Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «Репатрианттарды әлеуметтік қолдау: тәжірибе, сабақ және мәселелер» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов атажұрттағы алқалы жиынға қатысушы делегаттарға алдымен министрлік жұмысын таныстырып өтті.
Бұдан кейін ол былтырғы жылдың қазан айына дейін көші-қон мәселесімен біздің министрлік айналысқан болса, енді ол Ішкі істер министрлігінің құзыретіне ауысты. Алайда, әуелде өзіміз қолға алғандықтан, еліміздің «Көші-қон туралы» заңының жобасы бойынша жұмыстарды иелігімізден шығарған жоқпыз. Қазір ол Парламентте қаралуда дей келіп, аталған заң жобасындағы өзгерістерді шолып өтті. Атап айтқанда, жаңа жоба бойынша егер оралман елдің солтүстігіне келіп қоныстанамын десе, онда ол оңтүстікке қарағанда екі жарым еседей көбірек қаражат алмақ. Ал орталыққа келушілер оңтүстіктегілерден 70 пайызға көбірек алатын болады. Өйткені, оралмандар көбіне қысы жайлы оңтүстік өңірлерге келуге пейілді, ал біздің жеріміз болса ұлан-байтақ, сондықтан қазағы азырақ солтүстікті шеттен келген бауырларымыз құтты мекен етсе, ел іргесі бекіп, ырысымыз молая түспек деген ол заң жобасындағы тағы бір жақсы жаңалықты жариялаған. Яғни, вице-министрдің айтуынша, енді шеттегі бауырлар құжаттарын біздің елшіліктер арқылы өткізе алатын болыпты. Барлық рәсімдер өткізіліп болғаннан кейін, шақырту алған оралманның бұрынғыдай күтуге кететін уақыты азаяды, біз сол жағдайларды да заңмен реттеуді ойластырдық деген ақпарат шеттен келген туыстардың көңілдеріне жаққандай. Сондай-ақ ол біз сіздердің барлық сауалдарыңызға жауап беруге әзірміз, министрліктің барлық жауапты адамдары осында отыр. Пікірлеріңіз осында, айтылған жерінде қалып қоймайтына, оның діттеген жеріне жететініне уәде беремін, қысылмай еркін әңгімелесейік деп құрылтай делегаттарын ашық әңгімеге шақырды.
Сөйтіп, бұл жиында оралмандардың үй-жаймен қамтамасыз етілуі, мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмау жағдайлары, орыс тілін білмеуіне байланысты кедергілерге кездесуі сынды бұрыннан айтылып жүрген мәселелермен қатар, көптеген ұсыныстар да ортаға салынды. Мәселен, Ираннан келген ағайын өзінің техникумда сабақ берумен бірге құс фермасы барлығын, ал елге келіп, кәсіпкерлікпен айналысуға қорқа соғатынын алға тартты. Мысалы, шет елде несие алып, кәсіпорын ашқан адамға 5 жылға дейін төлем қайтарылудың шегерілетінін айтқан ол елге оралсақ осындай жеңілдіктер беріле ме деген сауал тастаса, Австралиядан келген туыс: «Біз алыста елді аңсап жүреміз. Бірақ бізге елге келіп-кету қиынға соғады. Өйткені, алдымыздан виза мәселесі шығады. Неге ұлты қазақ азамат елге келуге қиналады? Осы мәселені жеңілдетуге болмай ма деп осындағы біраз жұрттың көкейіндегі сұрақты алға тартты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар әңгіме соңында бірнеше тармақтан тұратын ұсыным қабылдады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.