Қызылорда облысына Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев пен Бүкіләлемдік банктің басқарушы директоры Нгози Оконджо-Ивела арнайы іссапармен келді. Жұмыс сапарымен келген қонақтарды облыс әкімі Болатбек Қуандықов аймақта атқарылып жатқан ауқымды шаралармен таныстырды.
Нгози Оконджо-Ивела капиталы 50 миллион долларды құрайтын Африкадағы әйел-кәсіпкерлерді қолдайтын «Македа» қорының тең құрылтайшысы. Сонымен қатар, әлемдегі ең ықпалды, іскер 100 әйелдің қатарына кірген қайраткер. Ал ең бастысы, ол бүгінде батыс пен шығыстың арасын жалғайтын әлемдегі ең үлкен көлік дәлізі болады деп отырған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа»
автожолын қаржыландыруға ықпал еткен адам. Аталған жоба алғаш жоспарланғанда осы Оконджо-Ивела ханым бірден қызығушылық танытып, қаржылай көмек беруге мүдделілік танытқан. Осы арада айта кетерлік бір жәйт бар: Бүкіләлемдік банк бұған дейін мұндай көлемдегі ірі жобаны қаржыландырмаған. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі әлемдік банктің бел шешіп, тәуекел етіп қаржыландырған ең үлкен жобасы. Осы арада «Бүкіләлемдік банк қанша қаржы бөлді?» деген заңды сауал туындайды. Айтайық. Қазақстан аймағынан өтетін жол үшін әлемдік банк 5,5 миллиард доллар бөлген.
Оконджо-Ивела ханым өзі қаржы бөлдіріп отырған жұмысты көзімен көруге келіпті. Ол алдымен «Азеркорпу» компаниясының қосынында болды. Қанша жолдың жасалғанын, қаржының қаншалықты игерілгенін егжей-тегжейлі біліп, жұмысшылардың жағдайымен жіті танысты. Мән-жайға толығымен қаныққан ханымның алғашқы сұрағы бізге жылы тигенін жасырмаймыз. Ол: «Осы іске қазақстандық мердігерлер қатысып, жергілікті халықтан жұмысшылар тартылып жатыр ма?» деді. Облыс басшысы аймақтағы және республика көлеміндегі компаниялар жол құрылысына тартылғанын, жергілікті халықтың жаңа технологияны меңгеріп жатқанын жеткізді. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізін салуға о баста біздің компаниялар да ынта білдірген екен. Дегенмен, Бүкіләлемдік банк мүшелері біздің компаниялардың шамасына күмәнмен қарап, конкурстан өткізбеген көрінеді. Болатбек Баянұлы осы мәселені наз ретінде айтты қонаққа. Нгози Оконджо-Ивела да қағылез екен, алдағы уақытта қазақстандық компаниялар конкурстан сүрінбей өтетінін, халықаралық жобаларға тартылатынын мәлім етті.
Онан соң мәртебелі меймандар жол құрылысы жүріп жатқан аймаққа атбасын тіреді. Төселген құм, тас, асфальттың құрамымен танысып, жасалып жатқан жұмысқа бағасын берді. Айта кетерлігі, осы жерде қосымша мердігер ретінде қазақстандық «УАД» серіктестігі де жол салып жатыр. Нгози ханым «УАД» компаниясының директоры Мұрат Үдербаевқа күтпеген сауал тастады. «Жоба бойынша қанша әйел адам жұмыс істейді?». Үдербаев барлық санын айтқан. Дегенмен Оконджо-Ивела жол-құрылысы саласындағы әйелдердің санын нақтылады. Аз екеніне көз жеткізгеннен соң «егер, осы жұмысқа әйелдерді көптеп тартатын болсаңыз, Бүкіләлемдік банк сіздің бизнесіңізді қаржыландыруға дайын», деп директордың уәдесін алып кетті.
Мұнан соң әлемдік банк өкілдерін бастаған Ербол Орынбаев Арал ауданында орналасқан Ақлақ су қоймасының тыныс-тіршілігімен танысуға барды. Жалпы, Арал тағдыры әлемді алаңдатып отырғаны шындық. Дегенмен, «САРАТС» жобасының арқасында Аралдың кепкен ернеуіне су жетіп, кеберсіген жердің маңдайы жазылғаны ақиқат. Бұл арада ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз.
– Арал теңізінің деңгейі бүгінде 47-белгіге жетіп тұр. Енді екінші сатысын қолға алу керек. Облыс басшылығы өз жобаларын ұсынуда. Бүкіләлемдік банк Аралды қайта қалпына келтіру үшін қаржы бөлуін тоқтатпайды,– деді Нгози ханым.
Алашты ғана емес, алты құрлықты алаңдатқан Арал мәселесі толығымен шешілсе, онда ақ түйенің қарны жарылар еді. Облыс басшылығы бүгінде Көкарал бекетін бітеп, дамбаларын үлкейтіп, теңіз деңгейін 52-белгіге жеткізуді ұсынып отыр. Өз тарапымыздан мұның теңізге де, сол теңізді жағалай жатқан елге де ересен пайдасы барын айтқымыз келеді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
Қызылорда облысы.