03 Маусым, 2011

Бітімгершілік күштер қауіпсіздік үшін қажет

977 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Газеттің өткен нөмірлерінде жазғанымыздай, 31 мамырда Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бастаған қазақстандық делегация қатысты. Отырыс барысында қатысу­шылар ҰҚШҰ-ға қатысты өзекті мә­селелерді, оны дамытудың перс­пективаларын, Ұйымның басқа да халықаралық және өңірлік ұйым­дармен ынтымақтастығын, сон­дай-ақ ҰҚШҰ қызметін үйлес­тіру­дің механизмдерін талқы­ла­ды. Сонымен қатар, отырыста өткен жылдың желтоқсанын­да­ғы сессияда Ұйымға мүше Мемлекеттер басшыларының қабыл­да­ған шешімдерінің жүзеге асы­рылу барысы жөнінде баяндамалар тыңдалды. Кеңес отырысында баяндама жасаған делегация басшылары ҰҚШҰ үшін өткен жыл айтар­лық­тай табысты болғанын атап өткен еді. Оның мәнісі мынада жатыр: 2010 жылдың 10 желтоқ­санында Мәскеуде Мемлекеттер басшыларының қатысуымен өт­кен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіп­сіз­дік кеңесінің сессиясында құры­лымды дамытудың негізгі ба­сым­дықтары айқындалған  бола­тын. Дәлірек айтқанда, жаңа сы­нақтар мен қауіп-қатерлердің алдын алуға қатысты стратегия­лық және тұжырымдамалық құ­жаттарды дайындау шаралары туралы шешім қабылданған-ды. Бұл мәселелердің жүзеге асы­ры­лу барысы жөнінде ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа өз баяндамасында арнайы тоқтал­ды. Оның хабардар етуінше, қа­б­ыл­данған шешімдерді іске асыру жайында уағдаластыққа қол жеткізілді. Еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов та журналистерге берген сұхбатында ҰҚШҰ үшін өткен жыл жемісті болғанын атап өтті. «2010 жылы Ұйымға мүше Мемлекеттер бас­шы­лары қауіпсіздік туралы шарт құжаттарына өзгерістер енгізді, – деді министр осы туралы. – Бұл өзгерістер дағдарыстық жағдай­лар кезінде Ұйымның әрекет етудегі тиімділігін арттыруға бағыт­тал­ған». Сонымен қатар, ұжым­дық қауіпсіздік күштері мен құ­рал­дары жүйесінің қызметін реттейтін құжаттар топтамасы да қабылданды. Олар Ұйым аясында әскери-экономикалық және әске­ри-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін береді. Отырыс соңынан белгілі бол­ға­нындай, Сыртқы істер министр­лерінің кеңесінде ҰҚШҰ айма­ғын­да болып жатқан жағдайларға байланысты Ұйымның  жауапкершілігі де назардан тыс қалмаған. Әсіресе, Таяу Шығыстағы, Сол­түс­тік Африка мен Ауған­стан­дағы жағдайларға ерекше назар аударылған. Бұлардан бөлек біз бірқатар шешімдерді де бекіттік, деді Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы БАҚ өкілдерімен сұхбаттасу бары­сын­да. Оның ішінде біз ресейлік та­раптың 2009-2010 жылдары Ұйым­ға төрағалық етуі кезінде әскери-саяси ынтымақтастықты терең­дету­д­егі және дамытудағы белсенді жұмыстары үшін Ресейдің жоғары басшылығы мен өкілетті өкілдерін наградтау туралы Ұжым­дық қауіпсіздік кеңесі шешімінің жобасын мақұлдадық. Осы жерде жоғарыда аталған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі жө­нінде қысқаша мағлұмат бере кетейік. Ұжымдық қауіпсіздік кеңе­сі Ұйымның жоғары органы бо­лып табылады. Ол ҰҚШҰ қыз­меті­нің қағидатты мәселе­лерін қа­растырады және оның мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыруға қатысты шешімдер қабылдайды. Сонымен бірге, осы мақсат-мін­деттерді іске асыру үшін мүше мем­лекеттердің қызметін үйлес­тіруін және бірлескен әрекеттерін қамтамасыз етеді. Ал Кеңес құра­мына Ұйымға қатысушы елдердің Мемлекет басшылары кіреді. Отырыс барысында кеңірек тал­қыланған және ерекше назар аударылған мәселелердің