«Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Елбасының халыққа Жолдауында «Биыл – біз үшін ерекше қастерлі жыл. Біз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам бастық», деп уақыт жауапкершілігін алға тартқанын түсінгендіктен қай салада болсын жұдырықтай жұмылып, еңбектің қайтарымына қол жеткізуді алға қойдық. Тарихтың алтын тәбәрігі ретінде қазақ еліне зор қуаныш сыйлаған өткен ғасырдың тоқсан бірінің ызғары, жеңісі мен жемісі болғанын ұмытпаймыз. Осылайша алдымыздан ашылған айдынның тулаған толқынына қажырлы қайрат, мұқалмас жігер, үлкен жауапкершілік қажеттігінен жас мемлекеттің тізгінін ұстаған Елбасымыз туған халқын болашаққа асқан көрегендікпен бастап, елімізді стратегиялық даму жолына алып шықты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге өңірлердегідей уақыт сынын өткерген Жетісудың інжу-маржаны Текелі қаласы жаңа ғасырда жоғын түгендеп, қайта түледі. Келер жылы құрылғанына алпыс жыл толатын Текелінің жер қойнауындағы баға жетпес байлығын зерттеу 1927 жылдан басталыпты. Құрамында қорғасын, мырыш, күміс, кадмий, германий, тағы басқа түсті металлдың ірі кен орны табылған. Содан кейін мұнда қорғасын-мырыш комбинаты, кен байыту фабрикасымен қоса жұмысшылар кентінің құрылысы басталады. Қанатын жайып, қарыштап дамып, 1952 жылы қала дәрежесін алған Текелі 6133 гектар аумаққа орналасқан.
Жоңғар Алатауының солтүстік сілемінің батыс бөктерін ұзынынан-ұзын көлбей орналасқан Текелінің Рудник кентімен қоса есептегенде бүгінгі халқының саны 28 мыңнан асып жығылады. Көп ұлттың басын біріктірген қаламызда қазақ, орыс, татар, неміс, украин және тағы басқа ұлт өкілдері ортақ мақсатта, бір тілекпен тіршілік кешуде. Ал славян, кәріс, татар-башқұрт ұлттық мәдени орталықтарында әр ұлттың тарихи-мәдени құндылықтары дәріптеліп, бірлік пен ынтымақ, татулық туы желбірей түскен.
Әсем табиғаты көрген жанның таңдайын тамсандыратын аспанмен таласқан таулары, жасыл желекті баулары жанға да, малға да құтты мекен. Жетісудың жақұтындай Қора, Шажа, Текелі және Қаратал өзендері бірімен бірі жалғаса таулы өлкенің сәнін келтіре, сылдырай ағады.
Қойнауы кенге толы қаланың даңқы Кеңес одағы кезінде дүбірлеп тұрды. Ұлы Отан соғысында жауға қарсы атылған әрбір тоғызыншы оқ Текелінің қорғасынынан жасалыпты. Кенді қалаға табиғат байлығын игерем деушілер жан-жақтан ағылды. Өндірісі өрлеген қаланың тұрпаты мен халқының тұрмысы да жақсара түсті. Негізгі кен қоры түгесіліп, өңірдің өмір өзегі болған қорғасын-мырыш комбинатының жұмысы бәсеңдеген кезде ел бастаған азаматтар батыл шешімдер жасап, тіршілік жаңа арнасын тапты деуге болады. Тоқсаныншы жылдары шаһарлықтар бар қиындықты көппен бірге көтерді. Әрине, сырттан кенен байлыққа кенелем деп келгендердің бір легі үдере көшті. Бірақ, уақыт тезіне төзген Текелінің тізесі бүгілмеді.
Өнеркәсібін өркендетуді жолға қойған қала еліміздегі даму стратегиясының ізімен ілгері басты. Ел Президентінің жыл сайынғы халыққа Жолдаулары жүктеген міндеттер халықтың әл-ауқатының көтерілуіне, түрлі саланың тың бағыттарға қадам басуына серпін берді. Соңғы он жылда шаһардағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7,1 есе өсіп, 8147,5 млн. теңгені құрағаны соның дәлелі. Облыс бойынша жалпы өнеркәсіп өндірісінде қаланың үлесі 2,4 пайызды құрайды. Өндірістің басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, ал қалғаны газ, су, электр қуатын өндіру және бөлуге тиесілі болып отыр.
