен енгізу қоғам мен мемлекет үшін жа­ғымды мүмкіндіктер беріп, үлкен үлес қосатынын атап өтті. Елімізде электронды қызмет, «электронды үкімет», кең жол­ақ­ты интернет, байланыстың соңғы буыны, сандық және спутниктік телевидение белсенді енгізілуде. Сонымен қатар, бұл ресурстар қоғамдық қауіпсіздік мақсатына сәйкес келмейтін қылмыстық және өзге мақсатта пай­да­ла­ны­латынын ескермеуге болмайды, сондықтан мемлекет тиісті рет­теу­ші шараларды әзірлеуі қажет. Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Президенттің көмек­шісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хат­шы­сы Марат Тәжин қазақ­стандық қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіп­сіздігін қамта­ма­сыз етудің нормативтік, инсти­туттық, ғылыми, ре­сурс­тық және өзге де қырларына жан-жақты тоқталып өтті. Сондай-ақ жекелеген мемлекеттік органдардың жетекшілері­нің ұлттық қауіпсіздіктің осы маңызды саласын құрайтын ел Президентінің актілері мен тап­сыр­маларының орындалу барысы туралы ақпараттары тыңдалды. Отырыс барысында отандық ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін, елімізде сандық және спутниктік телехабар тара­ту­ды енгізуді, «электронды үкі­мет­тің» сенімді қызметі мен олар­дың тұрғындарға қызмет көр­сетуін, ақпараттық жүйе мен ресурстарды тиімді қорғауды қам­тамасыз етудің өзекті мәсе­ле­лері талқыланды. Бұдан басқа, ақпараттық са­ла­ның қауіпсіздігін қамтамасыз ете­тін тиісті мемлекеттік механизмдерге баға берілді, әлеуетті қау­іп-қатерлер мен тәуекелдер қаралды. Мемлекет басшысы өз сөзінде ор­ын алып отырған проблема­лар­ға назар аударта отырып, оларды жал­пы мем­лекеттік деңгейде ше­шу­дің жол­да­­рын ұсынып, еліміздің ақпа­рат­тық қауіпсізді­гін қамтамасыз ететін стра­те­­­гия­лық бағыттарды ай­қын­дап берді. Талқылаудың қорытындысы бой­ынша Үкіметке ақпараттық қауіпсіздік механизмдерінің жай-күйіне тексеріс жүргізу, мемлекеттік және корпоративтік ақпа­рат­тық жүйенің тұрақты қызмет етуін қамтамасыз ету, киберқыл­мыспен күрес тәжірбиесіне талдау жасау бойынша бірқатар тап­сырмалар берілді. Ақпараттық саланың жоғары ғылыми ауқымдылығын ескере келе, уәкілетті мемлекеттік ор­ган­дардың алдына ақпараттық қауіпсіздік саласында ғылыми-тә­жірибелік қызметті дамыту және кадрлар даярлау жөнінде міндеттер қойылды. Қазақстан Республикасында­ғы қылмыстық-атқару жүйесін да­мыту туралы мәселені қарау кезінде Мемлекет басшысы бізге бұл салада белгілі бір нәтиже­лерге қол жеткізу мүмкін болғанын атап өтті. Бас еркінен айыруға соттал­ған адамдар санын едәуір қыс­қар­­туға мүмкіндік беретін ізгілендіру туралы заңға қол қойыл­ды. Еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне рақым­шы­лық жасаудың жоспарлануы да өзінің оң рөлін атқарады. Сонымен бірге, елімізде ұзақ мерзімге сотталғандар саны жо­ға­ры болып отыр, ал жазаны орын­дау жүйесі түбегейлі өзге­ріс­ке ұшыраған жоқ. Осыған бай­ланысты мемлекет тиісті реттеуші шараларды әзірлеуі қажет. Қылмыстық-атқарушы жүйені дамытудың негізгі бағыттары туралы Әділет министрі Рашид Түсіпбеков баяндама жасады. Сондай-ақ жекелеген мемлекеттік органдардың жетекшілері­нің ақпараттары тыңдалды. Отырыс барысында «түрме тұрғындарының» санын төменде­ту, жазасын өтеп жүргендердің жағдайын жақсарту, сотты бол­ғандардың құқықтары мен олар­дың еңбекпен, медициналық қыз­мет­пен қамтылуын  қамтамасыз ету, түрме қауіпсіздігі жүйесін жаң­ғырту мәселелері талқыланды. Бұдан басқа, жазаны өтеу жүй­е­сінің қызметін қамтамасыз ететін тиісті мемлекеттік механизмдерге баға берілді, әлеуетті қауіп-қатер мен тәуекелдер қаралды. Мемлекет басшысы өз сөзінде бостандықтан айыруға баламаны қолдану үшін жағдайды кеңей­ту­де пенитенциарлық жүйені одан әрі дамыту, жазаны өтеу жағдайы мен режімінің санын заңдық тұрғыда азайту, сотталғандарды камерада ұстауға біртіндеп ауысу, бас бостандығынан айырылған­дар орнын жалпыға ортақ халық­ара­лық стандарттарға сәйкестен­діру үшін негізгі бағыттарды анықтап берді. Талқылаудың қорытындысы бой­ынша Үкіметке қылмыстық заң­наманы одан әрі ізгілендіру, байқап көру қызметін құру, пени­тенциарлық мекемелерде ұстау режімдерін өзгерту, сондай-ақ жа­засын өтеп жүргендер жағдай­ын жақсартуға бағытталған іс-ша­раларды қаржыландыру жө­нін­де бірқатар тапсырмалар берілді. Отырыста берілген тапсырма­лардың орындалуына бақылау жасауды Мемлекет басшысы Қауіп­сіздік Кеңесінің Хатшылы­ғына жүктеді.