тағы бірі ҰҚШҰ – БҰҰ пішініндегі бітімгершілік қызметтің перспектива­лары болды. Бірқатар жылдардан бері кейбір халықаралық ұйым­дар­дың бітімгершілік күштері (құ­рылымдары десе де болады) «ыс­тық нүктелер» аталған жерлерде бітімгершілік қызметін атқарып жүр. Олардың тұтанған жанжал­дар­ды бәсеңдетіп, бейбіт тұрғын­дар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметі тәжірибе жүзінде дәлелденген. Ал ҰҚШҰ-ның әс­кери ынтымақтастыққа бағыт­тал­ған алғашқы құрылымы – Ұжым­дық шұғыл жұмылдыру күштері 2001 жылы құрылған еді. Кейін, яғни 2009 жылы ол 20 мың адамнан тұратын Ұжымдық жедел әрекет ету күштері болып қайта ұйымдастырылды. Бұл құрылым­ның басты ерекшелігі, оның көп бейінділігінде жатыр. Өйткені, оның құрамына әскери бөлімдер­мен қатар, арнайы қызмет, ішкі істер, төтенше жағдайлар орган­дары­ның да қызметшілері кіреді. Олар бірлескен түрде жаттығулар жасап келеді. Қазіргі кезде бейбітшілікті қолдау бойынша операциялар өт­кізуге дайындық шаралары қолға алынуда. Бұл ҰҚШҰ мен БҰҰ хат­шылықтарының арасындағы өз­ара іс-қимылдың ойдағыдай еке­­нін көр­­сетеді. Беларусь Сыртқы істер министрі Сергей Мартынов­тың ай­туын­ша, ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштері БҰҰ-мен бірлесе оты­рып, жаһандық деңгейдегі бітімгершілік операцияларға қа­ты­­суы мүмкін. Бітімгершілік күш­­тер, сондай-ақ қажет болған жағ­дай­да ҰҚШҰ кеңістігіндегі опе­ра­цияларға да жұмылды­рыла­ды. Бұл халықаралық және өңір­лік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қам­тамасыз ету үшін қажет. Бүгінде біз бітімгершілік күш­тердің БҰҰ-мен өзара әрекет етуді айқындау кезе­ңін­де тұрмыз, деді С.Мартынов осы мәселе жөнінде. Бұған бай­ланысты жұмыстар әлі де баршылық. Ержан Қазыхановтың атап өткеніндей, кез келген мемлекет өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді жеке өзі шешуі мүмкін емес. Ал Қазақстан осы мәселеде ұжым­дық әрекеттестікке басымдық береді. Сондықтан ҰҚШҰ атал­ған бағыт бойынша жұ­мыс­тарды үйлестіретін және өзара іс-қи­мыл жасайтын ерекше ма­ңызды өңірлік орталықтың бірі бо­лып табылады. Қазақстан Ұйым­­ның тек әскери-саяси мә­селелерді шешуден бөлек, – деді Е.Қазыханов осы туралы, көп функциялы бағыттағы кең көлемді мәсе­лелерді шешетін Ұйымға айнал­ғанын қалайды. Оның ерекше маңызды болатын себебі, бұл өңірдің қауіп-қа­терлер тудырып отырған Ауған­станға жақын орналасқан­ды­ғын­да жатыр. Осыған байланысты Қазақ­стан сыртқы саясат ведомство­сының басшысы Ұйымның үй­лестіруші кеңесі аясында заң­сыз есірткі айналымымен, заң­сыз көші-қонмен күрестегі, сон­дай-ақ төтенше жағдайлар салдарын жоюдағы ынты­мақтас­тықты атап өтті. Бұл құрылымдар ҰҚШҰ-ға мүше Мемлекеттер басшылары­ның келісімдерін тәжірибе жү­зінде іске асырып келеді, деді Ер­жан Қазыханов. Ұйымның Бас хат­шысы жыл сайын бірлесе жүр­гізілген «Канал» және «Нелегал» жедел профилактикалық шаралардың нәтижесі туралы деректерді ұсынып отырады. Атал­ған шараларға қазақ­стан­дық ішкі істер, ұлттық қауіп­сіз­дік, шекара және кеден орган­дары­ның қызметкерлері де белсене қатысып жүр. Кеңес отырысында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қазіргі төрағасы, Беларусь Пре­зиденті Александр Лукашен­ко­ның Ұйымның әріптестік инс­титутын құру туралы ұсынысы да қаралды. Бұл институт ШЫҰ, НАТО аясында қызмет етпек. Институт аясында өт­кізілетін іс-шараларға өзге де ха­лықаралық ұйымдардың, ҰҚШҰ-ға мүше емес тарап­тар­дың барлығының  қатысуларына болады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.