Отандық өндірістің өркендеуіне «Суффле Қазақстан ашытқы зауыты» акционерлік қоғамы, «Шарықтас», «Текелі Гранит», «Мрамор Тас», «Монтан Минерал», «Гипсо-Газ-Синтез», «Текелі сүт зауыты» серіктестіктері мен «Қазақстан Тексти Лайн» тігін фабрикасы тәрізді бағдары айқын кәсіпорындардың кірпіш, таурит, габбро, шунгит, жылтыратылған тақтатас, мәрмәр, мәрмәр ұны, ашытқы, тігін бұйымдары, электр қуаты және жылу қуатының өндірісі дамып, өнім көлемі артуда. Өңірдегі тауар өндірісінде ашытқы, мәрмәр, табиғи тас өндірісі бойынша Текелінің үлесі басым екенін де мақтаныш етеміз.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі соңғы бір жылда 2340,2 млн. теңгені құраса, он жылдағы өсімі 5,1 есеге жетті. Инвестициялық ресурстардың негізгі көзі жеке, бюджеттік, шетелдік және басқа қарыз құралдары болып қалып отыр.
Шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуіне мүмкіндігінше жағдай жасалуда. Елбасының осы саланы ерекше назарда ұстап отырғаны ірі бизнес өкілдерімен қатар, нарық заңдылықтарын бағамдай бастаған өңірлердегі кәсіпкерлердің батыл қадам жасауына ықпал етті. Жеке кәсібінен нәсіп табуға бейімделген белсенді шағын кәсіпкерлер саны мен көрсетілетін қызмет, өндірілетін өнім сапасының өскенін қазіргі уақыт талабының үдесінен шығу үлгісі деуге болады. Шағын және орта кәсіпкерліктен түсетін салықтың бір бөлігін құрайтын қала экономикасының бірден-бір тірегі. Бұл салаға қаржылай қолдаумен қатар, кәсіпкерлердің білігін көтеру мақсатында семинар, тренингтер жиі ұйымдастырылуы өз жемісін беріп отыр
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарының бірі жергілікті бюджетті толықтыру болса, өткен жылы бұл меже 150,4 пайызға орындалды.
Текелінің әлеуметтік әлеуеті Тәуелсіздіктің әр таңы сайын еселеніп келеді. Халықтың тұрмыс жағдайы ауқаттана түсуде. Соның бір айғағы демографиялық ахуалдың жақсарғаны. Өткен бір жылда 466 сәби өмірге келді. Жұмыссыздар саны айтарлықтай азайды.
Жолдауда экономика білікті кадрлардың жаңа генерациясын талап ететін болғандықтан, еңбек рыногының тиімділігін арттыру қажет, деген тапсырмасы халықтың қолдауына ие болды. Ол «Жол картасын» жүзеге асырудан басталды. Ал биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында халықтың әл-ауқатын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, мамандарды қайта даярлау бағытында еселі шаруалар іске асуда.
Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін қаладағы 8 мектептің алтауында мектепке дейінгі бүлдіршіндерге арналған шағын орталықтар жұмыс істейді. «Балапан» бағдарламасымен №6 балабақшада қосымша санаторийлік топ ашылды. Бұрынғы екі балабақшадан басқа 180 орындық жаңа балабақша сәбилерге есігін ашты. Биыл тағы 140 орындық жаңа балабақша ашу жобасы қолға алынуда.
