Біздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, мәдениетіміз заман қанша жерден жаңарғанымен, ұрпақ ауысып, жаһанданудың елесі қоғамды даңғаза әуенге еліткенімен, асылды тат баспайтыны, сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейтіні сияқты сол күйінде сақталып келеді. Өйткені, сол құндылықтар өшкен күні біздің ұлттық, өзіндік ерекшелігіміз бен бет-бейнеміз де жойылады. Кез келген мәдени шара барысында ұлттық киім киіп, ізетпен иіліп қонақтарды күтіп алатын қыздар мен шашу шашатын әжелердің, сондай-ақ домбыраға қосылып арнау өлең айтатын ақындардың, микрофонсыз-ақ қозы көш жерге жететін дауысы бар дәстүрлі әншілердің болуы жәй әншейін көз алдарқататын көрініс емес, басқаны қайталамайтын даралығымыз, шараға жиылатын қонақ атаулыға құрметіміз. Осы күндері елордада өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайы аясында да сол ежелгі салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан жаңылмай, делегация құрамындағы бар қазақтың басын қосатын дәстүрлі мерекелі мәдени шара ұйымдастырылды. Оның басы-қасында Президент Әкімшілігі мен елорда әкімдігі өкілдері жүрді.
Есілдің сол жағалауындағы ең бір көрікті жерде «Атамекен» этномемориалдық кешені бар. Сол кешеннің аумағына жиырма шақты киіз үй тігілді. Киіз үйдің дастарқанына қазақтың дәстүрлі тағамдары қойылып, қонақтарға қонағасы тартылды. Ал осы мезетте сыртта концерт өтіп жатты. Шеттен келген қандастарымыз, ең алдымен қазақтың сырға салу, құда түсіп, құйрық-бауыр асату сияқты дәстүрін тамашалап бір жасап қалды. Бұл құда түсу дәстүрін шеттегі ағайын назарына ұсынудағы мақсат – әрбір мемлекетте тұратын қазақтарға қазақтармен құда болу арқылы бір-біріңе жақындай түсіңдер, қазақтықты сақтаудың қамын жасап жүріңдер деген ойды айту деп білеміз. Іле-шала аяғын енді ғана апыл-тапыл басуға жарап қалған кіп-кішкентай ботақан Шұғыланың тұсауы кесілді. Содан кейін сахнаға көтерілген төрт жігіт, яғни Астана қаласы мемлекеттік филормониясының өнерпаздары «Алаш туы астында» атты патриоттық рухтағы жырды алма-кезек оқып, қонақтарды бір серпілтіп тастады. Осы мәдени шарада Астана қаласы мемлекеттік филормониясының «Сарыарқа» ұлт-аспаптар ансамблі мен «Наз» мемлекеттік би ансамблінің өнерпаздары Аппақтың, Біржанның, Ақан Серінің, басқа да халық әндерін, сондай-ақ Ықылас, Құрманғазы, Сүгір, Тәттімбет күйлерін шалқыта орындап, «Ақ қаз», «Қуаныш», «Шалқыма» билерін мың бұрала биледі.
Шараның соңын ала қонақтар «Атамекен» этномемориалдық кешенін аралап, еліміздің түкпір-түкпіріне экскурсия жасады.
Айгүл СЕЙІЛОВА.