Байланыс және ақпарат министрлігінде Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайына қатысушылардың бір тобымен өткен дөңгелек үстелде шетте жүрген ағайынның көкейіндегі біраз толғақты ойлар ортаға салынды.
Алыстан келген ағайынға алдымен Байланыс және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Қайрат Әбсаттаров саланың басты бағыттары мен мақсат-мүдделері туралы қысқаша баяндап, сөз кезегін қонақтарға ұсынған.
Моңғолияда қазақ тілінде шығатын журналдың өкілі әңгімесін шетте жүрген қаламгерлерді мазалап жүрген өзекті жәйттен бастады. Түрлі елдерде БАҚ қызметкерлерінің кәсіби біліктілігіне байланысты өзара тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық деңгейдегі ірі шаралар өтіп жатады, бірақ өкінішке орай, олар шеттегі қазақ басылымдарының мүддесін қорғамайды, сондықтан келешекте шет елдердегі қазақ тілінде хабар тарататын БАҚ-тарға арналған журналистердің халықаралық форумын қолға алған жөн. Ол және Қазақстанда өтуі тиіс. Неге десеңіз, қанша дегенмен де туған жерден шалғайдағы БАҚ өкілінің кәсіби шеберлігі мұндағы әріптестерімен салыстырғанда кемшін сезіліп тұратындықтан, біз сол кемшілікті сіздермен бірлесіп шешсек пе деп келдік деген қонақтың сөзін Қытайдың Алтай аймағынан келген «Алтай аясы» журналының өкілі әрмен қарай жалғастырып әкетті. Қазір әлем қазақтары ауызекі бір тілде сөйлескенімен, жазу мәдениеті үш түрлі. Бірінің жазғанын екінші біреулері түсінбейтін қиыншылықтар кездеседі. Мен мұнда өзім шығаратын журналды алып келе алмадым. Себебі, мұнда төте жазуды қолданбайды. Сол себепті, барлық қазақтардың жазуын бір ізге түсірсек деген ұсыныс айтқым келеді. Латын қарпін енгізу туралы жақсы бастама көтерілді де, кейін осы ұсыныс саябырсып қалды. Қазақстан латын қарпіне қашан көшкелі жатыр деген қытайлық әріптестің сауалына Тіл комитеті тарапынан: «Түбі латын қарпіне көшеміз» деген жауап берілді.
Түркиялық дикторды да тілге қатысты мәселелер толғантып келіпті. «Шет елдегі қазақтар өздерінің тілі мен салт-дәстүрін көз қарашығындай сақтап, ата-баба мұрасына адал болып қала береді. Оған еш күмән болмасын. Дей тұрғанмен де, Түркияда тұратын қазақ пен мұндағы бауырлардың сөйлеуіндегі айырмашылықтар аспан мен жердей екені сезіліп қалады. Ол үшін мен біз сияқты дикторларды осындағы телеарналар мен радиодан келешекте тәжірибеден өткізіп отырудың жолдары қарастырылса екен деген тілегімді жеткізгім келеді» деген қонақ ұсынысына байланысты министрлік тарапынан алдағы уақытта тиісті шара қарастырылатыны айтылды. Алыстағы ағайынмен терминология жөнінде де бірлесе ойласатын істер баршылық екенін әріптестер назардан тыс қалдырған жоқ. Бір атауды әр қилы жазу фактісі күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Мәскеуден жақында жарық көрген «Қазақ тілі» газетінің өкілі басылым туралы айта келіп, кейінгі жас буынның басына өзінің ана тілін білмей қалу қаупі төніп тұрғанын күйзеле жеткізді. Бұл үшін атажұртпен арадағы байланысты барынша нығайту жолдарын қарастыру керек деді. Қазақстан тарапынан шеттегі қазақтарға ұдайы қамқорлық қолы созылып тұруын қалайды қандасымыз. Дөңгелек үстел басында әріптестер өзара пікір алмасып, келешекте бірлесіп атқаратын іс-әрекеттерге тоқталды.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.