Соңғы жылдары қаланың сәулеті өзгерді. Тұрмыс қиындаған кездерде шетел асып кеткендердің үйлері қараусыз қалған еді. Үйлердің тоз-тозы шығып, көрікті кетірді. Мәселені шешудің қаржылық мүмкіндігі шешіліп, атқарған жұмыстың арқасында қазір бірде-бір үй шатырсыз қалған жоқ. Көп қабатты үйлердің сырттары жөнделіп, көріктендірілді. Жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға қомақты сома бөлініп, аулалар абаттандырылып, көшелерге жарық орнатылды. Спорт алаңқайлары салынды, орталық алаң толығымен жаңа кейіпке келтірілді. «Текелі Көркейту», «Текелі Су құбыры», «Қазцинк-ТЭК» кәсіпорындары коммуналдық шаруашылық абаттандыру және қаланы таза, жасыл желекке бөлеуге үлес қосты. Бос тұрған үйлердің бірқатары күрделі жөндеуден өткізіліп, пәтер кезегінде тұрғандарға беру жоспарланған.
«Жол картасы» бағдарламасы бойынша өткен жылы 4 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл жоба аясында қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме ғимаратына, қалалық ауруханаға және қала жолдарына күрделі жөндеу жүргізіліп, арық жүйелері реттелді. Автокөлік жолдарына күрделі, орташа жөндеу жүргізу жалғасуда. Жол туралы айтқанда, Текелі қаласына ат басын бұрған кез келген қонақ Талдықорғанмен екі аралықтағы жолдың кеңдігі мен сапасын ауыз толтырып айтады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына сәйкес тұрғындармен кеңесіп, коммуналдық жүйені жаңарту жоспары жасалуда.
Жалпы табиғаты көркем шаһарға жан рахатына бөленіп, демалуға келушілер үзілмейді. Әсіресе, жаз мезгілінде табиғи сұлулыққа таңдай қағып, өзен мен тау бойлап қыдыруды ұнататындар көп. Осы орайда «Текелі» профилакторийі жан-жақтан келген емделушілерге туристік бағыттар ұсынып, табиғат аясына саяхат ұйымдастырады. Өңірдің тарихы мен табиғат байлықтары туралы кең мағлұмат беріледі. Жұмақтың бір бұрышындай шаһар туризмді дамытуға қолайлы екенін де айтқан абзал.
Жас ұрпақтың денінің сау, шыныққан шымыр болуы күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Алғашқы демалушыларын қабылдаған «Текелі» профилакторийінің базасында ашылған балаларға арналған «Алтын Шажа» лагерінде тыныс алу, асқазан-ішек жолдары секілді аурулардың алдын алу бойынша көп деңгейлі емдеу шаралары жүргізіледі. Лагерьде бір маусымда екі мыңға жуық Жетісу өңірінің жеткіншектері жазғы демалыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыруларына мүмкіндік зор. 250 орынға лайықталған «Алтын Шажа» лагерінің сапалы ағаштан өрілген коттедждер кешені бау-бақшаға малынып, бұл жердің жайлы тыныштығы, саф ауасының өзі-ақ жас ағзаға күш сыйлайды. Жеті кезеңмен жұмыс істейтін жаңа лагерьде өткізген күндері балалардың жазғы демалысындағы ең пайдалы, сағына еске алатын сәттеріне айналатыны анық.
Балалар туристік орталық жұмысын алға бастыру мақсатында тауға өрмелеу қабырғасы тұрғызылып, қосымша туристік құрал-жабдықтар, велосипед, шаңғылар алынды. Облыстық, республикалық жарыстарда туризмнің қыр-сырына қаныққан жасөспірімдердің бір тобы Астанада өткен туристік көпсайыстан бірінші орынды иеленуі олардың келешекте туризм саласын өркендетуге үлес қосатын алғышарттары бар екенін дәлелдесе керек. Сондай-ақ, саланы дамыту және сырттан туристерді тарту мақсатында тау шаңғысы базасын ашу көзделген.
Текелі қазіргі беталысынан таймай, Тәуелсіздігіміздің әр таңының бағасын түсініп, көп ұлтты халықтың татулығы мен ынтымағының қаймағын бұзбай, қаланың әр азаматы ортақ іске үлес қосып, дәулетіміз бен сәулетіміз әлі де арта береді деп сеніммен айтуға әбден болады.
Серікжан Бескемпіров,Текелі қаласының әкімі.